Қызметіміздің басым бағыты

Дүйсенбі, 17.10.2021

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу Солтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының қызметіндегі аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бұл мақсаттағы жұмыстарды жүзеге асыруда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұсыныстарына, басқарманың жылдық жұмыс жоспарына арқа сүйейміз.

Бүгінгі таңда өңір тұрғындарын, әсіресе, жастарды, экстремистік-террористік идеологияның ықпалынан сақтандырудың маңызы зор. Осыған орай, 2014 жылы дін мәселелері жөніндегі 16 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Аталмыш топтар облыс орталығында, қалалық, аудандық жерлерде түсіндіру жұмыстарын үзбей жүргізіп келеді. Ондағы мақсат – елімізде дін саласында жүзеге асырылып жатқан саясатты тұрғындарға толық әрі нақты жеткізу, сонымен қатар, конфессияаралық келісімнің отандық үлгісін насихаттау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу.

Ақпараттық-түсіндіру тобына дінтанушы мамандар, теологтар, ғалымдар, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылған.

Төл дініміздің ақиқатын толық ұғынбағандықтан шала бүлініп, әртүрлі ағымдардың жетегінде кететіндердің дені жастар екені жасырын емес. Сондықтан ақпараттық топ мүшелері әлеуметтік топтардан бөлек, жастармен де барынша жиі кездесіп, дәстүрлі діннің шынайы сипатын халыққа жеткізеді, өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытуға атсалысады. Сондай-ақ, радикалды діни ұйымдардың жалпы адамға ғана емес, қоғамға да кесірі туралы жан-жақты түсіндіреді.

Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері үшін арнайы семинарлар өткізуді игі дәстүрге айналдырдық. Топ мүшелерін қажетті оқу-әдістемелік материалдармен және бейнефильмдермен қамтамасыз етіп отырмыз. Осылайша, дін істері басқармасы ақпараттық-түсіндіру тобымен бірге діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында нысаналы жұмыстар жүргізуде.

Жыл басынан бері ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 50 мыңнан астам тұрғын қатысты. Жоғарыда айтып өткенімдей, әсіресе, жастардың тура жолдан адаспауына ерекше мән береміз. Сондықтан бұл кездесулердің басым бөлігі мектеп оқушыларына, колледждердің және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналды.

Облыстық дін істері басқармасы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда ақпараттық түсіндіру тобынан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да бірқатар жұмыстар жүргізді. Атап айтар болсам, облыстық «Қазақстан-Петропавл», «МТРА», «Первый Северный» телеарналары және «Солтүстік Қазақстан», «Северный Казахстан», тағы басқа газет беттерінде ақпараттық материалдар, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған мақалалар үзбей жарияланып тұрады.

«Қазақстан-Петропавл», «МТРА» телеарналарында жыл басынан бері діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі бейнероликтер (ДАИШ, «Қауырт желі – 114», «Қауырт желі – 110», «Радикализм», «Экстремизм») көрсетілуде. Баспасөз беттерінде дәстүрлі діннің ұлттық құндылықтармен сабақтастығы, жат ағымдардың зияны мен зардабы, адасудың соңы қиындыққа алып келетіні жан-жақты баяндалған еліміздің ғалымдарының, дін саласы мамандарының мақалалары жоспарлы түрде жарық көріп тұрады.

Деструктивті ағымдар көбіне әлеуметтік желілерді пайдаланады. Өздерінің көзқарасын, діни сенімін интернет арқылы насихаттап жатады. Ғаламтор қолданушылары арасында ақпарат іздегенде аңдаусызда жат ағымдардың сайттарына тап болатындар да бар. Осылайша, діни сауатының аздығынан дәстүрлі емес діннің жетегінде кетіп жататындар аз емес. Біз мәселенің осы жағын да ескеріп, ғаламтор желісінде де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз.

Өзіміздің арнайы сайтқа да теріс ағымдардың алдын алуға үндейтін материалдар беріліп, үнемі жаңартылып тұрады. Әрине, бұл орайда елімізге белгілі дінтанушылардың көмегіне жүгінеміз. Тағы бір айта кететін жайт, біздің сайтқа діни экстремистік ағымдардың жағымсыз мәнін ашатын 30-дан астам деректі фильм орналастырылды. Ал «Сұрақ-жауап» айдары арқылы кез келген ғаламтор қолданушысы өз сауалына білікті маманнан жауап ала алады. Сонымен қатар, дін істері басқармасының мамандары заң бұрмалаушылық әрекеттерді дер кезінде анықтау үшін (экстремистік-террористік) интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіп тұрады.

Биылғы жылдың маусым айынан бастап «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы» КММ бірлесіп «Өзіңді деструктивті ұйымдар ықпалынан қорғау жолдары», «Жалған діни ұйымдарға түспеу жолдары» тақырыптарында OpenAir форматында іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы адамдар көп шоғырланатын темір жол, вокзал алаңдарында, «Привокзальный», «Алтын Адал» базарлары мен «ЦУМ» супермаркетінің маңында тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жат ағымдардың алдын алуда дәстүрлі шаралардан бөлек, халықтың деструктивті идеологияға көзқарасын қалыптастыру үшін жаңа тәсілдерді де пайдаланамыз. Соның бір дәлелі – биылғы жылдың мамыр айында Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртістері дайындаған «Жан шырылы» атты спектакль. Қойылымда жат ағымның ықпалына түскен балалардың ата-аналарының жай-күйі шебер суреттелген.

Жалпы, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, рухани иммунитетін көтеру мақсатындағы жұмыстарымыз нәтижесіз деп айта алмаймыз. Соның бір дәлелі – біздің өңіріміздегі діни ахуалдың бірқалыптылығы.

 Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИН,

облыстық дін істері басқармасының басшысы 

Оқылды 237 рет
JoomShaper
Top