Имам Матуридидің нақыл мен ақыл пайымдаулары

Дүйсенбі, 02.11.2021
Имам Матуридидің нақыл мен ақыл пайымдаулары

Имам Матуриди ақиқатты тану барысында ақылды асыра сілтеп қолданған емес. Оның рационалды  ұстанымы шариғат шеңберінде ақыл мен қисынды орнықты пайдалануымен ерекшеленеді. Әсілі, Имам Матуриди ақидасының қалыптасуына өзінен бұрынғы кәламдық көзқарастар айтарлықтай ықпал етті. Бұл мәселені айқындау үшін Имам Матуридиден бұрынғы ақида ағыстарының мән-мазмұнын анықтап алуымыз шарт.

Матуриди мектебі тарих сахнасына шыққанға дейін ақида алаңында бір-бірімен бітіспейтін нақыл және ақыл көзқарасын ұстанушы топтар өмір сүрді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, салаф-салихин (сахаба, табиғин, таба-табиғин) мұсылмандар ақиқатты тануда нақылға көбірек мән берсе, муғтазали мәзһабын ұстанушылар керісінше нақылдан көрі ақылға басымдық берді.

Салаф-салихиндердің нақылға басымдық беруінің өзіндік себебі жоқ емес-ті. Олар – фәни дүниенің ақ-қарасын айқындап, өмір сүрудің мән-мағынасын жан-жақты ашып көрсеткен Алла Елшісінің (с.а.у) көзін көрген сахабалар, Хақ Елшісіне (с.а.у) үзеңгілес серік болған саңлақ сахабалардың өнегесін бойына сіңірген табиғиндер, ақиқат жолын ұстанушы алғадай екінші буын табиғиндердің тағылымын алған таба-табиғин мұсылмандар еді. Яғни, салаф-салихиндердің өмір сүрген кеңістігі мен уақытында ақылға аса мұқтаждық орын ала қойған жоқ. Ал, муғтазали мәзһабының тарих сахнасына шыққан дәуірінде исламнан бұрынғы ескі мәдениеттер мен философиялық мектептердің шығармалары араб тіліне тәржімаланып, әсіресе, рационалистік ұстанымдағы антика философтарының ой-тұжырымдары мұсылман әлеміне кеңінен таныстырыла бастады. Бірте-бірте осы ағыстан әсерленген муғтазали мәзһабы ортаға шықты. Олардың әһлү сунна ақидасына теріс көптеген көзқарастары бар болатын. Соның бірі Құран мен сүннетсіз-ақ, яғни, нақылсыз адам өз ақылымен ақиқатты таба алады деген әсіре көзқарасы-тын.

Әлбетте, ақылды Құран мен сүннеттен жоғары қою – адасушылық еді. Егер, адам ақылымен Хақты тани алатын болса, жұмырбасты пенденің кітап пен пайғамбарға деген қажеттілігі болмайды. Олай болса, Алланың кітап түсіріп, пайғамбарды жіберуінің еш мәні жоқ болып шығады. Ал, Алла адам баласына ненің қажет, ненің қажет емес екенін пенделерінен әлдеқайда артық біледі. Демек, нақылсыз ақиқатты құр ақылмен танып білу мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда муғтазали мәзһабының ақылға шектен тыс басымдық беруі адасушылық екені талассыз ақиқат.

Имам Матуридиге дейінгі нақылшылар мен ақылшылардың талас-тартысының екінші бір мәселесі – мутәшаббих аяттар еді. Ислам – хижраның екінші ғасырында әлемнің негізгі үш континентіне тарап үлгерді. Осы тұста кейбір аймақтарда ескі діни сенімдері мен дүниетанымдық көзқарастарын толық тәрк етпестен исламды жартыкеш қабылдаған мужассимма, мушәббиха секілді дүбәра топтар пайда болды. Олар салаф-салихиндер тіс батырмаған мутәшаббих аяттарға қатысты ашық пікір айта бастады. Шынтуайтында, салаф-салихиндер мутәшаббих аяттар қалай келсе, мағына берместен солай өткізіп жіберетін тафуид әдіснамасын ұстанған еді. Алғадай мұсылмандардың бұл тақырыпта тізгін тартуының себебі, Алла Елшісі (с.а.у) өзіне мутәшаббих аяттар нәзіл болғанда: «Мағынасы бір Аллаға аян» деп, ұқсас аяттарға кесімді пікір айтпайтын. Салаф-салихиндер осы сара жолдың сорабынан шықпай Хақ Елшісінің (с.а.у) сүннетін берік ұстаған еді. Яғни, бір қарағанда сыр көзге мутәшаббих аяттар әлі ешкім түрен салмаған бос жатқан кеңістік еді. Осы құпия кеңістікке дүбәра діни топтар өздерінің теріс көзқарастарын тоғыта бастады. Бұл белгілі бір деңгейде ислами сенімге селкеу түсіріп, мұсылмандардың бірлігіне сына қақты.

