Ершат Оңғаров

Исламтанушы, доктор Ph.D

Өмірбаяны Арнау сөз Еңбектері Мақалалары Сұрақ қою

Өмірбаяны

1975 жылы 22 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Ералиев ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Жайрем кентіндегі №10 орта мектепті бітірген.

1994 жылы 13 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМДБ) өткен байқау арқылы Египет Араб Республикасы, Каир қаласындағы әл-Азхар университетіне оқуға түсіп, 2000 жылы аталмыш университет жанындағы Ислам ғылыми зерттеулер институтын тәмәмдап, 2004 жылы әл-Әзхар университеті «уағыз-насихат» мамандығы бойынша бакалавр академиялық дәрежесіне қол жеткізген. 2006 жылы Египет Араб Республикасы Жоғарғы білім министірлігі Ислам ғылыми зерттеулер жоғарғы институтында исламтану мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие болған. 2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарихында бірінші болып философия, мәдени антропология мамандықтары бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.

Қазақ, орыс, араб және түрік тілдерін біледі.

2007-2009 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында маман, бөлім бастығы, 2009-2011 Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-де аға оқытушы болып жұмыс iстедi. 2011-2013 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі (ДІА) Дін мәселелері бойынша ғылыми зерттеу және сараптама орталығына исламды зерттеу бөлімінің бастығы, ҚР ДІА Діни оқу орындармен байланыстар және дінтану сараптамасы басқармасының Бас сарапшысы болып қызмет атқарған.

2013 жылдың 27 ақпанынан бастап ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруда. ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің хатшысы және Қазақстан Республикасының Халықаралық Ислам фиқһы (заңы) академиясындағы [International Islamic Fiqh Academy] тұрақты мүшесі.

Мұсылман әлеміне танымал ұстаздары:

  • Махмуд Хамди Зақзуқ – ЕАР Уақф министірі
  • Мұхаммад Саид әт-Тантауи – ЕАР Әл-Азхар университетінің шейхы
  • Ахмад Омар Хашим – ЕАР Әл-Азхар университетінің ректоры
  • Абдурахман әл-Адауи – ЕАР Әл-Азхар университетінің профессоры, Парламент мәжілісінің депутаты

Арнау сөзі

Ассаламу алейкум құрметті оқырмандар!

Мен – Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, исламтанушы, теолог, Ph.D-мын, орыс, қазақ тілдеріндегі жарық көрген «Мұхтасар тәжуид» еңбегінің авторымын, дін, мәдениет, руханилық мәселелері бойынша бірқатар ғылыми-танымдық мақалалар жаздым. Қазіргі таңда «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» атты монографиялық еңбегім баспаға әзірленуде. Сарапшы ретінде келесі тақырыптар бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруге дайынмын: Құран тәпсірі, ислам мәдениеті, ислам құндылықтары, ақида мәселелері.

Еңбектері

  • Оңғаров Е.А. Мұхтасар тәжуид, «Дәуір», – Алматы. 2006 – 88 б.
  • Онгаров Е.А. Мухтасар тажуид, «Көкжиек» – Алматы. 2012 – 100 с.
  • Оңғаров Е.А. Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары, «Көкжиек» – Алматы. 2013 
  • «Мұхтасар тәжуид» қазақ және орыс тілінде (Құран оқу ережелері), Алматы – 2006
  • «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» (монография). ҚР БҒМ, Алматы баспа үйлері, 2014 
  • Құран – мағынасы мен түсініктемелері. «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығы, Алматы – 2015 (аудармашылардың бірі)
  • «Дін – насихат» Ақпараттық-насихат тобына арналған әдістемелік құралы. ҚМДБ, Астана – 2015 (құраст. бірі)
  • Жұма уағызы-ІІ, ҚМДБ, Астана – 2015 (құраст. бірі)
  • Дін, мәдениет, руханиат салаларына арналған 33 ғылыми-танымдық мақалалардың авторы

