Мұхитдин ИСАҰЛЫ: Қоғамның дерті – ғаламторда

Жұма, 23.10.2021

Жастар мәселесі қай заманда да күн тәртібінен түсіп көрген емес. «Аға буынның кейінгі жастарға ешқашан көңілі толған емес» десек те, көңілге кірбің ұялатар жайттардың бары тағы рас. Жастар арасындағы келеңсіз оқиғалар туралы қоғамда түрлі пікірлер де білдіріліп, ойлар да айтылып жүр. Теология ғылымының докторы Мұхитдин Исаұлы мен газет тілшісінің әңгімесі де сол тақырып төңірегінде өрбіді...

– Бүгінгі ұрпақты, жас буынды рухсыз, әлжуаз, таяз деп кінәлайтын ағалар аз емес. Осы сөздің қаншалықты жаны бар. Жастарды мұндай келеңсіз қасиетке әкелетіндей қандай дертке шалдықты?

– «Даудың басы – Дайрабайдың сиыры» депті ғой Биаға, Бейімбет Майлинді айтамын. Біздің қоғамның дерті ғаламторда жатыр. Рас, интернет әлемдік ғылымды тез меңгеруге жағдай жасайтын негізгі және ең мықты құралдың бірі болғанымен, оның зияндылығы да орасан зор екені анық. Шамамен, соңғы бес жылдың көлемінде біздің елімізде де интернет желісі кеңінен тарап, дами бастады. Бірақ, өкінішке қарай, пайдалы жақтары бар десек те, мұның зияндылығы соңғы жылы басымырақ тәрізді сезілуде. Неге десеңіз, біздің болашағымыз – жаңа ұрпақ, бүгінгі буын қайраткер, қаламгер Мұхтар Шаханов айтпақшы, компьютер басты адамға айналып барады. Яғни, балаларымыз бен жастарымыз ғаламторға мықтап байланған, интернет олардың есі-дертін жайлап үлгерген, тіпті шамадан. тыс. Бұлай дабыл қақпасқа амал жоқ. Өйткені, сіз болашағыңыздың қандай болатынын нақ қазір көргіңіз келсе, оған сәуегейлік жасамай-ақ, бүгінгі ұрпақтың қалай және қай бағытта өсіп келе жатқанын байқасаңыз жетіп жатыр.

Иә біздің елде интернет желісі соңғы жылдары қарқынды дами бастады. Оның ең белең алғаны әрине ұялы телефонда интернет қосылғанда басталды. Әрине жас ұрпақ қашан да ойынға, көз тартар нәрселерге т.б құмарлық нәрселерді пайдалануға құмбыл тұрады. Ендеше осы интернет желісі жаппай ойындар одан қалса сол ойын ішіндегі казинолық ойындарға да толы болған соң жас ұрпақ ә дегеннен әуес болып сыртқы казиносыз ойын-сауықтар бармай-ақ үйде отырып-ақ лудамания ауруына шалдыққандар бой көрсте бастады. Бұл әрине біздің елге ғана қатысты мәселе емес ғылымның кең дамыған елдерде де көп болуда.

– Сіз айтып отырған кесел тек біздің қазақ жастарына ғана жұққан ба, әлде, өзге мемлекеттердің жастарында да бар ма екен?

– Жоқ, бұл бізден басталған кесел емес, өзгелерді де өкшелеп, бойларына дарып үлгерген. Бірақ олардың ғұламалары мен данышпандары бұл аурудың кеселін іздеп әлек. Тіпті, алғашқы шараларды қолға алып та үлгерген. Мысалы,«American Journal of Psychiatry» журналында белгілі американдық дәрігер Джеральд Блок шамадан тыс интернетке құмарту компульсивті-импульсивтік ауытқуға әкеп соқтыратыны туралы жазады. «Егер сізге компютеріңізден ажырау қиынға соғатын болса, егер компютерлік ойындар сізге демалу мен тамақтануды ұмыттырса, егер сіз бір минутқа «чаттан» шыға алмай, интернетте хат алмасуды өз бетіңізбен тоқтату мүмкін болмаса, міндетті түрде психиатр маманның көмегіне жүгінген жөн» деген ол мұндай жағдайдың өте ауыр екенін айтады.

Интернет-тәуелділікке байланысты жантүршігерлік оқиғалар Оңтүстік Кореяда көп тіркелген көрінеді. Бұл елде ұзақ уақыт бойы интернет-кафелерде отыру салдарынан он адам көз жұмған, ал бір адамды онлайн ойын үшін өлтірген.Осы мемлкетте шамамен 210 мың бала интернет тәуелділік ауруына шалдыққан және медициналық көмекті қажет етеді. Нью-Йорктік ғалым Ivan Goldberg-тің теориясы бойынша, мұндай тәуелділік психикалық проблема ретінде сипатталған.

