Куфа қаласының тарихы хақында

Жұма, 10.04.2022

Куфа – VII ғасырдың басында Ефрат өзені жағалауында пайда болған ортағасырлық Ирақтағы қала. Қала атауының шығу тарихы туралы түрлі көзқарастар бар. Парсы тіліндегі «кең дала», араб тіліндегі «дөңгелек құм төбешігі», «адамдардың жиналған жері» немесе Куфан деген төбешіктің атауынан алынған болуы мүмкін деген көзқарастар бар.

Бұл қаланы хижра жыл санауы бойынша 17 жылы (638ж.) екінші халиф Омар әл-Фаруқтың әмірімен Сағд ибн Әбу Уаққас әскери қала ретінде 2 жыл ішінде толығымен тұрғызған.

Бағдаттан бір ғасыр бұрын тұрғызылған Куфа қаласының мәдени қала ретінде ислам тарихында ерекше орны бар.

Ислам тарихына қарайтын болсақ 636 жылы ирандықтар мен мұсылман арабтар арасында «Қадисия» шайқасы болған еді. Бұл шайқас Куфа маңындағы Қадисия деген жерде болғандықтан осылай аталған. Сағд ибн Әбу Уаққас бұл шайқаста бүкіл Иран жерін бағындырды. Иранның астанасы Мәдиянды алды. Иран шахының бай қазынасын мұсылман мемлекетінің қазынасына қосты. Осы шайқастан кейін ислам жасақтары Мәдиян қаласына орналасады. Алайда, бұл жердің табиғаты әскерлерге де, мініс аттарға да жайсыз болды. Мұны байқаған қолбасшы тез арада халиф Омарға жағдайды түсіндіріп, хабар жібереді. Халиф басқа қолайлы қоныс қарастыруды әскербасының өзіне жүктейді. Міне осы кезде қолбасшы Әбу Уаққас Ніл өзенінің батыс жағын ыңғайлы деп, Куфа қаласын салдырады. Оның бұл жетістігін жоғары бағалаған халиф Омар қолбасшы Сағдты Куфа қаласының әкімі етіп тағайындайды. Сағд бұл қызметті үш жарым жыл атқарады.

Куфа – керуен жолының бойында орналасқан, стратегиялық тұрғыдан өте ыңғайлы жер болатын. Қаланың ортасында орналасқан мешіт кейінгі әкім Мұғира ибн Шуғба тұсында 40 000 кісіге арнап кеңейтіледі. Халиф Омардың әмірімен мешіт жанынан Кунаса деген базар салынады. Базар сауда орталығы болуымен қатар, мәдениет орталығы қызметін де қоса атқарады.

Әуелгіде Куфа әскери қала ретінде құрылған еді. Кейіннен қарапайым қолөнершілер мен саудагерлердің көшіп келуі нәтижесінде қалың бұқараның қаласына айналды. Мәселен, Оңтүстік Арабияның оңтүстігі мен солтүстігінен Кахтани, Аднани тайпалары, Месопатамияның жергілікті халқы христиан дініндегі арамилер мен еврейлер, парсылар және византиялықтар қоныстанған. Бұл халықтардың өздеріне тән жеке құлшылық ету орны мен қоныстары болды.

Умауилер әулеті араб емес өзге ұлт өкілдерінен шыққан мұсылмандарды «мәуәлилер» («қорғаушы», «жәрдемші», «дос», «туыс») деп атады. Олардың көпшілігін Ирандықтар, Түріктер, Солтүстік Африка мен Андалуссиялық Бәрбәрилар, Мысырлық Қыптилар құрады. Ең алғаш рет жаппай мұсылмандыққа өту 636 жылғы Қадисия шайқасынан кейін орын алды. Қадисия шайқасында жеңіліс тапқан 4000-ға жуық Иран сарбазы мұсылмандыққа өткен болатын. Кейін олар Куфаға орналастырылды. Мұғауия кезеңінде Куфада 20 000 мәуәли өмір сүрсе, Абдүлмәлік ибн Мәруан кезеңінде Ибн Әшғастың 200 000 мыңдық әскерінің жартысын мәуәлилер құраған екен. Осы дәуірде-ақ бұлардың саны араб тектес тұрғандармен бірдей еді.

