Радикалды топтар арасында әйелдер санының көбеюі

Сәрсенбі, 01.02.2022

Ағымдағы ахуал талдауы

Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал талдамалары жалпы қоғам өкілдерінің, соның ішінде әйелдердің діншілдік деңгейі ерекше арта түскенін аңғартады. Рухани ізденістердің табиғи салдары болып табылатын діншілдік сана өзінің қалыптасу барысында әртүрлі жағымды-жағымсыз салдарлар туғызуда.

Рухани ізденістердің дәстүрлі арнаға бағытталуы және зайырлы құндылықтар аясында дамуы қоғамның рухани жаңғыруына серпін берсе, дін жолындағы ізденістердің әртүрлі мүдделі күштер ықпалымен радикалды және теріс пиғылды идеологияға арбалуы түпкі нәтижесінде тұлға болмысының құлдырауынан бастап, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарларға соқтырады.

Заманауи жаһандық діни ахуал «экстремизм феминизациясы» феноменінің қалыптасуына негіз қалауда. Жаһандық деңгейде бұл феномен төмендегі сипаттарда көрініс тауып отыр:

- радикалды топтар мүшелері арасында әйелдер санының көбеюі;

- әйелдердің ғаламтордағы, әсіресе әлеуметтік желілердегі экстремистік бағыттағы ақпараттық-насихат жұмыстарына белсенді түрде араластырылуы;

- соғыс аймақтарында әйелдердің әскери күш ретінде пайдаланылуы;

- әйелдердің майдан даласында жараланғандарға қызмет көрсетушілер санатында қызмет етуі;

- бұрмаланған діни-экстремистік идеяларға алдану салдарынан жалған «жыныстық жиһадқа» тартылып, соғыс аймақтарында тәндік қызмет көрсетушілер ретінде пайдаланылуы;

- отбасында радикалды көзқарастағы жас буынды тәрбиелеушілер ретінде әрекет етуі.

Қазіргі Қазақстан қоғамында дәстүрлі емес діни көзқарастағы ағым өкілдері арасында оқшауланған әйел жамағаттары белгілі бір дәрежеде қалыптасып үлгерді. Олар негізінен дәстүрлі емес көзқарастағы ағым өкілдерінің отбасы мүшелері болып табылады.

Қазақстан жағдайында экстремизм феминизациясы құбылысы өзіндік ерекшеліктерге ие. Жергілікті менталитет пен нақты өмір жағдайларына сәйкес дәстүрлі емес діни көзқарастағы әйел жамағаттары мүшелерінің бірінші кезекте отбасындағы ролі басым. Бұл орайда әйелдердің ролі төмендегі сипаттарда көрініс табады:

1) Ерінің нұсқауларына бағына отырып, балаларды дәстүрлі емес көзқараста тәрбиелеуші ретінде балалардың құқықтары мен бостандықтарына белгілі бір дәрежеде шектеу қоятын төмендегі әрекеттерді жүзеге асыруға қатысады:

- мектеп жасындағы қыз балаға заңмен бекітілген мектеп формасын кигізуден бас тарту;

- балаларды «Өзін-өзі тану», «Биология» («Анатомия және физиология»), «Бейнелеу» секілді пәндерге қатыстырмау немесе үй тапсырмаларын орындатпау;

- дене тәрбиесіне, би өнеріне қатысты үйірмелерге қатыстырмау;

- мектеп бағдарламасындағы жекелеген пәндер мазмұны мен зайырлы білім жүйесіне қарсы сыни көзқарас қалыптастыру.

2) Дәстүрлі емес көзқарастағы ағым өкілдерінің отбасындағы әйелдер өздерінің оқшауланған жамағаты арасында мына негізде әрекет етеді:

- мұсылмандық тұрмыс салты мен ислами тәрбиені идеалдау, оны қатаң ұстана отырып, зайырлы өмір салты мен зайырлы негіздегі тәрбиені терістеу;

- радикалды негіздегі көзқарастарды өзара насихаттау, кеңінен тарату;

- өз көзқарастарымен сәйкес келмейтін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымдарын терістейтін идеяларды тарату;

- шариғат заңымен басқарылмайтын зайырлы мемлекетке қарсы көзқарастар қалыптастыру.

3) Экстремизм бабы бойынша сотталғандардың әйелдері (қыздары, аналары) жоғарыда аталғандарға қосымша:

- дәстүрлі емес көзқарастағы жамағат өкілдерінен тұрақты түрде көмек алып тұратындықтан түрмедегі ерінің жамағатпен байланысын үзбеуге, бекіте түсуге негіз болатын әрі мәжбүр ететін фактор ретінде;

- өздерін және отбасын зайырлы мемлекет заңнамасынан зардап шегуші ретінде сезіне отырып, зайырлы жүйені әділетсіз жүйе ретінде танытушы және оған қарсы көзқарастарды тұрақты түрде насихаттаушы ретінде әрекет етеді.

4) Соғыс аймақтарына (Сирияға) кеткендердің отбасындағы әйелдер жоғарыда санамаланған жаһандық экстремизм феминизациясы негізінде көрініс тапқан іс-әрекеттердің елеулі бөлігіне қатысушылар болып табылады.

Қазақстандағы әйелдер аудиториясының мақсатты топтары

Әйелдер болмысының табиғи ерекшеліктері (сезімталдық, әсершілдік, идеалды әлемді аңсар-мұратқа айналдыру) олардың қазіргідей формациялық және құндылықтық жүйенің өзгермелі кезеңінде толқулы, ауытқымалы әрі ізденісті күйде болуына алғышарттар жасайды. Осы орайда әйелдердің елеулі бөлігі үшін дін әмбебап құндылықтар жүйесі және жеке тұлғаның өмірі мен рухани әлемін реттеуші институт ретінде маңызды роль атқарады.