Мақалалары

  • Оңғаров Е.А. Мәдениетіміздің негізгі тірегі – дініміз // Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Ғылыми педагогикалық журнал. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2007. – № 4. – 298-301 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам жаһандануға қарсы ма? // «Қазақ мәдениетіндегі дәстүрлер мен инновациялар» Халықаралық ғылыми конференция материалдары, әл-Фараби атындағы КазҰУ. – Алматы, 2007. – 217-227 бб.
  • Оңғаров Е.А. Қазақстан Республикасындағы мұсылманшылық және ұлттық қауіпсіздік // Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Ғылыми педагогикалық журнал. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2008. – № V. – 44-50 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарының модерндеуге қатысты кейбір аспектілері // «Ұлттық идея философиясы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті. – 2009. – 243-251 бб.
  • Оңғаров Е.А. «Матуруди» мектебінің қазақ мәдениетіндегі орны // «Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және қазіргі заман» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: Атамұра. – 2009. – 158-165 бб.
  • Оңғаров Е.А. Kazak kulturunde Imam Maturidi ve maturidilik // Dini arastirmalar dergisi, Түркия, Анкара: Анкара Университеті. – 2010. – №34. - ss.48-53
  • Оңғаров Е.А. Әл-Фараби еңбектеріндегі ақыл-парасат ұғымы мәдениет құндылығы ретінде // ҚазҰУ хабаршысы, философия, мәдениеттану және саясаттану сериясы – Алматы: Қазақ университеті. – 2009. – № 2 (33). – 104-107 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтары – мәдени антропологиялық феномен ретінде // Әл-Фараби. – Алматы. – 2010. – №1(29). – 74-80 бб.
  • Оңғаров Е.А. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті – шешендік өнер туындыларындағы ислам құндылықтары // Ізденіс. – Алматы. – 2010. – №2. – 114-118 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарын мәдени – антропологиялық талдау // Адам әлемі. – Алматы. – 2010. – №1(43). – 10-17 бб.
  • Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарының тарихи ерекшеліктері // ҚазҰУ хабаршысы, тарих сериясы. – Алматы. – 2010. – №1. – 123-128 бб.
  • Оңғаров Е.А. The morality in the history of eastern thought // Global science communication. – Granendonsk. – 2010. – №2 (3). – Р. 2-5.
  • Оңғаров Е.А. The phenomenon of moral-thinking as Islamic value // Global science communication. – Granendonsk. – 2010. – №3 (4). – Р. 9-14.
  • Оңғаров Е.А. Kazak medeniyeti'nin felsefe tarihindeki manevi degerleri // Bilgelik, Aylik bilim ve arastirma dergisi. – Ankara. – Ekim, 2009. – ss.32-36.
  • Оңғаров Е.А. Абай дүниетанымындағы ислам құндылықтарынан ғибрат алған этика мәселелері // Ғылыми педагогикалық журнал / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2009. – № 6. – 181-185 бб. 16 Оңғаров Е.А. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдары, e-islam.kz.
  • Оңғаров Е.А. Қазақ мәдениетімен сабақтасқан дәстүрлі ислам құндылықтары – ел бірлігінің кепілі, e-islam.kz.
  • Оңғаров Е.А. Жихадизм мен экстремизмнің алдын алудың кейбір жолдары. 19 Оңғаров Е.А. Ұстазыңыз интернет емес, имам болсын, e-islam.kz
  • Оңғаров Е.А. Діни экстремизмнің жастар арасында таралуының алдын алудың бірегей жолы. 21 Оңғаров Е.А. Мәулітті шектен тыс тойлап жүрген жоқпыз ба?
  • Оңғаров Е.А. Абай және сүнниттік ислам.
  • Оңғаров Е.А. Дін және дәстүр.
  • Оңғаров Е.А. Жиһад және бүгінгі әлем.
  • Оңғаров Е.А. Екпе жасату керек пе жоқ па?
  • Онгаров Е.А. Маулид Пророка.
  • Оңғаров Е.А. Экстремизм және оның алдын алу шаралары.
  • Оңғаров Е.А. Насихат жетпеген жер қалмайды.
  • Онгаров Е.А. «ПРИВИВКИ: ДА или НЕТ?».
  • Оңғаров Е.А. Сәләфилер неге бөлінді?

Адамзат аманатына адал болайық

Дүйсенбі, 11.11.2021

Қазіргі заманда дүние жүзінде жеті миллиард халық өмір сүріп, олар сегіз мыңға тарта тілде сөйлейді.

