Араб түбегін мекендеген халықтар қандай кәсіптермен шұғылданған?

Дүйсенбі, 22.02.2022

Ислам діні тарих сахнасына шыққан дәуірде Араб түбегін мекендеген халықтар қандай кәсіптермен шұғылданған? Бұл туралы мәліметтерді қандай еңбектерден ала аламыз? 

Ислам діні тарих сахнасына шыққан дәуірдегі Араб түбегіндегі халықтардың экономикалық ахуалы туралы деректер Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірін баяндайтын сияр кітаптарда там-тұмдап ғана кездеседі. Осыған байланысты тек сияр еңбектеріне сүйеніп VI-VII ғасырлардағы Араб түбегінің экономикасын толыққанды танып білу мүмкін емес. VIII ғасырда мұсылман құқығы қарыштап дамыды. Осының аясында ислам экономикасы фиқһ ілімінің бір тарауы ретінде қарастырылды. Сол дәуірде жазылған фиқһ еңбектерінде исламның алғашқы дәуіріндегі кәсіптер туралы ішінара мәліметтер ғана кездеседі. Яғни, фиқһ еңбектері де ислам экономикасы туралы толық мәлімет бере алмайды. Дегенмен, ХІХ ғасырдан бастап ислам экономикасы шығыстанушылар тарапынан жүйелі түрде зерттеліне бастады. Шығыстанушылар сияр және фиқһ еңбектерімен қатар, тарихи жылнамалар мен археологиялық қазба жұмыстарының негізіндегі заттай деректерге сүйеніп, VI ғасырдың соңымен VII ғасырдың басындағы Араб түбегінің экономикасы туралы толымды еңбектер жазып қалдырды. Әсіресе, алғашқы дәуірдегі ислам экономикасын ХХ ғасыр зерттеушілері кешенді түрде зерттеп, бұл тақырыпты жан-жақты таратып жазды.

Белгілі шығыстанушы О.Большоков өз зерттеулерінде VI-VII ғасырларда Араб түбегін мекендеген халықтардың географяилық жағдайға қарай  отырықшы (мәдани) және көшпелі (көшпелі) өмір сүргенін жеткізеді. Дәнді-дақыл өсіруге қолайлы Иемен, Тайф, Иамама секілді өңірлерде халық қыстақтар мен қалаларда тұрған. Ал, шөлейт аймақтарда көшпелі (бәдәуи) арабтар көбінесе мал шаруашылығымен шұғылданған (О.Большоков. История халифата. 18-20 бб)

М.Хамидуллаһтың зерттеу мәліметтерінде қалалық арабтар диқаншылықпен, қолөнер және сауда жасап күн көрген. Диқаншылар бау-бақша өнімдерімен қатар егін егіп, жүгері бидай өсірген. Араб түбегінің жауын-шашыны мол, суғармалы өңірлерінде көкөніс өнімдерімен бірге, құрма жемістері де өсірілетін. Нажд пен Иамамада бидай, Тайфта жүзім экспортталатын. Мәдина мен Хайбар аймағының тұрғындары да дәнді-дақыл өсіретін. Мысалы, Мәдина тұрғындары құрма өсіріп, оны сыртқа экспорттайтын. Дегенмен, Араб түбегіне Сирия, Мысыр, Эфиопия, Месопатамия, Синд (Пәкістан) елдерінен астық өнімдерінің тасымалданғанына қарап, аймақтың астық өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ете алмағандығын аңғарамыз.

Көшпелі арабтар жәрмеңкелерге түйе мен қойдың терісі мен жүнін әкеп сататын. Ал, Иемен мен Оманда тоқыма өнеркәсібі дамыды. Сондай-ақ, көшпенді арабтар да тоқыма өнімдерін экспорттамаса да, өз қажеттіліктеріне пайдаланатын. Көшпенді арабтар жылқы, түйе, қой өсірумен қатар, орман-тоғайлардан отын, сағыз, бальзам секілді өнімдерді өндіріп, жәрмеңкелерге апарып сататын. 

Араб түбегіндегі отырықшы тайпалар құс шаруашылығымен де айналысты. Исламнан бұрын арабтар темір қорытумен де шұғылданды. Мәдинада жасалған қару-жарақтар үлкен сұранысқа ие еді. Мекке мен Мәдинада қолөнерді кәсіп еткен тұрғындар да болды. Мұнымен бірге, киім тігу, тон тігу, шарап өндірісі, темір ұсталығы, құдық қазушылық, зергерлік, ағаш өнеркәсібі, кірпіш өндіру, мақта-мата өнер кәсібі, аз да болса дәрігерлерлікпен және мал дәрігерлерлікпен, иіс су өндірісімен, қасапшылық, аңшылықпен шұғылданған арабтар кездесетін. Қызыл теңіз және Парсы шығанағынан арабтар інжу мен маржан теріп, одан асылтас бұйымдарын жасап, саудаға шығаратын. Қолөнершілер күндегі тұрмысқа керек-жарақ бұйымдарды жасайтын. Қалалық арабтардың көпшілігі негізінен Иемен мен Сирияға керуен тартып, сауда-саттықпен шұғылданатын.

Сонымен қатар, арабтар мекенінде алтын, күміс кендері де болды. Мысалы, Меккедегі Құрайш тайпасы алтын мен күміс өндіріп, оны сыртқа экспорттайтын. Спрангер келтірген мәліметтерге қарағанда Меккенің сол кездегі жылдық экспорты 250000 динардан асып жығылатын. Құрайыш ауқаттылары кейде Сирияға 2000 түйеге дейін керуен тартқызып отырған  (М. Хамидуллаһ. Ислам пайғамбары. 940-944-бб)

Ислам діні тарих сахнасына шыққан дәуірде Араб түбегін мекендеген халықтар отырықшы һәм көшпелі өндірісті біршама ілгерлеткенімен, аймақтың климаттық жағдайы экономиканың жан-жақты дамуына мүмкіндік бермеді. Араб түбегінің басым бөлігі шөл және шөлейт аймақтардан тұруына байланысты экономиканың даму мүмкіндігі шектеулі еді. Әсіресе, көшпелі арабтардың экономикалық ахуалы тым жұпыны болатын.  Мысалы, Шибли «Аср Саадат» атты еңбегінде: «Исламнан бұрын арабтарда ұн елейтін елгезерлері болмай ұнның кебегін ауызбен үпіріп кетіретін. Түнде үйлерінде шам болмайтын, қырықаяқ, кесіртке жейтін еді» (М.Шибли, Аср Саадат. 95-б) дейді. Яғни, әлемнің өзге континенттеріне қарағанда Араб түбегіндегі экономиканың кенжелеп қалуы, мәдени тұрмыстың қарабайыр күй кешуіне екпінді ықпал еткен.

Оқылды 1431 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top