Аллаға жырмен мадақ айтуға бола ма?

Дүйсенбі, 23.05.2022
Аллаға жырмен мадақ айтуға бола ма?

Құран Кәрімде: «Жеті қабат көк пен жер, сондай-ақ ондағылардың барлығы Алла Тағаланы пәктейді. Оны ұлықтап, мадақтамайтын ешнәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың  дәріптегенін түсіне  алмайсыңдар» («Исра» сүресі, 44 аят) делінеді.

Жер мен көктегі жанды-жансыздың барлығы өз тілімен, өз үнімен Алла Тағалаға мадақ айтып жатса, жаратылыстың ең ұлығы – адам ұлының да Аллаға мадақ айтуы – бұлжымас пенделік парыз. Ол мадақ аят-дұғамен де, өлеңмен де, қарасөзбен де өріліп жатса, шариғатқа шалыстығы жоқ.

Мадақ өлеңдер жайына келсек, араб әдебиетінде ежелден «мадақ» деген поэзиялық жанр қалыптасқан, арабша «мадх» делінеді. Ол исламға дейін пайда болған араб ауыз әдебиетінің жанры болғандықтан, бұл жанрдағы өлеңдер әдетте адамдарды, ру-тайпаларды, жер-суды мадақтау сарынында туындаған.

Ал Құран мәтінінде Аллаға мадақ айтуға қатысты «хамд» сөзі қолданылады. Осы түбір негізінде жасалған «Әлхамдулилләһ» сөзі «Аллаға мадақ» және «Аллаға шүкір» мағыналарын береді. Алланы ұлықтау, пәктеуге қатысты сонымен қатар «саббаха» етістігінен шыққан «Субхан» сөзі қолданылады. Ол «үстем, пәк» деген мағыналарды береді. Соған орай «Субханаллаһ» сөзі де Алланы ұлықтап, пәктеген сөз болып саналады. Тасбих айтудың мәні де Алланы ұлықтап, мадақтап, дәріптеуде жатыр. Ал «Аллаһу әкбар» - «Алла ең ұлы» мадақ сөзін исі мұсылманның ертелі-кеш қолданатыны белгілі.

Аллаға мадақ жырлары ислам аясында діни өлеңдер, ән-жырлар («иләһи» әндер деп те аталады) ретінде қалыптасты. Біздің түркі халықтарында араб-парсы поэзиясының әсерімен орта ғасырларда-ақ діни поэзия кеңінен дамыған. Соның ішінде Аллаға мадақ және мінәжат айтқан жырлар ерекше көп болды. Ортағасырлық түркі дастандарында Аллаға мадақ айтылатын «тәухид» пен жалбарыну мәніндегі «мінәжат» бөлімдері шығарманың міндетті құрылымдық бөлігі болып саналған. Осы қағидаға сәйкес ешбір жыр таухид пен мінәжатсыз басталмаған. Бірқатар дастандарда мұндай өлеңдерді «хамду-сана» деп атайды.

«Құлһуаллаһ, субханаллаһ уирд әйләсәм,

Бір уа барым, дидарыңны көрәрмін му?» деп жазған Ясауи хикметтерінде сол мадақ айтылып тұр.

«Кім үммәт-дүр хамду-сәна тынмайын айтур,

Иә Пәк Самад, қыл мені рәсуаи-Мухаммад» деген хикмет жолдары да соны меңзейді.

Қазақтың бертінгі ақын-жырауларының шығармашылығына да Аллаға арналған мадақ жырлары жат емес.

«Ей, айташы, Алланы айт,

Аты жақсы Құдайды айт

...Кәләм Алла Құранды айт,

Тәңірі сөзі Фұрқанды айт», -

деп жырлайды Бұқар жырау.

Ал «Зар заман» ақыны Әбубәкір Кердері былай толғаған:

«Бисмиллә деп сөйлесем

Тілге жәрдем бере гөр,

Тіл жаратқан жәлалым!

Жанға жәрдем бере гөр,

Жан жаратқан жәлалым!

Қаным қайғы бейбәкір,

Қайғылы болды заманым.

Заманым мұндай болған соң,

Тайғақ болды табаным.

Патшадан жәрдем болмаса,

Түзеуге жоқ-ты амалым».

Бертіндегі қазақ зиялылары мен ойшылдарының туындыларында да Аллаға мадақ айтқан жырлар аз емес. Кеңестік кезеңде де мұндай жырлар жалғасын таба білген. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде Мұқағали Мақатаев: 

 «Бәрі рас айтқанының ақ Алламның,

Құм менен топырақтан жаралғанмын.

Құдайдың құлымын мен, мұсылманмын,

Денемде түйірі жоқ арам қанның,

Ақиқатын аңсаймын ақ арманның!» - деп жырлаған болатын.

Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ поэзиясы діни өлеңдер мен Аллаға мадақ жырларына толы. Солардың үздік бір топтамасы ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Аллаға мадақ» атты насихат өлеңдер жинағын айтуға болады. Атап өту қажет, Діни басқарма тарапынан діни өлеңдер мүшәйрасының өткізіле бастауы да Аллаға мадақ жырларына серпін берді.

Айтылғандардың барлығы Аллаға жырмен мадақ айтудың ислам шариғаты аясында ежелден қалыптасып, ғасырлар бойы дамыған даңғайыр дәстүр екенін аңғартады.

 Айнұр Әбдірәсілқызы

Оқылды 574 рет
JoomShaper
Top