Міне, барлап қарасаңыз, интернеттің шыққанына көп болмай-ақ, әлем ғалымдары интернеттен сақтану қажет деп дабыл қағуда. Тіпті, болашақта арнайы «адамзатты интернеттен қорғау» орталықтары мен қорлары құрылуы әбден мүмкін. Ең үлкен дерт осы интернет болуы мүмкін. Өйткені, адамзат интернетте ғылымнан қарағанда өсек-аяңға, дау-дамайға, түрлі құмар ойын-пәлелерге, жалғанға көп әуестеніп, ал былайғы өмірде бір-бірімен адамша қарым-қатынас жасаудан қалып барады. Оның бір мысалын сол тордың туған елінен қазірден көруге болады.

Бүгінде діннің төңірегінде де дау-дамай жиі туындап, дәстүрлі дінімізге күйе жағушылар көбейіп жатқаны аян. Осындай арам ниеттегілер де істерін интернетпен бітіретін сыңайлы...

– Иә, сондай-ақ бүгінгі таңда әлемде діни экстремизм белең алып барады. Анығырақ айтқанда, әлемдегі әһлі кітаптық алпауыт елдері Ислам дінінің өркендеуін қаламағандықтан, мұсылман елдерінде ылаң салып, «ислами экстремизм» дегенді ойлап тапты. Тіпті, бүгінгі ИШИМ-нің де шыққаны соның бір бағдарламасы болатын. Алайда, Алла қашан да әділ ғой. Сол елдегі босқындар бұл күндері жаппай Еуропа елдеріне қарай ағылуда. Ал еуропоалықтықтардың кәрі ұлт екені әлемге мәлім. Ендеше олар өз елдерінде Исламға тоқтау саламын деп, есесіне өз елдерінің болашағы мұсылмандарға табысталып жатқанын байқамай да қалды. Сол Еуропадағы ағылып жатқан босқындар сырттай «Ақтабан шұбырынды» болса да негізінде әһлі кітапты, Еуропаны мұсылман етуге бара жатқан, оларға ақиқатты сөзімен де, халімен де түсіндіруге бара жатқан мұхажирлер. Сол бір қасиетті жолда суға батқандар, жағада қалған сәбилер ғазуатта шейіт болған қаһармандар. Олардың қаһармандығы сол – әһлі кітап бұларға зұлымдық жасаса, ал бұлар соларды құтқарып мәңгілік жұмаққа жетелемек.

Сөз арасында сол діни экстремизмнің әсері қаншалықты екенін де айта кетсеңіз?

– Иә, мәселеге қайта оралсақ, сол эстремизмді жаюдағы ең басты құралды олар осы интернет желілері арқылы жасауда. Бұл заманда бұрынғыдай ел-елді аралап, адастырудың қажеті жоқ. Интернет арқылы жүздесіп, сөйлесулер өмірдегіден ешбір айырмасы шамалы. Сол себепті, әр түрлі сайттар мен атыс-шабысқа қатысты түрлі ойындар, әсіресе, жастардың миын көп зақымдауда. Әуелде он-он сегіз жастар аралығындағы жас жеткіншектер атыс-шабыс ойындарға көп әуес болады да, сол арқылы әлде бір фанаттыққа, науқасқа шалдығады. Басқа сөзбен айтсақ, атыс-шабыс ойындары сырттай бір ойын болса да, ол жас баланың миын зақымдап, жүрегіндегі мейірімділік сезімдерін жойып, есесіне қатігездік сезімдерін оятады. Осынау процесстер жас жеткіншектің жабық бөлмесінде болып жатқанда, одан бейхабар ата-ана шетелдік нәпсіқұмарлық сезімдерін оятататын, не болмаса ешбір пайдасы жоқ телесериалдарды көріп жатады. Өйткені, олар баласының үйіне интернет желісін құрғалы бұрынғыдай көшеде балалармен көп ойнамай, үйге кешігіп келетінін қойғанын, бұзықтығын қойып томаға-тұйық, салмақты болғанын көріп мәз болады.

Ата-анада бір ғана түйін бар. Балам мені мазаламаса болды. Не болмаса, оның мектепке барып жақсы баға алғанын ғана қалайды. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген жоқ па? Иә, бала жақсы баға алғанымен, интернетке әуес болған соң сабағын тез дайындап тастауға әдеттенеді де, қалған уақытын интернет желісіндегі ойындарға жұмсайды. Ал ата-ана тәрбие беруге құлықсыз, ұл-қызының мінез-құлқын бақылаудан, дұрыс тағылым беруден алшық.

Жас жеткеншек он бестен аса бастағанда ойынмен бірге басқа да қараңғылық ұйыққа түсе бастайды. Мысалы, жастардың арасында көп болатын нәпсіқұмарлық сезімдер, құқықбұзушылықтар осы кезеңде орын алады. Не болмаса он сегізден асып, ес жия бастағанда сенім өзінің жаратылысында болғандықтан дінге де бет бұра бастайды. Мектепте дін дәрісі жоқ, мешітке ата-анасы жібермейді. Осы кезде бала интернет желісі арқылы дінді үйренуге құлшынады. Ғаламтор желісі оның негізгі ұстазына, сол ұстазының тәлімі ұстанымына айналады.

