Салт-дәстүрлеріміз исламмен біте қайнасқан

Жұма, 10.01.2022

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымы «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар ӨМІРБЕКпен сұқбат.

 

– Оңғар аға, сіз тәуелсіз еліміздегі қалыптаса бастаған Ислами баспасөздің негізін қалаған қарымды да тәжірибелі қаламгерлердің бірісіз. Осы ретте сізбен дәстүр мен дін төңірегінде әңгіме өрбітсек. Жалпы, ата-баба дәстүрінде исламның алар орны қандай?

– Ата-бабаларымыз әділдік пен ізгілікке, қайырымдылық пен өзара бауырмалдыққа, даналық пен білімге тұнған кемел дін Исламды қаншама ғасырлар бұрын осындай асыл да бекзаттығы үшін аттай қалап, таңдағаны бекер емес. Өйткені, қанымызға сіңіп, ұлттық болмысымызға айналған Ислам діні – біздің өмір салтымыз, терең мәдениетіміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «тегіміз – түрік, дініміз – Ислам» екенін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан рухани мұрамыз ретінде зерделеп, оның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтап, игеру, қорғау, дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңгенін зерделеу – бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың міндеті деп түсінгеніміз мақұл. Ұлы Жаратушыға барар хақ жолды көрсеткен Аллаһ елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сөздері мен іс-әрекеттерін білдіретін хадис пен сүннет Исламның Құраннан кейінгі негізі саналады. Мұсылмандар үшін хадис пен сүннеттің рөлі өлшеусіз зор. Бұған алғашқы мұсылмандардың өмірі жарқын үлгі деуге болады. Қыз бала туылса отбасының беделін түсіргендей намыстанып, тірідей жерге көмген, арақ, құмар ойындар, пайыз, өсім алу секілді кеселдер жаппай жайлап, азғындаған қараңғы да жабайы қоғамды Ислам діні аз уақытта-ақ барша адам баласы үлгі тұтар шырқау биікке көтерді. Мұндай зор жетістікке Ислам дінін қабылдаған елдердің бәрі де қол жеткізді. Соның ішінде түркі халықтары да бұл үшін Аллаһ тағаланың асыл діні Исламға мәңгі қарыздар. Қазақ халқы да бар ынта-ықыласымен, жүрек қалауымен қабылдап, мұсылмандық өмір салтына Құран мен сүннет дәстүрлерін қалыптастырды.

Ислам халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сенім-нанымының негізіне айналды. Осынау ұлттық құндылықтарымыз Құран мен Исламның екінші негізі хадистер мен сүннеттерден бастау алған еді.

Пайғамбарымыздың кезеңінен бүгінгі күнге дейін мұсылмандар Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) әрбір сүннетін жалғастыруға тырысып келеді. Тіпті, қарапайым деп саналатын әдеттерде де Оның (с.ғ.с.) іс-әрекеттерін басшылыққа алады. Мысалы, үйден шыққанда оң аяқпен шығу, малдас құрып отыру, жатқан кезде оң жағына қарап бір қырымен жату, тіпті әжетханаға кірерде сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу секілді амалдардың бәрі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті ретінде үмметінің күнделікті тұрмыстағы қағидасы деуімізге болады. Осы қағида-ережелер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өзгеріссіз жеткен. Тіпті Оның (с.ғ.с.) ең қарапайым деген амалдары да біз үшін үлгі әрі бұлжымас заң.

Қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген халық мұраларының көбі сол «сүннетті ұстану» ниетінен туған. Мұның дәлелі бізге жеткен әдет-ғұрыптар мен сенім-нанымдарымыздың көбісі хадис және сүннеттерден еш айырғысыз. Соның бірқатарына ғана тоқталайық:

Әрбір істі бастауда «Бисмилла» деп айту.Бұл әдет мына хадистен туған:«Бисмиллаһпен басталмаған әрбір істің соңы келте»;

Тағамды оң қолмен жеу және әркімнің өз алдынан жеуі.Бұл әдет халқымыздың тәрбие шарттарына еніп, ұрпақтан-ұрпаққа берілген. Бұл да − Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сахаба Амр б. Әби Сәләмә былай дейді: «Бала кезімде Расулаллаһтың (с.ғ.с.) бөлмесінде отырған едім. Тамақ жеген кезде қолымды табақтың әр жеріне жүгіртетінмін. Сонда Расулаллаһ (с.ғ.с.) маған:«Балам, тамақты «бисмиллаһпен» баста және оң қолыңмен өз алдыңнан ғана же», -деді. Бұдан кейін мен тамақты тек ғана солай жейтін болдым.» Осыған байланысты Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.):«Тамақ жеген кезде оң қолыңызбен жеңіз, су ішкен кезінде де оң қолмен алып ішіңіз. Себебі, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді», -деген хадисі бар;

