Иман нұрын шашқан орын

Сейсенбі, 31.01.2022

Еліміз бойынша жастарға діни білім беретін оқу орындарының бірегейі Астана маңындағы Қосшы ауылында орналасқан «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар даярлау орталығы. Бұл орталық 2010 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Бүгінде орта кәсіптік білім беру деңгейіндегі ислам әлемінде қабылданған 7 және 10 қирағатты меңгерген қарилар даярлайтын орта діни оқу орны.

Қауам ад-Дин атындағы қарилар орталығының оқу ғимараты 2 қабаттан тұрады. Материалдық базасы бай әрі заманауи білім беру талаптарына сай. Қарилар даярлау орталығы оқу ғимаратының жалпы алаңы 240,2 ш.м.

Қарилар даярлау орталығы ашылысымен-ақ ҚМДБ-ның төралқа мәжілісінің шешімі бойынша тұңғыш директоры болып қари Садуахас Олжабаев тағайындалды.

Біз бүгін орталықпен толық танысып шыққан соң, орталықтың директоры Садуахас қаримен шәкірттердің білімі мен қарилықтың қыр-сыры туралы  әңгіме өрбіттік.

«Бүгінгі таңда орталық базасында 45 шәкірт білім алуда. Ақмола облысына қарасты Сабынды ауылында орналасқан дайындық курсында 70 қарилар орталығының шәкірттері дайындалуда. Сонымен барлығы 115 шәкіртті қамтиды.

Орталықтың бағытына сәйкес Құран, Құран тәпсірі, тәжуид, ақида, хадис секілді пәндер оқытылады. Сонымен қатар жалпы бағдарламалар ішінде құқық негіздері мен ислам ақидасы оқытылады. Барлық пәндер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісілген, дейді қариларды дайындау орталығының директоры,  Садуахас қари.

Сөз арасында бұл жердегі шәкірттер қанша уақытта толық қари болатыны туралы сұрағанбыз.Негізінде құранды толық жаттап шығып және оны тарауиx намазында құранға қарамастан бастан-аяқ оқып шыққан адам ғана толық қари атанады екен. Әрине, бұл оңай шаруа емес екендігі белгілі. Әйтсе де «әрекет бар жерде берекет бар» дейді. Жалпы оқу жоспары бойынша 4 жылда қари атануға мүмкіндік бар. Алайда бес саусақ бірдей емес, кейбір шәкірттер жоспарлаған уақыттан ерте қари болып жатады екен.

«Толық қари болу әр шәкірттің арманы болғанмен  Алла кімге нәсіп етем десе Өзінің еркі. Біз оқытып жатқан 115 баланың барлығы толық қари болады деп сөз бермеймін, дегенмен осы балалардың ішінен 30-40 бала толық қари болса мақсатымызға жеткеніміз. Шындығында Құран ол – Нұр, тек таза жүрекке орнығады. Имам Шафиғи ұстазына: Қабілетінің төмендегенін айтқанда ұстазы, күнә істерден сақ болуын ескертеді. Сондағы имамның істеген күнәсі бір әйел адамның өкшесіне байқамай көзінің түсіп кеткендігі екен. Сол имамдарымыздың 5-6 жастарында құранды толық жаттауларының сыры міне осында» дейді орталық директоры.

Аллаға шүкір, елімізде егемендіктен кейін ресми түрде ашылған біздің қарилар дайындау орталығы жоғарыда айтқанымыздай 2010 жылдан бастап жұмыс жасап келеміз. Осы арада 26 шәкірт құранды толық жаттап, тарауиx намазында xатым түсіре алатын мүмкіндіктерге ие болды. Ал бірнеше түлектер қарилықпен тоқтамай, әрі қарай білімдерін жетілдіру үшін, «Нұр-Мубарак Қазақстан-Египет Ислам мәдениеті» университетінде оқуларын жалғастырып жатса, енді бірі Иорданияда, бірі Мысырда «Әл-Азxар» университетінде білімдерін шыңдап жүргенін Садуахас қари мақтанышпен айтты.

Қазіргідей ағымдар ағылып жатқан заманда ағысқа ермей, тура жол тапқан жастардың аз емес екендігі көңілге үміт ұялатады.

Айтқандай, қарилар орталығына түскісі келетін үміткерлерге қойылар талаптармен де таныса отырыңыз. Ол үшін:

Директор атына жазылған өтініш

Облыс, аудан имамының ұсынысы (мінездеме түрінде)

Өмірбаяны (талапкердің өз қолымен жазылуы тиіс)

Орта білімі туралы аттестаты (түпнұсқасы)

Көлемі 4х5 сурет (6 дана)

Жеке куәлігінің (көшірмесі)

086-У үлгідегі дәргерлік анықтама

Сотталмағандығы туралы анықтама

Талапкердің жасы 25-тен аспауы тиіс

Оқылды 336 рет
JoomShaper
Top