Алланың аятын дауа еткен ғалым

Жұма, 20.01.2022

«Құраннан, иман келтіргендер үшін

шипа және мейірім түсіреміз» (Исра: 82)

Құдіреті күшті Алла Тағала Өзінің кітабында Құранның адамдар үшін шипа екендігін нақтылап айтқан:

«Егер ауырсам Ол (Раббым) маған шипа береді» (Шұғара: 80).

«Ей, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір уағыз және жүректегілеріңе шипа әрі иман келтірген үшін туралық пен мейірім (Құран) түсті» (Жүніс: 57).

Ислам тарихында Құранның кейбір бөлігі ғана емес, барлығы тұтастай шипа екеніне куә болатын оқиғалар жеткілікті. Мұндай риуаяттардан соң адам расында да бүкіл Құран Кәрім – шипа деген тұрақты шешімге келеді. Мысалы:

Әбу Ауф әл-Ашджағи есімді ғалым науқастанып қалады.

Адамдар одан: – Сені қандай дауамен емдейік? – деп сұрайды. Сонда Әбу Ауф әл-Ашджағи:

– Маған су алып келіңдер. Расында Алла Тағала:

«Аспаннан берекетті жауын жаудырдық» – деп айтқан дейді (Қаф: 9). Қасындағылар су алып келеді. Мұнан соң:

–  Енді маған әсел алып келіңдер. Алла Тағала:

«Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар» – деп айтқан дейді (Нахыл: 69). Адамдар барып әсел алып келеді. Әбу Ауф әл-Ашжағи тағы:

– Енді маған зәйтүн майын беріңдер. Бұл хаққында Алла Тағала:

– «Шығыста болмаған берекетті зәйтүн майымен тамызылады», – деп айтқан дейді (Нұр: 35).

Айтылған осы нәрселердің барлығы Әбу Ауф әл-Ашджағидың жанына қойылады. Ол бұлардың барлығын бір ыдысқа құйып, араластырып, кейін Алланың шипасы болсын деп ішеді. Осылайша ғалым дертінен айққан екен.

Жалғас Садуахасұлы, дінтанушы

Оқылды 1166 рет
JoomShaper
Top