Өрмекші бүлігі

Бейсенбі, 13.10.2021

Өрмекшінің аналығы ұрықтанған соң, аталығын өлтіріп үйдің сыртына лақтырып жібереді екен. Ал, балалары өскен соң жабылып жүріп аналығын өлтіріп, кейін оны да сыртқа лақтырып тастайды.

Таңқаларлық құбылыс. Бұл тұрғысынан алып қарағанда өрмекшінің «отбасы» ең нашар отбасы деуге болады.  Құран Кәрімде: «Алладан өзге біреулерді қамқоршы етіп алғандардың мысалы – өзіне тұратын жай жасап алған өрмекшінің мысалына ұқсайды. Шын мәнінде, үйлердің ең осалы – өрмекшінің үйі. Егер де олар білетін болса» деп баян етеді. (Ғанкабун сүресі, 41-аят) Әрине, адамдар өрмекшінің ұясының осал екенін біледі. Алайда, мұндағы осалдық «отбасы» тұрғысынан екенін екінің бірі біле бермесі анық. Міне, сондықтан аятта: «...Егер де олар білетін болса» деп келуде.

Алла Тағала сүрені осы жәндіктің атымен «Ғанкабут» (Өрмекші) деп атаған. Алайда, сүреде өрмекшіге қатысты бір ғана аят бар. Ал, сүре басынан аяғына дейін фитна – бүлік жайлы. Сүренің басында: «Адамдар иман еттік десе, ешбір сынақсыз өз жайына қалдырамыз деп ойлай ма?» деп басталады (Ғанкабут сүресі, 2-аят).

Осы тұста, фитнаның өрмекшімен не байланысы бар деген ой еріксіз келеді. Неге, Құранда өрмекші айтылған? Құранның әрбір аятының астарында көптеген сыр-хикмет бары анық. Бір сәт ойға шомып қарайтын болсақ бүліктің араласып бір-біріне кіріп кетуі, дендеп бойлауы өрмекшінің өрмегіне ұқсайды. Бүлік тым көп әрі барлық жерге кездеседі. Кейде адам жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратуға шамасы келмей қалатын жағдайға тап келеді. Міне, сол себепті Құран Кәрімде бүлікті өрмекші ұясымен теңеп айтқан. Өйткені, бүлік шұқырына түскен адам, өрмекші тұзағына түскен жәндіктің күйін кешеді. Ал, енді, бүлік тұзағынан арылуды қалаған адам тек Алладан жәрдем сұрап: «Уа, Алла! Бізді көзге көрінбеген және астыртын барлық фитна бүліктен Өзің сақта» деп медет күтуі қажет. Алла Тағала әрбір пендеге тым жақын. Жаратушы жарылқаса кез келген бүлік саусақ тисе бұзылатын өрмекшінің ұясы сияқты осал екенін көресіз.

Руслан Қамбар

Исламтанушы, магистрант

Оқылды 467 рет
JoomShaper
Top