Бастапқыда мәуәлилер мен арабтардың құқығы тең болатын. Себебі Алла Елшісі (с.ғ.с.) исламды жаңадан қабылдағандарды араб ұлтынан бөлектемейтін. Пайғамбардың бұл ұстанымын әділ төрт халиф та өз дәуірінде ұстанған. Бұған әділ халифтердің шайқастан түскен олжаны әскерлерге теңдей бөліп бергені дәлел бола алады.

Алайда қаншама ұлт, дін өкілдері бір-бірімен аралас-құралас өмір сүріп жатса да, бүлікшілер олардың араларына жік сала бастады.

Нәтижесінде халиф Омардың дәуірінде әлеуметтік қайшылықтар көп орын алды. Шам (Муауия ибн Әбу Суфиян), Мысыр (Әмір ибн әл-Ас), Басра (Әбу Мұса әл-Әшари) сияқты қалаларды ұзақ уақыт бір әкім басқарса, Куфа өз кезегімен үш әкім (Сағд ибн Әбу Уаққас, Әммар ибн Иасир, Мұғира ибн Шуғба) ауыстырған еді. Уақыт өте келе қалада араб тектес тұрғындардың өзара қырқысуларымен қоса, мәуәлилермен де түсініспеушіліктер жиі қайталанды.

Мысалы: Сағид ибн Жубайрдің Куфа қаласының қазылық қызметіне келуіне себепкер болған Хажаж ибн Әбу Юсуфтың «Қазы тек араб тектес болуы керек, мәуәлилерден қазы бола алмайды»,– дегеніне қарамастан, «Мен сені осы қызметке алып келген жоқпын ба?»,– деуі және де Хажаждың Басрадағы өкілі әл-Хаким ибн Әюб әс-Сәкафи, ибн Жубайрдің Куфаға қазы болып тағайындалғанын естігенде, мұны ақыр заманның белгісі ретінде көргені сияқты мысалдар, Иракта арабтардың, араб емес халықтарға деген көзқарастарының өзгергендігінің айқын көрінісі деуге болады. Тағы бір мысал: Абдуррахман ибн Мұхаммедпен бірге Хажажға қарсы шыққан бір топ билікке Тай тайпасынан болған мәуәли Әбул Бахтари Саид ибн Фируз ат-Таиді (-83/702) сайламақ болғанда, «Арабтар оған бас имейді. Өйткені ол мәуәли»,– деп оның орнына араб тектес біреуді ұсынған еді. Осы сияқты, Куфада арабтар өздерін өзгелерден жоғары санай бастады. Мәуәлилерге Құран мен сүннетте негізі жоқ, өзге дін өкілдеріне салынатын салықтар салына бастады. Мысалы Хажаж: «жизия салығы азайып барады»,– деп мәуәлилерден салық жинаған. Әрине, бұл өз кезегінде олардың ашу-ызасын тудырып, көптеген қақтығыстар орын алды.

Бұл салық пен теңсіздік құқығы тарихта бесінші халиф деп аталып кеткен Омар ибн Абдуләзиз дәуірінде тоқтатылды.

Мұндағы егіншілік, сауда және қолөнердің басым көпшілігін мәуәлилер атқаратын. Умауи мемлекетінің соңғы кезеңінде, мәуәлилердің әлеуметтік жағдайы дұрысталып, қоғамда белгілі абыройға ие болды.

Арабтардың дені әскери-басшылық қызметтермен айналысқандықтан, ғылым саласында мәуәлилердің бағы жанды. Мәуәлилер саяси аренаға апаратын жол жабық болғандықтан, ғылымды терең меңгеріп, жетістіктерге жетті. Олардың көбісі өмірін ғылым жолына сарп етіп, арабтармен қатар ілім-білім саласында жоғары мәртебеге қол жеткізді. Тіпті, уақыт өте келе айрықша беделге ие болғаны соншалықты, тек Куфада ғана емес, барлық өңірде ғылым саласында мәуәлилердің мерейі үстем түсті.