Тамақты және шайды үрлеп ішпеу.Мұның да сүннеттен бастау алғанына:«Расулаллаһ(с.ғ.с.)тамақты және ішетін нәрселеріңізді үрлеп ішуге тыйым салды» -деген хадис дәлел;

Түнде тағамдардың бетін ашық қалдырмау.Халық сенімі бойынша түнде беті ашық қалып қойған тағамды жеуге болмайды. Себебі оған шайтанның аузы тиеді деген сөз бар. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.ғ.с.):«Қараңғы түсе бастаған кезде балаларыңызды сыртқа шығармаңыздар. Себебі, сол кезде шайтандар шыға бастайды. Түнде сыртта жүрген балаларыңызды үйге кіргізіп, «бисмиллаһ» деп есіктеріңізді жабыңыздар. Өйткені, шайтандар жабық есіктерден кіре алмайды. «Бисмиллаһ» деп табақтарыңыздың үстін де жабыңыздар. Шырақтарыңызды сөн-діріңіздер»,− деген;

Тамақтан кейін бата жасау.Халқымыз «бата» (Құранның бірінші сүресі «Фатихадан» шыққан) сөзін дұғаның орнына қолданған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да тамақ жеп болған соң үнемі Аллаһқа мақтау айтып, шүкірлігін білдірген;

Бата жасағанда екі алақанды жаю.Халқымыз екі алақанын жайып бата жасайды. Олар бұл әрекеттерімен өздерінің Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.):«Аллаһқа дұға еткенде алақандарыңды ашып дұға етіңдер, қолыңды теріс қаратып дұға жасама. Дұғаны бітіргенде алақаныңмен бетіңді сипа»,− деген сүннетіне сай амал ететінін көрсетеді;

Батадан кейін «әумин» деу.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Адамдар бір жерге жиналғанда біреуі дұға жасап, қалғандары «әумин» десе, Аллаһ оларға міндетті түрде жауап береді (дұғаларын қабыл етеді)», -деген;

Жатып тамақ жемеу.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Мен бір жағыма қисайып жатып тамақ жемеймін», -деген;

Нанды жерге тастамау,оны құрметтеу, жерге түскен нан үгіндісіне дейін теріп алу, оны баспау, бір қолмен бөлмеу. Халқымыздың нанды құрметтеуі, жерге түскен үгіндісін де баспай, жоғары көтеріп қоюы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):«Нанды құрметтеңіздер. Себебі, ол жер мен көктің берекеті», -деген өсиетінен туған;

Ыдысқа құйылған тамақты тауысу.Халқымыз тамағын жартылай ішпей қалдырғандарға: «Жаманнан жарты қасық ас артылады» деп ескерту жасап жатады. Ал бұл түсінік Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):«Сендер тамақтың қай жерінде берекет бар екенін біле алмайсыңдар. Олай болса, бір түйірі жерге түсіп қалса, оны да алып, тазалап жеңдер, шайтанға (ештеңе) тастамаңдар...», -деген сүннетінен;

Дастарқан басынан ас жиналмай жатып тұрып кетпеу.Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:«Дастарқан жайылып, тамақтар әкелінсе, дастарқан жиналғанға дейін ешкім дастарқан басынан тұрып кетпесін...»;

Тамақтан бұрын және кейін қол жуу.Аллаһ Расулы (с.ғ.с.):«Тамақтың берекеті – алдында және кейін қол жууда», -деген;

Шелек сияқты үлкен ыдыстарға аузын батырып су ішпеу.Имам Бұхари жинақтаған хадистердің бірінде:«Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) шелек және бөшке сияқты ыдыстарға ауыз салып су ішуге тыйым салды», -делінген;

Көз тию.Халқымызда көз тию, көз тиген адамның ауыратыны, көз тиюмен ауырған адамды оқыту секілді сенімдер бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Көз тию – ақиқат», -деген. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) мұндай жағдайда бірқатар дұғаларды оқуға кеңес берген;

