Құдайберді БАҒАШАР: Біз бүгін мейірімге зәруміз...

Сәрсенбі, 11.11.2021

Соңғы кезде БАҚ беттерінде қоғамның келеңсіз тұстары жиі айтылып кетті. Өзін-өзі өлтіру, бала ұрлау, кісі қанын жүктеу секілді небір жан түршігерлік ақпараттарға, тіпті, етіміз үйреніп кеткендей. Шынында, біздің қоғамда адамгершілік қасиеттер азайды ма?  Мейірімділік пен жанашырлықты неге насихаттаймаймыз?  Осы ретте оқырманға талай ой салған  ғибратқа толы әңгімелердің авторы, теология ғылымының докторы Құдайберді Бағашармен әңгімелескен едік.

 – Құдайберді Сабыржанұлы, бүгінгі күні мұсылман адамның тұлғасы туралы мәселе өзекті. Оның үстіне қоғамда келеңсіз оқиғалар көбейген тұста, сауалды алдыменмейірімділіктен бастасақ. Ислам діні мейірімділік пен жанашырлыққа қаншалықты көңіл бөлген?

Ислам дінінде мейірімділік пен жанашырлықтың алатын орны ерекше. Қасиетті Құран кітабының өзі «Бисмиллаһир рахманир рахим» (Рахман әрі Рахим Алланың атымен) деген сөзбен басталады. Бұл сөз жалпы саны 114 сүренің 113-нің басында келтіріледі. Ғалымдар оның жиі қайталануы аса маңыздылығын ұқтыратындығын айтады. Құранның бүкіл мазмұны Фатиха сүресінде қамтылса, Фатиханың бүкіл мазмұны осы бір аятта қамтылған деп те түсіндіріледі. Аяттағы Рахман сөзі ғаламдағы барлық тіршілік иелеріне деген Жаратушы иенің аса мейірімділігін, оларды ешқандай белгілеріне бола алаламауын, Күннің жарығы мен жылуының жер бетіне түгел түскеніндей ризық-несібесін жер бетіндегілерге түгел таратынын білдіреді. Ал Рахим болса, ол да Жаратушының мейірімділігін білдіреді. Бірақ көбіне ол ерекше мейіріміне ақыретте мүмин құлдарын бөлейтіндігімен түсіндіреді. Осы себепті бұрынғылар «Алла осы дүниенің Рахманы, ал ақыреттің Рахимы» деген. Сондықтан Ислам дініндегі мейірімнің бастауы Жаратушы иенің аса мейірімді екенімен байланысты екенін білген жөн. Хадистерде Жаратушы иенің ғаламға дарытқан мейірімі өзіндегі жүз мейірімнің тек бір бөлігі ғана екендігі, ананың балаға деген, жан жануардың өзінің төліне деген махаббаты тағы басқалар осы бір ғана ұшқын махаббатпен болатыны білдірілген. Ал қалған тоқсан тоғызының ақыретте бүтінделетіні ескертілген. Және бір хадисте Алланың құлдарына деген мейірімінің жанында ананың туған баласына деген мейірімі елеусіз болып қалатыны, Жаратушы иенің мейіріміне барлық нәрсе сыятыны, пенделерін азаптағысы келмейтіні, рақымы әрдайым ашуынан басым түсендігі білдірілген. Осылардың барлығына қарап отырып, Ислам дінінде мейірімділік Жаратушы иенің аса шексіз мейірімділігінен бастау алатындығын көреміз. Және бір аятта Алланың осы мейірімділігін алға тарта отырып «Рахман» деп атап, жалбарынуға болатындығы да ескертілген. Қазақта «Рақымды ие» деп жатамыз. Рағиб әл-Исфаханидың сөздігінде «Рақым» сөзіне «Ол жүректің нәзік, сыршыл сезімі. Жақсылық жасауға, игілікті іс істеуге жетелейтін жанашырлық таныту, жазаға тиістіні жазалаудан бас тарту» деп түсініктеме берілген.

– Ал Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) мейірімі туралы не деуге болады?

Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) мейірі исламдағы мейірімділіктің екінші бір бастау бұлағы деп бағалауға болады. Өйткені, бұл ақиқат турасында Құранның «Әнбия» сүресінде: «Сені әлемге рақым жаршысы етіп қана жібердік» деген аят бар. Бұл деген сөз Жаратушының мейірімін таныту, іс жүзінде өзі де мейірімділігімен үлгі болу үшін жібердік дегенді білдіреді. Расында, Ислам сенім жүйесінің орнықтырғысы келген тәрбие: адамгершілік, мейірім, жанашырлық негізінде қоғамда тыныштық пен бейбітшіліктің салтанат құруы. Хазірет Алидың (р.а.) осы турасында «Мейірімділік болмаса, адамгершіліктің мәні қалмайды» деген сөзі де бар. «Рақымдылық жаршысы ретінде келу» бір жағы жұртқа қиындық, машаққат беру үшін емес, қайта ел ішінде мейірімділікті кеңінен жаю үшін жіберілгендігін де білдіреді. Ислам тарихына қарағанымызда, монотеистік сенімді орнықтыруда қандай ауыртпалықтар мен қиындықтарға душар болса да хазірет Пайғамбардың өзінің «мейірімділік жаршысы» екенін бір сәт есінен шығармағанын көреміз. Ол өзі тап болған жақсылықты, жамандықты жағдайлардың барлығына да мейірім мен жанашырлық тұрғысынан қарап, үлгілі тұлға бола білген. Айталық, қызы Зейнептің өліміне себеп болған кісіге кешірім жасаған, көкесі Хамзаны шейіт етіп, сондай бір кекпен өкпе-бауырын қолын алып, шайнаған Хиндті де кешірген. Қоштасу хұтбасында барлық құн дауларын жойғанын білдірген. Меккені азат еткен күні өзіне сол уақытқа дейін жамандық жасап келгендерге «Бүгін мен ешбіріңнен кек алмаймын. Барыңдар, бәрің де боссыңдар» деп, қанында кекшілдік жоқтығын, қайта мейірімділікпен іс жасауды ұнататынын білдіріп, жұртты өзіне тәнті еткен. «Мен қиындату үшін емес, жеңілдетудің жолдарын көрсету үшін жіберілдім» деген оның басқа да айтқан сөздерінің барлығында мұсылмандарды бір-біріне мейірімді, жанашыр болуға шақырғанын көреміз. Хадистерінде «Кім адамдарға мейірімділік танытпаса, Алла да оған мейірімділік танытпайды», «Жердегілерге мейірімділікпен қараңдар, сонда көктегілер де сендерге мейіріммен қарайды» деген сөздері осыған дәлел. Ал «Кім үлкенге құрмет көрсетпесе, кішіге ізет білдірмесе, ол бізден емес», «Кім жасына бола үлкен кісіні құрметтесе, жасы кішілер де сол жасқа жеткенде, өзін құрметтейтіндерді Алла оған жолықтырады», «Алла шаңырақтағы әлсіздер: қарттар мен жас балаларға көбірек рақымын төгеді» деу арқылы үлкен кісілерге деген мейірімділікке шақырды.

– Мейірімділікті кеңінен насихаттауына не себеп болды?

Әрине, біріншіден жалпы исламның сенім жүйесінің өзі мейірімділікке құрылғанын білдірсе, екіншіден, сол кезгі қоғам жағдайының мейірімділікке сусап отыруымен де байланысты болған. Айталық, исламның негізгі бастау бұлағы болып табылатын Құранды Жаратушы ие адамдарға көрегендік нұры әрі иманды қоғам үшін «тура жолды көрсетуші әрі рақым бастауы»ретінде түсірген. Құран мүминдер үшін бір жағы шипа болды. «Құран күллі әлемнің иесі ұлы Алладан насихат, жүрекке шипа әрі мүминдер үшін тура жолды көрсетуші әрі рақым» деген «Юнус» сүресінің 57-аятында да бұл анық білдірілді. Бұдан Құран кітаптың өзі мейірімділікті насихаттауды мақсат ететінін ұға отырып, жаңағы айтқан мәселенің екінші қырына келейік. Ол исламға дейінгі уақыттардағы қатігездік жағдайлары еді. Ол уақыттарда тірі күйінде жануардың етінен ет кесіп алу, тірі күйінде оны садақпен атып ойнауға нысана ету, үй жануарларын шамасынан артық істерге салу, болмаса өлімші етіп сабау секілді істер қалыпты саналған. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) бұны аяусыздық деп қабылдай отырып, ендігі жерде бұндай әрекеттерге жол бермеді. Тіпті, таңданған кейбір сахабаларының «Жануарға мейіріммен қарау да сауап па?» деп сұрағаны бар. Сонда хазірет пайғамбар өзінің мейірімділігіне салып, кеудесінде жаны бар кез келген тіршілік иесіне аяушылықпен қараудың сауап екенін түсіндірген. Малға артық жүк артпау, оған дұрыс қарау, жәндіктерді өлтірмеу де кейіннен көп ескертілген. Ол қоғамда қатігездіктің бас бермей кеткенін өзінің туған баласын шімірікпей жерге тірідей көмгендерінен де байқаймыз. Бұл әрине жаппай белең алмаған. Әйтпесе, олардың тұқымы құрып кеткен болар еді. Дегенмен, ішінара мұндай жайттар кездескен. Ислам келгеннен кейінгі уақытта бұндай тағылық әрекеттерге жол берілмеген. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) «Мен қайта қыз баланы артық көрер едім. Өйткені Құранда ол бірінші аталған. Үйдегі қонақ, болашақ біреудің өмірлік серігі, оның жаны нәзік, жүрегі жұмсақ» деген. Бұған қоса, туған өз балаларының маңдайынан сипап көрмегендерге өзі немерелерін, басқа да жақын сахабаларының балаларын жақсы көріп, еркелетіп, бірге ойнап, оларды өбектеп, сүйгіштеуімен үлгі көрсеткен. Бұның барлығы да жахилия қоғамындағы тас жүрек кейбір адамдардың жүрегін жібітіп, оларды мейірімге жақындатқан. Көптеген аяттарда ешкімі жоқ қорғансыздарға жаны ашымағандар, әділетсіз түрде жетімнің ақысын жегендер, қызды болса ұяттан жерге кіріп кете жаздағандар әрі оларды өлтіргендер, «Алла тойдырмағанда біз тойдырамыз ба?» дегендердің ауыр түрде айыпталғаны сондықтан.

