Батыржан МАНСҰРОВ: Жаңа министрліктің құрылуы – уақыт талабы

Бейсенбі, 15.09.2021

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуы – уақыт талабынан туындаған жағдай. Өйткені, қазіргі таңда халықтың төл дәстүрімен біте қайнасқан асыл дініміздің атын жамылып, ұлттық тек-тамырымызға балта шабуды көздейтін жат ағым идеологиясының ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғаны жасырын емес.

Түптеп келгенде, бұл – Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясын іске асырудың жолын кесетін қоғамдық дерт. Ғасыр қасіреті. Қазақ елінің баянды болуы жас ұрпақтың қолында дейтін болсақ, балаларымыздың мектептен шықпай жатып, тарихи санасынан ажырап, рухани мәңгүрттенуін көздейтін жат ағым жетегінде кетуі алаңдатпай қоймайды. Міне, ұлт тағдыры сын үстінде тұрған кезеңде осындай экстремистік ағым ықпалына қарсы тұру, яғни онымен күресу бағытында нақты қадамдар жасау қажеттілігі күн тәртібіне көтеріліп отыр. Осы ретте Дін істері және азаматтық қоғам атты министрліктің  құрылуы мемлекетіміздің дін мәселесінде көптен қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешуге мүдделі екенін көрсетеді.

Жаңа министрлік халықты жаппай діни сауаттандыруды  жолға қойып, жат ағым жетегінде теріс пиғыл, арам ниетпен уланған жастарымызды оңалту және қаракөздеріміздің қарулы қақтығыс жағдайына дейін барып жүрген берекесіз әрекеттеріне тосқауыл қоя алатын бірден-бір ықпалды ел басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болады деп сенемін.  Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының асыл дініміз ислам дінін насихаттау, өркендету тарапында ұстанып отырған ұстанымдарын қолдап, оны жүзеге асыруда әріптестік көмек қолын созады деп ойлаймын.

Алланың үйі болып табылатын мешіттеріміздің қоғамдық рөлін күшейтіп, дін қызметкерлерінің азаматтық құқығын қорғайтын заң шығару, сапалы кадр тәрбиелеуде оқу орындарының санын көбейту сынды игі істер жаңа министрлік құзырында қаралатын оң шешім болады деп білемін.

Жаратқан елімізге тыныштық беріп, жар болғай!

Батыржан  МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы

бойынша өкілі, «Иманғали» орталық

мешітінің бас имамы, PhD доктор

 

Оқылды 843 рет
JoomShaper
Top