Сәби дүниеге келгенде құлағына азан шақырып, ат қою.Тіпті, осы дәстүрден келіп тілімізде «азан шақырып қойған аты» деген сөз тіркесі де қалыптасқан. Халқымыздың бұл әрекеті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәрбиелік мәні зор сүннеттерінің бірі. Ол өзінің немересі хазреті Хасан (р.а.) туылғанда құлағына азан шақырып, ат қойған;

Баланы сүндетке отырғызу.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүндетке отырғызуға аса мән беріп, оны «жаратылыстың талабы» деп бағалаған;

Үлкендерге құрмет көрсету.«Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген аталы сөзге тоқтаған мұсылман халқымыз дініміздің тәрбиесі бойынша үнемі үлкендерге құрмет көрсетіп, олардың сөзін бөлмеген, алдын кесіп өтпеген, үйге кіргенде орнынан тұрып сәлемдескен. Бұлар да сүннеттен бастау алған. Себебі, Расулаллаһ (с.ғ.с.):«Үлкендеріңіз үшін орындарыңыздан тұрыңыздар», «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес»,- деген.

Осыншалық айқын дәлелдерге қарамастан,дінге бөлек, дәстүрге бөлек қарайтынқандастарымыз да бар. Өкінішке орай, елімізде дін мен дәстүрдің сабақтастығы алшақтап бара жатқан секілді. Біреулер: «Тек дінді ғана ұстанамын», - десе, енді бірі: «Дін мен ата-баба дәстүрін сабақтастыру керек», - дейді. Бұған не дейсіз?

– Бұл сауалға жоғарыда жауап бердім-ау деймін. Дін мен салт-дәстүрлеріміз бөле-жара қарауға болмайтындай біте қайнасқанын жоғарыдағы келтірілген хадистер мен сүннеттен аңғарған боларсыз. Рас, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Шариғатымызға қайшы келетіндерін уақыттың өзі-ақ екшеп, қажетсінбей жатқан жоқ па?!

– Келіннің сәлем салуы ширк пе? Қазір кейбір ауылдардағы беташар тойларда келіндерге сәлем салуға тыйым салдыратындар шықты. Өйткені «ол үлкен күнәға – ширкке жатады екен, Аллаға серік қосу болып табылатын көрінеді». Бұған не дейсіз?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Амалдар ниетке байланысты», - деген. Діндар ғалымдарымыздың пікірлері мен пәтуәларына сүйенсек, жас келіннің сәлем салуы ата-енесіне, үлкендерге деген құрметі. Оларды Жаратушымен теңгеріп сол үшін иіліп жатқан жоқ. Бұл жоғарыда айтылған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):«Үлкендеріңіз үшін орындарыңыздан тұрыңыздар», «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес»,- деген хадистерімен үйлеспей ме?! Мұны үлкендерге көрсетілген құрмет-ізет деп қабылдағанымыз жөн. Құрмет ниетімен сәлем салу харамға не Аллаһ тағалаға серік қосуға жатпайды. Мұндағы ескеретін жәйт, келіннің иілуі намаздағы рукуғ деңгейіне жетпеуге тиіс. Жалпы қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмайтыны белгілі. Бұл тек біздің ұлтымызға ғана тән дәстүр.

– Кейінгі кезде марқұмның жетісін, қырқын, жылдық асын беру дәстүрі шариғатқа қайшы дейтіндер де шығып жатыр. Тіпті кейбір ауылдарда ақсақалдар мұны өткізуге мүлдем тыйым салып тастаған. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Шариғатта марқұмның туған-туыстарының нақты күндерді белгілеп құдайы ас беруінің еш негізі жоқ. Яғни жетісін, қырқын, жылын қайтқан күннен бастап дәлме-дәл есептеп құдайы ас беру парыз емес. Алайда өмірден өткен адамға арнап кез-келген күні шама-шарқына қарай құдайы ас беруге шариғат тиым салмайды. Тіпті мәйітке арнап құран бағыштап, жоқ-жітіктерге, кедей-кембағалдарға, көрші-қолаңдарға, туған-туысты жинап ас бергені абзал. Бермеген жағдайда күнәһар болмайды. Өйткені Ислам ауырлыққа емес жеңілдікке шақырады. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.):«Дінді ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер»деген. Егер қайғы жамылған отбасының көрші-қолаңдары алыстан арнайы келген қонақтарға тамағын дайындап беріп жатса, нұр үстіне нұр. Бірақ адам қайтқаннан кейін бәсекеге түсіп, «адамдардан ұят болады» деп қарызданып, отбасына қажетті малын жұмсап ас беруі дұрыс емес, ысырапқа жатады. Ал Құранда: «Ысырап етпеңдер, күдіксіз Аллаһ ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Әнғам» сүресі, 141-аят), - деп қатаң ескерткен. Олай болса, жетісін жеті күнде беретін себебі мәйіттің еті ажырай бастайды, қырқын берудегі мақсат еті сүйектен ажырап бітеді, жылын беруі еске алу деген түсініктің бәрі шариғатта ешбір негізі жоқ, таяз түсінік. Сондай-ақ бұрын бүгінгідей көліктің жоқтығынан бір адам қайтса көңіл айтуға кісілер алыстан апталап, айлап жүріп келетін болған. Сол үшін де үш күндігін, жетісін, қырқын, жылын берген деген көзқарас та бар. Осы көзқарастардың қай-қайсысының да шариғатта негізі жоқ.