Теріс пиғылды идеологияға арбалу салдарынан әйелдер діншілдігінің шетін көзқарастар мен іс-әрекеттерге ұласу мүмкіндігі ерлерге қарағанда басымырақ. Осы ерекшеліктерді радикалды идеялардың таралуына мүдделі күштер өз мақсаттарына пайдалана отырып, эстремизм феминизациясын күшейте түсуде.

Сондықтан діни сенімнің дәстүрлі арнадан ауытқуы негізінде туындайтын қатерлердің алдын алу шаралары әйелдер аудиториясында анағұрлым белсенді жүргізілуі тиіс. Бұл орайда әлі радикалды идеология арбауына түспеген, бейнелі түрде айтқанда «аман қалған» аудитория да назардан тыс қалмауға тиіс.

Әйелдер аудиториясы әлеуметтік-қоғамдық ортасы мен зайырлы немесе діншілдік сана ерекшеліктеріне орай көптеген топтарға бөлінеді. Оларды діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және радикалды идеологияның ықпалынан арашалау бағытындағы іс-шаралар барысында екі мақсатты топқа біріктіруге болады:

1. Алдын алу (профилактика) бағытындағы жұмыстар жүргізілетін топ. Олар:

         - мемлекеттік және жеке мекемелердегі қыздар мен әйелдер аудиториясы (орта мектеп, арнайы кәсіптік және жоғары оқу орындары, интернаттық ұйымдар, өндіріс орындары);

         - діни мекемелердегі қыздар мен әйелдер аудиториясы (діни білім мекемелері (медреселер, сауат ашу курстары, ЖОО) және мешіт жамағаты);

         - жұмыссыздар.

2. Радикалды идеологияның ықпалынан арашалау (дерадикализация) бағытындағы жұмыстар жүргізілетін топ. Олар:

- оқшауланған әйел жамағаттары (салафилік топ өкілдері, экстремизм бабы бойынша сотталғандардың әйелдері (қыздары, аналары), соғыс аймақтарына кеткендердің отбасындағы әйелдер);

          - өздігінен радикалданғандар (жамағаттың әсерінен тыс радикалды көзқарасты қабылдаған жеке тұлғалар).

Алдын алу бағытындағы жұмыстардың тақырыптық ерекшеліктері мен мақсаттары

1) Мемлекеттік және жеке мекемелердегі қыздар мен әйелдер  аудиториясымен жүргізілетін жұмыстар

Мемлекеттік және жеке мекемелердегі жалпы аудитория, соның ішінде қыздар мен әйелдер аудиториясы негізінен зайырлы танымға ие, қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды ұстанатын, мемлекеттік идеологияға оң көзқарастағы қалыпты аудитория болып табылады. Дін атын жамылған экстремистік идеялардың алдын алу бағытындағы шаралар ең алдымен осы аудиторияларда күшейтілуі тиіс. Себебі бұл аудиторияның санасы діни психологиялық өңдеуге ұшырамағандықтан, олар дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өзекті идеяларын тыңдай білетін, қабылдай алатын, санасында орнықтыру мүмкіндігі жоғары дайын аудитория болып табылады. Сана деңгейі шамамен біртекті болғандықтан олармен топтық жұмыс жүргізу жеңіл атқарылады және қысқа мерзімде айқын нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік мекемелердегі қыздар және әйелдер аудиториясымен жүргізілетін алдын алу шараларының негізгі мақсаттары:

-         зайырлы көзқарастарын бекіте түсу;

-         мемлекеттік-конфессиялық қатынастар туралы түсінік қалыптастыру;

-         қазіргі діни ахуал туралы ақпараттандыру;

-         конфессияаралық бірліктің мән-маңызын түсіндіру;

-         теріс пиғылды және радикалды ағымдардың іс-әрекеті, зардабы, олардан сақтану жолдары туралы толыққанды мәлімет беру;

-         дәстүрлі рухани мәдениет жөніндегі білімдерін тереңдету;

-         ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыру;

-         отансүйгіштік сезімдерін тәрбиелеу;

-         дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сіңіру.

Бұл мақсаттар  сырт қарағанда діни санамен тікелей байланысты емес, бірақ олар біріге отырып, тұлғаның рухани сұраныстарын қажетті деңгейде қанағаттандыра алады. Өйткені кез келген тұлға дінді жеке-дара сенім күйінде емес, барша рухани құндылықтармен, тұлғалық ұстанымдармен, өмір сүру салтымен тұтастықта қабылдайды. Аталған мақсаттарды кешенді түрде жүзеге асыру рухани деңгейі жоғары, зайырлы, зияткер (интеллектуал), толыққанды тұлғалардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Мұндай аудитория санасы жан-жақты жетілгендіктен теріс пиғылды ағымдардан берік қорғалған, психологиялық өңдеуге берілмейтін, қорғаныс қабілеті мен қарсы тұру иммунитеті мықты аудитория болып қалыптасады. Мемлекеттік мекемелердегі жалпы аудитория ел халқының басым көпшілігін құрайтындықтан олар қоғамдық ойдың қозғаушы күші саналады. Олар берік идеологиялық шеп ретінде қалыптаса келе өздерімен салыстырғанда аз санды болып табылатын теріс пиғылды, радикалды идеологияны ұстанушыларды сіңіріп алатын негізгі басымдыққа айналуы мүмкін.

(Жалғасы бар)

А.Әбдірәсілқызы

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам  министрлігі

Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-

зерттеу және талдау орталығының директоры

Оқылды 445 рет
JoomShaper
Top