Қазіргі заманда дүние жүзінде жеті миллиард халық өмір сүріп, олар сегіз мыңға тарта тілде сөйлейді. Әрқай­сы­сының өз болмысы, өз ерекшелігі бар. Оның әрқайсысы бүкіләлемдік, бүкіл­адамзаттық құндылық, құбылыс, болмыс болып табылады. Ешқайсысы да, еш жерде, еш заманда, еш жағдайда жойылуға тиіс емес. Бұл – барша адамзатқа аманат-парыз. Ал Кеңес Одағы мен Коммунистік партияның негізгі тарихи қателерінің бірі, кешірілмес кемшілігі, оның күй­реп, тарихи сахнадан кетуінің басты се­бептері, міне, осы мәселелерде жатыр. Мұнда барлық кіші ұлттардың тілі, діні, әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрлері көмескілене, сөне, өше, өле бастады. Осының салдарынан көптеген кіші ұлттар жер беті­нен жойылып та кетті. Бұған таяу күй кеше жүріп, өзіміздің де ұлттық бет-бейнеміздің, қалпымыздың, құлқы­мыз­дың бұзылғанын, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, адал мен арамды айыра алмас кем ақыл, көн жүрек, көр­соқыр, мәңгүрттік халге түсе бастаға­ны­мызды сезбей де қалыппыз. Адамды, қоғамды аздыру, тоздыру үшін оны сенімнен, нанымнан, дінінен, ділінен айырса жетіп жатыр. Еш нәрсеге, еш­кімге иланбайтын жаннан жаманшы­лық атаулының бәрі де шығады. Он­дай­лардың тойымсыз, қызғаншақ, өтірікші, өсекші, жағымпаз, қиянатшыл мінез-құлыққа ие болып, тіпті адам өлтіруден де айылын жимайтын жауызға айналуы қиын емес. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың соңғы 70-80 жыл аралығында біз әлгіндей дінсіздік, құдайсыздық, ұлтсыздық рухында тәрбиелендік. Әсіресе, дін бізге басымызды айналдыратын апиын әлпетінде, жаңа, жақ­сы, озық атаулыға бөгет іспетінде, ескі­ліктің қалдығы, кешегі барлық кемші­ліктердің бірден-бір кесірі ретінде ұғындырылып, оның тәрбиелік тағы­лым­дарынан, рухани тазалықты талап етер шарттарынан ат-тонымызды ала қаштық. Мешіттер мен шіркеулер қира­тылды. Құнды діни кітаптар өртелді. Діни кадрлар қудалауға түсті. Бақытымызға орай, талай рет тағдыры тарихтың тәлкегіне түсіп, мың өліп, мың тірілген халқымызға Алла-тағала соғыссыз, төңкеріссіз, қарусыз, қансыз егемендік пен елдікті сыйлады, ұлтымыздың мыңдаған жылдар аңсаған арманы орындалды. Осыған мың да бір шүкіршілік. Әділеттілік үшін айтуымыз керек, егемендіктің арқасында дініміз, тіліміз, ақиқат тарихымыз, әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз, дәстүріміз, асылдарымыз бен ардақтыларымыз ортамызға орала бастады. Үзілгеніміз жалғанып, өшке­ні­міз жанғандай, жоғалғанымыз табыл­ғандай болып жатырмыз. Осы жиырма жылдан астам уақытта  еліміздің басынан жүз жылға саятын оқиғалар өтті. Егемендік алғанмен, бір қоғамнан екін­ші қоғамға көшудің, сүйегімізге, қаны­мызға сіңіп қалған сүрлеуден шығудың, бай да қуатты, өркениетті мемлекет құрудың жеңілге түспейтіндігіне бәрі­міз­дің де көзіміз жетті. Қатарынан 40 жыл соғыс, қатары­нан 40 жыл аштық болмайды деген. Халқымыздың басындағы бүгінгі күнгі өтпелі кезеңнің экономикалық, әлеу­мет­тік, тұрмыстық қиындықтары да әлі-ақ өтеді. Жамау жаңарар, жара жазылар, қарын тойынар. Дағдарыстың ең қауіптісі – саяси-экономикалық, әлеу­мет­тік емес, рухани дағдарыс. Ол адамды сенім-нанымынан айырып, немкет­тілік пен немқұрайлылыққа алып ке­леді, діннен, ділінен, ғылымнан, білім­нен, мәдениеттен бездіріп, азғындыққа бастайды. Жаппай азғындау еш заманда, еш қоғамда, еш жерде, еш елде ешқашанда жақсылықпен аяқталған емес. Біз социализмнің де, капитализмнің де ең нашар, ең зиянды жақтарын тез қабыл­дап алдық. Капитализм – азшылық көпшілікті қанап, құл ететін имансыз қоғам. Онда бәрі де сатылады, бәрі де сатып алынады. Коммунистік қоғам да барлық жұртты теңестіреміз, жаппай бақытты жасаймыз деген қиялдың құрбаны болды. Аталған екі идеология да біздің тарихи, мемлекеттік, ұлттық талабымызды, мүдде-мұратымызды қанағаттан­дыра, қамтамасыз ете алмайды. Ендеше, біздің қатерлі қарқынмен ұлтсыз­дануымызды, рухсыздануымызды, арсыздануымызды, имансыздануымызды нендей күш, қандай