Мұхан ИСАХАН: «Ақыреттік бақыт әр адамның ар-ұждан еркінде қалдырылады»

Сәрсенбі, 21 Қаңтар 2015 04:09

Дін қай дәуірде болмасын мемлекет тұтастығында үлкен рөл атқарған. Тарих көшіне ілескен ірі мемлекеттік жүйелердің сенім тірегі де, идеологиясы да кей уақытта бірыңғай діни негізге бет бұрса, енді бірде дін мен мемлекеттік басқару жүйесі екіге айырылып отырған. Бүгінде дамыған әлем елдерінің көпшілігі зайырлы қоғамды қалыптастырды. Біздің түсінігіміздегі зайырлылық ұғымы діннен алшақ па? Зайырлылық дінді тәркілеу ме? Мемлекет пен діннің тарихи байланысы, хандық дәуірдегі мемлекеттік жүйе және қазіргі тәуелсіз еліміздегі зайырлылық ұстанымы турасында Дін мәселелерін талдау және зерттеу орталығы Ислам бөлімінің басшысы,  белгілі заңгер, шариғат саласының маманы Мұхан ИСАХАН әңгімелейді.

-  Тарихта мемлекет пен діннің қарым-қатынасы қандай тұрпаттармен реттеліп отырған?  Сондай-ақ, бүгінде әлем елдерінің кәдесіне жарап отырған зайырлылық ұстанымының шығу тарихына тоқтала өтсеңіз.

