Құрбан шалу – халықты қуанышқа жетелейді

Сейсенбі, 13.09.2021

 Егер атаған малыңыз болса...

Біле жүріңіз, құрбандық шалу дүние-мүлік арқылы жасалатын, уәжіп үкіміндегі ғибадат. Құрбан – Алла жолындағы шынайылығымыз бен Алланың берген несібелеріне алғысымызды білдірудің бірден-бір жолы.

Сондай-ақ, шамасы жеткен адамдардың шалған құрбан еттерінің кедейлерге берілуі мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен бауырмашылдық сезімдерді нығайтады. Құрбандық шалу арқылы келетін бұл сезім халықты қуанышқа жетелері сөзсіз. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын», -деп қатаң айтып кеткен. Онда не тұрыс?! Қорамызда малымыз немесе қалтамызда қаражатымыз болса, тарылмай Алла жолына бір малымызды атап, құрбан етейік!

 Қашан сізге құрбандық шалу міндет?

Егер сіз мына шарттарға сәйкес болсаңыз, онда сізге құрбандық шалу уәжіп (міндет) болады:

1 Мұсылман болу.

2 Ақыл-есі дұрыс болу.

3 Балиғатқа жеткен болу.

4 Бас бостандығы болу.

5 Сапарда болмау.

6 Шариғат бойынша бай саналатындай нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі немесе ақшасы болу.

Ескерту: Құрбан нисабында дүние-мүлік пен ақшаның зекеттегідей бір жыл қолда болуы шарт емес.

 Ал мына кемшіліктердің бірі малыңызда болса,..

1 Бір немесе екі көзі соқыр болса;

2 Мүйізінің бірі немесе екеуі де түбінен сынық болса;

3 Құлағының немесе құйрығының жартыдан көбі жоқ болса;

4 Аяғын баса алмайтындай ақсақ болса;

5 Туғаннан құлағы немесе құйрығы болмаса;

6 Тісінің көбі түсіп, қарнын тойдыра алмайтындай болса;

7 Ауру болса;

8 Сүйектерінің ішінде жілік майы жоқ, арық болса, онда мұндай малдар құрбандыққа жарамсыз болып табылады. Бұдан басқа қораз, тауық сияқты үй жануарлары мен еті желінетін жабайы жануарлар құрбандыққа жарамайды.

 Мұны да біліңіз

Малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтыңыздың сыртқы көрінісі қомақты болса, құрбан етіп шалуыңызға болады. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Сонымен қатар, сиыр мен түйені жеті адам біріге отырып құрбандық етіп шалуына болады.

 Құрбандығыңызды кешіктіріп алмаңыз

Құрбандық шалудың уақыты – Құрбан мерекесінің бірінші, екінші және үшінші күні. Үшінші күні күн батқан соң құрбандық шалуға болмайды. Мұны жақсы біліңіз. Құрбан малы айт намазы оқылғаннан кейін шалынады. Оған дейін шалынса, ол құрбан малы болып саналмайды.

 Малыңызға мейірімділік танытыңыз

Құрбандықты шалуға алып бара жатқаныңызда, малыңызға жақсы қарап, оны итеріп, ұрып-соқпаңыз. Сонымен қатар малды қинамау үшін пышағыңызды алдымен жақсылап қайрап алыңыз. Мүмкін болса, құрбан малын өзіңіз бауыздағаныңыз абзал. Ал, бұлай жасау қолыңыздан келмесе онда басқа біреуге сойғызуыңызға болады. Әрине, ол адам мұсылман болуы керек. Айтпақшы, пышақты қайрағанда, малға қарап тұрып қайрамаған жөн.

 Олай болса, іске сәт

Ең алдымен құрбандық малын сол жағымен және құбылаға қаратып жатқызасыз. Сосын бауыздайтын кісі «Бисимилләһи Аллаһу әкбар»деп айтуы керек. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін алу – мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда «Бисмиллаһ» деуді әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды.

 Еті мен терісін орнымен жұмсай біліңіз

Құрбандыққа деп атап шалған малыңыздың етінен өзіңіз де пайдалана аласыз әрі басқаларына да жегізе аласыз.

Құрбан етін үшке бөліңіз де, бір бөлігін құрбандық шалмаған кедей, тұрмысы төмен жанұяларға таратыңыз, екінші бөлігін туған-туыстарыңыз бен достарыңызға беріңіз, ал қалған бөлігін өзіңізге яғни, отбасы мүшелеріңізге алып қалсаңыз болады. Жоқ, «ақыры Алла жолында атадым» деп құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруіңізге де болады. Оны жомарттықты жанындай сүйетін патша көңіліңіз шешеді. Асылында, дініміз құрбан етін түгелдей таратуға толығымен рұқсат етеді. Құрбан терісін пайдаланбасаңыз, мал шалған кісіге немесе қайырымдылық мекемелерінің біріне берсеңіз, ол да болады.

 Құрбандығыңыз қабыл, айтыңыз құтты болсын!

Алла жолында ниет етіп шалған құрбандығыңыз қабыл, айт мерекеңіз құтты болсын ағайын! Айт - қуанышқа толы күн деген сөз. Рамазан айында ораза ұстап, Алланың әмірін орындаған, Құрбан айт мерекесінде құрбан шалу арқылы Алла жолында жомарттық танытып, айт намазын оқыған мұсылман екі дүниеде де шексіз қуанышқа, шаттыққа, бақытқа бөленеді. Өйткені, ол Рамазан айында зекет пен пітір арқылы, ал Құрбан айтта құрбандық етінен кедейлерге дәм татқызу арқылы тұрмысы төмен жандарға қол ұшын беруде. Осылайша бай мен кедей арасында шынайы сүйіспеншілік пен сыйластықтың орнауына себепкер болды. Міне, мұндай ықыласты амалды Алла Тағала ешқашан ескерусіз қалдырмайды.

Айт кезінде ата-әже, әке-шеше, ағайын-туыс пен дос-жарандарды зиярат етіп барған жөн. Ренжіскен жандар болса, осы мейрамда татуласуы керек. Бұлай жасау өзара сыйластық сезімдерін арттырады әрі кикілжің әрекеттерге жол бермейді. Міне, айт мерекесінің арқасында пайда болатын қуаныш пен шаттық мұсылмандардың шаршағанын бір сәт ұмыттырады әрі қайғы-мұңдарын сейілтеді.

Екі айт кезінде барша мұсылман бір-бірін мерекесімен құттықтайды, дәмді тағамдар әзірлеп, бір-бірін қонаққа шақырады, алыста тұрса бір-біріне амандық тілеп, сәлем жолдайды. Сондай-ақ, дүниеден өткен кісілердің қабірлеріне барып рухтарына Құран аяттарының сауаптарын бағыштайды. Шамаңыз жетсе, бұл күндері садақа бергеніңіз абзал. Өйткені, садақа күллі жаманшылықтың бетін қайтарады.

Міне, қос айт мерекесі - Алланың құлдары үшін арнаған сый-сияпат күндері. Бұл күндерді Алланың ризашылығына сай боларлық іс-әрекеттермен өткізіңіз. Бастысы, жамағатпен оқылатын айт намазынан қалып қоймаңыз. Өйткені, ол біріншіден сауап амал, екіншіден мұсылмандар арасында бірлік пен ынтымақтың орнауына қосқан үлесіңіз болып табылады.

Тұрар Түгелұлы,

дінтанушы

Оқылды 131 рет
JoomShaper
Top