идеология тоқ­тат­пақ? Бізді бұл тығырық, тұңғиықтан қандай құдірет, қайсы идеология алып шықпақ? Біз көп ұлтты елміз. Жерімізде жүз­деген ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұрады. Қазақстан – көпконфессиялы, зайырлы, демократиялық мемлекет. Өкі­нішке қарай, бүгінде Отанымыз бә­ріміздің көз алдымызда тек қауіпті қару-жарақ полигоны ғана емес, діни сынақ полигонына да айналып отыр. Республикада 1990 жылы 30 конфес­сия­ға жататын 670 діни бірлестік тір­келсе, шетел діни миссионерлерінің ба­қылаусыз, тартыну мен ізет-инабатты  білмейтін, жүгенсіз қимылдарының сал­дарынан қазір олардың саны 56 конфессияны қамтыған 4551-ге жуық бірлестік пен қауымдастыққа жетті. Сорақысы сол – 11 пайыз қандасымыз өз дінінен безініп, бөтен пиғылдың шылауында кетіп отыр. Жат діннің құрбанына айналған көген көздерімізді сара жолдан адастырып, азғырушы 500-ге жуық шетелдік миссионердің жұмыс салдары осындай. Бүгін сол дінін сат­қан жастарымыздың күні ертең Отанын да сатпасына кім кепіл? Бұған мүлде, үзілді-кесілді жол беруге болмайды. Бас-аяғы 20 жылда Қазақстан әлем­дегі ең көпдінді мемлекетке айналды. Қазір мұндай діни диверсиялық әре­кет­­терге әлемде жыл сайын 12 миллиард доллар ақша бөлініп, жарты мил­лионға жуық миссионер жұмыс іс­тей­ді. Бір қалада бір отбасында 4 діннің өкілдері тұрады екен. Шымкентте “Иеһова куәгерлері” деген сектаға кіріп алған қазақ жігіті мұсылман дініндегі 90-ға келген әкесін, өзі қабылдаған дінге кірмегені үшін үйінен қуып шық­­қан. Бұдан артық сұмдық бола ма? Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, басқа да шығыс елдері­нің бірде-бірі миссионерлерді кіргізбейді. Біз іргелі классикалық дін деп төрт дінді ғана айта аламыз. Иудаизм, буддизм, христиандық, ислам. Бұлар – тео­риялық жағынан негізделген, өмір­ден орнын тапқан, өз әлемі, өз кеңістігі бар діндер. Өзімізге келсек, қазақстандық­тар­дың 95 пайызы мұсылмандар мен хрис­­тиандар болып табылады. Оның ішін­де 24 ұлттан тұратын 11 миллиондай мұсылман бар. Оларды 1700 діни бір­лестіктер қамтиды. Мұның өзі біз­дің мемлекетіміздің негізін мұсыл­ман­дар құрайтынын көрсетеді. Бұл да біз­дің келешек атқаратын жұмыста­ры­мыздың мақсаты мен мазмұнын, ба­ғытын ай­қын­дайтын шешуші фактор­лардың бірі. Ал бұдан басқа көптеген діни бір­лестіктер мен діни ағымдардың тегіне, пиғылына, мақсат-мүддесіне қырағы­лық­пен, жауапкершілікпен, жанашыр­лық­пен мұқият қарау қажет-ақ. Өйт­кені, бұл – біздің ұлтымыздың келеше­гіне тікелей қатысы бар маңызды мәсе­ле. Ешбір зайырлы демократиялық мемлекеттің бір діннің екінші діннен артықшылығына жол бермесі хақ. Қазіргі жағдайымызда бізге мемле­кеттік және ұлттық идеология қажет. Мемлекеттік идеология барлық ұлттар мен ұлыстардың Конституцияда бекі­тіл­ген теңдігін, олардың мәдениетінің, білімінің, ғылымының, өнерінің өсіп-өркендеуін, ұлттық әдет-ғұрып, салт-санасының сақталуын, дінінің теңдігін қамтамасыз етуі керек. Ал ұлттық идеология ұлтымыздың алдында тұрған сан алуан міндеттерді, мақсат-мұраттарды қамтамасыз етуі тиіс. Идеологиясыз мықты мемлекет болу, іргелі халық, ұлағатты ұлт болу мүмкін емес. Объективті тұрғыдан келсек, біздің ел үшін мемлекеттік идеологияға негіз, арқау болып, ұлттық идеологияның да барлық қажеттілігін қанағаттандыра алатын бірден-бір дін – ислам. Ол – өмірдің ең тура, төте, дұрыс, адал жолы, әділ, иманды заңы, бұлжымас ережесі. Ислам деген сөз бейбітшілік, бағынушылық, бас июшілік дегенді білдіреді. Ол қо­ғам­дық өмірдің барлық саласына –  сая­сат­қа, әлеуметтік, рухани, экономикалық мақсат-мүдделерге ба­ғыт-бағдар сіл­тей­­ді, ұйытқы-ұйым­дас­тырушы, темір­қа­­зық, бағдаршам бола алады. Ислам – тар  шеңбердегі әдет-ғұ­рып­тардың жиынтығымен шектелмей­тін дін. Бұл дін о бастан-ақ бірлікті аң­са­ған. Ислам жеке адамға немесе белгі­лі бір топқа, ұлтқа, нәсілге, партияға, билеушілерге емес, бүкіл адамзатқа қызмет етеді. Ол – барлық халықтарға ортақ. Ислам