22 қыркүйек - Қазақстан республикасы халықтарының тілдері күні

Дүйсенбі, 22.09.2021

Астана. 22 қыркүйек E-islam.kz.  1998 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 22 қыркүйек Қазақстанда тұратын халықтардың Тілдер мерекесі деп жарияланды. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір, атасы басқа болса да, Отаны бір жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қаншама ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп отырған Қазақстан – үлкен достықтың үйі.

Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл - әрбір елдің жаны. 

Бүгінде қазақ жерінде 130 дан астам ұлт өкілдері өмір сүруде. Және олардың әрқайсысының ана тілі мен ата дәстүрі бар. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж.),“Тіл саясаты туралы” Тұжырымдамасы (1996ж.) және осыларға негізделген "Тіл туралы" Заң (1997ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. 

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі екені бәріне белгілі. Тіл - халықтың сан ғасырлық тарихы. Ана тілі жоқ ел мемлекет болып өмір сүруі мүмкін емес. Әлемдегі кез келген халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің ана тілін әрқашан да қастерлеп, қорғап жүреді. Ал ана тілін қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу.

  

Оқылды 511 рет
JoomShaper
Top