Қазақ халқының рухани мәдениетінің қалыптасуындағы Ислам дінінің рөлі

Сенбі, 01.11.2021

Өзінің өткен тарихындағы шынайы рухани мәдениетін сақтаған, оларды ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған халықтың өркениетті ел ретінде болашағы жарқын.

Қазақ халқының рухани мәдениеті Ислам құндылықтары мен қазақы салт-дәстүрге негізделген десек артық айтқан болмаймыз. Оны дамыту мен жаңғыртуға үлкен үлес қосқан қазақ жерінен шыққан ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының Ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында Исламның рөлі басым әрі маңызды екендігін дәлелдей түспек.

Қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу барысында қазақ мәдениеті мен руханияты Ислам әлемі мен өркениетінің ажырамас бөлшегі екендігін көруге болады.

Ислам діні халық санасына бейбіт жолмен сіңісті. Қазақстанның кең-байтақ территориясы мен Еуразия аумағын мекендеген түркі ұлыстары ІХ ғ. басында Ислам дінін қабылдап, кейін осы территорияға иелік еткен ұлыстардың ұрпақ жалғастырған халықтары өз дүниетанымына, мәдениетіне Ислам құндылықтарын дәстүрлі бағдар етіп салт-дәстүрімен біріктірген.

Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңдерде территориямызда түрлі мемлекеттік бірлестіктер тарихында Ислам ұлттық менталитеттің негізгі діңгегі ретінде өміршендік танытқандығына тарихи деректер дәлел болады. Тіпті атеизмді басшылыққа алған Кеңестік отаршылдық саясат қазақ дүниетанымдағы Исламды жоя алмады. Халық санасында Құдіретті Құдайдан қорқу, оған сиыну сияқты діни таным руханиятымыздың өзегі болып сақталды.

Тоталитарлы-отаршылдық саясаттың күшімен цензураға ұшыраған тарихи жыр мен толғаулардан алынып тасталған отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа, ел үшін күреске шақыратын, рухты оятатын, жігерді жандандыратын өлең жолдарындағы «Алла», «Құдай», «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» сөздері көркем мәтіндерінде бұл күнде өз орнына қойылды.

Миллиондаған қазақтардың өз рухани өмірін өзгертуі, салауаттылық пен парасаттылықты, өркениеттіліктің болашағын өз бойларында Ислам құндылықтарымен байланыстыруы Исламның қазіргі таңдағы Қазақ даласындағы өміршеңдігін көрсетеді.

Халқымыздың салт-дәстүрлерінің басым көпшілігі Исламнан бастау алатындығын Ислам құндылықтарының халықтық санада берік бекігендегінен көруге болады. Қазақ дәстүрлі мәдениетінде айшықталған әдеп ұстанымдары батыстық этика ұғымдарынан басқаша, өзіндік бітімі бойынша тұжырымдалады. Біріншіден, кісілік қасиеттер ауызекі поэтикалық арнада көркем суреттемелер арқылы берілген. Екіншіден, әдеп нормалары (кісілік белгілер) қазақы руханиятта құқықтық, діни, көркем өнерлік нормалармен синкретті әрекет еткен. Үшіншіден, әдеп нормалары ақын-жырауларда ауызекі мәдениеттің көне үлгілерін қамти отыра жырланған.

Халқымыздың асыл қазынасы ауыз әдебиетіміз арқылы Ислам құндылықтарының діни-рухани насихаты – поэзия, музыка, шешендік, көркем сөздің көмегімен жүрген, әрі ондай діни насихаттың әсері ерекше болғандығын көреміз. Қазақ жерін мекен еткен кез-келген түркі-ислам өркениетінің тұлғалары сөз басын Әзіз уа ұлы Алланың құдіреттілігі туралы бастаған. Мысал келтіретін болсақ, ерте ортағасырдағы ұлы тұлғалардың бірі – ғұлама, ойшыл, мемлекетшіл ақын Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни. Ғұламаның «Құтты білік» дастаны - әлеуметтік-философиялық трактат әрі түрік дүниесінің алғашқы поэзиялық жазба кітабы болып табылады. Оның:

Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!

Шексіз құрмет, шүкіршілік мың да бір,

Ол мәңгілік, Хаққа лайық кіл қадір.