-  Әлем тарихына назар аударатын болсақ, мемлекет пен діннің қарым-қатынасын реттеудің көптеген тұрпаттары болғанын көреміз. Оның алғашқысы ретінде теократиялық мемлекеттік басқаруды айтамыз. Теократиялық мемлекеттік басқару – бұл  Ұлы Жаратушы Хақ тағаланың пәрменімен, соның құдыретімен дүниеге келетін мемлекет. Біздің діни танымыз бойынша мемлекеттерді алғаш рет құрған – пайғамбарлар.  Пайғамбарлар мемлекетті Алла тағаланың уахиы арқылы құрады. Теократиялық мемлекеттің ең алғашқы анықтамаларын Платон, Аристотель, «Қайырымды қала» трактатында Әл-Фараби де сөз еткен. Христиан зерттеушілерінің ішінде Фома Аквинский, Пьер Абеляр секілді ойшыл-философтар да теократиялық мемлекет анықтамасының дамуына өз ойларын қосқан. Десекте, негізгі концепциясын жасаушы – Фома Аквинский. Оның «Қос қылыш» және «Күн мен Ай» теориясында айдың нұрлы сәулені күннен алатыны секілді, мемлекет басшысы да рухани күш-жігерді Құдайдан алады. Әйткенмен, оның айқын көрінісін тек пайғамбарлар құрған мемлекеттен көруге болады. Алла тағала пайғамбарға уахи түсіру арқылы мемлекетті басқарудағы негізгі мәселелерге тікелей араласа алады. Ал уахи тоқтағаннан кейін Алладан түскен діни нормаларды прецедент ретінде басшылыққа алып басқаруды да теократиялық мемлекет деп айта аламыз. Бірақ, бұның өзгешелігі – Жаратушымен тікелей байланыс болмайды. Осыған байланысты теократиялық мемлекетті тікелей және жанама теократиялық мемлекет деп бөліп қарастырамыз.  Яғни, тікелей теократиялық мемлекетте Алла тағала пайғамбарларға уахи түсіру арқылы мемлекетті басқаруға тікелей араласады, ал Алладан түскен діни нормаларды негізге ала отырып, үлгі ретінде қарастырып, басқару жанама теократиялық басқаруға жатады.  Ислам тарихындағы 622-632 жылғы аралығында Мұхаммед пайғамбар құрған Мәдинадағы мемлекет пайғамбарлық басқару негізіндегі мемлекет саналады. Ал мұнан кейінгі Омаяттар дәуірі, Аббаситтер кезеңіндегі мемлекеттік басқаруды жанама теократиялық мемлекеттер қатарына жатқызамыз. Осы себептердің негізінде социология ғылымының атасы ибн Халдун мемлекетті басқаруды табиғи басқару, саяси және пайғамбарлық басқару деп үшке бөлген болатын. Бұл жердегі табиғи басқару деп – тирандық басқару жүйесін, саяси басқару деп – халықты ақылмен басқаруды, ал пайғамбарлық басқару де – қоғамның Алланың абсолюттік үкімдерімен кемел басқарылуын айтамыз. Десек те, мемлекетке діннің үстемдік етуін теократиялық басқару деп алсақ, ал керісінше мемлекеттің дінді басқаруын клерикальді мемлекет деп айтамыз. Әлем тарихына қарасақ, бэ.б. 3 ғ. Үндістанда – мемлекет дінді басқаратын жүйені король Асоко пайдаланған. Рим иператоры Цезарь да бұл әдісті басқаруда пайдаланған. Осы себептен де кейде клерикализмның орнына - асокоизм, цезаропапизм, византизм терминдері қолданылады. Яғни, патшалар өздері сенген, иланған дінді басқарып, оған мемлекеттік тұрғыда біржақты қолдау білдіріп отырған. Басқа діндерге ол дінге қолдау жасағандай қамқорлық танытпайды. Клерикаль терминінің шығу тегіне қарайтын болсақ, орта ғасырларда Еуропада адамдардың діни сеніміне қарай 3 топқа жіктеген. Бірінші – клероктар, екінші – еретиктер, үшнші – лайцолар. Клероктар дегеніміз шіркеу қызметкерлері, еретиктер – дінге сенбейтіндер, лайцолар – дінге сенеді, бірақ, шіркеуге жақын емес, дінге немқұрайды қарайтындар. Білесіздер, орта ғасырлардағы схоластика кезеңінде шіркеу барлық мемлеттік мәселелерге араласқан. Мемлекеттің сыртқы-ішкі саясатына, қаржы жүйесіне тікелей ықпал етіп отырған. Мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін келесі бір тұрпаттың бірі – конкордат деп аталады. Қазіргі Португалия, Италия секілді елдердің басқару жүйесін канкордаттық жүйеге жатқызамыз, яғни, діни мәселелерді ғана мемлекет