Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығына – 10 жыл (ФОТО)

Жұма, 03.02.2022

2017 жылдың 1 ақпанында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті «ҒЗТО қызметі және қазіргі діни ахуалдың өзекті мәселелері» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметінің 10 жылдық атаулы мерекесіне арналған «ҒЗТО қызметі және қазіргі діни ахуалдың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қаңтардағы №72 Қаулысына сәйкес құрылған. Орталық қызметінің негізгі мәні Қазақстандағы діни ахуалдың даму үдерістерін зерттеу мен талдауды ұйымдастыру, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы қызметін ғылыми-әдіснамалық және ақпараттық-талдамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, дінтану сараптамасын жүргізу болып табылады.

Дөңгелек үстел жұмысының барысында Орталықтың 10 жылдық мерзім ішіндегі қызметінің негізгі нәтижелері және қазіргі діни ахуалдың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Сақбайұлы Арын, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры А.П.Әбуов, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бұрынғы директоры Ә.Ә.Әбдіәкімов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Философия және психология факультетінің деканы Б.Ы.Кәріпбаев, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің Әбу Ханифа ғылыми орталығының директоры А.Ш.Әділбаев, Халықаралық Түрік Академиясының бас ғылыми қызметкері Т.А.Козырев және ҚМДБ Аппарат басшысы Ғ.Мажиев және Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Е.А.Оңғаров, Астана қаласы және Ақмола облысының Дін істері басқармаларының қызметкерлері, «Ұлағат» мәдениет және даму қорының өкілі Қ.Ғ.Жұмақасова қатысып, баяндама жасады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.С.Арын:

«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының 10 жылдық мерейлі мерекесі баршаңызға құтты болсын! Әрине, 10 жыл бір мекеме үшін аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде Орталықтың жеткен жетістіктері мол. Әсіресе бүгінгі таңда Орталық қызметкерлері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып»,  табысты жұмыс атқарып келеді. Айта кету керек, Дін істері комитеті тарапынан атқарылып жатқан кешенді жұмыстарға Орталық қызметкерлерінің қосқан үлестері мол».

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің Төрағасы Ғ.Н.Шойкин:«

2007 жылы ашылған ҒЗТО 10 жылдық мерейтойы баршамызға құтты болсын! Бүгінгі жиынға қатысып отырған Орталықтың бұрыңғы басшыларына үлкен алғысымды айтамын. Орталық ұжымы 10 жыл уақыт ішінде мемлекеттік саясатты қалыптастыруға өз үлестерін қосып келеді, осы жылдар аралығында дін саласында қаншама өзгерістер орын алды. Жаңадан мемлекеттік органдар құрылды, жаңа заңдар, маңызды құжаттар қабылданды.. Осындай маңызды жұмыстар барысында Орталық тарапынан тікелей жұмыстар жасалып, ғылыми тұрғыдан қамтылған маңызды ұсыныстар әзірленді. Еліміздегі дін саласын реттеуде өзіндік үлесін қосып келе жатыр деп айта аламын»

ҒЗТО-ның алғашқы директоры, ф.ғ.к., профессор, Ә.Әбдіәкімов:

«Бүгінгі өтіп жатқан маңызды іс-шараға шақырып, төрден орын бергендеріңізге үлкен рахметімді айтамын. Бұл Орталық кішкене ұжымнан бүгінгі үлкен ұжымға айналып отыруы үлкен еңбектің нәтижесі деуге болады. Өз уақытында дүниеге келген мекеменің бүгінгі таңдағы жұмысына дән риза болып отырмын. Жұмыстары бір жүйеге түскен, көптеген ғылыми-әдістемелік тұрғыдан бірнеше еңбектер шыққан. Сондықтан Орталықтың болашақтағы қызметіне де шығармашылық табыстар тілеймін»

Келген қонақтар Орталық ұжымына жылы лебіздерін білдіре отырып, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры А.П.Әбуов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Философия және психология факультетінің деканы Б.Ы.Кәріпбаев, «Ұлағат» мәдениет және даму қорының өкілі Қ.Ғ.Жұмақасова құттықтау хаттарымен бірге естелік сыйлықтарын табыс етті.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында Орталықтың басылымдарының 2007-2017 жылдар аралығындағы көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар мен қонақтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.


 

Оқылды 1168 рет
JoomShaper
Top