Пайғамбар әулеті бәрімізге үлгі болса...

Бейсенбі, 05.11.2021

Отбасы – қоғамдағы ең маңызды институттардың бірі. Оның беріктігі, үйлесімділігі, тыныштығы, бақытты болуы барлық қоғамдық өмірге ықпал етеді. Олай болатыны, қоғамдағы барлық қатынастар отбасындағы тәрбие мен құндылықтар негізінде қалыптасады. Ислам дінінде де отбасына өте үлкен мән беріледі. Қазақ халқында «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Енді «Отанның іргетасын қалайтын отбасының үлгісі қандай болуы керек? Отбасы қатынастары пайғамбар өмірінде қалай құрылған?Қандай мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Отбасы – Алланың бұйрығы, пайғамбардың сүннетімен қалыптасатын маңызды құндылық. Оның осы маңыздылығын түсіне білу үшін пайғамбар өміріндегі біздер үшін құнды өнегелерді ұғынуымыз керек. Отбасы ұғымының өзіндік үлгілері бар. Қазақ халқында отбасы ұғымын білдіретін «әулет» сөзі бар. Бұл сөздің ауқымына барлық туысқандық байланыстар кіреді. Ал дінде туысқандық байланыстарға аса мән беріледі. Құрандағы: «Отбасыңа намазды бұйыр; өзің де оны сабырлықпен жалғастыр...» (Таһа: 132) деген бұйрықта діни құндылықтардың өзі алдымен отбасынан басталуы керектігі түсіндірілген. Өйткені, адамның ең жақын адамдары – өзінің отбасында. Отбасына қайыры жоқ, сөзін өткізе алмайтын, берекесін келтіре алмаған азамат басқаларға қаншалықты тура бағдар бере алады?! Бұл үрдісті пайғамбар өмірінен көре аламыз. Алланың ең алғашқы әмірін әз пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) алдымен Хадиша анамызға жеткізген болатын.

Алла Елшісі (с.ғ.с) жұбайларына, балаларына, немерелеріне және басқа да жақындарына барынша мейірбандықпен қарап, отбасы алдындағы жауапкершлігін қалтқысыз орындап, былай деп ескерткен: «Барлығың бақташысыңдар, баққандарыңа жауап бересіңдер. Адам – отбасының бақташысы және солардан жауапқа тартылады. Әйел – жұбайының, үйінің бақташысы ол соған жауап береді» (Бұхари, Жұма, 11) немесе «Әлбетте, Алла тағала әрбір басқарушыны қол астындағылардан жауапқа тартады. Олардың хақыларын қорғаған, қорғамағандығына жауап береді. Адам отбасына жауап береді» (Несайи, Ишрәтун-Ниса, Бәйрут, 1989, 170 б.) деген. Бұл – отбасындағы жауапкершіліктердің кімге, қаншалықты жүктелгендігінің маңыздылығын көрсетеді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) о дүниелік болған ата-анасына деген құрметімен қатар, нақты жұбайларына қатысты да ерекше ұстанымда болды. Алланың Елшісінің (с.ғ.с): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына ең жақсы қарағандарың. мен отбасыма ең жақсы қараймын немесе мүминдердің иман тұрғысынан ең кемелі, ахлақ тұрғысынан ең тамашасы – отбасына мейіріммен қарайтындары» (Термези, Иман 6) деген сөздерінен де пайғамбарымыздың (с.ғ.с) отбасына қаншалықты көңіл бөлгендігін түсінеміз. Тіпті, бір сөзінде пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Жұбайларыңа жегендеріңнен жегізіңдер, кигендеріңнен кигізіңдер, оларға зәбір көрсетуші болмаңдар және олардың көңіліне келетін жаман сөздер айтпаңдар» (Термези, Рада, 11) деп, жұбайларымызбен көркем мінез-құлықты қатынаста болуға үндейді. Тек қана үндеп қоймай, өз өмірінде өнеге бола білді.

Оның бір мысалы, бірде: «Ей Айша! Бүгін түнде құлшылық ету үшін маған рұқсат бересің бе?» деп, нәпіл құлшылық жасау үшін де жұбайынан рұқсат сұрауы осы отбасы берекесіне бағытталған тамаша үлгі еді. Қажет болған жағдайда жұбайларына жәрдем беріп, отбасы шаруаларына араласып кеткендігі жөніндегі мәліметтер де жеткен.

Әз пайғамбар (с.ғ.с) жұбайларына қандай мейірімділікпен, қамқорлықпен, әділдікпен қараса, балаларға да сондай мейірбан болған. Тіпті, кейде балаларға қосылып ойнаған кездері де болғандығын ислам тарихы растайды. Немерелері Хасан мен Хусейн хақында: «Ей, Алла! Мен ол екеуін жақсы көремін. Сенде жақсы көр, сенде жақсы көр» (Бұхары, Либас, 60) деуі немерелеріне деген мейірімін көрсетеді. Қашан да балаларын құшағына алып, аймалайтын (Бұхари, Әдеп, 22). Он баласы бола тұра, ешбірін иіскеп, құшақтамайтынын айтқан бір адамға: «Мейірім етпеген адамға мейірім жасалмайды. Алла жүрегіңнен мейірімді алса, мен не істей алмақпын?!» (Бұхари, Әдеп 22) деп, сын тезіне алғаны да бар.

Бұл мәселелерді айтып отырғанымыздың басты себебі – қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарының жеңіл саналуы, отбасын ойыншыққа айналдыруға тырысып жүрген кейбір теріс ағымдағы жастарымыздың әрекеттерінде ешқандай дінге, пайғамбарғар сүннетіне негізделген қағидалардың жоқ екендігін көрсете отырып, әрбір шынайы мұсылманшылық жолды ұстануға талпынған адам, алдымен адамзаттың асыл тәжі болған пайғамбар өміріндегі отбасылық қатынастар мен өнегелі істерінен үлгі алуы керектігін жеткізу. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген дана халқымыз. Ал отбасы – сол бесіктің түзу болуының басты кепілі. Әрі «Ұяда не көрсең –ұшқанда соны аласың» дегендей, отбасында қалыптасқан тәрбие мен сіңірілген құндылықтар азаматтардың өмір бойғы қатынастарында маңызды рөл атқаратындығын назарға ала отырып, әрбір отбасы мүшесі өзіне жүктелген міндеттерді орынды әрі абыройлы атқаратын болса, қазіргі қоғамымыздағы көптеген келеңсіздіктер мен тәртіпсіздіктердің алдын алуға болар еді.

Кеңшілік ТЫШХАН,

дінтанушы

 

Оқылды 657 рет
JoomShaper
Top