– Рухани орындардың тарихымен танысуға, Ислам ғұламаларына және бабалар рухына Құран оқуға, мұсылман қабірлерін зиярат етуге, сол жерлерде Аллаһтан елдің, жердің амандығын тілеуге бола ма? Себебі кейбір діни адамдар ондай жерлерге баруға болмайды десе, кейбір кітаптарда баруға болатынын айтады. Осының қайсысы дұрыс?

–Шариғатымыз Ислам ғұламалары мен әулие құлдардың, тіпті жалпы мұсылман қабірлерін зиярат етуге рұқсат етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерді қабірге зиярат етуден тыйған едім, енді зиярат етіңдер. Өйткені, ол ақиретті естеріңе түсіреді» деген. Сондай-ақ рухани жердің тарихымен танысу, өлілерге бағыштап құран оқу, Аллаһтан олардың игілігіне дұға тілеу – мұстахаб, яғни сауапты амалға жатады. Ал қандай да бір топ адамдарды бабалардың басына апарып шариғатқа қайшы әрекеттер жасатып жатса, дұрыс емес. Мәселен, алдына келген адамдарға: «Пәленше бабаңның басына баруың керек, бағың байлаулы, ата-бабалардан бата алып жолыңды ашып береміз, пәленшенің басында қой соясың, түгеншенің басында түнейсің, ата-бабалардан бала сұрайсың» деген секілді іс-әрекеттер шариғатымызға қайшы. Осылардың қатарына «Ақ ана», «Ата жолы» сияқтыларды жатқызуға болады. Олардың бұл әрекеттері халықтың діни сауатсыздығын пайдаланып өз мүдделеріне жету үшін ғана жасалынып отыр.

Шариғатта рұқсат етілгеніндей әулие-әмбиелердің құрметі үшін деп Аллаһтан тілек тілесе болады. Бұл жөнінде толық мәліметті дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының «Дін мен діл» кітабынан (тақырыбы «Тәуәссул») таба аласыздар.

– Шариғат бойынша нені халалдан тұтыну маңызды?

–Дінімізде халал деп белгілеген заттарды тұтынудың маңызы зор.Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік тәрізді нығметтердің барлығы Аллаһ тағаланың бізге тартқан сыйы. Бұл жерде әркім ненің адал, ненің арам екенін ажырата білгені жөн.

Аллаһ тағала Құранда:

«Ей, адам баласы! Жер жүзіндегі халал, таза нәрседен жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят), - деп бұйырған.

Яғни, ағзаға, ақыл-еске кері әсер етпейтін сансыз халал рызықтарды жеңдер деген. Дінімізде ішіп-жейтін барлық қоректеріміздің қайсысы халал, қайсысы харам екені анық көрсетілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:

«Расында, халалдың да,харамның да не екеніанық.Бірақ бұл екеуініңарасында адамдардың көбiбіле бермейтінкүмәндi нәрселер бар. Күмәні бардансақтанғандардiнi мен ар тазалығына мұқияттылық танытпақ» Сахихул-Мүслим, 107 (1599), - деген.

Ендеше, күнделікті өмірде харам мен халалды ажыратып, халал өнім тұтыну, күмәнді нәрселерден аулақ жүру әр мұсылман үшін маңызды болмақ.

– Жалпы, дін мен дәстүрдің біте қайнасып, бірге жетіліп, бірге өркендеуі үшін не істеуіміз керек?

