Мемлекеттік саясаттың дін саласында жүзеге асырылуы

Сенбі, 30.08.2021

Аса қамқор ерекше мейірімді Алла атымен,

Барлық мақтау әлемдер Раббысына,

Оның сәлемі мен игілігі елшісі Мұхаммедке!

Құрметті форум қатысушылары мен қонақтар!

 

Дін жалпы қоғамның және жеке адам өмірінің бөлінбес бөлшегі. Ал, қазақ халқы үшін Ислам дінінің орны ерекше. Ислам қазақтың өмір сүру салтына, ұлттық дәстүріне және тіліне ерекше әсер еткен. Қазақтың тілі, ділі мен діні біте қайнасқан. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Түбіміз – түркі, дініміз – Ислам, кітабымыз - Құран» деген сөзі бұның айқын айғағы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) және оның қарамағындағы мешіттер еліміздің қоғамдық, мәдени, әлеуметтік және саяси өмірінде белсенділік танытады. Себебі, бұл дініміздің әмірі. Ал, ауызбіршілік, ынтымақ, ел тыныштығы діннің негізгі насихаттайтын тақырыптарының бірі. Өйткені, мұсылманшылықтың басты принцептерінің бірі – басшыға бойұсыну. Бұл жайлы Құранда: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойсұныңдар, Пайғамбарға бойсұныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де...» (Ниса сүресі, 59-аят),-деп айтылса, Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім маған бойұсынса, Алла тағалаға бойұсынғаны. Ал, кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққаны. Кімде-кім басшысына бойұсынса маған бойұсынғаны. Ал, кім басшысына қарсы шықса, маған қарсы шыққаны»,-деген өсиеті басшыға бойұсынудың қаншалықты маңызды екенін аңғартады.

Біз мешіт қызметкерлері осы құндылықтарды мешіт мінберінен насихаттаймыз. Себебі, басшыға бойысұну, елдің ауызбіршілігін сақтау – дініміздің пәрмені.

Қазақ халқы тектен-тек мұсылманшылықты дін етпеген. Өйткені, мұсылманшылық мемлекеттің заңдарын қадір тұтып, мойындауды бұйырады. Тіпті, Ислам мен мемлекеттің басты принцептері ортақ. Мәселен, адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Уа, адамдар! Сендердің қандарың (жандарың), мал-мүліктерің Раббыларыңның құзырына барғанша (қияметке дейін) бір-біріңе (қол сұғуға), осы күннің құрметіндей, осы айдың құрметіндей, харам (тиым) етілді. Сендер Раббыларыңмен кездесесіңдер, Ол амалдарыңның есеп-қисабын сұрайды»,-деген. Екі дүние сұлтаны (с.ғ.с.) «осы күн» деп құрбандық күнін, «осы ай» деп зул-хижжа, қажылық айын айтып тұр. Бұл Алла елшісінің (с.ғ.с.) мұсылман баласына, өз үмбетіне айтқан соңғы насихаты. Ата Заңда да адам және оның өмірі (ар-намысы т.б.) жайлы бірінші кезекте айтылып тұр.

Қазақстан Республикасы Ата Заңның I-бөлімі, Жалпы Ережелердің 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»,-деп көрсетілген.

Ислам дінін салт-дәстүріне, тұрмысы мен тіліне сіңірген қазақ халқы да мұсылманшылықтың осы асыл ұғымдарын дәріптейді. Аталмыш ұғым атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа тәрбие арқылы беріліп келді.

Біздің президентіміз: «Бейбітшілік пен келісім – бұл кездейсоқ жағдайлардың салдары емес. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап біздің жеткен жетістігіміз мемлекет пен қоғамның үлкен қызметінің нәтижесі. Бұл баршамыздың қорғап, сақтайтын ортақ жетістігіміз», - деп атап өткен.

Сондықтан, біз қазақстандықтар ата-бабамыздан мұра боп қалған кең байтақ жерде елдің амандығы мен халықтың тыныштығын қадір тұтып, оны сақтау азаматтық парызымыз.

Біз қазақ халқы жеріміз сияқты кең де дархан елміз. Бірақ, бұл Қазақстан азаматтары үшін аса қасиетті ауызбіршілік, ынтымақ және дінаралық татулық сияқты ортақ мүддемізді аяқасты етуге жол береді деген сөз емес.

Арам пиғылмен, дін атын жамылып елімізді бүлікке салмақ болған түрлі ағымға Қазыбек би бабамыздың сөзімен жауап береміз:

Біз, қазақ деген мал баққан елміз.

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз.

Басымыздан сөз асырмаған елміз...».

Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аясындағы дін қызметкерлері мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұлтаралық және дінаралық ауызбіршілік пен татулық бағытында жүргізіп келе жатқан саясатын толық қолдап, Елбасының салиқалы саясатын мешіт мінберінде насихаттаудамыз.

Әрбір азамат үшін елінің заңы, мемлекетінің нышаны мен рәміздері аса қасиетті де ардақты. Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды»,-дегендей Ата заң адамға жауапкершілік жүктеумен қатар, оның құқықтарын да қорғайды. Заң мемлекет тұрақтылығы, азаматтар құқығы мен бостандығының кепілі.

Алла тағала жұртымызға тыныштық, елімізді амандық берсін! Ата Заңымыз халқымыз үшін қалтқысыз қызмет етсін, ал біз заңды ардақ тұтатын мемлекетіміздің азаматы болайық!

 

Қазақстан дінтанушыларының Үшінші Форумы материалдарының жинағы. – Астана, 2013 ж.

Оқылды 750 рет
JoomShaper
Top