Исламның бес парызының бірі болған Ораза Құран аятында айтылғандай, мұсылман адамды қарапайымдылыққа, сабырлыққа үйретеді, шыдамдылыққа, өзара сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Өмірде болатын қиындықтарға төзуге бейімдейді. Ораза ұстау арқылы адам баласы Жаратушы Хаққа жақындай түсері анық.
Бұл Ислам дінінің негізгі құндылықтарының бірі. Оның мазмұнында үйлесімділік пен татулық, тазалық пен жауапкершілік сынды іргелі идеялар тұнып тұр.
Біздің елімізде өмір сүріп отырған барша отандастарымыз да Рамазан айын бірлік пен татулық ішінде тойлап, исламның рухани-имандылық және қайырымдылық ықпалы мұсылман қауымының арасында артып келеді. Ислам дінінің мықты жасампаз әлеуеті арқылы қоғамдағы дәстүрлі рухани құндылықтар нығайып, еліміз аумағында ханафи мәзһабының ұстанымына сәйкес діни ілімді дамытудың тетіктері мен оларды жүзеге асыру жолдары айқындалды.
Бұл мемлекеттің халқымыздың рухани-өнегелік құндылықтарына ерекше қамқорлығының арқасында мүмкін болып отыр.
Рамазанның ең жақсы ерекшелігі – бұл ағайын-туысқандармен, дос-жарандармен, жамағатпен «ауызашар» дастарқанында бас қосып мәре-сәре болып жататынымыз. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Кімде-кім ораза ұстаған адамның аузын аштырар болса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады...» деп бұйырған.
Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ауызашар немесе ифтар қазақ дәстүрімен біте қайнасқан. Оның мазмұнында ел мен жер тұтастығы, ұрпақтар сабақтастығы, үйлесімділік пен татулық, тазалық пен жауапкершілік сынды іргелі идеялар тұнып тұр.
Алланың разылығы үшін ауызашар беру біздің арамызда бүгінде игі дәстүрге айналып отыр. Халқымыз үшін ауызашар беру ғасырлар бойы игі дәстүрге айналып, ораза айында дастарханын жайып, ақсақалдардың батасын алып отырған. Аузы дуалы ақсақалдарымыз Алла Тағаладан мемлекетіміздің тұрақтылығы мәңгі, еліміздің іргесі тыныш, жұртымыз аман болсын деп тілек тілеген.
Хадистерде де ораза ұстаушының ауызашар кезінде тілеген дұғасы қабыл болады делінеді.
Бүгінде елімізде ата дініміз – исламның дамып өркендеуі үшін бар жағдай жасалуда. Ақшаңқан мешіттер бой көтеріп, азаматтарымыз имандылыққа ұюда.
Таяу Шығыстағы діни төзімсіздіктен адами төзімсіздікке ұласқан апат та бізге көп ой салады. Бұл өңірдегі рухани мәселеде дәстүр мен заман шындығының арасы ажырап кетті. Саяси менмендік белең алды. Жастарды төзімділікке тәрбиелеу, құндылықтарға баулу жүйесі бұзылды.
Ал, бізде Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бері ел тыныштығы, ұлттар үйлесімділігі Елбасымыздың сындарлы саясатының басым бағытына айналды. Діни төзімділік – елдік дәстүрдің рухани арқауы болды.
«Ұлтым – қазақ, дінім - ислам» деген ұлағатты сөздің астарында халқымыз бен ислам дінінің сан ғасырлардан бері бірге жасасып келе жатқан мәнді тағдыры қатар көрінетіні осыдан болса керек. Дәстүрлі дініміз – халқымызды ортақ мақсаттар мен мұраттар төңірегіне топтастырып келе жатқан жасампаз құндылық екендігін мақтанышпен айта аламыз.
Елімізде ұлтаралық келісім мен конфессияаралық ауызбіршілікті сақтауда жүргізіліп отырған қыруар жұмыстардың басты мәні де осында – ол діннің оң әлеуетін тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуында мейлінше ұтымды қолдануға тұғырланып отыр.
Сондықтан әрбір мұсылман, ең біріншіден, өзінің көркем мінезімен, таза жүріс-тұрысымен басқаларға үлгі бола білуі керек. Екіншіден, және ең бастысы, елімізде қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен салт-дәстүрлеріне сәйкес қалыптасқан дәстүрлі исламдық түсініктерді қабылдау білуі қажет.
Сондықтан құдіреті күшті Алла Тағаладан мемлекетіміздің тұрақтылығы мәңгі, еліміздің іргесі тыныш, жұртымыз аман болсын деп сұраймыз.
Әлемдегі барша мұсылмандар үшін қасиетті ай – Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен жасаған ғибадаттарыңыз қабыл болсын!
Балғабек МЫРЗАЕВ,
теология ғылымының докторы,
дінтанушы