– Құдайға шүкір, ел тәуелсіздігін алғалы дініміз бен салт-дәстүріміз жайлы аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Іргелі кітаптар да шығып жатыр. «Енді мектептерге Алаштану пәні енгізіледі» - деген ақжолтай хабарды да естідік. Бәрекелді! Бұл пән ұлттық болмысымызды жан-жақты ашуға тиіс. Ал, ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сенім-нанымымыз деген сөз. Бұған оқулыққа «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасынан жарық көрген екі томдық «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» («Арыс» баспасы, 2006 ж.), курстасым, марқұм Сейіт Кенжеахметұлының үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шыққан «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» («Алматы кітап» баспасы, 2004 ж.), «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» («Алматы кітап» баспасы, 2007 ж.), дінтанушы Шәмшат Әділбаеваның «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» («Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры», 2011 ж.) кітаптары сұранып тұр. Іздегенге сұрағанның нағыз өздері. Бұларды бастауыш сыныптан жоғары сыныптарға дейін арнайы бағдарламамен сатылатып, рет-ретімен жүйелі түрде оқытқан жөн болар еді. Ұлтымыздың табиғат болмысын әрбір қазақ білуге тиіс. Онсыз космополит, мәңгүртке айналмақ. Өз қағынан жерігендердің түпкі себебін зерттесеңіз ұлты туралы ештеңе де білмейтін, кешегі атеизммен уланған интернационалистер болып шығады. Кешегі заман келмеске кетті. Енді нағыз қазақ та, шынайы мұсылман да болуымызға не кедергі?

– Мектептердегі дінтану пәніне дұрыс мән беріп отырмыз ба?

– «Дінтану негіздері» деген факультативтік (қосымша) пәнге оны оқу бағдарламасына енгізгендердің көңілі толмаса, былайғы жұрттан «көңілім толды» дегенді естігенім жоқ. Негізгі тақырыпқа соқпай, тікұшақпен айнала ұшып жүргендей көрінеді маған. Ресей христианның православье тармағын жалпы білім беретін мектептеріне іргелі пән етіп (біз секілді қосымша емес) енгізіп, оқытып жатқалы қашан?! Біз де жасқаншақтай бермей дін туралы жаңа заңымызда бекітілген ханафи мәзһабын арнайы пән етіп енгізсек, елдегі күрделі діни ахуал жақсарып, өз шешімін табар еді. Дінімізді білмей, түрлі теріс ағымдар мен секталарда адасып жүрген жастарды не деп кінәлай аламыз? Қажетті деген діни білімді алса ғана, оңды-солын айырып, таныр еді де адаспас еді. Телеарналарымызда да дінімізді насихаттайтын арнайы бағдарлама жоққа тән, атүсті, тиіп-қашып бірдеңе айтқан болады. Күні-түні беріліп жататын шетелдік телехикаялардың біреуінің уақытын дін насихатына берсе ғой, әттең?!

– Қазақтың киіну дәстүрі де ислам мәдениетімен, ислам тағылымымен байланысып тұр дегенге қалай қарайсыз?

– Өкінішке орай, ұлттық киімдерімізді оқта-текте барған тойларымыз бен «Қыз Жібек» көркемфильмінен ғана көретін болдық. Қандай жарасымды, қызығасың. Шариғатқа да сай. Қыз-келіншектеріміз үшін бұл күнде орамал күрделі мәселеге айналды. Егер сол ұлттық киім үлгілерін күнделікті тұрмысқа бейімдеп, қолданысқа енсе, қыз-келіншектеріміздің басын қатырған хижаб мәселесі де оп-оңай-ақ шешімін табар еді. Жалпы ұлттық киімдерімізді көрмеге қоймай, күнделікті өмірде киіп жүргенге не жетсін?! Ұлттық ерекшелігіміз кім-кімге де мен мұндалап көрініп тұруымен құнды емес пе?!

– Сіз басқаратын «Иман» журналының ұстанымы қандай?

– Биылмен он екінші жыл шығып жатқан діни-танымдық басылым Исламды ханафи мәзһабы аясында насихаттап, оқырманына жеткізуді көздейді. Таралымы 13 мыңға жетті. Әрине, дінге сусаған халқымыздың талап-талғамы мен сұранысы жоғары екенін білеміз. Мақсат сол талап пен талғамды қанағаттандыру үшін үнемі ізденіп, мазмұнын байыту, сапасын көтере түсу арқылы оқырмандарымыздың діни-танымдық көкжиегін кеңейту.

– Салиқалы әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұқбатты жүргізген Серік Жұмабаев

дереккөзі

Оқылды 1099 рет
JoomShaper
Top