Атап айтар болсақ, Рузбехан «Мехман-наме-и Бухарасында» Мұхаммед Шайбанидің қазақтарға қарсы қасиетті соғыс жүргізбекші болғанына қарсы тұрады. Себебі, қазақтар шынайы мұсылман болатын. Ал, Бабыр өз шығармасында «Орталық Азия мұсылмандарының Матуриди ақидасын ұстанатынын айта келіп, «Біздің заманымыздағы ең маңызды кітап «Хидая» деп көрсетеді. Бұдан өзге ағылшын саяхатшысы Энтони Дженниксон, Джон Кэстль, А.И. Лепшиннің жазбаларында да Қазақ халқының Ислам дінін ұстанатындығы айтылады. Мысалы, Джон Кэстль Әбілхайыр хан кезінде Кіші жүз жерінде алты ай уақыт болып, қазақтардың Ислам дінін берік ұстанатынын, әрбір қазақтың бес уақыт намазын қаза қылмайтынын жазып қалдырды. Сондай-ақ, Г.Андреев «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» атты еңбегінде: «Қазақтардың заңы Мұхаммедтің дініне негізделген. Олар дінді Бұқара арқылы Жәнібек хан дәуірінде қабылдаған» деп, Алтын Орданы 1342-1357 жылдар аралығында билеген Әз-Жәнібек ханнан бермен мұсылман екенін жазады.
Қазақ хандығы дәуіріндегі «аталық» институты Ислам дінінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әрбір Шыңғыс ұрпағы өздеріне діни тәлім-тәрбие беретін ұстаздар ұстайтын. Ол ұстаздар тек діни тәлім-тәрбие ғана беріп қоймай, бекзадаға ат спортын, соғыс өнерін, аң аулауды, шешендікті үйрететін. Қазақ хан-сұлтандарының көпшілігінің есімдерінің діни сипатта болып келуіне де осы аталықтардың тигізген әсері мол.
Қазақ мәдениетін жан-жақты зерделеген орыс зерттеушілері ақсүйектердің ғана емес, қара халықтың да сунниттік исламды ұстанатынын хабарлайды. Мысалы, М.Михайлов «Киргизы» атты мақаласында:«Қырғыздар (қазақтар) өздерін Мұхаммедтің дінінің сунниттік бағытын ұстанамыз деп біледі» деп жазса, этнографВ.В.Радлов: «Қырғыздар (қазақтар) өздерінің өмір сүру салттарымен және биік ой-өрісімен Алтайдың көшпелі түріктерінен айырмашылықтары бірден байқалады. Бұл сөзсіз исламды жүздеген жылдар бойы ұстанғандығынан» деп Қазақ халқының Ислам дінін берік ұстанатынын айтып өтеді.
Орта жүз жерінде хандықты жойып, аға сұлтандық өкіметті орнатқан С.Г.Броневский «О киргиз-кайсаках Средней Орды» атты еңбегінде қазақтардың мешіттері болмағанымен Мұхаммедтің дінімен өмір сүретінін, олардың арасында дін насихатын жүргізетін ахун, мулла, қожалардың болатынын жеткізеді. М.Красовский «Область сибирских киргиз» деп аталатын үш томдық еңбегінде, қазақтардың Құрбан айт мерекесін ақсүйек саналатын сұлтан, қожа, молда және қаймана қазақтардың қалай тойлайтынын баяндайды. Ал, атақты этнограф Г.Н.Потанин: «Қырғыз даласында мұсылмандық жылдан жылға күшейіп келе жатыр» деп, ал оның күшейуіне орыс үкіметі тағайындаған татар молдалары емес, Бұқарадан оқып келушілердің әсері бар екенін тілге тиек етеді.
Қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген ақын-жыраулардың поэзиясына да зер салып қараған болсақ, Қазақ халқының Хақ дінді берік ұстанғанынан хабардар бола аламыз. Асан қайғы, Сыпыра, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Бұқар, Үмбетей, Шөже, Махамбет және т.б. сөз сүлейлерінің еңбектерінде діни сарын айқын аңғарылады.