өзге діндердің бірде-бір қағидасын жоққа шығармайды, ислам елдерінде әр алуан діндердің қатар өмір сүруі осыдан бастау алған. Ол бүкіл әлемді, халықтарды, жер бетін бірік­тіріп ұстау үшін қажет. Ислам – Адам-Ата мен Хауа-Ананы жаратқаннан бас­тап адамзат ұрпағына, адамзат қа­уы­мына, қоғамына адамдардың міндетін нақты бағдарлап көрсеткен Алла жолы, Алла ілімі. Ислам дінінің әлемге тарағанына 1430 жыл толды. Бүгінде бұл дінді ұстаушылардың саны 2 миллиардтан асып ұлы күшке,  өркениетке айналды. ХХ ғасырда дүние жүзінде мұсылман­дардың саны бес есе өсті. Ал, соңғы 10 жыл ішінде көптеген елдерде олардың қатары айтарлықтай арта түсуде. Жуырда бір Финляндияда ғана 60 мың адам мұсылман дінін қабылдап, мешіт салу­ды талап еткен. Қазір АҚШ-та 8 миллион мұсылман тұрады, 3,5 мың мешіт бар, Францияда – 5 миллион мұсылман бар, жарты миллион француз ислам дінін қабылдаған, Лондонда – 300, Мюнхенде 100 мешіт жұмыс істейді. Бұл – басқа діндер мен ағымдардай ақшаның, алдау-арбаудың, жалған үгіт­­тің күшімен емес, жүрек пен сана қа­лауымен жүріп жатқан заңды, өрке­ниет­ті, келешегі жарқын үдеріс. Өйт­кені, ғалымдардың анықтауы бойынша, пайғамбарымыз адамзат тарихындағы 100 ұлы адамдардың біріншісі. Мұха­м­медтің  ілімі қазір әлемде ең алдыңғы орында тұр. Әрине, бұл құбылыс идеологиясы жоқ Батысты алаңдатады, қауіптенді­реді. Сондықтан да олар мұсылман ел­де­рінің ауызбіршілігін осалдату, оны ішінен іріту үшін неше түрлі әрекет­тер­ге баруда. Бұл мақсатқа сиқыр саясат, қулық-сұмдық, айла-шарғы, ақша – бәрі  жұмылдырылуда. Шындығында, бір діннің аясында біріккен ислам елдері әлемдегі ең үлкен өркениеттің біріне ғана емес, адамзат тарихының дамуына зор әсер ететін қуатты күшке айналды. Енді осы тезисті нақты фактілермен дәлелдейік.Бірінші–  бүгінгі күні дүние жүзін­дегі барлық байлықтың 70 пайызының мұсылман елдерінде болуы ешкімді де бейтарап, бейжай  қалдырмай отыр.Екінші– территория жағынан “Британника” энциклопедиясының деректе­ріне сәйкес 1900 жылы ислам елдерінің үлесіне әлем территориясының небәрі 3,5 миллион шаршы милі тисе, ғасыр соңында бұл көрсеткіш 3 есеге дейін ұлғайып, 11 миллион шаршы мильге дейін жеткен. Салыстыру үшін айтар болсақ 1900 жылы Батыс христианды­ғының үлесін­дегі жер көлемі 20 миллион шаршы мильді құраса, ғасыр со­ңын­да ол 12,7 миллион мильге дейін азай­ған. Бұдан шығар қорытынды: ислам – уақыт алға жылжыған сайын неғұрлым үлкен тер­риторияға өз ықпалын жүргізе  түсуде.Үшінші– халықтың саны жағынан. Егер 1900 жылы Батыс христиан­ды­ғы­ның халқы әлем жұртының 30 пайызын құраса, ғасыр соңында бұл көрсеткіш 11 пайызға дейін төмендеді. Ал ислам елдері қазір әлем халқының 22 пайызын құрайды. Әрине, бұл – тек сандық көрсеткіш­тер. Кез келген елдің әлемдік қоғамдас­тықтағы беделі мен орны оның терри­то­риясының көлемі мен халқының саны арқылы ғана емес, экономикалық күш-қуаты арқылы айқындалатыны бәріміз­ге белгілі. Ислам елдерінің бұл мәсе­ле­дегі көрсеткіштері де әрбір мұ­сылман баласының жүрегіне мақта­ныш сезімін ұялататындай. Бүкіләлемдік даму бан­кі­­нің деректері бойынша кейінгі 50 жыл ішінде ислам елдерінің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлес салмағы 2,9 %-дан 11%-ға  дейін өскен. Бұл – біздің сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да өскендігіміздің айқын айғағы. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бас­тап, ислам өзінің дәуірлеу кезеңін бастан кешіруде. Исламның дәуірлеуі әлемдегі барша мұсылман елдері дамуының барлық саласын қамтуда. Батыс философы Джон Эспозито бұл туралы: “Исламның қайта дәуірлеуі – кең  көлемді жаңару. Ол қоғамдық өмірде ислам орнының қайта нығаюын, ислам­ға бет бұрған үкіметтерді, заңдарды, банктерді, әлеуметтік көмек көрсету қызметтерін және білім беру мекеме­лерінің қатарын көбейте түсіп отыр”, деп жазды. Шындығында, исламның дәуірлеуі қасиетті дінімізді оның жауларынан қорғаудан, діни және ұлттық дәстүр­ле­рі­мізді сақтау мен жас ұрпаққа жеткізу­ден, гуманистік, ізгілік идеясын таратудан, заман талабына сай халықтың тұрмыс дәрежесін көтеруден туындады. Бұл туралы америкалық социолог Самюэль Хантингтон: “Ислам дәуірлеуі” – мұсылмандардың өз мақсатына қол жеткізу әрекеті. Бұл – бүкіл ислам әлемінде етек жайған кең көлемді интел­лектуалдық, мәдени, әлеуметтік және саяси қозғалыс, исламның дәуір­леуі  экстремизм емес, негізгі бағыт», деп пайымдаған екен. Дүние жүзінің 54 елінде дін мем­ле­кеттік идеология ретінде қызмет етеді. 