дін өкілдерінің ой-пікірін, ұсыныстарын негізге ала отырып шешеді. Бұдан басқа тарихта харизматикалық мемлекеттік басқару тұрпаты да болған. Бұл біздің ежелгі түркілердің басқару жүйесіне тән дүние. Сондай-ақ, ислам тарихындағы шиалық бағыттағы мемлекеттерде де осы харизматикалық басқару жүйесі болды. Мұнда белгілі бір алтын әулет немесе тұлғаның бойына Құдайдың құты дарыған, сол тұлға мемлекетті басқарса – ол қасиетті болады, елін бақытқа жетелейді, оның әрбір шешімі, үкімі қасиетті болып саналады. Мына Орхон-Енисей жазбаларында «Зеңгір көкте – Тәңір, жерде – халық, халықты басқару үшін ортасына қағанды жаратты» деген түсініктер орын алған. Яғни, осыдан қаған Ұлы Жаратушының жердегі өкілі деген таным қалыптасқан. Шиалық бағыттағы мемлекеттерде хулул деген түсінік бар. Олардың сенім доктринасында, ақидасында харизматикалық тұлғаның бойында Құдайдың нұры, рухы бар, Құдайды құты дарыған деген түсінікке орын беріледі. Шиалық бағыттағы елдерде пайғамбардан тараған ұрпақтарға билікті берсе ол елге береке келеді, жұмаққа жетеді деген ұғым әлі күнге бар. Мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтіен келесі бір тұрпатты лайцизм деп атаймыз. Батыс Еуропа тарихында алғаш рет протестанттық қозғалыстың жетекшісі Мартен Лютер шіркеу қызметкерлерінің мемлекеттің ісіне араласуына қарсы болды. Одан кейін италиялық атақты философ Никола Макиавели өзінің еңбектерінде мемлекеттік билікке дін өкілдерінің араласуына ашық қарсылығын білдірді. Бұл көзқарас дами келе, 1789 жылы Франция буржуазиялық революциясында жеңіске жетті. Нәтижесінде, Францияның алғаш қабылдаған «Адам құқықтары жөніндегі декларациясында» дін қызметкерлері мемлекеттің саясатына араласпайтын болып шешілді. Бұған дейін Еуропадағы христан шіркеу өкілдерінің құқықтары белгілі бір жоғары статусқа ие болған еді. Енді олардың құқықтары жай адамдарме теңестірілді.  Дін өкілдері өзге адамдармен заң алдында бір дәрежеде болды.  Яғни зайырлылық ұғымы лайцизм терминімен ортаға шықты, ал кей елдерде секуляризм терминімен де айтылады. Лайцизм бойынша халық ақыреттік бақытты көздеген болса, ол әр адамның ар-ождан бостандығына қалдырылды. «Лайцо» сөзін орыстар светский деп алса, түркі халықтары дүниеуи сөзін қолданады. Яғни, бұл дүниелік мемлекет деген ұғымда. Ал біздің ел лайцизмнің аудармасы ретінде анық, айқын деген мағынаны  білдіретін «зайырлы» сөзін негізге алдық. Демек, зайырлы мемлекет бұл дүниенің көрінген, белгілі болған мәселелерімен шұғылданады деген түсінікті білдіреді. Бұл жерде зайырлылықтың исламға қатысты мынадай қырларын айта өтуіміз керек. Шариғатта да анық көрінген, белгілі болған нәрселерге ғана үкім беріледі. Белгіл болмаған, анық емес, тылсымнан келген ақпаратпен фиқһ шешім шығармайды. Түспен, аянмен ешқашан пәтуа берілмейді.  Осыны қуаттайтын мынадай мысал келтірейін. Хазреті Әли (р.а.) өзінің аса зеректігімен бәлкім әулиелігімен, харижиттерден кімнің келіп өзін өлтіретінін сезіп білген. Бұны өзінің жақын-жуығына айтқан кезде, «Ол адамды бізге көрсетіңіз, біз оны жазалайық» дейді. Сонда Хазреті Әли: «Біздің дініміз Ислам – заһири дін. Болған нәрсеге ғана үкім береді» деп айтқан болатын. Яғни, әулиелікпен, аянмен, түспен бірнәрсені сезіп шешім қабылдауға шариғат мүлде қарсы. Яғни, қазіргі біздің зайырлы қоғамда да тылсымнан келген құбылыстармен қоғамдық қарым-қатынас реттелмейді. Халықтың өзінің сұранысына сай, өзі дауыс беріп қабылдаған Атазаңның негізінде мемлекет басқарылады. Ақыреттік өмірді, жұмақты қалайтын болса, халықтың сеніміне еркіндік беріледі. Яғни, діннің амалдарын, құлшылықтарын атқару ар-ождан бостандығына қалдырылады. Ал біздің Атазаңымыз азаматтардың ар-ождан бостандығының сақталуына кепіл болатынын паш еткен. 

