Сүннеттің жазылуы мен сақталуы

Жұма, 14.10.2021

 (2 бөлім)

Хазірет Омар, Әли (р.а.), Абдуллаһ ибн Мәсғуд сияқты белгілі сахабалардың да әуел баста хадистерді жазуға қарсы болғандығы белгілі. Бірақ Құран Кәрім кітап ретінде жинақталып, сақталғаннан кейін олар да хадистің жазылуына рұқсат берді.  Тіпті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардың (р.а.) өзі хадистерді жазғызуға ниеттенген. Бірақ, адамдардың көбі Құран Кәрімнен гөрі хадиспен шұғылданып кетер деп, бұл ойларын іске асырмаған. Бұл да пайғамбарымыздың хадистерді жазуға рұқсат бергенін көрсетеді.  Негізінен, бастапқыда хадистердің жазылуына тыйым салған хадистер мен кейін рұқсат берілген хадистерді топтастырып, талдап саралаған кезде, ғалымдар мына пікірге келген: тыйым салған хадистер мен рұқсат берген хадистер жалпы үкім емес-ті. Өйткені, тыйым салатын себеп пен жағдай туған кезде жазу тоқтатылған, ал олар шешілген кезде рұқсат берілген. Енді пайғамбарымыздың өзі арнайы жаздырған хадистеріне тоқтала кетейік.

Ең алғаш жазылған хадистер, яғни, пайғамбарымыздың ілім үйренуге келген делегацияларға жаздырған нұсқаулары мен дипломатиялық хаттары.

Мәдинадан алшақ жерлерде тұратын кейбір ру-тайпалары ислам дінін қабылдағаннан кейін пайғамбарымыздан дінді үйреніп келуге арнайы кісілер жіберген. Олар едәуір уақыт Мәдинада тұрақтап Құран Кәрім оқуды, діни үкімдерді үйренген. Елдеріне қайтарда олардың кейбіреулері өздері әрі руластары үшін кейбір нұсқаулар жазып беруін өтінген. Пайғамбарымыз олардың өтінішін жерге тастамай, ең қажетті деген діни үкімдерді жаздырып берген. Мысалы: Әбдүлқайс руынан Мұнқиз ибн Хаиян пайғамбарымызға келіп исламды  қабылдайды. Еліне қайтар кезде пайғамбарымыз оған кейбір нәрселер жаздырып, беріп жібереді. Алғашында ол мұны ешкімге көрсетпей жасырын сақтап жүреді. Кейін оның уағыздауымен қайын атасы мұсылман болған соң, әлгі жазбаша мәліметтерді соған тапсырады. Қайын атасы бұл жазылғандарды руластарына оқыған кезде олардың көпшілігі ислам дінін қабылдайды. Міне, осы әйгілі Әбдүлқайс делегациясының пайғамбарымызға келуі осы оқиғадан кейін орын алған-ды. Бұл оқиғаға қатысты Бұһари мен Мүслимнің жинақтарында мол мәліметтер қамтылған.

Пайғамбарымыздың кезеңінде әмбе жұртқа аян болған бір жазбаша нұсқа бар. Ол – Алла елшісінің Мәдинаға қоныс аударуының алғашқы жылдарында арнайы тағайындалған хатшыларына жаздырған бір мәтін. Онда мұһажир, ансар, мәдиналық арабтардың құқықтары мен яһудейлермен жасалған келіссөздер қамтылған. Бұл – өз кезегінде енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан ислам мемлекетінің Ата заңы немесе келісім шартының тәуәтур (жалған айтуы мүмкін емес көпшілік қауымның жеткізген хабары) жолы арқылы жеткен бір нұсқа екендігінің айқын дәлелі.

Пайғамбарымыз басқа да көптеген делегациялар үшін (Уәйл ибн Хужр (қ. 44/664 ж.), Ғамид Хасам, Сумәлә және Хұддан  руларының және т.б. делегациясы ) жазбаша нұсқаулар беріп отырған. Сонымен қатар пайғамбарымыздың Византия императоры, мысырлық Муқауқысқа, Хабашістан патшасы Нәжәшиге, Иран патшасына жолдаған хаттары да ислам тарихында көпшілікке аян. Жалпы алғанда, пайғамбарымыздың кез келген мақсатта жаздырған қандай да бір құжатты хадис пен сүннеттің шеңберінде қарастыру керек.

