Бәйгеге тігілген бірлік. Астана спартакиадасы

Дүйсенбі, 16.03.2022

АСТАНА. 16 наурыз. E-islam.kz - Кеше Елорда төріндегі «Алау» спорт кешенінде мешіт жамағаттары арасында дәстүрлі «Салауатты жамағат-II» спартакиадасы өтті. Бұл туралы "Нұр Астана" орталық мешітінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Салауатты өмір салты – тәуелсіз елдің негізгі тіректерінің бірі. Осы орайда Елбасы жолдауында да, мемлекетіміздің басты бағдарында да салауатты ортаны қалыптастыру, білімді де білікті жастарды тәрбиелеу ісіне жіті мән беріліп келеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласындағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешіті спорт сайыстарын өткізуді дәстүрге айналдырып, ағайынның ауызбіршілігі мен бауырмашылықты, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап, жалпы адами құндылықтарды қалыптастыруды мақсатында Астана әкімдігі мен "АқЖан" мәдени мұраларды қолдау қорының қолдауымен «Салауатты жамағат» спартакиадасын кезекті рет ұйымдастыруда. Бұл кешке риясыз тілегімен қолдау білдіріп Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Дарын» сыйлығының иегері, танымал әнші Қыдырәлі Болманов келіп, сайыстың сыйлы қонағы қатарынан табылды. Ал аламанның әділ бағасын беруші қазылар алқасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Қуат Раев төрелік етті. 

Жарыстың салтанатты ашылуында Елорда өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы салауаттылықты насихаттаушы сауапты сайыстың мақсатына тоқталды.  «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Асыл дінімізде жанымыз бен тәніміздің ақысы, оның дүние тіршілігіміздегі орны, керемет үйлесімділігі өте айқын көрсетілген. Әз пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Суға жүзуді, садақ атуды, атқа отыруды, күресуді, жүгіруді үйреніңдер, әрі өзгелерге оны үйретіңдер», «Әлсіз мұсылманнан мықты мұсылман қайырлы, яғни жақсырақ. Бірақ екеуінде де қайыр бар» деген. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «...салауатты өмір салты – ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деп айрықша атап өтті. Осы мақсатта хазретіміз Ержан қажы Малғажыұлы бұқаралық спорт сайыстарын жиі ұйымдастырып тұруды басты міндеттер қатарына қосқан болатын» деді өкіл имам.

Ел мүддесімен мақсаты ортақ бүгінгі аламан жарыста «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан», «С.Ғылмани», «Әл-Ғани», «Төлебай», «Әс-Сәләм», «Кунта қажы», «Әлжан Ана» мешіттерінің тұрақты жамағатынан және «Нұр Астана» орталық мешітінің сауат ашу орталығы (Ислам орталығы), «Отырар» қайырымдылық мекемесінің шәкірттері мен жамағатынан құралған командалар бақ сынасты.

Асыл шариғатымызда адам затына пайдасын берер әрбір әрекеттердің құпталғаны әмбеге аян. Мұсылман үмметінің қуатты һәм айбынды болуы үшін Ислам діні спортқа айрықша мән берген. Әлбетте, шариғат шеңберінде.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммет Мұстафа (с.а.с.) «Расында, сенің Раббыңда сенен ақысы бар және сенің денеңнің сенен ақысы бар, және сенің әйеліңнің сенен ақысы бар, және сенің қонағыңның сенен ақысы бар, сол үшін сен ақысы барлардың ақысына жауап бер» деп өнегелі өсиетін қалдырыпты. Алла елшісінің астары салмақты, мән-мазмұны терең хадистерінен денеміздің біздегі ақысы жайлы, оған дұрыс бап, лайықты күтім жасау керектігін ұғамыз.

Ал дана халқымыз денсаулықты ең ұлық аманат қатарына көтеріп, бірінші байлық деп бағалаған. Ер жастанып, аттың құлағында ойнаған батыр баба ұрпақтары бүгін өзара бақ сынасуда, бел ұстасып, күресуде.

Жарыста «Сәлемдесу»,  «Үй тапсырмасы»,  «Аламан»,  «Қаппен секіру»,  «Көңілді хоккей»,   «Көкпар», «Арқан тарту» және  «Капитандар сайысы» сынды сынақ кезеңдерінен өтіп, озық шыққан топтарға қазылар әділ бағасын берді.

Сайысты соңында ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Наурызбай Тағанұлы жеңімпаздарды құттықтады.«Ардақты ағайын! Ислам дінінің адамзат игілігі үшін келгенін барша мұсылман үмметі біледі. Асыл дінімізде аманат етілген тәніміздің ақысын беру мұсылмандық міндетіміз. Шариғатымыздың шарттарының бірі етіп бекітілген міндетті істі «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» секілді елдік мұрат, мемлекеттік қағидалармен үндестіре отырып өткізіп отырмыз. Барлық командалар осы кезеңге дейін өз өнерлерін көрсетті. Үлкен дайындықтан өткендіктерін көз көрді. Дегенмен, жалғыз шапқан ат жүйрік, бәйгенің аты бәйге, мұндай аламанда оза шапқаны да, шалыс басқаны да болуы заңды құбылыс. Қазылар алқасының осы он команда ішінен барлық сынақтан сүрінбей өткен топты тап басып анықтауға тырысты. Бірақ, бұл жердегі басты мақсат бірінші орын мен бәйгені алу емес, бастысы – ынтымақ-бірлігіміз. Бірлігі бекем елдің болашағы баянды болмақ. Алла дендеріңізге саулық берсін!» деп, басты бәйге бірлік екендігін жеткізді.

Сайыс барысында барлық турнирде «С.Ғылмани» мешітінің «Сарыарқа» командасы оза шауып, бас жүлдеге лайықты деп танылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Қуат Раев «Достық» кубогы мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Екінші орынға «Отырар» қайырымдылық қорының «Отырар» командасы табан тіреп, өкіл имам Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы сыйлықтармен, алғыс хаттарымен марапаттады. ІІІ-орынды місе тұтқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Сұлтан» командасына бағалы сыйлықтарын Астана қаласы бойынша спорт және туризм басқармасының қызметкері Дәулет Тұратұлы табыстады.

Ал, сайыста үздік ойын көрсеткен жеке ойыншылар мен өзге де топтарды «АқЖан» қоғамдық қорының директоры Марат Бектазинов пен Астана қаласы әкімдігі дін істері басқармасының өкілі Дәулет Әлмұханов алғыс хаттармен және түрлі сыйлықтармен марапаттады. Айта кетейік, бүгінгі жарыста жүлде мен марапаттан, сыйлық пен ықыластан қалыс қалған командалар болмады. Бірлікті бәйгеге тіккен жарыс жемісті аяқталды.

Оқылды 558 рет
JoomShaper