45 мемлекеттің ресми діні – ислам. Ислам – дін – идея. Идеология – ол да ғы­лым, догма емес. Даму, өсу, өркендеу ке­рек, бүкіләлемдік, бүкіладамзаттық өркениетпен толығуы, жетілуі, жаңа­руы, жасаруы керек. Өйткені, ислам дүниеге келген заманда ең күшті көлік түйе болса, қазір жоғары технологиялар дәуірі. Заман, қоғам, адам да өзгерді. “Ғылым дамыған кезде, ислам да дамиды”, деген  пайғамбарымыз. Уақыты өт­кен, тозығы жеткен ескі қағида­лар­дан, идеялардан, тұжырымдардан арылу қажет. Мемлекеттің, халықтың, за­ман­ның алдында тұрған міндеттерге, жарқын болашаққа, келешекке, әлемдік өркениетке бейімделу керек. Байқап отырсаңыз, кешегі коммунизм құры­лыс­шысының моральдық кодексінің бар­лық қағидалары исламның шарттарынан көшіріп алынған. Өкінішке қа­рай, социалистік қоғам ол қасиетті қағидалардың орындалуын қамтамасыз ете алмады. “Құранның” ең бірінші  сөзі “оқы ” деп түскен. Бұл қағиданы да кейін кімнің иемденіп кеткені оқыр­манға белгілі. Ислам халықты адал еңбек етуге, адал өмір сүруге, теңдікке, бейбітшілікке, әділдікке үндеп, шақы­рады. Теріс, бұрыс, зиянды атаулының бәріне қарсы. Иә, мемлекетті қалыптастыруда дін­нің атқаратын рөлі ерекше. Православие орыс елінің іргетасын қалады. Әл­ми­сақтан ислам дінінің діңгегі, әлем­дегі мұсылман қауымының рухани отаны – Сауд Арабиясы корольдігінің бүгін­гі әлемдік өркениет төрінен алар орны айрықша. Олар – шариғатты заң деп түсінген халық. Ол елде қылмыс, ұрлық-қарлық, зорлық, нашақорлық, зи­нақорлық, жезөкшелік, алдау-арбау атау­лы жоқ есебі, түрмелері бос, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық  дәре­жесі жоғары. Діні біртұтас елге іштен шыққан ішмерездің де, сырттан сығалаған су­мақай пиғылдың да тісі батпайды. Ислам дінін сенім еткен елдердің денсау­лығы да тәуір болатынын статистика­лық талдаулар көрсетіп отыр. Герма­нияның базбір қалалық ауруханасында психотерапевт дәрігер 22 жыл бойы сырқаттар саны тіркелген журналдан бірде-бір мұсылман баласының есімін кездестіре алмай қайран қалған. Ал, әлгі қала халқының 43%-ын мұсылман­дар құрай­ды екен. Мәселенің мәнісін өмір сүру салттарынан іздеп тапқан дәрігер ақы­рында ислам дінін қабыл­дап тыншыпты. Бір ғана ораза мен на­маздың өзі адамды 24 аурудан емдейді. Ислам діні біздің халқымызға ауадай қажет. Әсіресе, дін бүгінгі ұрпаққа керек-ақ. Өмірімізді жайлаған арақ пен есірткіге қарсы тұратын тек қана ислам. Имандылық пен Аллаға сенім ешқан­дай оғаш қылыққа барғызбайды. Адамды барлық қауіп-қатерден, кесір-кесапаттан, жын-шайтаннан қорғайды. ...Белгілі Канада ғалымы, эмбриолог Кейт Мурды Сауд Арабиясының әмір­шісі Фейсал еліне шақыртып, одан ұзақ ем алады. Бір күні билеуші шипагерге: “Сен менің сарайымда ұзақ боласың, қолың бос, қарап жатқанша Құран оқы”, деп ұсыныс жасайды. Атақты про­фессор ұсынысты қабылдап, Құран­ды мұқият оқып шығады. Еліне қайтып оралған соң Кейт Мур медицина саласында эмбриология ғылымындағы “ХХ  ғасырдың ғаламаты” деп саналған керемет жаңалық ашады. Ата мен Ананың ағзасынан  ұрықтанып, 9 ай 9 күн ана құрсағында жетіліп, адамның дүниеге келу құбылысын ғылыми дәлелдеп береді. Осы еңбегі үшін профессор Кейт Мурға Нобель сыйлығы беріледі. Профессорға осы теңдесі жоқ жаңа­лықты ашуға қалай қолыңыз жетті деп сұрақ қойғанда, ол:  “Егер осыдан 20 жыл бұрын Құранды оқығанымда, сол кезде-ақ Нобель сыйлығының лауреаты атанған болар едім”, деп жауап