Ершат Оңғаров: «Құрбан айт – қазақ мәдениетінің қасиетті құндылығы»

Жексенбі, 05.10.2021

Құрбан айт елімізде ресми тойланатын мейрамдардың қатарына енгізіліп, айттың алғашқы күні демалыс болып жарияланды. Бұл тарихи шешімнің рухани мәдениетіміздің дамуына қосар үлесі зор. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар Кеңесінің хатшысы, исламтанушы, PhD Ершат Оңғаровпен сұхбат жүргізген едік.

 

– Әңгімеміздің әлқисасын Құрбан айт мейрамының тарихынан бастасақ.

Құрбан айт – жай ғана құрбандыққа мал шалу емес, осы бір қасиетті мейрамның шығу тарихы сонау Пайғамбарлардың атасы Ибраһим Халилулла пайғамбар заманынан бастау алады. Ибраһим Пайғамбарымызды Алла Тағала сынаққа алып, бауыр еті баласын Алланың разылығына жету жолында құрбандыққа шалуды бұйырғанын бәріміз білеміз. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Ол (ұлы) оның өзімен бірге жүріп, әрекет етуге жеткен кезде Ол: Балам! Мен түсімде сені (құрбандыққа) шалып жатқанымды көрдім. Байқап қарашы, сен не ойлайсың? – деді. Ол: Әкешім! Өзіңе бұйырылғанды орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табасың,– деді» («Саффат» сүресі, 102-аят), –деп, Ибраһимнің ұлы Исмаилдің (ғ.с.) иләһи әмірге бойұсынып құрбан ету сынағына ұшырағаны баян етіледі. Сонда әкелі-балалы пайғамбарлардың сынақтан сүрінбей өткеніне Алла Тағала разы болып: «Анығында, бұл – ашық сынақ. Және Біз оның орнына үлкен құрбандық бердік» («Саффат» сүресі, 106-107 аяттар), – деп, Ибраһимге үлкен қошқарды нәсіп етіп, соны құрбандыққа шалуды бұйырған. Сол оқиғадан бастап Алланың жарылқауына жету мақсатынды құрбандыққа мал шалу құлшылыққа, яғни ғибадатқа айналып еді.

Құрбан шалғанмен, көп жұрт оның мән-мағынасы терең ұғынбауы ғажап емес қой? Олай болса, құлшылықтың осы түрінің сыры неде екенін түсіндіре кетсеңіз.

Құрбан шалу – Алла Тағаланың пендеге берген сансыз нығметтеріне ризалығын білдіріп, Жаратқанға шүкіршілік ету деп түсіну керек. Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың нығметтерін санасаңдар, оның есебіне жете алмайсыңдар...» («Нахл» сүресі, 18-аят), – деп ескерткен. Ал нығмет дегеніміз не? Жалпы,адамзат ғұмыр бойы Жаратушы Құдіреттің қисапсыз нығметтеріне бөленеді. Мәселен, бір жылдан келесі жылға аман-есен жету. Иман нығметі. Денсаулық нығметі. Мал-дүние де сол нығметтер қатарында. Міне, осы нығметтердің барлығы үшін пенде Алла Тағалаға шүкіршілік етуге міндетті. Олай болса, құрбан шалу – сол Алла берген сансыз нығметтерге шүкіршілік етудің бір көрінісі. Қан шығарумен құлшылық орындалады, яғни Құран Кәрімнің: «(Ей, Мұхаммед!) Анығында, Біз саған Кәусарды бердік. Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 1-2 аяттар), – деген әмірін орындаған болады. Сонымен қатар, Құрбан шалудың аясында садақа жасау да қамтылады. Себебі құрбан шалушы сойған малын өз шаңырағымен қоса көрші-қолаң және жора-жолдастарына, мұқтаж жандарға теңдей бөліп таратады.  Қала берді, мұсылман бауырлар айт дастарқанын жайып, бірін-бірі үйіне шақырып, бұл бір мерекеге ұласады. Ал ең маңыздысы, Құрбан айт мұқтаж жандардың қиыншылығын аз да болса жеңілдетіп, шаңырақтарына шаттық сыйлауға аз да болса сеп. Сондықтан да, ол – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманынан күні бүгінге дейін халық жадынан өшпей, керісінше дәстүрінің үзілмес жалғасы болып келеді.