Әмр ибн Хазмның нұсқасы

Хижраның 10-жылында Нәжран аймағы мұсылмандардың қол астына қарайды. Пайғамбарымыз Йемен өңіріне Әмр ибн Хазмды (қ. 53/673 ж.)  әкім етіп тағайындайды. Артынша Үбәй ибн Кағбқа (қ. 22/643 ж.) хат жазғызып, оны Әмр ибн Хазымға жолдатады. Ол хатта кейбір кеңестермен қатар дәрет, намаз, зекет, қажылық, умра, басқару, тәлім-тәрбие т.б. қатысты діни үкімдер бар-тұғын.

Әмр ибн Хазым әкімдік шағында осы үкімдерге сүйеніп билік жүргізген. Кейін қайтыс болғаннан кейін бұл құжат немересі Әбу Бәкірде (қ. 120/738 ж.) қалған. Имам Зуһри бұл нұсқаны содан алып, көбейткен.

Осылайша пайғамбарымыз өзі тағайындаған әкімдерге арнайы нұсқаулар жазып жіберіп отырған. Әбу Һурайра мен Ала ибн әл-Хадрамиды Хәжәр зәрдүштеріне елші етіп жіберген кезде оларға зекет пен дәнді-дақылдардан алынатын үшір   жайында арнайы үкімдерді қамтитын ережелерді жаздырып жолдаған.

Содай-ақ Муаз ибн Жәбәл (қ. 18/639 ж.) мен Мәлік ибн Мұрәраны Йеменге жіберген кезде де осындай шариғи үкімдер қамтылған нұсқаулар жаздырып жібергені белгілі .

Сахабалардың хадис жазған нұсқалары

Кейбір сахабалар пайғамбарымыздың берген жеке рұқсаты негізінде хадистерді жазғанын жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Хадис тарихына байланысты қайнар көз кітаптарда бұларға қатысты көптеген мәліметтер бар. Алайда, бұл парақтарда нақты нелер жазылғаны жайлы толық әрі көлемді мәліметтер жоқ. Өйткені кейбір сахабалар мен табиғиндер қайтыс болмас бұрын әлгіндей парақтарын сол кездегі жағдайдың ерекшелігіне байланысты жойып жіберген. Олар құжаттардың жаман пиғылды адамдардың қолына түсіп, басқаша мақсаттарда қолданбау үшін осылай жасаған. Кейбіреулері қолдарындағы жазылған мәтіндерді өзі сенген адамдарына өсиет етіп қалдырған. Ал кейбір парақтар сол кездері орын алған өртке т.б. себептерге байланысты жоғалып кеткен. Сонымен қатар, сахабаларға тән жазбаша хадис нұсқаларының көбі пайғамбарымыздың кезінде жазылып, өздері қайтыс болғаннан кейін балалары, немерелері немесе жақын туыстары арқылы басқаларға жеткізіліп отырған. Абдуллаһ ибн Әмр ибн Ас, Жәбир ибн Абдуллаһ, Әли ибн Әби Талибтің нұсқасы, Сәмурә ибн Жүндуб, Әбу Һурайра, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар, Сағд ибн Үбәдә хадис тарихында өздеріне тән жазылған хадис нұсқалары болған сахабалар қатарында аталады.

 Хәммәм ибн Мунәббихтің «Сахифәтус-сахиха» атты хадис жинағы

Табиғин кезеңіндегі танымал ғұлмалардың бірі Хәммәм ибн Мүнәббих (қ. 40-131 ж.) – хадис саласында ең көп хадис жеткізген сахаба Әбу Һурайраның көзін көріп, содан хадистерді тікелей өзінен жазып алған кісі. Ол жазған хадистерін топтастырып, жасаған жинағын «Сахифәтус-сахиха» деп атаған. Бұл хадистер бізге Әбу Һурайрадан алған күйінше сақталып жеткен. Профессор М. Хамидуллах бұл жинақтың екі нұсқасын Дамаск пен Берлин кітапханаларынан тапқан. Ахмад ибн Ханбал өзінің «Мүснәдінде» осы хадистерді келтірген. Имам Бұһаридың да «Сахихында» әртүрлі бөлімдерде Хәммәм ибн Мүнәббихтің жинағынан хадистер келтірілген. Табылған қолжазба мен хадис жинақтарында келтірілген хадистердің бірдей болуы хадис жинақтарының сенімді түрде жеткендігін дәлелдей түседі.