беріпті. Сонымен, медицина ғылымының біздің дәуірдегі таңғажайыбы бұдан 1400 жыл бұрын дүниеге келген Құранда баян­дал­­ған болып шықты. Әйгілі жиһангер, ағылшын адмиралы Кук кездескенде Кейт Мурдан “Дүниені көп шарладым, оқығаным, естігенім, көргенім көп, бірақ бір ға­жаптың шешімін таба алмай қайран­мын. Ол Жерорта теңізінің Атлант мұхитына құярлығында бір тіршілік, ал құйған жеріндегі Атлант мұхитында екінші тіршілік. Судың түсі, құрамы, дәмі, онда өмір сүріп жатқан жәндіктер бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Осының себебін ешбір ғылымнан, ешбір ғалым­нан біле алмадым”, деген екен. Сонда профессор Мур: Құранның Рахман сүресін оқыңыз, жауабын содан табасыз”, деп кеңес беріпті. Міне, Батыстың сол атақты екі азаматы, христиан дінінің өкілдері қасиетті Құранды оқып шығып, мұсылман дінін қабылдаған. Қасиетті Әли ибн Абу Талиб: “Құ­ран – қағаз бетіне жазылып, мұқабаға салынған сөз. Оның өзі сөйлемейді, ол өз сөзін елге түсіндіріп отыратын аудармашыға ділгер. Құранның атынан адамдар сөйлейді”, деген екен. Ал қазіргі кейбір діндарларымыздың кем­ші­лігі исламға терең бойлай алмай, ойлай алмай, оны қайдағы бір догматизм, фанатизм жолдарымен түсіндіріп, реализмге жүгінбеуінде жатыр. Құранды ғылымдағы қол жеткен жетістіктермен, біліммен, өнермен, өмірмен байланыс­тыра, үйлестіре, сәйкестендіре отырып насихаттауымыз керек. Сонда ғана игілікті, иманды жұмысымыз нәтижелі, өміршең болмақ. Бұл жөнінде белгілі шығыстанушы П. Грязневич былай деп жазған: “Ислам дінінің бас кітабы – Құран шығыс халықтарының рухани және қоғамдық дамуына ықпал ету ауқымы жөнінен бүкіл адамзаттық мұра болып табылады”. Өзінің исламға көз­қа­расын ұлы жазушымыз Ғабит Мүсі­репов ата-тегі хақындағы эссе-жазбаларында былайша суреттеген: “Менің атам Кежімбай Мүсіреп баласы бес уақыт намазды қалдырмай оқып жүр­ген. Мен молдадан үш жыл оқығаннан кейін атамның оқыған дұғаларын тексерсем, бір дұға білмейді екен. Бірақ, бір дұға түгілі, бір ауыз арабша біл­мейді. Дегенмен, атам намаз оқығанда мен атамның түсіне ылғи қарайтын әдетім болды. Намаз үстінде атам керемет ажарланып кетеді. Атамның мұн­дай ажарланып кетуін, мұндай мейірім­ді, мұндай таза кескінін мен күнделікті бір көрген емеспін. Ол құдайға шын жалынып тұр. Күнделікті қандай күнә жасап алғанын мойындап тұр, енді кешірім сұрайды. Соған бет алғанда-ақ ол тазаланып, ажарланып кетеді”. Ұлы Абай да Алланың хикметін бар жан-тәнімен қабылдаған, түсінген, сезінген, оның құдіретіне, кереметіне шек-шүбә келтірмеген. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Көп кітап келді Алладан, оның төрті, Алланы танытуға сөз айырмас”, – дейді ғұлама ақын. Абай: “Алла мінсіз, әуелден пайғам­бар хақ”, – дейді. Бұл жерде Абай да екі дүниенің кілті бір Алланың қолында, құдайсыз қурай да сынбайды, Мұхам­мед (с.ғ.с) оның адал досы, елшісі, құлы деген ұғымды бәрімізге түсіндіріп отыр. Кешегі өткен ғұлама бабаларымыз­дың бәрі де Алланың ақ жолымен жү­ріп, мақсат-мұраттарына жеткен. Оның бірегейі Қожа Ахмет Ясауи  – түркі елінің озық ойлы данышпаны, өз уақы­тындағы ислам дінінің жол бастаушы көсемі, Алланың өзінің де рас, сөзінің де рас екенін қауымға тілімен ғана емес, бар болмысымен, іс-әрекетімен, ділімен жан-жақты түсіндірген кемең­гер. Шәкәрім атамыз “Үш анық” атты философиялық шығармасында: “Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң біртүрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім”, деп жазады. Ислам нарықтық экономиканы да­мытуға бағытталған. Осы күнгі нарық экономикасының да тұңғыш саясатын жүргізген Мұхаммед пайғамбар болған. Пайғамбарымыздың өзі саудамен айна­лысқан. Сауданы кәсіп еткен. Пайғам­бардан кейінгі екінші адам, бірінші Халиф Әбу Бәкір Сыдық та саудагер, бай кісі болған. Ендеше, ислам дін және мемлекет басшыларының адал кәсіп­пен, адал саудамен баюын теріске шығармайды, тек олардың өз байлығын жетім-жесірмен, жоқ-жұқамен, кедей-кепшікпен бөліскенін қалайды. “Сауданың да сауабы бар”, деген. Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйен­сек, сауда тек пайда табу үшін ғана емес, халықтың мұқтажын өтеу үшін де жасалады екен. Өйткені, бір жерде жоқ нәрсені екінші жерге тек саудагер ғана апарады. Міне, осы айналымда саудагер, біріншіден, өзі жұмыс тауып, пайда көреді, екіншіден, сауапқа батады. Сол үшін пайғамбарымыз бір хадисін­де: “Шыншыл, сенімді саудагерлер Алла­ның пайғамбарының досы, шейіт­термен бірдей”,  деген. Саудагер – достықтың елшісі. Ол адам мен адамды, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті байланыстырады, қатыстырады, достастырады. Саудасыз тіршілік, өмір жоқ. Қай заманда болмасын, қай халықта, қай мемлекетте болмасын сауда – маңызды, шешуші, өмір­шең сала. Сауда халықты асыраушы, мұқтажын өтеуші. Әлемде  пайданың  оннан тоғыз бөлігі саудадан түседі. “Қорқақ саудагердің пайдасы кем болады, батылдары пайдаға шаш-етектен батады”,  деген де пайғамбарымыз. Ислам­ның ақшамен  ақша жасауға болмайды дегені, өндірісті дамыт дегені. Қазір мемлекетті де, кәсіпорынды да, кәсіпкерді де шаршатып, әлсіретіп отыр­ған өткір проблемалардың бірі – өзара қарыз мәселесі. Ислам ешкім еш­кімге қарыз болмау керек деп уағыз­дай­ды, осыған тәрбиелейді. Адамды мәңгі­лік ақтық сапарға аттандырар алдында: “Бұл кісіде кімнің қарызы бар еді?”деп, дүйім жұртқа жар салады. Егер қарызы болса, балалары мен туыстарына халық алдында төлетеді. Қаншалықты пәр­мен­ді, нақты тәрбиелік мәні терең, тиімді шара десеңізші? Сондай-ақ, ислам қағидалары еңбек қатынастарын да дұрыс реттейді. Еңбек еткен адамның жалақысын көйлегінің тері кепкенше бер дейді.Осының өзі нағыз иман­ды­лық, әділдік, заңдылық емес пе? Ислам ұқыптылық, ыждағаттылық, үнемдеу саясатын уағыздайды, береке­сіз­дікке, ысырапқа, шашып-төгуге қар­сы. “Ысырап қылушылар – шайтанның серігі”, “Дариядан дәрет алсаң да, суды үнемде”, дейді Мұхаммед пайғамба­ры­мыз. Қорыта айтқанда, ислам нарықтық қатынастарды жан-жақты, түбегейлі құп­­тайды, мемлекеттің бұл саладағы жүр­гізіп отырған саясатын толығынан қол­дайды деп түйіндеуге болады. Міне, осы қасиетті ілім, дүние дамуының өзгермес конституциясы, адамзат да­муы­ның бағ­дар-шамы Құран Кәрім VІІ ғасырдан ХХІ ғасырға дейінгі ешбір теңдесі жоқ ғылыми еңбек екенін әлем мойындап отыр. Оның келешекте де солай қала беретініне ешкімнің күмәні жоқ. Фридрих Энгельс өзінің қызына жазған хатында: “Діндердің ішіндегі ең жасы, ең жасампазы, ең ақылға қо­ным­дысы, нанымдысы, ғылыммен де үндес – ислам”,  деген екен. Үнді елінің ұлы перзенті Джавахарлар Неру:“Әлемдік тарихқа көзқарас” циклымен қызы Индира Гандиге жазған хаттарының бі­рінде әлемде өмір сүріп келе жатқан діндердің арасындағы исламға ең жоғары баға беріп, бұдан жетілген дін жоқ екенін мойындаған. “Мүсірке же­тім-жесірді,  Құранды көпке уағызда”, деп ұлы Пушкин айтқан қағиданы ту етіп ұстасақ, қазақ мемлекетінің бола­шағы зор болатынына  ешкімнің де күмәні тумаса керек. Күнделікті өмірі­мізде педагогтар, ғалымдар жауабын таппай жүрген, тәрбиеге және адам психологиясына қатысты рухани сипат­тағы көптеген күрделі сұрақтардың дауасын тек исламнан ғана кезіктіруге болады. Бүгінде көпшілікті дел-сал қы­лып отыр­ған: “өтпелі кезең,” “пси­хо­ло­гиялық құ­лазу”, “қиын бала”, “рухани азғындау” ұғымдарының жауабы мен емін де осы исламнан іздеуіміз керек. Бабаларымыз адамды аздырып, ақыл­дан жырақ әке­тетін рухани ауру­лардың диагнозын да, шипасын да исламнан тапқан. Ал халқының жанына жалау болуды, кәдесіне жарауды арман етіп, келешек елдің иесіміз деп белін буған жас­тар бұл мұраларға иелік етпесе, кім иелік етпек? Тарих соқпағынан, ата-баба даңғылынан басқа жол іздеу, хал­қымыздың сүйегіне, жаны мен қа­нына сіңген қасиеттен басқаға ұмты­лу қиын екенін түсінетін уақыт жеткен сияқты...

Сейілбек ШАУХАМАНОВ

Қызылорда.

http://www.egemen.kz

 

 

 

Оқылды 4174 рет
JoomShaper
Top