Құдайберді БАҒАШАРОВ: ИШИМ-нің қаупі асқынып тұр

Дүйсенбі, 25.01.2022

Бүгінде Ирак пен Сирия жерін қанға бөктіріп, тұтас әлемге қауіп төндіре бастаған ИШИМ террорлық ұйымы, олардың идеологиясы, негізгі көздеген мақсаттары, радикалды діни ағымдардан қорғану тақырыбында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Құдайберді Бағашаровты әңгімеге тартқан едік.

–  Құдайберді Сабыржанұлы, қазіргі уақытта қауіпсіздік саласында да, саясатта да, тұрақтылық пен дін тақырыбында да басты мәселенің бірі ИШИМ болып отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан сұқбатты мына сұрақтан бастасақ. Жалпы ИШИМ қандай ұйым, көздегені не?

–  Қазіргі мұсылман елдерге қарасақ, Ауғанстанда әл-Каида, Ирак пен Сирияда ИШИМ, Сомалиде әш–Шәбаб, Нигерияда Боко Харам, Түркияда Күрдтерден құралған террорлық ұйымдар секілді бірқатар атышулы лаңкестік топтар барын көреміз. ИШИМ – осылардың арасында жауыздығы асқынып тұрған, ең белсенді лаңкестік топ. Жалпы көздеген мақсаты – аты да айтып тұрғандай, Ислам мемлекетін құру, халифаттық басқару жүйесін орнату. Халифат дегеннен шығады, анығында, қарамағындағы халық негізгі құқықтар мен бостандықтарға, таңдау құқына ие және басқа да қабылданатын шешімдерге қатыса алатын болса, діни сенім еркіндігі қамтамасыз етіліп, мемлекет сөз бостандығы мен білім беруді қолдайтын болса, бұны Құранға қайшы деп қарастыру қиын. Тіпті бұндай жағдайда басқа мемлекет іздеудің, өзге елді паналап көшудің еш қажеті жоқ. Шариғатта мемлекетті басқару қағидаттарына небәрі бес пайыздай ғана көңіл бөлінсе, қалған тоқсан бес пайызын исламның басқа да бұйрықтары, моралдық жүйесі, адамгершілік қасиеттер, сенім негіздері құрайды.

–  Сонда бұл топтар Ислам дінін дұрыс түсінбеуде ме?

–  Иә, мәселен, Ауғаныстан Ислам әмірлігі деген атпен 1996-2001 жылдары билікке келген Талибан өздерінің дінге жатқызып жасаған іс- әрекеттерімен әлем қауымдастығының қарсылығын тудырмап па еді?! Олар да идеологиясының негізін ел басқару жүйесін шариғат заңдарына бағыттады. Бақылауындағы аймақтарға күштеп талаптар қойды. Тіпті қыз балалардың мектепте білім алуына қарсылық танытты, тағы біраз дүниелерге орынсыз тыйым салды. Нигериядағы «Боко Харам» лаңкестік тобы да батыстық білім беру жүйесіне қарсымыз деп, қыз балалардың мектептерге баруына жол бермеуде. Ал шындығында, білімге тосқауыл қоюмен мұсылман елдерінің алға жылжуы қиын. Қыз балаларды ұл балалардан кем етпей қайта оқыту керек. Оқумен қоса, жақсы мұсылмандық тәрбие беремін десе, ол өз еркі. Модернизм мен Батыстық білім беру жүйесіне қарсылық танытуды ақылды ұйғарымға жатқыза алмаймыз. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп ата-бабаларымыз айтқандай, батыстық озық дүниелердің керегін таңдап алып, шығыстық құндылықтармен синтездей білген жөн.  

–  ИШИМ сонымен несімен қауіпті?

–  ИШИМ-нің қауіп-қатерін бірнеше тұрғыдан қарастыруға болады. Мәселен, мүшелерінің қолына қару ұстатып, қара күшке арқа сүйеуі. Тарихтан да байқалғандай, жақсылықты іс ешқашан зорлықпен жасалмайды. Ислам діні де әу бастан бейбіт ұстаныммен таралды. Сондықтан, дегенін күшпен істету ислам ұстанымына қайшы. Олар исламды зорлықшыл дін ретінде көрсетуде. Құран аятында дінде күштеу жоқтығы анық ескертілген. Екінші бір қауіп, шімірікпей адам өлтіруі. Тіпті мұсылман болса да қанын судай шашуы. Бұл исламдағы ең алғашқы бүлікшіл ағым Харижиттерде кездескен ерекшелік. Харижиттер өз пікірлеріне қосылмағандарды күпірлікпен айыптаған, хазірет Османды, әділетті халифтардың соңғысы хазірет Әлиді де еш шімірікпестен шейіт еткен, тіпті сол әрекетін мақтаныш көрген. Сахаба Абдулла ибн Хаббаб ибн Әрат пен аяғы ауыр әйелін де өз пікірлеріне қосылмағаны үшін-ақ аяусыз түрде өлтірген. ИШИМ-діктер әйел, бала-шаға демей, керек десеңіз, өзге дін өкілдерін де талғамай өлтіріп, әлем жұртшылығын Ислам десе, шошитын күйге келтіруде. Ал исламда адам өлтіру үлкен күнә. Соғыс кезінің өзінде әйел, бала-шағаны, бейбіт тұрғындарды, ғибадатханаларды паналағандарды, кәрі кісілерді өлтіруге тыйым салынған. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) «Кім мұсылмандар қарамағындағы өзге дін өкіліне қиянат жасаса, ақыретте онымен өзім есептесемін» деп қатаң ескерткен. Сондықтан бұл әрекеттерді тек жауыздық деп қана бағалауға болады. Бұған қоса, халифат орнатамыз деп даурығатындай Сирия да, Ирак та өзге дінді ұстанатын елдер емес, тарихтан ислам мәдениетінің бесігі болған, арғысы ұлық имам Әбу Ханифа, бергісі Уахбату Зухайли секілді небір мықты ғалымдар шыққан орта.    

