Жастар діни білім мен ақпаратты қайдан алып жүр?

Бейсенбі, 26.01.2022

Қазір қуанамыз. Жастар ішімдік-шылымнан аулақ, дінге бет бұрды, намаз оқиды, жұма намазында жамағаттың жартысынан көбі жастар деп. Расында да солай? «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірген перзенті ата жолынан адаспай, Алланы танып, ақиқат пен ардан аттамаса ата-ана үшін зор қуаныш емес пе?! Қазір біздің қоғамда осындай жастар аз емес. Аллаға шүкір.  Бұл жақсы жағы.

Ал, екінші жағынан қарайтын болсақ, қазір ағымдардың арбауына еріп кетіп жатқан да осы жастар. Сирияға соғысқа кетіп жатқан да, талақ айтуды әдет қылып алған да, ата-анасын кәпірге шығарып, ағайыннан алшақтап жатқан да осы жастар.

Бір дәуірде, бір қоғамда, бір ұлтта осындай жастар қатар өмір сүреді. Біз дінге бет бұрған жастар турасында айтып отырмыз. Кейбір дінге бет бұрдым деген жастардың әрекеті оның діннен сонша алшақ екендігін көрсетеді. Демек оның діни білімін алуында бір ағаттық кеткен. Қазір жастар діни білім мен ақпаратты қайдан алады? Әрине, басым бөлігі интернет ақтарып өзінше «ақиқат» табады. Ол жерде жақсы да, жаман да дүние бар. Ал, жастар кез келген ақпаратты жылдам қабылдайды және оларға бейімделу оңай. Бүгінгідей технология заманында интернеттен білім алуға болмайды деп айту тіпті қисынсыз. Сонда жастар адаспас үшін діни ақпарат пен білімді қайдан алу керек? Менің бұл сұрағыма «діни білімді тек мешіттен алу керек» деп жауап беретіңізді білем. Бірақ, үйінде отырып миы интернеттегі ақпаратпен толып қалған адам мешітке қайдан бармайды? Ол сол жерден-ақ «ақиқатты» таптым деп жүрген жоқ па?! Сонда не істеу керек?  Жастар діни білім мен ақпаратты қайдан алу керек? Бұл сұрақты сізге де қойғым келеді.

Жәнділлә Бекжігітов, ҚМДБ мешіт істері бөлімнің меңгерушісі:

Шындығында қазіргі таңда жалпы діни ақпаратқа шөліркеген көпшілік пен діни ілім алып, Ислам дініне қызмет етуге жаны құштар жастар артып келеді. Бұл жайма шуақ қоғамның жалғасына негіз болатын өте жақсы үрдіс. Бірақ әрине дінге қызығушылар дұрыс таңдау жасаса. Дегенмен көзі ашық адам үшін бұл айтарлықтай мәселе емес. Өйткені бүгінгі таңда елімізде діни білім беру саласы бір жүйеге, бір ізге келтірілген. Бүгінде мешіт жанынан сауат ашу курстары ашылып, халқымызға діни білім берілуде. Осы мақсатта үлкен жаңалық, тарихи бастама ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2020 жылға дейін діни білімді жетілдіруге арналған тарихи құжат Тұжырымдама қабылдады. Осы ізбен Республикамыз бойынша мыңға жуық мешітте діни сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Осы курстарда жыл сайын шамамен 50 мыңға жуық жерлестеріміз дәріс алады.

Елімізде мешіт имамдары мен медресе ұстаздары, діни сауат ашу курстарының ұстаздарының жалпы теолог-ғалымдардың деңгейі айтарлықтай өсті. Ақ пен қараны ажыратып бере алатын жағдайға жетті. Қарапайым халық көрінгенді дін ғалымы, ұстаз деп білуден алшақтап жатыр. Яғни қарапайым халықтың да діни мағлұматтан ақпараты жоқ емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізуде мешіттердің еңбегі зор. Демек діни білім іздеген адам тек мешіттерден сауатын ашса құба құп. Басқадай жолмен діни білім алам дегендердің көпшілігі қоғамымыздағы діни ахуалдың күрделенуіне үлес қосып отырғаны ащы шындық. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» деген секілді кісі діни сауатын кімнен алса түбінде бұра тартып сол идеясымен қалуы бүгінгі қоғамның дерті. Ол дертті жазу да қазіргі қоғамның мәселесі. Осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін діни сауат тек мешіттерде ашылса. Діни білімін тереңдетемін деген жастар ҚМДБ тарапынан насихатталып жүрген діни оқу орындарда яғни «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениет университеті, медреселер, қарилар дайындайтын медреселерде жалғастырса.

