Мешітке кісінің есімін берген дұрыс па?

Сәрсенбі, 25.01.2022

Біз бұл сауалды әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жолдаған болатынбыз. Түрлі пікірлер жазылып жатты. Бірі қолдайды, енді бірі қолдамайды дегендей. Алайда басым бөлігінің пікірі «егер, дін жолында қызмет еткен, исламның өркендеуіне атсалысқан тұлға болса неге бермеске» дегенге саяды.

Олар бұл ойларын «С.Ғылмани». «Әзірет Сұлтан», «Науан Хазірет» секілді мешіттердің бар екендігімен дәлелдейді. Арасында, «қазір қалталылар мешіт салып, оған атасының атын беру сәнге айналды ғой» деп те пікір білдіргендері болды.

Заңғар есімді желі қолданушы: «Діни басқарма кісі есімін беруге байланысты қарсы екендіктерін білдіреді, алайда іс жүзінде оған тосқауыл бола алмай отыр. Негізі ақ мешіт, көк мешіт, сары күмбезді, жасыл кірпішті деп атаудың несі ерсі?» деген жазбасын қалдырыпты.

Расында да, ҚМДБ-ның қалталы азаматтар мешіт салдырып, оған өзге салада қызмет істеген әкесінің не атасының атын беруді құптамайтыны  айтылып жүр. Мұндай жағдайда мешіт салдырған азаматтың «Алланың үйін салдырсам, оған жамағат көп жиналса, айналасына иман нұрын шашып тұрса» деген ниетінен көрі «атамның атын шығарсам» деген ниеті алдыңғы қатарға шығып кеткендей көрініп тұратыны жасырын емес.

 «Өнегелі ісі, аузында айтар дуалы сөзі болса, Елі мойындаған, өмірдің мәнін тапқан, Құдайға жаққан кісінің сойынан болса, еш сөкеттігі жоқ! Қайта кейінгі ұрпақ өнеге алып, сондай кішіпейіл кісі өз өмір сүрген мекенде, туған топырақта білгені жаңа буынға жөн сілтер айқын бағыт. Нақты шамшырақ болары сөзсіз. Сондықтан кие, құрметке лайық танылған тұлғалардың, Құдай сүйген құлдардың есімі ләйім халық жадында мыңжылдықтарға Лұқпан Хәкім деген дана болыпты дегендей аңыз болар тұлғаны көпшілік қолдаса, солайша мешіт атауын бергенде тұрған ешбір Заңдылыққа қайшы келер тұсы жоқ!»

Бұл Алпан Дөйт қалдырған пікір. 

Оқылды 357 рет
JoomShaper
Top