Дәстүр демекші, құрбан шалу дәстүрі қазақ мәдениетінде қашаннан басталған? Осыған тоқталып өтсеңіз.

Құрбан шалу үрдісінің елімізге алғаш келуін ғалымдар асыл дініміздің қазақ даласына таралуымен байланыстырады. Ал оның тарихы тым тереңде жатыр. Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақ еліне Исламның  сонау Қарахан әулеті (Х-ХІ ғғ.) мен моғолдар (ХІV-ХV ғғ.) кезеңінен бастау алады.  Ол тұста тіпті Ислам діні қарахандықтардың мемлекеттік діні болып жарияланған. Қарахан билеушілерінен ең бірінші болып мұсылмандықты қабылдаған Сатық Бұғра хан болатын. Тәубаға беріктігінің белгісі ретінде хан тіпті өз есімін мәңгіге ұмытып,  жаңадан азан шақыртып, Абу ал-Керім деген мұсылманша ат қойғызды. Бұл 955-956 жылдар болатын. Сондай иманды әкеден тәрбие алған ұл Мұса болса, 960 ж.таққа отырысымен, Исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады. Бұл жөнінде «История культуры тюрков» зерттеуінде ғалым Назкен Бакина: «Қараханид түркілерінің исламдануы миссионерлердің белгілі бір күштеуімен емес, бірыңғай мемлекеттік діннің ықпалы негізіндегі экономикалық және саяси пайда күшімен ағымдалды», - деп атап өтеді.

Жалпы, түркілердің Исламды қабылдауындағы бұқаралық сипат 1043 жылдың күзіне жатқызылады. Әрине, мұсылмандықтың ең негізгі белгісіндей Құрбан айт мерекесі де дәуірлеп, сол тұста 10 000 шатыр иелері 20 000 мал шалып, Исламды қабылдағаны жайлы деректер баршылық тарихта. Бұл түркілердің жазғы жайлаулары Еділ бойында жайылса, қыстаулары Баласағұнда болатын. Осылайша Каспий маңы жерлері мен Еділ бойын мекен еткен, қыпшақ және т.б. тайпалардан тұратын түркі тайпалары, өзіндік мұсылмандық түркі мәдениетінің орталықтарына айналады.

Ал қоғамдық өмірдің ресми деңгейінде Әбу Ханифа мәзһабы қолданыс тапты. Отырықшы түркі халықтары арасында бұл мәзһабтың қолданыс аясы, көшпенділермен салыстырғанда әлдеқайда кең болды. Көшпенділер қоғамдық өмірді реттеуде әдеттік заң нормаларына көбірек жүгінгенімен, Ислам шарттарын орындау мен ғибадат мәселелерінде осы мәзһабтың ұстанымдарын басшылыққа алды. Бала туғанда азан шақырып ат қою, неке қию, жерлеу рәсімдері, ораза тұту, намаз оқу тәртіптері осы мәзһаб шарттарына сәйкес атқарылды. Басқа да мұсылман халықтары сияқты көшпенділер де Ораза айт, Құрбан айт сияқты мейрамдарды атап өтіп отырды.

Құрбан айт мейрамы қазіргі, тәуелсіз Қазақстан кезеңінде өз тегеурінді тұғырына ие болды. Олай дейтінім, тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев дәстүрлі дініміздің ең басты мейрамы Құрбан айтты ресми мейрамдардың қатарына қосып, айттың бірінші күнін демалыс деп жариялады. Елбасымыздың осы көреген саясатының арқасында Қазақ халқы ежелден Ислам дінін қабылдаған мұсылман ел екені тарихта қала бермек.

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы халқымыздың рухани өмірінде 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жыл деп жариялады. Себебі, қазақ халқының ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі ислам құндылықтарымен байланысты. Әдет-ғұрыптарымыз қазақ мәдениетінде синкреттелген нақты ислам құндылықтары болып табылады. Соған сай «Дін мен дәстүр» жылы саясында биылғы Құрбан айт мейрамы да ерекше аталып өтуде. Ел ішіндегі ірі мешіттердің жанынан қазақтын Киіз үйі тігіліп, салт-дәстүріміз жаңғырып, мейрамды әрлей түсуде. Осы тарихи құбылыстардың арқасында, Құрбан айт мейрамы – қазақ мәдениетінің қасиетті құндылығы болып қала беретіні анық.

