Зекет кімдерге беріледі?

Жексенбі, 22.12.2021
Зекет кімдерге беріледі?

Зекеттің берілетін орындарын Аллаһ Тағала «Тәубе» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді. Аят бойынша садақа қоғамның әлеуметтік сегіз тобына беріледі. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Маған зекет бер» – деген адамға былай жауап берген: «Ұлы Аллаһ зекеттің берілетін орындары жайында пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін». Иә, зекеттің берілетін орындарын Аллаһ Тағала «Тәубе» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Аллаһ жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Аллаһ тарапынан парыз етілді». 

Бұл аятта айтылған сегіз топты былай түсіндіруге болады:

1-2. Пақырлар мен міскіндер Пақыр деп – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтылады. 

3. Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар Зекеттердің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі есе аталмыш еңбектерінің қарымына айлық ретінде берілгендіктен тағайындалған адамдардың бай болулары зекеттен мемлекеттің белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес.

 4. Муәллафатул-қулууб Мұсылман болу бақытына әлі кенелмеген кейбір адамдардың жаманшылығынан сақтану үшін және Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі Исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі есе беріп отырған. Міне, осы аталмыш үш топ Құранда айтылып, зекеттен белгілі бір есе тағайындалған «муалләфатул-қулууб» тобына жатады. Бірақ Хазіреті Омар дәуірінде бұл топқа берілетін зекет есесі тоқтатылған. Тоқтатылуының басты себебі, Ислам дінінің дүниеге қанат жайып қуаттанғаннан кейін бұлардың көңілін Исламға жібітіп, жаманшылықтарынан сақтанудың қажеті болмай қалуында еді. Бірақ кейбір ғалымдардың фәтуасына сүйенсек, қажет болған жағдайда, қайтадан бұл топқа беруге болады.

 5. Құлдар Қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл Ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі.

6. Қарызға батқандар Қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі малға ие болмаған немесе басқасында алатын қарызы болып, қайтарып алуы мүмкін болмағандар «қарызды адамдардың» тобына жатады. Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көріп жатқан адамдарға зекет беру – абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет.

7. Аллаһ жолында Бұл топқа Аллаһ ризалығы үшін ілім іздеушілер, Аллаһ Тағаланың дінін қорғау және жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғам пайдасына шешілетін қайырлы істер үшін бар күштерін салып еңбек етушілер кіреді.

8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар Бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни, бай болса да оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б. сияқты).

дереккөзі

Оқылды 2494 рет
JoomShaper
Top