Исламдағы үміт пен үмітсіздік мәселесі

Дүйсенбі, 14.11.2021

Ислам әлемінің қазіргі жағдайы әрбір мұсылманның көңіліне кірбеңдік ұялатпай қоймайды. Ислам әлемінің күнделікті хабарлары өлім, жарылыс, жәбірлеу және мұсылмандарды қор санаумен толуда. Мұсылмандар бір жағынан өз ішіндегі бітпес дау-дамайлар үшін қан төксе, енді бір жағынан кәпірлердің зұлымдығы және мұсылман болып жасау орайынан айыру үшін жүргізілген сұрқия саясаттың салдарынан, тарихта көрілмеген бақытсыздықтарға ұшырауда.

Алайда, мүмін адам үмітсіз болмайды. Өйткені үмітсіздік – күпірлікті қолдау. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «... Алланың мәрхаметіненкүдер үзбеңдер. Өйткені, Алланың рахметінен, қарсы болған қауым ғана күдер үзеді…» деп көрсетеді. («Юсуф» сүресі. 87-аят). Бұл жағдай әрбір мұсылманды ойлануға, шығар жол іздеуге және «қай жерден қателестім, біз неден жаңылдық» деген сұрақ үшін бас қатыруға мәжбүрлейді. Өйткені, Алла Тағала мұсылмандарды сабырлы болуға, иманмен өмір сүруге бұйырады. Алла Тағала Құранда: «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз»,- деген. Және «Расында елшілерімізге иман келтіргендерге дүние тіршілігінде де, куәлікке тұратын (қиямет) күні де әлбетте жәрдем етеміз («Му’мин (Ғафир)» сүресі, 51-аят) және «Әрине сенен бұрын да олардың елдеріне елшілер жібердік; Оларға дәлелдер келтірдік. Сонда олардың күнәкарларының сазайын тарттырдық. Сондай-ақ мүміндерге жәрдем ету бізге міндет («Рум» сүресі, 47-аят),- деген.

Жоғарыда келтірілген аяттардың барлығы Алла Тағаланың мүмін пенделеріне берген уәдесі. Алла Тағаланы уәдесінің іске асатындыған еш күмән жоқ. Өйткені, Алла Тағала өзінің берген уәдесін бұзбайды. Алла Тағала мұны да бізге «Бұл Алланың уәдесі. Алла уәдесінен айнымайды. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді» («Рум» сүресі 6-аят) деп ескертеді.

Енді бұл берілген уәделер іске асты ма деген сұраққа келсек, «иә» деп сеніммен жауап беруге болады. Өйткені, мұсылмандар алғашқы кезеңде қазіргі кезеңдегідей әлсіз еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) алғашында хақ дінді төрт адаммен уағыздауды бастаған. Бұл кезеңде мүшріктер мұсылмандарды жолдан қайтару үшін, зұлымдықтар жасаған және алғашқы мұсылмандарды аяусыз қырғындаған. Біләл, Суммая қатарлы даңқты сахабалардың өнегелі өмір жолы барлығымызға өнеге. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі 23 жылдық пайғамбарлығының 13 жылын зұлымдық пен жәбірлеуге ұшыраумен өткізген. Алла Тағала сол кезде мүминдерге бұл қиыншылықтардың артында сөзісіз жеңіс пен мәртебе бар екендігінен хабардар еткен және жоғарыдағы аяттарда айтылған уәделерді беру арқылы оларды иманында берік болуға бұйырған.

Мұсылмандар Алла Тағаланың бұйрығымен, қиыншылқтарға, зұлымдықтарға сабырлық етумен бірге, жеңіске жетудің мүмкіндіктерін де жіберіп алмады. Нәтижеде, Алла Тағаланың жәрдемі мен ыхласына бөленді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) кезеңінде барлық араб түбегі ислам туы асытында бірікті, аумақтағы зұлымдық пен күпірлік аласталды. Осыдан кейін мұсылмндар еңсесін көтеріп, Евр-Азия және Африка құрлығында билігін жүргізді.

Дейтұрғанмен, бұл жеңіс мұсылмандарға оңайылықпен келмеді. Хандақ соғысы сияқты қантөгісте де олар артқа шегінбеді, сабырлық пен ұлы жаратушыға деген сенімін босаңсытпады. Бұл кезде қат-қабат жау қоршауы мен суық ауа райы және аштық күн сайын оларға өлімді жақындатып отырды. Осы кезде де Алла Тағала мұсылмандарға жеңісті уәде етіп, оларды алға ілгерлеуге бұйырған және мына аятты түсіру арқылы оларды жігерлендірген: «(Мұсылмандар!) Сендерге бұрыңғы өткендердің басына келген сияқты (жағдай) келмей жаннатқа кірулеріңді ойладыңдар ма? Оларға, ашаршылық, ауыру-науқас келді. Сондай-ақ Пайғамбар және онымен бірге иман келтіргендер: «Бізге Алланың жәрдемі қашан болар екен?»,- дегенге дейін (қиыншылықта) тербетілді. Естеріңде болсын. Негізінен Алланың жәрдемі жақын» («Бақара» сүресі, 214-аят).