Егер жастарымыз сол интернет арқылы, ғаламторды өзіне ұстаз санап дәстүрлі дінімізді меңгеріп жатса, Ханафи ілімін үйреніп жатса, несі айып? Бәлкім, компьютерден көрген қысқа ғана дүниесін кеңінен білгісі келіп, кітап ақтарар. Меніңше, мұның зияны жоқ сияқты.

– Қазіргі таңда елімізге сараптама жүргізіп әуре болмай-ақ, көптеген жастарымыздың кітап оқуға құлшынысы жоқ екенін, еріншектеніп бара жатқаныдығын байқау қиын емес. Өйткені, интернетте қалағанының бәрі бар, іздегенін секундтардың ішінде-ақ табады. Және қысқа-нұсқа түрде жеткізіп береді. Тіпті, бұл күндері ол да қалып,бейнероликтер арқылы дінді үйренетіндер, дәріс алатындар бар. Өздерін Ханафи мәзһабы бағытында санаса да, ұстазы интернет болған соң, оның дінге деген көзқарасы мүлде басқаша болып келеді. Ұстазы адам болмаған соң, өзін тәкаппар, білімді, тақуа санайды. Бәрін білетін адам болып көрінеді. Имам Мәліктің мынадай бір сөзі бар. Ол: «Мен жиырма жыл ұстазымнан дәріс алдым. Соның он тоғыз жылында әдептілікті үйрендім. Мен кеш білдім, егер ерте білгенімде жиырма жыл әдептілікті үйренер едім» дейді. Міне, интернет желісі арқылы үйренген жас жеткіншек әлдекімдерді өзіне сырттай ұстаз санаса да, олардың қасында болып, әдептілікті үйренбегендіктен, бір жағынан әдепсіз, екінші жағынан тәкаппар болып шығады. Әлгі ұстаздарының күндердің бір күнінде әлдеқандай сөзі жақпай қалса, оны сырттай тастап, басқа бір ұстазды өзіне пір тұтады. Соны жарнамалап, насихатын жасап өмір сүреді. Міне, бұл да үлкен бір дерт.

Бұлар сырттай Ханафи мәзһабынан болып көрінгенімен, радикалдыққа апарып соғатыны тағы бар. Өйткені, интернет желісі арқылы үйренген соң, өзінің ата-бабаларының қандай Ханафиді ұстанғанын, қандай фәтуалары болғандығын, оның дәстүрімен байланысын біле алмайды да, соған да қарсы шығатын тұстары болады.

Ал енді осылардың екінші бір топ жастары интернет желілеріндегі экстремисттік сайттарға кез болады. Олар өз уағыздарымен өздеріне тартып, жиһадқа үндейді. Кешегі жылдар бойы ойнаған атыс-шабыс ойындары арқылы қатігездік сезімдері осы кезде іске асады. Бұл да бір жетілген ойын түрі еді олар үшін. Әрі ойындардағы фанаттық ұғымдар бұл жерде де іске асып, ойынның соңы – жұмаққа тез жеткілері келеді. Бала кезінде ата-анасы, ортасы қалай қызық емес болса, атыс-шабыстардағы вертикалдық өмір бәрінен қалай қызық болса, қиялындағы жұмақ та солай қызық көрініп соған тез жеткілері келеді.

Бүгінде біз еліміз зайырлы болған соң мектеп пен жоғарғы оқу орындарына дін дәрістерін енгізуге құлықты емеспіз. Ал мұның кері әсері тағы бар. Зайырлы деген – дінсіз деген сөз емес. Фанатимге жол бермеу деген сөз. Оларға дін жайында ешкім мағлұмат бермеген соң интернет арқылы дінге тон пішуде. Сол жердегі шейхтарын ғана жөн санап, елін дінсізге балап жатса, ол – біздің қателігіміз. Иә, бұл күнде дін дәрістері болмаса да (оқу орындарының бағдарламасына енген «дін тарихы» пәні орын толтыра алмайды), бұл күнде жиі-жиі сол мекемелерде мұғалімдер мен шәкірттерді жинап, экстермизм туралы үгіт-насихат айтуды бастап жүрміз. Бірақ бұлардың бәрі бір интернет желісінің қасында өртке қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана болып қалады. Иә ниетіміз, бағытымыз дұрыс, бірақ ұрпақты құтқаруға жетпейді десем, артық болмас.

Біздің заманның көкейде жүрген дерттерінің бірсыпырасы осылар. Ең бастысы, бұл айтылғандармен тек имамдар немесе ұстаздар күресе алмайды. Мұндай ұрпақ тәрбиесіне қатысты шаруаға қоғам болып жұмылғанымыз абзал. Әсіресе, ата-аналар үлкен күш жұмсауы қажет.

Әңгімеңізге рахмет!

 E-ISLAM

 

Оқылды 1156 рет
JoomShaper
Top