– Исламның мейірімділікке шақыратын дін екендігін, ондағы негіздермен таныстырдыңыз. Сонда қатігездік пен қаталдық қайдан шықты?

Жалпы қатігездік, қаттылық, дөрекілік исламның негізгі қасиетіне, рухына жат. Ибн Масғуд «Өсиет сұраған адамға айтылатын ең жасы өсиет «Мейірімді бол!» деген сөз» десе, Имам Ғазали бір сөзінде «Әй, балам! Мұса мейірімді жан болғандығы үшін Алла оған пайғамбарлық берген. Сен де мейірімді бол, сонда абыройың биіктейді. Жер бетіндегі барлық тіршілік иелеріне жанашырлықпен қара» деген.Ахмет Яссауи де «Көңілі жарым жан көрсең, деме, Жолда қиналған жан көрсең, көмектес» деген. Міне, Құран мен сүннеттен тәлім алған жандардың ұстанымы осы. Ал бүгінгі мұсылманды ұрда жық мінездің адамы етіп көрсету, исламды қатігездік пен қантөгістің діні етіп көрсетудің ешқандай негізі жоқ. Анығында бүгін дінді өз бастау бұлағынан үйрену қажеттілігі туып отыр. Ол дегеніңіз мұсылмандықты тануда Құранға үңілу және сүннетке қарау. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) өмірлік тәжірибесін зерделеу. Ал бұл бастауларда, жоғарыда сөз етілгендей, қаталдыққа, қатігездікке шақыру атымен жоқ. Ал жекелеген адамдар мен кейбір радикалды топтарда байқалып отырған қаталдық ол осы бастауларды дұрыс түсінбеуден туындауда. Исламның түпкі негізі мейірімділік пен қайырымдылыққа сүйенеді. Ал оны қате түсінетіндерге ұқтыру үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, дін өкілдерінің пікір алмасуын үзбей, дінаралық келісім мәдениетін орнықтырып, сұқбаттастықты, дінаралық диалогты жандандыра түсу керек. Өйткені, исламды өз қадір-қасиетіне сай түсіндіретін орта керек, ол барлық заманға бейім әмбебап жүйе. Бүгінгі күні атқарылуы тиіс ең маңызды жұмыс Исламдағы мейірімділікті кеңірек түсіндіру, мұсылмандардың өз жақындарына, туыстарына, қоғамға, еліне деген жанашыр сезімін қалыптастару.

Адамзат қазіргі уақытта махаббат пен сүйіспеншілікке аса зәру. Абай атамыз да өзінің уақытында осы Алланың мейірімін сөз етіп, «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және де хақ жолы деп әділетті» деген. Біз бірақ осы шумақтарды жатқа білгенмен, өзгелерді өзіңдей көру, адамзаттың бәрін сүюге келгенде назарымызды төмен саламыз. Өйткені, адамзаттың бәрін сүюді былай қойғанда, қоғамда өз әке-шешесіне мейірім танытпайтындар, өз баласынан жерінгендер, туыстық пен бауырлықтан гөрі ақшаны артық көретіндер, өз басын ғана ойлайтын, рахатпен өмір сүргісі келетін гедонистер азаймай отыр.

Бірақ, қоғамдағы кейбір жағымсыз жайттарға қарап, таусыла беруі де тығырықтан шығар жол емес. Хадисте «Ел құрыды деген адамның өзі құрығаны» деп ескертілген. Сондықтан, пессимизмге берілместен, мемлекеттің жасап отырған жақсылықтарын көре біліп, соны қолдап, өзіндік үлес қоса білген дұрыс. Қазақстан мұсылмандары қазір еш нәрседен де кенже қалып отырған жоқ. Діндар қауымның бар қажеттіліктері ескерілуде. Мәселе мейірімділік пен жанашырлықта, құлағанды демеп, сүрінгенді тұрғызуда, көмекке зәру жандарға қол ұшын беруде әр адамның өзіндік үлгі көрсете білуінде. «Өзіңдегі шырақпен өзгенің шырағын тұтатсаң, жарық екі есеге көбейеді, бірақ сенің шырағыңнан еш нәрсе кемімейді» дейді шығыс даналары. Тағы да Абайға жүгінсек, «Жаздым, үлгі жастарға бермек үшін» дейді. Бізде ұмытылып бара жатқан құндылық үлгілі іс жасау, үлгілі азамат болу, маңайына және кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық іс жасау керектігі. Осы орайда нағыз мұсылман жақындарына, туыстарына, еліне, қоғамға жаны ашитын, мейірімді жан деуге толық негіз бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Оқылды 1671 рет
JoomShaper
Top