Хәммәм ибн Мүнәббихтің жинағы хадис тарихында үлкен жаңалық болды. Өйткені бұл хадистердің ерте кезден бастап-ақ жазыла бастағандығының айқын дәлелі.

Хадистерді жинастыру хижра екінші ғасырдың басында ғалымдар арасында кең тарағаны соншалықты – хадиске байланыс­ты тасниф немесе жамиғ кітабы болмаған ғалымды көрсету мүмкін емес .     

 Хадистердің ресми түрде жинастырылуы

Табиғиндер Құран Кәрім мен хадистерді таза күйінде сақтап, өмірлеріне өрнектей білген сахабалардың көзін көріп, тікелей солардың ілім бұлақтарынан сусындаған. Пайғамбарымыздың інжу-маржан хадистерін солардан алып үйренген. Табиғиндер кезеңінде де хадистер ауызша таралып, алдыңғы қатарлы ғалымдардың көбі хадистің жазбаша жинастырылуына қарсы болған. Ол кезде ғалымдар жазудан көрі ұстаздан ауызша үйрену жолы арқылы хадисті сақтау керек деген түсінікте еді. Өйткені ауызша өзара талқылау барысында бір-бірінің қателерін түзетіп алу мүмкіндігі бар еді.  Ғалымдар жазылған парақтарға ғана сүйену адамның есте сақтау қабілетін азайтып, амал етуден де алшақтатады деген. Бірақ заман талабына орай хадистерді жазу арқылы сақтағандардың да қатары көбейе түскен. Уақыт өткен сайын хадистер мен өзге де тарихи жайттарды жазуға деген қажет­тілік күшейген. Нәтижеде хижра бірінші ғасырының соңында хадистердің жазылуына қарсы болған ешкім қалмаған-ды.

Хадистерді жинастыру (тәдуин) ресми түрде мемлекеттің шешімі арқылы тақуалығы әрі әділдігімен тарихта аты қалған Омар ибн Әбдүлазиз (қ. 99 немесе 101 х.)  кезінде басталды. Ол  ғұламалардың ортасында өсіп жетілген және олардың ілім аясынан ешқашан жырақ қалмаған. Ол өзі хадистерді жазумен қатар ғалымдарды да осы іске жігерлендірген. Ақыр соңында хадистердің ұмытылып, жоғалып кетуінен қорыққан Омар ибн Әбдүләзиз хадистердің жинастырылуына қатысты шешім қабылдаған.

Сонымен қатар сол кезеңдегі саяси әрі діни дүрдараздықтардың күшеюі арқылы ойдан хадис шығарушылардың көбеюі де ғалымдардың осы істі қолға алуларына түрткі болған.

Бесінші халифа Омар ибн Әбдүлазиз жан-жаққа хаттар жолдап, хадистерді жинастыруға бұйрық берген. Бұйрық беріп қана қоймай, сол жердегі жауапты кісілерге сүннеттің үйретілуі мен қайта жандануы үшін ғалым-білгір кісілерге қолдан келген көмектің көрсетілуін де шегелеп табыстап отырған. Оның халифалық кезеңі қысқа болғанына қарамастан ол бүкіл күш-жігерін хадистердің жинастырылуына жұмсаған.

