«Ер жігіттің екі сөйлегені...»

Сәрсенбі, 16.11.2021

Дана бабаларымыз «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынағаны» деген. Бұл уәдеге, сертке берік болу керек дегенді білдіреді. Уәдеге берік болу, айтқан сөзде тұру азаматтың іскерлігін, адамгершілігін, жеке жауапкершілігін көрсететін қасиет.

Уәде туралы дініміз исламда да көптеген ғибратты тағылымдар бар. Алла Тағала Құран Кәрімнің Рағыд сүресі, 20-аятында : «Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» деп уәде беріп, сөздерінде тұрғандарды мадақтайды.

Тағы да Құранда: «Берген уәделеріңді және жасасқан келісім-шарттарыңды орындаңдар. Өйткені уәде беру жауапкершілікті міндеттейді» (Исра сүресі, 34-аят) деп уәде адамдар арасындағы сыйластықтың бастауы екендігін айтады. Сондай-ақ, Нахыл сүресінің, 91-аятында «Келіссөз жасасқандарыңда, Аллаға берген уәделеріңді орындаңдар» дегені қазақтың «Уәде – Құдай сөзі» деген мақалымен астасып жатыр. Алла Тағала: «Ей иман келтіргендер! Берген уәделеріңнің шарттарын толық орындаңдар» (Мәйда сүресі, 1-аят) деп әмір еткен.  

«Исра» сүресінің 34-аятында: «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады» дейді Алла Тағала. Біреуге айтқан антты бұзбай, оны орындау, немесе өз шамасына қарай уәде беруді: «Нахл» сүресінің 91-аятында «Қашан серттессеңдер, Аллаға берген серттеріңді орындаңдар. Анттарыңды, Алланы өздеріңе кепіл етіп, бекіткеннен кейін бұзбаңдар. Күдіксіз Алла не істегендеріңді біледі» дейді.

Ал уәдеде тұрмауды, айтқан сөзді орныдамауды Құран Кәрімде «Сафф» сүресінің  1-2 аяттарында: «Әй мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады» деп ескертеді. Уәде берген кезде адам Алла қаласа, Алла бұйырса деп айтып дағдылану қажет.

Хадистерде: Алла елшісі: «Кімде-кімде 4 түрлі қасиет болатын болса, ол кісі екіжүзді мұнафықтан ол, аманатқа қиянатшы; сөйлеген сөзінде өтірік айтушы; уәдеге берік емес; куәліктен жалтарушы» деген.

Нағыз мұсылман уәдеге берік болып, сөзімен ісі бір арнада тоғысып жатуы керек.

 Тілейбек қажы Соянұлы,

Шығыс Қазақстан облысы

Күршім ауданының бас имамы

Оқылды 119 рет
JoomShaper
Top