Шынында да, олар адам төзгісіз қиыншылқтармен дөп келеген еді. Алла Тағала олардың сол кездегі жағдайын мына аяттармен көрсетіп берді: «Сол уақытта олар сендердің жоғарғы жақтарыңнан да, төменгі жақтарыңнан да елген еді. Көздерің алайып, жүректерің ауызға келген еді. Сондай-ақ Аллаға байланысты әр түрлі ойлар ойланған еді. Міне сол арада мүміндер сыналып, қатты теңселген еді. («Ахзаб» сүресі 10-11-аяттар).

Демек, олар қиыншылық алында бас имеді, үмітсізденбеді. Алла Тағаланың берген уәдесі орындалатындығына шүбәсіз сенді. Иманында берік болды. Ақыры жаратушы уәде еткен жеңіске қол жеткізді.

Назар аударар болсақ, Алла Тағала жоғарыдағы аяттарда «Мүмін» атауын қолданған. Өйткені, мүмін сөзі мен мұсылман сөзінде үлкен айырмашлық болатыны баршамызға мәлім. Екі атауда ислам дініне сенетін ұлттар мен ұлыстарға берілген жалпы атау болсада, әрбір мұсылман мүмін бола алмайды, алайда, әрбір мүмін мұсылман бола алады. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Бәдәуилер: «Иман келтірдік» деді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсыз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді» де. («Хужурат» сүресі, 14)- деп баяндалады.

Сол себепті, дінімізге, дініміз арқылы өзімізге қауіп төнген кезде себебін діннен емес, өзімізден іздеуіміз керек. Алла Тағаланың уәдесі қияметке дейін күшке ие. Өз иманымызды таразылып көрейік және оны сахабалардың иманымен салыстырып көрейік. Сол уақытта ғана біз өзіміздің Алла Тағала бізден талап еткен деңгейдегі мүмін бола алмағанымызды және өзімізді дамытуға әлі де ұзақ барыс керек екенін сезіне аламыз.

Иманымызды күшейтуге мұқтаж болып отырған осы кезде біз Алла Тағаладан жәрдем тілеуге де мұқтажбыз. Алла Тағала бізді «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді» («Бақара» сүресі, 45-аят) деп бұйырған.

Көп адамдар сабырдың мағынысын қарапайым және догма мағынасында түсінеді. Алайда, сабыр сөзі Құран Кәрімде көп айтылған сөздердің бірі. Бұл оның мұсылман өміріндегі маңыздылығының белгісі болса керек. Сабырды төмендегідей төрт түрге бөлуге болады:

1. Өзін ұстау мағынасындағы сабырлылық;

2. Күту және тосу мағынасындағы сабырлылық;

3. Қайтарып алуға келмейтін жоғалтуды ұмыту мағынасындағы сабырлылық;

4. Төзімділік мағынасындағы сабырлылық.

Құран Кәрімдегі «Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгейді де Алланың қасындағы қалады. Әрине сабыр еткендердің сыйлығын, істеген істерінен де жақсырақ береміз» («Нахл» сүресі, 16-аят) деген аят сабырлық етушілердің барлығына қарата айтылған аят.

Қазір әлемдік қақтығыс кезеңіндегі аумалы-төкпелі жағдайлардағы мұсылмандардың жағдайы қыл үстінде тұрғандай болып көрінседе, хақ дін исламның келешегі нұрлы. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар» («Инширах» сүресі, 5-аят) деп көрсетсе, тағы бір аятта Алла Тағала пайғамбарымызды жігерлендіріп: «Расында, сенен бұрынғы пайғамбарлар да жасынға шығарылған еді. Сонда олар жалғаншы саналғандықтарына және көрген жапаларына жәрдеміміз келгенге дейін сабыр еткен болатын. Алланың сөздерін өзгертуші жоқ. Расында саған пайғамбарлардың қиссаларынан келді» («Әнғам» сүресі, 34-аят) – деп бұйрады.

Қазақта «үмітің үзілмесін» деген ұлағатты сөз бар. Қай кезең, қай заманда болсын, хақ дін ұстанушылары сабырлық сақтай отырып, Алла Тағаланың жәрдемімен жеңістерге жетіп отырған. Алла Тағаланың уәдесінің орындалатындығына шүбәсіз сену – мүміндіктің белгісі. Ал үмітін жоғалту немесе үмітсіздікке салыну шынайы мұсылманның сипаты емес.

 

Мұратхан МАХМЕТ,

 Нұр-Мүбарак-Египет ислам мәдениеті университеті

Дінтану кафедрасының аға оқытушысы, магистр 

Оқылды 306 рет
JoomShaper
Top