Құрбан айт мейрамының кульминациясы малды құрбандыққа шалу десек, құрбан шалу кімдерге міндеттеледі және қандай малды шалу керек?

– Құрбан шалу жалпыға бірдей міндет емес, себебі Ислам діні ондай күштеу мен зорлықтан мүлдем ада. Олай болса, Құрбан шалу – ең бірінші балиғат жасқа толған, дәулеті асып-тасымаса да негізгі қажеттерден тыс, нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болған мұсылманға міндет (уәжіп). Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін ақшамен есептеледі. Яғни, 85 грамм алтын сатып алуға қаражаты жететін кісілер ғана құрбан шалуы тиіс. Ендеше тапқаны күнделікті қажеттерінен артылмайтын, сондай-ақ сапарда жүрген кісіге құрбан шалу шарт емес.

Осы ретте біз құрбандыққа шалуға болатын және болмайтын мал түрлерін атап өтуге тиіспіз.  Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарына ешқандай дау жоқ, яғни,  осылар құрбандыққа жарайды. Алайда олардың жасында да белгілі бір өлшем бар. Нақты айтсақ, қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр – екі жасар, түйе – бес жасар болуы керек. Бірақ егер алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Ескерте кету керек, елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбандыққа жарамайды.  

Және, қадап айтар ең негізгі шарт, Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, құрбандық малы тек қана етін пайдалану үшін емес, ең бастысы ол Құрбандық ғибадаты үшін шалынады.

Құрбан шалу қай уақыттан басталып, қашан аяқталуы тиіс?

–Бұл маңызды сұрақ. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Осы уақыттың ішінде құрбан шалу – міндет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбан шалудың уақытын бірнеше хадисте атап өткен. Бәрә ибн А’зибтің риуаяты бойынша: «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Ол құрбандыққа жатпайды», – делінген. Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Айт мейрамдарында көп қойылатын бір сұраққа тоқталғым келіп отыр. Айт күндері кір жуып, үй жинауға бола ма?

– Негізі тазалық іс-шаралары айт мейрамдарынан алдын жасалғаны абзал. «Тазалық – иманның жартысы...» деген хадис шариғатымызда тазалықтың қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Алайда, бұл жерде қатып қалған қағида жоқ, егерде тазалықтың ыңғайы сол Айт күндеріне сай келіп тұрған кісі кір жуса, күнәһар болмайды.  Ал, халық арасындағы «айт күндері кір жууға болмайды» деген тыйым болса, ол шариғат тыйған амалдарға жатпайды. Оны, мейрам күндеріне, осы күндері келетін қонақтарға құрмет көрсету үшін айтылған халық педагогикасының кеңесі ретінде қабылдаған жөн.

– Биыл Құрбан айт мейрамы қай кезде тойланады? Жалпы, осы дәстүрдің орындалу шартын рет-ретімен айтып өтсеңіз.

– Исі мұсылман жаппай асыға күтетін осы бір қасиетті мейрам бұйырса, биыл күнтізбе бойынша  қазанның 4-і күнінен бастау алмақ.  Осы күні таң ата еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.

Негізі Айт мейрамын тойлауды, жоғарыда Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) хадисінде баяндағандай, Айт намазынан бастаған жөн. Ал намазға дейін жақсылап ғұсыл құйыну (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барудың сауапты іс екенін мұсылман бауырларымыз білетін болар. Содан кейін Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Мереке күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Араздасып қалған кісілер болса, қайта табысып, мұсылман бауырлар мейлінше бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан кісілердің арнайы көңілін сұрап, бару, жетім-жесір, мұң-мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қолдан келген көмекті аямау өте сауапты істерге жатады. Сонда-ақ, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізгеніміз абзал.

 

E-islam.kz

 

Оқылды 1303 рет
JoomShaper
Top