Рамазан – жуан мен жіңішкені теңестіретін ай

Сенбі, 02.07.2021

Хақ діннің қазіргі хал-ахуалын Құдайға шүкір кешегі күнімізден әлдеқайда жақсы деп айта аламыз. Тоқсаныншы жылдардағы еліміздегі исламдану үдерісі баяу алға жылжыса, соңғы он жылдықта ерекше қарқынмен өрге басты. Әрине, заманның бұл бет алысындағы кейбір жамағаттардың жасап жатқан дағуатының көңілге күдік ұялататын тұстары жоқ емес. Дегенмен, осы қарқын сақталып отырса, иншалла, мұсылмандық қағидалардың алдағы он-жиырма жылда қазақ қоғамының басты құндылығына айналатынын болжау қиын емес.

Жыл санап ораза ұстаушылардың санының молая түсуі қуантарлық жағдай десекте, халқымыз әлі қасиетті айдың рухани биігіне көтеріле алмай жатқандай. Әсілі, Рамазан айы жуан мен жіңішкені, бай мен кедейді теңестіруімен қасиетті. Бірақ, біз қасиетті айдағы осы ізгі үрдістің негізін сала алмай келеміз. Әлбетте, жасалып жатқан қайырымды істер мен берілген пітір садақаға сауаптың жазылатыны анық. Әйтседе, біздің қоғамда ораза тұтқан ашқұрсақ жарлы-жақыбайларға ауыз ашар беру мәдениеті әлі қалыптасқан жоқ. Дастархан жаюға жағдайы келген жандар ауыз ашарға өзінің тамыр-танысы, дос-жаранын шақырумен шектеледі. Ал, мейманасы тасыған қарны жуан дөкейлер өзімен теңдес сыбайластарын ғана шақырып, ауыз ашарды да бас пайдасына жаратуға тырысып бағады.

Ислам елдерінде Рамазан айында шынжыр балақ бай-манаптар жоқ-жітікке қарасып, отыз күнгі оразасына ауыз ашары мен сәресін беріп, жарлы-жақыбайдың қағанағын қарқ, сағанағын сарқ етуді дәстүрге айналдырған. Мәселен, туысқан түрік елінде ораза айында бай-шонжармен қатар, түрлі саяси партиялар мен қозғалыс жетекшілері, сондай-ақ, әкімдер мен депутаттар, тіпті, кейде президентінің өзі бас болып алаңқайларға шатыр тігіп, қалың бұқараға күн сайын тыным таптырмастан ауыз ашар беріп жатады. Оны көріп, бүкіл Түркияны ауыз ашар беріп жатыр деп ойлайсың. Әлбетте, байшыкештердің ауыз ашар беруінің астарында дүниелік саяси мұраттардың болуы да әбден мүмкін. Дегенмен, бұл игі шараның адамдар арасындағы әлеуметтік алшақтықты бір сәтте болса ұмыттырып, бай мен кедейді біте-қайнастыратыны сөзсіз.

Тегінде, Хақ-Тағаланың қасиетті еткен Рамазан айында даңдайсыған дөкейлер ауыз бекітумен ашығып, күн ұзақ ашқұрсақ болып жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайының қандай болатынын терең сезіне алады. Алайда, біздің қоғамнан Рамазан айында адамдардың бойынан атқақтап тұруы тиіс бұл ізгі сезімнің елесін де көре алмай жүрміз. Әлеуметтанушылардың айтуынша байшыкештер өздерінің жинаған қорының бір пайызын ғана жоқ-жітікке садақа етсе, жер бетінде кедей адам қалмайды екен. Қасиетті Рамазан айы көңілдің кірін кетіріп, пейілді түзейтін сындарлы бір мезгіл. Жаны жомарт Қазақ халқы байлығының бір пайызын ғана емес, бар жиған-тергенін жақсылыққа сарп етуі ғажап емес. Рамазандағы ауыз ашар дәстүрін қам-көңіл пейілімізді мейірлендіруге, жоқ-жітік пен кедей-кепшіктің өмір сүруге деген үмітін оятуға бағыттасақ, бой күйез қоғамды мешкейлік дерттен сауықтыруға күш салған болар едік. Ендеше, бай-манаптар бұл қайырымды істі іліп әкетіп, ізгі дәстүрге айналдырса екен деп тілейміз.      

Мұхан ИСАХАН 

Оқылды 758 рет
JoomShaper
Top