–  Сөз арасында Харижиттер туралы айтып қалдыңыз. Харижиттік көзқарас, түсініктің ерекшелігін қалай ажыратуға болады?

–  Харижиттер – Ислам тарихындағы ең алғашқы бүлікшіл ағым ретінде білінеді. Заңды билікке қарсы келу, талас-тартыспен бүлік шығару, қарулы қарсылық таныту, орынды уәжге тоқтамау, тек өздерін ғана ақиқатшыл деп біліп, өзгелерді адасуда деп қабылдау, өздеріне қосылмағандарды жау санау, күнә істеген адамды кәпір деп айыптап, оны өлтіріп, дүние-мүлкін тонауға болады деп қабылдау, өз түсініктерін өзгелерге күшпен таңуға тырысу, зорлықшыл әрекетке бару, таңдаулы сахабалардың өзін аяусыз өлтіру, терррорлық акт жасау т.б. алғаш осыларда байқалған. Өкініштісі сол, әділетті халифалар кезінде пайда болған аса қауіпті харижиттік түсінік тарихта сол күйі жоғалып кетпеді. Одан бергі ғасырларда да әр түрлі атпен қылаң беріп келеді. Бүгінгі террорлық діни ұйымдардың астарынан да осыны байқауға болады. 

–  Енді бұндай радикалды ағымдармен күрес турасына ойыссақ...

–  Иә, дінді қате түсінудің дінге тигізер кесірі сыртқы күштердің дінге тигізетін кесірінен әлдеқайда орасан. Расында, бүгінгі күні мұсылмандар өздеріне деген сынды күшейткені дұрыс. Радикал топтардың қатарына ертіп кете беретіндей, ақ пен қараны ажырата алмайтындай халық соншалықты діни сауатсыз ба? Жоқ, жастарымыз қараусыз ба? Егер шынымен де деңгейіміз сондай төмен болса, онда бұл мәселенің шешімі сондық ұзай түседі. Ендеше, халықты қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп отыруды үзбеген дұрыс. Әрі радикалды идеялармен тек дінге жауапты мекемелер ғана емес, басқа да азаматтық қоғам ұйымдары, мемлекеттік мекемелер – бәрі жұдырықтай жұмыла кірісуі керек. Елімізде 15-16 белгілі лаңкестік діни ұйымдарға тыйым салынған. Араларына былтырғы жылы осы ИШИМ де кірді. Өйткені жалпы әлем елдеріне төніп тұрған қауіптен Қазақстан шет қала алмайды. Республикамызда профилактика жұмыстарының арқасында діни радикалды сайттарға тазарту жүргізіліп тұрады. Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен бірқатар маңызды шаралар қолға алынуда. Ақпараттық насихат топтарының да түрмелерге дейін барып  өте белсенді жұмыс істеп жатқанын білеміз. Оның тысында Облыстық Дін істері басқармалары да ауыл, аудандарда дін және зайырлылық тақырыбына жиі кездесулер ұйымдастырады. Муфтият жүйесі өз алдына, дінтану сабақтары да белгілі бір деңгейде жастардың дұрыс діни түсінік алуына көмектеседі. Бұның барлығы да радикалды идеяларға еріп кетпеу үшін елімізде жасалып жатқан жұмыстар. Бұған қоса, исламның бейбітсүйгіш келбетін, ғылым, білім, дінаралық сұқбаттастыққа ашықтығын, көптүрлілікті байлық деп білетінін, толеранттылығын, әрдайым татулық пен тыныштықты жақтайтынын, ондағы жиһад, әйел түсінігі, наным-сенімі, ұлты, нәсіліне қарамастан адамға құрмет пен адам өмірін сақтаудың маңызы, адамгершілік құндылықтарын да жиі насихаттап түсіндіре берген дұрыс.    

–  Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Оқылды 1286 рет
JoomShaper
Top