Елшiлер сенiм грамоталарын тапсырды

Бейсенбі, 17.03.2022

Астана. 17 наурыз. E-ISLAM – Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бірқатар мемлекеттің елшілері сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды Akorda.kz.

Рəсім барысында БҰҰДБ тұрақты өкілі Норимаса Шимомура жəне Израиль Мемлекетінің Төтенше жəне өкілетті елшісі Михаил Бродский, Өзбекстан Республикасының Төтенше жəне өкілетті елшісі Икром Назаров, Əзербайжан Республикасының Төтенше жəне өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Таиланд корольдігінің Төтенше жəне өкілетті елшісі Нат Пинио ваттаначип Қазақстан Президентіне сенім граматоларын тапсырды. Мемлекет басшысы бұл рəсім олардың жеке дипломатиялық тарихтарындағы жаңа белеске айналатынына назар аударды. «Бəріңіз де дипломатиялық миссияға алғаш рет басшылық еткелі отырсыздар, қызметтеріңіздегі жаңа кезең Қазақстаннан басталғалы тұр. Сіздерді құттықтай отырып, Қазақстандағы жауапты да мəртебелі миссияларыңыз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға септігін тигізеді деп үміттенемін» деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, ел президенті дипломаттар өз қызметтеріндегі жаңа кезеңді Қазақстан Тəуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бастап отырғанын атап өтті. «Бұл тарихи тұрғыдан қысқа кезең біздің еліміз үшін ауқымды өзгерістердің дəуіріне айналды. Мемлекеттілікті нығайту, заманауи нарықтық экономика құру, қоғамды жаңғырту жөнінде орасан зор жұмыс атқарылды. Бүгінде біздің елдің басты сипаттары – саяси тұрақтылық, этносаралық жəне конфессияаралық келісім, халық аралық істердегі сенімділік пен жауаптылық, тиімді əлеуметтік-экономикалық өзгерістер» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елімізді Өзбекстанмен жəне Əзербайжанмен туысқандық қатынастар мен ғасырлар тарихынан тамыр тартатын достыққа, өзара құрметке негізделген берік дəстүрлер байланыстыратынын атап өтті.

Жиын барысында елбасы Таиланд Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы маңызды серіктесі болып саналатынына да тоқталды. «Астана мен Бангкок арасындағы өзара іс-қимыл өзара түсіністік жəне сенім ыңғайында дəстүрлі түрде дамып келеді. Таиланд басшылығына Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары кеңесі үдерісін, Əлемдік жəне дəстүрлі діндер лидерлері съезі аясында дінаралық диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін зор ризашылығымызды білдіреміз. Біз Таиландпен туризм, ауыл шаруашылығы, энергетика жəне көлік логистикасы салалары бойынша жемісті ынтымақтастықты арттыра түсуге əзірміз. Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы тығыз қауымдасу сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін керемет мүмкіндікке жол ашады» деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде сөз алған елшілер де екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастарды жолға қою үшін өзінің бар күш-жігерін жұмсайтынын айтып, Қазақстан халқын келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады.

Оқылды 124 рет
JoomShaper
Top