Діни ақпарат жайына келсек қазір технология күн сайын өзгеріп дамып жатыр. Кез келген ақпаратты қоғам интернет желісінен алып машықтанып алды. Осы мақсатта ақпарат кеңістігінде Діни басқарма да қанатын барынша кең жаюда. ҚМДБ ның ресми сайты бар. Оның төңірегінде 20 жуық облыстық, қалалық мешіттердің сайттары жұмыс жасап, халыққа қажетті мағлұмат пен аудио-видео уағыздар таратуда. Ресми сайттардан ақпараттанған адамның дұрыс Исламды тануына толық мүмкіндік бар.

Ерлан ОСПАН, «Jas.kz» ақпараттық сайтының редакторы:

Сұмдық әмбебаптық танытпай, өз мамандығым мен кәсібімнің шеңберінде ғана жауап берсем. Ендеше мен - екіұдай ақпарат алу қаупін тек діннің айналасында қалыптасып отырған ахуал демес едім. Білесіз бе, тәуелсіздік жылдары елімізде академиялық білім мен танымдық білімнің арасы алшақтап кетті. Мысалы, ертеректе ел жаппай сауатты болуы себепті, «бәленбай мәңгі мотор жасап шығарыпты» деген «жаңалық» тарату мүмкін емес-тін. Ондай далбасаның авторы қуғындалмаса да, абыройынан айырылатыны анық еді. Қазір болса, ондайды тіпті республикалық телеарналардан көруге болады. Себебі, интернет желісі тарағалы бері - жұрт танымдық ақпаратты бірінші алады, ал академиялық ақпаратты тек әдейілеп оқитын адам ғана біледі. Фотомонтажбен-ақ Таразға Беймәлім Ұшатын Табақша «қонғанына» дүйім жұртты сендіруге болатын ахуал қалыптасып тұр.

Ал енді дәл осындай жағдайда Еуропалық ақпарат көздері қайтетінін айтсам. Онда саржағал басылымның саржағал екені о бастан белгілі. Мысалы Daily Mail «Ертең ақырзаман» десе, қатардағы ағылшын оны жайбарақат, шайын сораптап отырып, асықпай оқи береді. Себебі жазып отырған - салмақты Guardian, не BBC емес. Менің естуімше, Германияда мысалы, әлдебір ғылыми-қоғамдық маңызы бар жаңалықты Макс Планк атындағы институт бекіткеннен кейін ғана таратады. Әйтпесе қатардағы бюргердің сеніміне кіру қиын.

Енді осы ахуалды дін саласына ойыстырсақ. Академиялық білім иелері самарқаулық танытқаннан ба екен, әлде жалған діни ақпараттың ағыны оларды шайып кетті ме екен - дін сұрақтары бойынша беделді, ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс, ғылыми негіздегі соңғы сөз айтатын абсолют орталық ақыры қалыптаспады. Бұған - заңды транзакциялық халықаралық жүйелермен емес, қолма-қол, сөмкемен қаржыландырылатын арам пиғылды уағызшыларды қосыңыз. Олар, әлеуметтік желіде мемлекеттің тарапынан ашылған бір аккаунтқа балама он аккаунт аша салады. Мемлекет тарапынан желіде қарапайым ғана жарнама берудің өзі қандай азап екенін тәжірибеден білемін. Басекеңе өтініштер, келесі айдың басын күту, есепхаттар, тағысын тағылар. Дәл сол уақытта қараниет уағызшы үшін ағымда күйіп тұрған тренд тақырып бойынша алапат жарнама толқынын тудыру түк те емес. Көрдіңіз бе? Ақпарат айдынында дін тақырыбының ақ пен қарасының жігі ажырамай тұрғаны сондықтан.

Сондықтан түйінім - жастарға діни мазмұндағы ақпаратты ана жерден алуға болады, мына жерден болмайды деген дұрыс емес. Алдымен, уақыт пен мүмкіндіктердің жіберіліп алғанын мойындауымыз керек. Оның орнына - мектеп қабырғасынан бастап аналитикалық талдау, критикалық ойлау  машығын қалыптастыру керек. Жиһадқа үндеп отырған мына кісінің парақшасында неге өз фотосы жоқ деген сияқты. Сірә, жасырынып жүргенінде гәп бар деген сияқты. Бірақ дәл сол уақытта мемлекет тарапынан дін мәселелері бойынша беделді де бірегей орталық қалыптастыру жұмыстары қатар жүргізілгенін құптаймын.

Оқылды 351 рет
JoomShaper
Top