«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін»

Дүйсенбі, 30.01.2022

Халық арасында «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін», – деп қариялардың жие айтатын даналық сөзінің мағынасы терең. Әке-шешесінің тірі кезінде жақсылық жасай алмаған адам бұл сөзді естіп, өткізіп алған олқылықтың орнын толтыруға тырысары анық. Ал енді әкесі мен анасына аямай жақсылық жасаған адам бұл сөзді естіп, олар өлгеннен кейін де жақсылығын жалғастырғысы келеді.

Демек, бұл даналық сөз әркімге әртүрлі ой салып, ата-анасына жақсылық жасауға итермелейді. Расында да Алла тағала ата-анамызға үздіксіз жақсылық жасаудың мүмкіндік есіктерін біздерге ашып қойған.

Әбу Убайд Малик ибн Рабиға әс-Сағиди (р.а.):«Біз Алла елшісінің (с.ғ.с.) құзырында отырғанымызда Бәни Сәлма тайпасының бір адамы келіп:

– Уа, Алланың елшісі! Ата-ана қайтыс болғаннан кейін оларға жасайтын жақсылық бар ма. Мен соны орындаймын?–деп сұрады.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ия, бар. Төрт нәрсені орындап жүрсеңоларға жасаған жақсылығың жалғаса береді. Біріншісі –Алладан ата-анаң үшін жарылқау тілеу (дұға жасау); екіншісі – ата-анаңның қалдырған өсиеттері мен шариға насихаттарын орындауың; үшіншісі – олардың жолдастарына құрмет көрсетуің; төртіншісі – олардың араласқан ағайын-туыстарына ағайындық қатынасты жалғастыруың»,–деп айтты» деген хадисті риуаят етеді (Ахмад, Әбу Дауіт, Ибн Мәжәһ және Хаким).

Бұл хадистен «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін», – деген даналық сөздің мағынасын көреміз. Егер ата-ана бұл дүниеден өткен болса, оларға жақсылық жасауды қаласақ, әке-шешенің көзін көрген достарына құрмет көрсеткен жөн. Сонда ол өзінің құрдастарымен немесе көпшілік арасында отырып, «Маған пәленшенің баласы құрмет көрсетті, атасына рахмет!» немесе «Түгеншенің ұлы маған жақсылық жасады, әкесі жақсы адам еді. Алла оны жарылқасын!» – деп батасын берсе, Алла қаласа біздің ата-анамызға сауаптар жазылары сөзсіз.   

Ибн Динар өмірінде болған оқиғаны баяндап, Ибн Омарға қатысты мына риуаятты келтіреді:

«Біз Мекке жолында бір адамды кездестірдік. Абдуллаһ ибн Омар оған сәлем беріп, есегінен түсіп, оны өзі отырған есекке міңгізді. Бұл аз болғандай кейін өзінің басындағы сәлдесін оған орап береді. Мұны көргенмен:

– Сені Алла қолдасын! Расында бұлар бәдәуйлер. Олар жаяу жүріп үйренгендер!,–деп әлгі адамның жаяу жүруге үйренгенін айттым.

Абдуллаһ ибн Омар:

– Бұл адамның әкесі менің әкемнің (Ибн Хаттабтың)жолдасы болатын. Ол менің әкемнің көзін көрді. Күмән жоқ, мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): Қайырымдылықтың жақсысы – әкеңмен дос болғандардың отбасына жақсылық жасаудеп айтқанын есіттім»,–деді».

Ислам ата-анаға, олардың достары мен ағайын-туыстарына жақсы қарым-қатынаста болуға бұйырады. Ол үшін ата-ананың бақилық болуы шарт емес, керісінше олардың көздері тірі кезінде жасалған жақсылықтың әсері де, ықпалы да артық. Себебі, әке-шешесіні тілін алып, оларға жақсылық жасап жүрген құрбысын көрген достар бұдан оңды әсер алады. Сөйтіп, «Әкеңе қамқор бол, балаң саған қамқорлық қылады»,–деген өмірдің ережесін көріп, үйренеді.

Олай болса ата-анамызға мейірімді әрі жанашыр болайық. Әйтпесе, «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды», – даналық сөзі біз үшін айтылған саналмақ. Алла тағала бізді мұндайлардың қатарынан қылмасын.

Жалғас Садуахасұлы философ. ғ.к., дінтанушы

Оқылды 276 рет
JoomShaper
Top