Тіпті, мемлекет мәжілісіне сайланғандар да болды. Осылайша, мәуәлилер тек егіншілік және саудамен ғана емес, ғылыммен де айналасып, өздерін жан-жақты көрсете бастады.

Табиғин кезеңінде фиқһ ілімін терең меңгерген мәуәлилер еді. Бұған Куфаның қазысы (сот төрағасы) Ибн Әбу Ләйлә мен Аббасидтер халифатының бір өкілі ұлтшыл Иса ибн Мұса (араб ұлтынан) арасындағы  оқиға дәлел бола алады. Иса ибн Мұса Әбу Ләйләдан сол кездегі мұсылман әлеміндегі орталық қалалардағы ең білгір фақиһтардың кім екенін сұрағанда, басым көпшілігі осы мәуәлиден екендігі анықталған. Хадис ілімінің ұстаздарының да сексен пайызын мәуәлилер құраған екен.

Мәуәлилер тек жағынан мақтана алмағанымен, білімдерімен, ғалымдарымен даңқы шықты. Білім – таусылмайтын қазына, мәңгілік игілік. Тереңіне құлаш ұрып бойлаған сайын тұңғиығына тартатын тұнық әлем. Шындығында, сахабалардан кейін білім ұзақ уақыт бойы мәуәлилер арқылы маңызын жоймады. Ата-бабамыз баяғыдан бері ұстанып келе жатқан, ақыл мен ғылымды негіз еткен, дінде жеңілдік дәстүрін ұстанған атақты ғалым имам Ағзам Әбу Ханифа да өз кезеңіндегі үлкен ғалымдардан сабақ алған мәуәли ғалымдарының бірі болатын. 

Куфа халқының саны бастапқыда Йемен текті арабтар 12 000, солтүстік арабтары 8 000, Дәйләмилер 4 000 кісіден тұрған. Умауи мемлекетінің алғашқы жылдарында мәжіліс дәптерлерінде 60 000 әскер мен 80 000 қарапайым тұрғындар тіркелген еді. Әкім Зияд ибн Әбиһтің тұсында (50-53/670-673) мәуәлилер мен мұсылман емес адамдарды қоспағанда, кісі саны 140 000 болған. Ал, Умауи мемлекетінің соңғы жылдарында жан-жақтан әсіресе иран тектес саудагерлер мен қолөнершілердің келуімен тұрғындар саны күрт өсті. Халық саны шамамен 300-350 000 ға жеткен. Ал 1965 жылғы санақ бойынша 30 000 болса, 2002 жылғы санақта 115 000 ға әзер жеткен.

Айтып өткеніміздей, Куфа қаласы ең алдымен әскери қала болып қалыптасқан еді. Сол себепті, бұл жерге алғаш қоныстағандар – әскерилер болатын. Шайқасқа дайындалып жатқан әскерлерге егіншілікпен, мал шаруашылығымен, сондай-ақ саудамен айналысуларына тыйым салынған еді. Оларға мемлекеттен жалақы, отбасыларына қазынадан азық-түлік берілетін.

Алайда әскери қала қарапайым бұқара халықпен толыққаннан кейін қала өмірінде де бірқатар өзгерістер күшейе түскен еді.

Куфа қысқа уақыттың ішінде, Месопатамияның ең үлкен сауда орталығына айналды. Хорасан, Хижаз, Үндістан және Қытай сияқты алып елдермен сауда саттық орнатты. Бұдан кейін Куфада үлкен сауда орындары мен Кунаса базары секілді базарлар ашыла бастады. Алғашқыда Кунасада тек жайма базары болатын. Кейіннен мемлекет дүкендер салып, тұрғындарға жалға бере бастады. Умауилер билігінің соңғы кездерінде, яғни Халид ибн Абдулла әл-Касридің дәуірінде мал базары ашылды. Кунаса базарында алғашқыда дәнді дақылдар, ет, темір-терсектер аралас сатылса, кейіннен базар реттеліп, әр зат бөлек сатыла бастады.

Бұл базар алғашында тіпті мазараттары да бөлек болған тайпаларды, ұлттарды бір-бірімен біріктірді. Түрлі дін, тіл және ұлт өкілдерін бір арнаға тоғыстырды.