-    Түркі, Қарахан мемлекеті, Қазақ хандығы кезеңінде мемлекет пен діннің қатынасы қандай болған?

-  Ежелгі Түркілер Тәңір сенімінде болған. Тәңірдің жердегі өкілі ол – қаған деп есептелген. Бірақ тәңіршілдік туралы зерттеушілердің ортақ бір концепциясы жоқ. Кейбір деректерде Тәңір дінін түркілерге Озған деген пайғамбар әкелген. Исламға дейінгі түркі даласындағы салт-дәстүрлер сол Озған әкелген діннің сарқыншақтары деген де пікірлер бар. Бірақ, бұл әлі бірақ анықталмаған, тек болжам ғана. Дегенмен тарихи деректерде Озған, яғни Оғыз қаған ұрпақтары алтын әулет деп айтылғаны шындық. Шыңғыс ханның тегін таратып келсеңіз Оғыз қағанға тіреледі. Әбілғазы Бахадүрдің «Шажірат ат-Түрк» еңбегін, Джуйнидің  еңбектерін қарасаңыздар осыны қуаттайды. Тіпті, Осман императорлары өз шежірелерін Озған пайғамбардан (Оғыз қағаннан) таратады. Әйтсе де, ІХ ғасырдан бастап Орталық Азиядағы түркі иеліктері біртіндеп Ислам дінін қабылдай бастады. Соның бірі Қарақан мемлекеті болатын. Осы дәуірдің жұлдыздары Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иегүнеки, Ахмет Яссауилер мемлекет пен дін жайында өз еңбектерінде тоқталып өткен. Тарихшы Зия Кабакшы Қарахан дәуірінде Ханафи мазхабының 300-ден астамы өкілі шықты дейді. Яғни Қарахан дәуірі Ислам дінінің өркендеген бір кезеңі болып есептеледі. Алайда, Қарахан мемлекеті ХІІ ғасырда әлсіреп, Ислам дінінің таралуы саябырсыды. Онан кейінгі Қидан патшалығы кезінде халықтың ислам дінін ұстанатынына қарамастан, будда діні мен христиан діні мемлекеттік тұрғыда насихатталды. Ал, Хорезмшах мемлекеті тұсында олардың қыпшақ даласына ғазауат жасағандығы туралы деректер кездеседі. Хорезмшах мемлекетін тарихтан ығыстырған Алтын Орда империясы алғашқыда дінге бейтарап ұстанымды болды. Алтын Орданың алғашқы билеушісі Бату хан дін мәселесінде Шыңғыс ханның Ұлы Яса заңын қатаң ұстанды. Жалпы, Ұлы Яса заңында бүгінгі зайырлылықтың нышандары болғандығы байқалады. Онда мемлекет ешқандай дінді қолдап-қолпаштамайды, бірақ дін өкілдеріне еркіндік береді. Мемлекеттің саясатына қарсы келмесе, белгілі бір дәрежеде оларға құрмет көрсетеді. Бату хан осындай бейтарап ұстанымда болды. Бірақ, Джуйни Бату ханды жасырын түрде ислам дінін қабылдаған еді дейді. Одан кейінгі Берке хан тұсында Исламдық басқару үлгісі қалыптаса бастады. Берке хан сол кездегі Мысыр билеушісі Бейбарыспен достық дипломатиялық қатынас орнатты. Одан бертінде Мөңке, Темір кезінде қайтадан Яса үстем болғанымен, онан кейінгі Тудай Мөңке, Өзбен ханның кезінде қайтадан Ислам діні қанат жая бастады. Өзбек хан 1320 жылы  Алтын Орданың мемлекеттік діні Ислам діні деп жариялады. Империя құрылымы дін негіздерімен реттеле бастады. Дін мүддесі үшін Иран өлкесіне де әскери жорықтар жасалды. Өзбек ханның ұлы Жәнібектің (1342-1357) тұсында Сарайда Ислам әлемінің ғұламалары қызмет етті. Атап айтар болсақ, Ханафи ғұламасы аз-Баззази, ақида ілімінің теоретигі Имам Тафтазани осы кезде Сарайда болды. Дегенмен, Жәнібек ханнан кейін орын алған бұлғақ Алтын Орданың әлсіреуіне әкеп соқты. Одан қала берді Шағатай билеушісі Әмір-Темір мен Алтын Орда билеушісі Тоқтамыс ханның Құндырша және Кура өзені бойындағы соғыстары, Жошы ұлысының әлемдік геосаясаттағы беделін күрт төмендетті.