Жаратты Ол: жасыл көк, ай, күн, түнді,

Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді.

Қалады да жаратты бар болмысты,

«Бол!» - деді де, бірден бәрін болғызды – деген жыр шумақтарынан терең руханият, кең ауқымды дүниетаным, тәрбиенің діни тәлімінен хабардар боламыз. Сөз басын Алла атымен бісмілләлап бастау Құран Кәрім тәлімі. Өйткені, Құран Кәрімдегі 114 төрт сүренің барлығы «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» – Мейірімді де, Рахымды Алланың есімімен басталады. Демек, Құрандағы 6326 аяттың басында бісміллә сөзі тұр.

Қарахандар дәуіріндегі деректерге сүйенсек, қазақ мәдениетінің гүлденіп, әлем өркениетімен байланысы өркен жайып дамығандығы көрінеді. Осы кезеңнің дарынды тума ойшылы Махмұд Қашқари өз кезегінде былай деп жырлаған:

Алла соққан бұ ғалам,

Шыр айналып дөңгелер.

Жұлдыздары жыпырлап,

Күнді аударып, түн келер.

Алла аспанды жаратты,

Ақық сеуіп таратты,

«Таразыны» бар етті,

Күнді аударып, түн келер.

Бір Иемді мақтаймын,

Білім жинап, сақтаймын,

Жақсылықты жақтаймын,

Бар көңілімді бағыштап.

 

Осылайша, түркі тілтану ғылымының негізін қалаған, әлемнің көне картасын, оның ішінде түркі халықтарының мекен-жайын белгілеген дөңгелек карта сызған ғалымның Алла туралы жыр жазуы ХІ ғасырда қазақ даласындағы идеология негізі Ислам діні болғандығын көрсетсе керек.

Иә, Аллаһ, көп мінәжат етем Саған,                                      

Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам.

Дәріптеуге Өзіңді тіл жетер ме,

Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.

Ұшқан құс, жүгірген аң – барлығы да,

Паш етер Сені «бар» деп, жөн бар соған! – деп жырлаған, ХІІ ғасыр аяғында ХІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Әдиб Ахмед ибн Махмұд, яғни Ахмед Иүгінекидің сөздері Ислам дінінің шариғатын насихаттайды.

 Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Ықылас» сүресі» деп аталатын өлең шумақтары Ислам құндылықтарынан терең сыр шертеді. Атап айтсақ,

Құдайға шексіз шүкір, сана сансыз,

Өлім хақ, ол келеді бір күн аңсыз.

Алланың бірлігіне тәсбих айтар,

Жаралған күллі ғалам жанды-жансыз.

Баршасы зікір етер есім сәтін,

Әрбірі, әр Лафызда айтар атын.

Құранда сүре «Ықылас» аятында,

Білдірген құдіретімен өз сипатын.

«Ықылас» атты бұл сүрені әркім көріп,

Оқыса ниет қойып көңіл бөліп.

Дүниеде ризығы көп болады,

Фазылы мен берекетін Алла беріп, - десе, «Бес қымбат» атты өлеңінде иман, ғақыл, сабыр, шүкір, әдеп құндылықтарын насихаттайды.

Әдеби мұрамызға үңілсек, Қазақ халқының рухани мәдениетіғасырлар бойы Құран мен сүннеттен имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебі арқылы сусындағанын көреміз. Аталған мәзһап пен мектеп – дәстүрлі Исламның доктринасы. Доктринада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортаға және ел аумағындағы халықтың салт-дәстүрлерін, ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарастары айқындалуы тиіс. Бұл доктрина Қазақстан мұсылмандарының мәңгі тұғырнамасы болып қала беруі ләзім.

Алайда, бүгінгі таңда Қазақ халқының рухани мәдениетінің өзегі саналатын Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди сенім мектептерінің мәнін ашып беретін тұғырнаманың бірегей форматы жоқ. Әрине, ондай құжатты жалпы халыққа түсінікті тілде дайындап, қоғамға ұсыну болашақтың еншісінде. Әрі, осы ізгі іс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күрделі де, көп салалы жұмыстарының күн тәртібінен түспек емес. 

 

Ершат Оңғаров

Оқылды 1072 рет
JoomShaper
Top