РАНТ: «Отанды сүю – иманнан»

Дүйсенбі, 27.04.2022

АСТАНА. 27 сәуір. E-islam.kz – Бүгін ҚМДБ-ның Республикалық ақпараттық насихат тобының (РАНТ) белді мүшелері, ҚМДБ-ның жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы-ғалым Арман Қуанышбаев пен Алматы орталық мешітінің наиб имамы Нұрмұхаммед Иминов Астанаға келіп, бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Бұл туралы «Ummet.kz»  сайты хабарлады.

Бүгінгі күннің еліміздегі және әлемдік деңгейдегі өзекті мәселесі болып отырған ислам атын жамылған жат ағымдармен күрес жүргізуде ҚМДБ белсенді жұмыстар атқаруда. Діни басқарма тарапынан құрылған Республикалық ақпараттық насихат топтары да осы мақсатта өңірлерде іссапар жасап, ел-жерде насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Қоғамның түрлі қатпарында, білім ошақтарынан бастап, әлеуметтік-мемлекеттік, медициналық және түзеу мекемелерінде танымы терең ғалымдардың қатысуымен дін ислам тақырыбында кездесулер, семинар-тренингтер және жалпақ жұртшылықпен жүздесулер өткізілуде. Бүгін Астанаға арнайы ат басын бұрып отырған білікті теолог исламтанушы ғалымдар Арман Қуанышбаев пен Нұрмұхаммед Иминов те осы үдеден шығуды көздеп, бірқатар мекемелерде кездесулерге қатысты.

ҚМДБ-ның жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы-ғалым Арман Қуанышбаев бүгін ҚМДБ-ның «Хикмет» телерадио студиясында сұхбат берді. Танымал теологтың Ислам дініндегі өзекті мәселелер тақырыбында келелі  кездесуі бүгінгі кеште ақшам намазынан соң «Нұр Астана» орталық мешітінде жалғасын табады. Ал РАНТ-ның белді мүшесі, Алматы орталық мешітінің наиб имамы Нұрмұхаммед Иминов Астана қаласындағы 0112 әскери бөлімінде әскери қызметкерлерімен кездесу өткізді. Н.Иминов «Отанды қорғау - иманнан» тәмсіліне сүйене отырып, ел іргесінің берік, қоғамның тыныш, бейбіт те берекелі күн кешуі ауызбіршілікте екенін жеткізді. Қазіргі уақытта дінді дүдамал ағымның айтуымен ұғынатын кейбір жастардың Отан алдындағы борышты қорғаудан, әскери, қала берді азаматтық міндеттен бас тартуы мұсылманға тән сипат еместігін айтып, Отан мен иман арасы ажырамастай ұғым деді.

Дін ғалымдарының алдағы төрт күнде қала мешіттерімен қатар, әртүрлі әлеуметтік орта мен мекемелерде салиқалы сұхбат құру жоспарланған.

Оқылды 498 рет
JoomShaper
Top