Хадистерді жинау ісі табысталған кісілердің бірі өз ғасырының танымал ғұламасы және ғылыми ортада үлкен беделге ие Ибн Шихаб әз-Зухри (қ. 124 х.) еді. Ол жас кезінен-ақ, ғылымға ерекше берілген хадистер мен сахабалардан жеткен хабарларды хатқа түсірген. Ибн Шихаб әз-Зухри - Омар ибн Әбдүлазиз кезеңінде хадистерді алғашқы жинағандардың  бірі. Бесінші халифа оның осы еңбегінің жемісін көрген де еді. Ол әз-Зуһридің жинастырған хадистерін жазғызып, көбейтіп, жан-жаққа таратады. Хадистердің жинастырылуында оның еңбегі орасан зор.

Осы ғылыми бастаманың арқасында арада көп өтпестен хижри екінші ғасырдың алғашқы жартысында хадиске байланыс­ты ірі кітаптар жазыла бастаған. Бұл кітаптар бір-біріне жақын кезеңдерде әртүрлі аймақтарда жазылған. Бір кездері хадистерді парақтар мен дәптерлерге жазған ғалымдар енді хадистерді тақырыптарына қарай реттестіріп түсірген. Бұлар жинастырылу ерекшеліктеріне қарай «мусаннаф», «жамиғ», «муснәд» т.б. деп атала бастады. Ең алғаш мұндай кітапты кім жазғаны жайлы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен алғашқы хадис тарихына байланысты кітаптарда мына кісілер аталады: Меккеде Әбдүлмәлик ибн Әбдүләзиз ибн Жүрәйж әл-Басри (қ.150 х.), Мәдинада Мәлик ибн Әнәс (93-179 х.) немесе Мұхаммед ибн Исхақ (қ.151 х.), Мұхаммед ибн Абдуррахман б. Әби Зибб (80-158 х.) имам Мәликтің «Муатта» атты жинағынан да көлемді Муатта жинағын жасаған. Басрада Рәби ибн Сәбих (қ. 160 х.) немесе Саид ибн Әби Арубә (қ. 156 х.), Куфада суфиан әс-Сәури (97-161 х.), Йеменде Мамер ибн Рәшид (95-153 х.), Шамда Имам Абдуррахман б. Әмр әл-Әузәи (88-157 х.) т.б.

Бұл жинақтардың көбісі Мәлик ибн Әнәстің «Муатта» атты жинағы тәрізді пайғамбарымыздың хадистерімен қатар сахабалар мен табиғиндердің де пәтуаларын қамтыған. Оның жинағында үш мың мәселе мен жеті жүз хадис жинақталған. Содан кейінгі кезеңдерде кейбір ғалымдар тек пайғамбарымыздың хадистерін ғана қамтыған «Мүснәд» деп аталатын жинақтар жаза бастаған. Ең алғашқы мүснәд кітабын Әбу Даууд Сүлейман ибн Жәруд әт-Тәиәлиси (133-204 х.) жинақтаған. Әсәд ибн Муса әл-Әмәуи (қ. 212 х.), Ұбәйдұллаһ ибн Муса әл-Абси (қ. 213 х.), Мусәддәд ибн Басри (қ. 228 х.), Ахмәд ибн Ханбәл (164-241 х.), Исхақ ибн Рахуиә (161-238 х.) және т.б. сынды әтбағут-табиғин және одан кейін келген буынның ғұламалары да кітаптарын осы тәсілмен жазған.

Одан кейігі кезеңдерде барып танымал кутубус-ситтә (Бұһари, Мүслим, Әбу Дәууд, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мажә) жинас­тырыла бастады.

Сөз түйіні, хадистерді риуаят етуге сахабалар мен олардан кейін келген табиғиндер ерекше жауапкершілікпен қараған. Өйткені, хадисті көздің қарашығындай сақтау дінді сақтаумен парапар еді. Ғалымдар хадистерді иснадтарымен (хадистерді жеткізушілердің тізбегі) қоса жазып, ойдан шығарылған хадистердің бәрін сұрыптап, електен өткізіп барып кітаптарына енгізген. Олар қазіргі кездің өзінде сирек кездесетін талғампаздық арқылы хадистердің сенімді дұрыстарынан әлсіздерін ажыратып, үлкен қажыр-қайрат жұмсап, хадистерді сақтауға үлес қосқан.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы,

исламтанушы

Оқылды 262 рет
JoomShaper
Top