Имам Матуриди өз өмірін Ислам әлемінде орын алған Құран мен сүннеттен ақылды жоғары қою, сондай-ақ, мутәшаббих аяттарға ашық пікір айту мәселесін реттеуге жұмсады. Ол салаф-салихиндер мен муғтазалилердің тартысында нақылды негізгі сенім ете отырып, ақиқатты тануда ақылдың күшін пайдалануды құптады. Оның пайымдауынша, Құран мен сүннеттің құндылықтарын толық сезіну үшін ақылдың күші қажет еді. Адам бойындағы бес түйсік арқылы енген кез-келген ақпарат ой-қазанда қайнап, ақыл одан қорытынды шығарады. Ол «Китабут-таухид» атты кітабында: «Ақылды терістеушілік, шайтанның азғыруына еру болып саналады. Себебі, ақылды теріске шығарған адам, ақылдан басқа ештеңеге жүгіне алмайды. Бұл біздің ақылға деген мұқтаждығымыздың айқын дәлелі. Алла-Тағала құлдарының ақылмен әрекет етуге шақырады. Ақиқатты іздеуде ақылмен ізденуді әмір етіп, ақылдық тұрғыдан ғибрат алуды ұсынады. Бұл ақылдың негізгі қайнар-көздердің бірі екендігіне дәлел» деп тұжырым жасады. Имам Матуриди өзінің бұл ұстанымына Құрандағы дүниенің сырын ақылмен тануға шақырған аяттарды мысалға келттірді. Мысалы, "Бақара" сүресінің 164 аятындағы: «Расында, көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алмасуында, адам баласына пайдалы нәрселермен теңізде жүзген кемелерде һәм Алланың көктен түсіріп, онымен өлі жерді жандандырған жауында әрі жер бетіне тіршілік жаратып, әр түрлі жан-жануарларды жайып таратуында һәм желдердің бағыттарын өзгертіп тұруында және көк пен жердің арасындағы бағынышты бұлттарда, әлбетте, ой тастап, санасын саралап, қараған жандар үшін сөзсіз Алланың барлығы мен бірлігіне қатысты қанша дәлелдер бар» деген иләһи баянды алға тартты.  

Имам Матуриди мутәшаббих аяттарға қатысты ашық пікір айтудың алдын алу үшін тәуил әдіснамасын ортаға қойды. Тәуил дегеніміз мағынасы құпия аяттарға ашық тұжырым емес, бірақ жақсы мағынада жорамал айту болатын. Себебі, дүбәра діни топтар мутәшаббих аяттарды бос кеңістік санағандықтан, ешкімнен ықпастан ашық тұжырым жасаған еді. Осы жаңсақ ағысқа тоқтам салу үшін бос кеңістікті (мутәшаббих) жақсы пікірлермен толтыруды оң деп білді. Ол өзінің Құранға жасаған көп томдық тәпсір еңбегі «Тәуилат-ул Құранда» осы тәуил әдіснамасын қолданды. Имам Матуриди мутәшаббих аяттарға ашық пікір айтушыларды сынап, ақылмен тәуилге жүгінуге қатысты: «Кімде-кім нақылды немесе ақылды терістесе, сондай-ақ, құпия ілімді (мутәшаббих) кемшілігі бар ақылмен анықтағысы келсе, онда ақылға көтере алмайтын жүкті артып, зұлымдық жасаған болып шығады» деген еді. «Нақылдың негізінде ақылмен әрекет етуді» үндеген Имам Матуриди мутәшаббих аяттарға тәуил жасау барысында муһқам (мағынасы ашық аяттар)  аяттарды қолданды. Себебі, әл-Матуридидің пікірінше, Құран-Кәрім аяттарында қарама-қайшылық жоқ болатын (Ниса, 3/82).  

Түйін: Имам Матуриди – мүржийа, жабирийа, қадарийа, муғтазила секілді мұсылмандық сенімге селкеу түсірген кәламдық ағымдардың пікірлеріне тоқтау салып, Құран мен сүннет негізінде рационалдық (ақыл) тұрғыдан ойлауға жол ашып берді. Сондай-ақ, мутәшаббих аяттарға ашық тұжырым жасаған мужассим, мушәббиха ағымдарына қарсы тәуил әдіснамасын ортаға қойып, әһлү сунна сенімін кейінгі ұрпаққа саф күйінде жетуіне өлшеусіз үлес қосты.

Мұхан ИСАХАН,

исламтанушы

 

 

Оқылды 1384 рет
JoomShaper