Куфада сауда орталығымен қатар, ғылым мен мәдениет те дамыды. Бұл жерде араб тілі мен әдебиеті, философия және медицина ғылымдары, сондай-ақ каллиграфия (куфи) жазу үлгісі қалыптасты. Қазіргі кезде Куфа ғылым мен мәдениет орталығы ретінде маңызды қызмет атқарады.

Сағд ибн Әбу Уаққас салдырған Куфа мешіті тек құлшылық мекені ғана емес, білім ошағы қызметін де атқарды. Мешіттің мұндай дәрежеге жетуіне ғалым сахаба Абдуллаһ ибн Масғудтың (590-653) үлесі зор болды. Халиф Омар ғылымның бұлағы саналған Ибн Масғудты ілім үйретуші ретінде Куфаға аттандырып, сондағы елге: «Әй, Куфалықтар! Сендерді өзімнен артық көрмесем, Ибн Масғудты сендерге жібермес едім»,- деп хат жолдаған болатын.

Куфа мектебінің негізін қалаған Ибн Мәсғуд халиф Османның кезеңінде де біршама уақыт Куфада қызмет атқарды.

Уақыт өткен сайын, білім ошақтары кеңейіп, білім алушылардың саны да арта түсті. Бұл өз кезегінде мәдениет пен білімнің кеңінен етек жайған Куфа қаласынан әлемге танымал Әбу Ханифа, Суфиян ибн әс-Сәури, Қазы Әбу Умаийа Шурайх ибн әл-Харс, Сайд ибн Жубайр және Әбу Тайб Ахмед әл-Мутанаби секілді ғұламалардың шығуына өзіндік септігін тигізген еді.

Қазіргі таңда өз кезінде ірі сауда, мәдениет пен білімнің орталығы саналған Куфа қаласының орнын Бағдад қаласы басқан.

Куфада әсіресе тәпсір, хадис, тіл, тарих, фиқһ және қырағат секілді ғылымдармен айналысқан ғұламалар шыққан. Мысалы Ибрахим ән-Нәһаи, Әбу Саид әл-Худри, Амир б. Шарахил аш-Шағби, Иахия б. Сәллам және Иахия б. Зияд әл-Фәрра сынды ғалымдар шыққан.

Солардың бірі Алқама. Ибн Мәсғудтың «Менің білгендерімді ол да біледі» деп Алқама ибн Қайыс ән-Нәхәиді (қ.62/681) меңзеген болатын. Куфа мектебінің негізін қалаған табиғиндардың бірі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Ілімнің қақпасы» деген марапатына бөленген. Алқама тақуалығы, ілімі мен түр-әлпеті жағынан Ибн Мәсғудқа қатты ұқсаған. Куфада Әсуәд ән-Нәхәи, Ибраһим ән-Нәхәи, Хаммад ибн Әбу Сүлеймен секілді ғұламаларды тәрбиелеп жетілдірген кемеңгер тұлғалардың бірі.

Ар-Рамахурмузи «Куфаға келгенімде 4000 адам хадистен, 400 адам фиқһтан ілім алып жатқанына куә болдым»,- дейді.

Жеті қырағат имамдардың үшеуі осы Куфадан шыққан. Олар: Куфалықтардың имамы, табиғин Әбу Бәкір Асым ибн Әбин-Нәжуд (ө.128/745), Әбу Аммара Хамза ибн Хабиб әз-Зәйиәт (ө.156/773) және Әбул Хасан Али ибн Хамза әл-Кисай (ө.189/805).

Куфа мектебінің немесе Ханафи мәзһабы ретінде танылған фиқһ мектебінің негізі осында қаланды. Негізін танымал көрнекті ғалым Әбу Ханифа салды. Сөз соңы Куфа қаласы көне мәдениеттердің яғни, ғылым, өнер және мәдениет орталығының бесігі болумен қатар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының да көптеп қоныс аударып, сол сахабалардың ілім кәусарынан сусындаған табиғиндардың өмір сүріп, ілім шырағын шартарапқа таратқан айтулы өңір болған.

Қалмахан ЕРЖАН,

теология ғылымының докторы

 

Оқылды 1222 рет
JoomShaper
Top