«Салафизм – ұйым емес, көзқарастар жүйесі» – министр

Жұма, 14.10.2021

Астана. 14 қазан. E-ISLAM – Салафизмді ұстанушылар өз идеялары мен құндылықтарын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлерімізден жоғары қояды. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан халқы салафизмнің тарауына заңмен тыйым салмай-ақ, оған жол бермей, зайырлы қағидаттарды басшылыққа алады деген сенімін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство басшысы салафизм ағымына қарсы күрес мәселесіне тоқталды.

«Бұл таңдауды Қазақстанның әрбір азаматы қолдауы тиіс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады. Салафиттердің барлығы ашық айтпаса да қатаң діни қағидаларға құрылған мемлекетті қоғамдық құрылыстың идеалды жүйесі деп есептейді. Осыған байланысты еліміз үшін салафизмді мүлдем жат, теріс ағым деп санаймыз» деді министр.

Қоғамда салафизмге қарсы әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Қазір министрлік тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп осы мәселені мұқият қарастыруда. Осыған дейін Қазақстанда 23 лаңкестік және экстремистік ұйымға, соның ішінде салафиттік бағыттағы экстремистік ұйымға тыйым салынған.

«Осы ретте салафизм ұйым емес екендігін атап өту керек. Ол діни ағым, көзқарастар жүйесі» деді Нұрлан Ермекбаев.

Оның айтуынша, елімізде қолданыстағы заңдар қазірдің өзінде жасырын діни ұйымдармен күресіп, радикалды діни әдебиеттерді таратудың жолын кесуге барлық мүмкіндікті жасап отыр.

Оқылды 753 рет
JoomShaper
Top