Алтын Орда құлап, оның орнына жеке ұлыстар ортаға шықты. Соның бірі Қазақ хандығы еді. Ағылшын саяхатшысы Джениксон  16 ғасырдың соңында қазақ топырағына келіп «бұл жердің халқы Мұхаммедтің дінін ұстанады» деп сипаттайды. Онын кейінгі қазақ жеріне келген көптеген зерттеуші, саяхатшылар қазақ халқының Ислам дінін ұстанатынын айтқан. Соның бірі парсы тарихшысы Рузбехани Сыр бойын мекендеген қазақтардың ислам дінін ұстанатынын жеткізеді. Кіші жүз жерінде жарты жылдай уақыт болған Кэстль де жергілікті көшпелі халықтың Мұхаммедтің дініне берік екенін айтады. Бірақ, қазақ хандығы теократиялық мемлекет болды деп айта алмаймыз. Бәлкім, клерикалды мемлекет ретінде қарастыруымызға болатын шығар. Жеті Жарғының кейбір нұсқаларында христиан дініне өткен адамдарды елден аластау нормалары бекіген. Яғни, Ислам дініне мемлекеттік тұрғыда қолдау білдірілген. Сондай-ақ қожа-молдалардың дәрежесін төрелермен теңестірген. Бұл клерикальді тұрпаттың белгілері болғанын әйгілейді..

-   Кеңес үкіметі атеистік мемлекет болды. Біз сол Қызыл империяның құрсауынан шыққаннан кейін зайырлы жүйені таңдадық. Мұның басты себебі не? Тәуелсіз Қазақстанның зайырлылық ұстанымының ерекшелігі жайлы, жалпақ жұртқа зайырлылық ұғымы мен діни сенім байланысын түсіндірсеңіз...

- Кеңес үкіметі атейістік идеологияға негізделді. Дінді мансұқтау 70 жыл жүргізілді. Қытайға, Ауғанстанға ауа көшіп кеткен ата-бабаларымыз діни шарттарға сүйене отырып көшті. Шариғатымызда дінді мүлде ұстануға мүмкіндік бермеген жағдайда ол жерді тастап кетуге рұқсат берген. Сондықтан біз 30-40 жылдардағы Қызыл үкіметті дарул-һарб (кәпірстан), яғни атейістік мемлекет болды ашық айта аламыз. Кейін Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Отанды сүю – иманнан» деп, Башқұртстан мүфтиі пәтуа беріп, сонан соң өз еркімен қолына қару алып, соғысқа аттанған мұсылмандарды көріп, Сталин дінге біршама жылылық көрсетті. Тіпті, Орта Азияда мүфтият ашуға рұқсат берді. Алайда, мұны тек көзбаяушылық деп білеміз. Себебі, бәрібір діни сенімге мемлекеттік тұрғыда қысым болды.

Біз 1991 жылы тәуелсіздігімізді алдық. Іле-шала «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Бұл Заңда біз зайырлылықты ұстанатымызды айттық. 1995 жылғы Ата Заңымызда бұл паш етілді. Әйткенмен, 1992 жылғы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңымызда біз бірнеше діни сенімі қарама-қайшы ағымдардың өмір сүруіне рұқсат бердік. Нәтижесінде, қазір шөре-шөре боп жүрген,  бір-бірін кәпірге, теріске шығаратын діни ағымдар өз ортамыздан өніп шықты.  Мұның үлкен зияны – қазақтың баласы біртұтастығынан айырыла бастады. Қазір ата-анасының асын ішпейтін, үлкенін сыйламайтын, тарихымызды мойындамайтын толқын пайда болды. Сөз жоқ бұл Алаш баласы үшін орны толмас қасірет! Елдегі ушыға бастаған діни ахуал  2011 жылы қайта қаралып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданды. Бұл заңның басты ерекшелігі жаңа заңымызда Ханафи мазхабының тарихи рөлін мойындайтынымызды ашық көрсеттік. Елімізде Ханафи мәзһабын ұстанатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдегі ең ірі діни бірлестік. Бүгінде оның құрамында 2300-ден аса мешіт бар. Жалпы, Қазақстан халқының 70 пайыздан астамын мұсылмандар құрайды. Яғни, мемлекет Ханафи мәзһабының тарихи рөлін мойындау арқылы ел мұсылмандарының рухани тұтастығын сақтап қалуға маңызды қадам жасады. Билік сенім мәселесін дін өкілдерімен келісе отырып шешуге ұмтылса, көптеген діни дүрдараздықтың шешімін таба алады деп ойлаймын.

-  Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

Оқылды 497 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Ақпан 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28  

Аудио

JoomShaper