Әкімнің ашуы

Бейсенбі, 10.11.2021

Жамиғ Мухариби деген кісі әкім Хажжаждың құзырына кіреді. Жамиғ ізгі, шешен, парасатты және батыл ақсақал еді.

Хажжаж Уасит қаласының құрылысын бастаған кезде ақсақал: «Қаланы өз өлкеңнен басқа жерге салдың, оның мұрагері де басқа біреудің баласы болады», – дейді. Хажжаж Ирақ жұртының бағынбайтынын және әдеттерінің жамандығын айтып шағымданады.

Парасатты ақсақал: «Ирақ халқы сені жақсы көрсе бойұсынар еді. Олар сенің тегіңе де, өлкеңе де, жеке басына да мін айтпайтын еді. Халықты сенен алыстататын іс-әрекетен аулақ бол, жақындататын амалдарға жақын бол. Амандықты жоғарыдағылар саған бергенді төмендегілерге беріп ізде. Жазалауың ескертуден кейін, ал ескертуің уәдеден кейін болсын», – деді.

Сонда Хажжаж бұл халықты қылышпен бойұсындырған жөн болар,-деді. Ақсақал: қылышқа қылыш тисе елден жақсылық кетеді, – деді. Хажжаж: «Ол күні жақсылық Алланікі», – деді. Ақсақал: «Иә, бірақ ол жақсылықты Алла кімге беретінін білмейсің»,-деді.

Хажжаж: Сенің тіліңді кесіп, сонымен өзіңді сабаса ғой!,-деді. Сонда ақсақал: «Саған шындықты айтсам сені ашуландырамын, ал саған өтірік сөйлесем Алланы ашуландырамын. Әкімнің ашуы Алланың ашуынан жеңіл», –дейді. Хажжаж: «Оның рас», – деп үнсіз қалған екен.

Бұл әңгіме «Ақдул Фарид» (4/25) еңбегінен алынды. Авторы – Ибн Абду Робби.

Дайындаған

Мұхаммед Ибраһим,

исламтанушы

Оқылды 230 рет
JoomShaper
Top