Рамазан игіліктері

Жұма, 01.07.2021

Рамазан айында нәпсiнi қоздырып, жамандыққа итермелеушi шайтандар шiдерленiп, адам баласы пәле-жаланың қамауынан босап, рухани еркiндiкке қол жеткiзедi. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадис-шарифiнде: "Рамазан жұлдызы туған сәтте рахмет есiктерi ашылып, тозақ есiктерi жабылып, шайтандар шынжырланады" дейді. Сондай-ақ, басқа хадистерде баяндалғандай жұмақ қақпаларының айқара ашылғандығы соншалықты — бұл айда жасаған әрбiр iзгi iсiмiзге жетпiс сауаптан жазылады.

Адамзаттың ардақтысы (с.а.у) келесi бiр хадис-шарифiнде: "Кiмде-кiм иланып, ықыласпен Рамазан айында ауыз бекiтсе, Алла оның жасаған және болашақта жасайтын күнәларының барлығын кешiредi" деп сүйiншiлейдi. Яғни, бұл хадис бойынша Алла ризашылығы үшiн ынты-шынтымен ораза ұстаған адам мына фәнидегi иллаһи сыннан сүрiнбей өтiп, мәңгiлiк бақытқа кенеледi. Хақ Елшiсi (с.а.у) келесi бiр хадис-шарифiнде: "Жаннатта Райиан деген қақпа бар. Бұл қақпадан қиямет күнi тек ораза тұтқандар ғана кiредi. Бұл қақпадан ораза тұтқандардан басқа ешкiм кiре алмайды. (Қиямет күнi) "Ораза ұстағандар қайда?” деп сұралғанда, ораза тұтушылар бұл қақпа арқылы жаннатқа кiредi. Ораза ұстаушылардың соңғысы бұл қақпадан кiргенде, қақпа жабылады. Бұдан кейiн мұнда ешкiм кiре алмайды" дейдi. Яғни, Алла Елшiсi (с.а.у) бұл өсиетi арқылы Хақтың ризашылығы үшiн риясыз ораза тұтқан мүмiннiң жасыл бақ жаннатта мәңгiлiк жаны шалқитынын баян еткен.

Имам Ғазали өз шығармасында Рамазан айында Исламға дейiнгi қауымдарға берiлмеген, тек мұсылман жұрағатына берiлетiн мынадай бес илаһи тартудың бар екендiгiн айтады:

Біріншіден, Алланың құзырында ораза тұтқан адамның аузынан шыққан иiс мисктiң иiсiнен де қош иiстi болып келедi.

Екіншіден, ауыз ашқанға дейiн перiштелер ораза тұтушылар үшiн Алладан кешiрiм тiлейдi.

Үшіншіден, бұл айда шайтандар шынжырланып, қамауда ұсталады.

Төртіншіден, Алла Тағала әрбiр күнi жаннатты безендiрiп: "Салих құлдарым жамандық пен қиянаттты жою үшiн асығуда" дейдi.

Бесіншіден, Рамазан айының соңғы кешiнде мүмiндер кешiрiледi (Имам Ғазали, Мукашафатул Кулуб. 599 б).

Ораза тұтудың әлеуметтiк маңызы мен өзге де жеке тұлғаға пайдалы элементтерiн сөз ететiн болсақ, әлбетте оны бiр ауыз сөзбен жеткiзу мүмкiн емес. Рамазан айында ораза тұтудың артықшылығы мен иллаһи мол қайтарымына сене отырып, ауыз бекiткен адам өзiне кемел бiр көркем уағыз жасаушы мен тура жолға жөн сiлтеген жол бастаушыны тапқандай болады. Себебi, Рамазан – кешiрiм және иллаһи сый-сияпаттың қазыналы кенi. Рамазан айында жан-тәнiмен ғибадат жасаған жанның иншалла тәубесi қабыл болып, жапырағынан айырылған күзгi ағаштай күнәлары бойынан төгiлiп түседi.

Бұл айдағы кешқұрым кездегi ауыз ашардың құттылығы мен таң сәрiсiне тұрудың берекесiн сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Бұндай арайлы шақ көңiлдi сергiтiп, жүрегiңдi жылылыққа баулиды. Бұндай рухани елтуде адам кiсiмсуден, дандайсудан, мейманасы тасудан арылып, кiшiпейiлдiктiң кiлтiн тауып, ерекше рухани күй кешедi. Мүмiннiң көкiрек көзi ашылып, iшкi иiрiмдерi тамаша үйлесiмдiкке бой алдырады. Сөйтiп, жаратылыстағы саналы тiршiлiк иесi екендiгiне көз жеткiзiп, оған мың да бiр шүкiр етедi.

Мүмiн, iзгi сезiмдерге шомып, бұл айда өз-өзiн бақытты санайды. Өйткенi, мүмiн бұл айда тамұқ есiктерi жабылып, жұмақ есiктерi ашылатынын, шайтандардың шынжырланып, байланатынын бiледi. Бұл айда ынты-шынтымен ауыз бекiтiп, рухы мен көңiлiн кiр-қоқыстан тазартып ұстаған адамға шайтанның азғыруы өтпей, құрған тұзағы бос болып қалады. Себебi, бұл құлшылықтың мәнiсiн ұққанға, ораза – күнәдан сақтайтын қалқан, жамандыққа қарсы бөгеу. Сонымен бiрге, адам барлық перiштелер жер бетiне түсетiн айды бастан өткерiп, олардың пәк сезiмдерiмен бiрге өмiр сүредi.

Рамазан айында бар ықыласымен ораза ұстаушының күнә жасайтын сезiмдерi суалып, керiсiнше сауап жасауға деген ұмтылысының ұясы ашыла түседi. Бұндай жақсылық жасауға мол мүмкiндiк туған сәтте мүмiн ерекше рухани шабытта болады. Ал, керiсiнше шайтанның жiгерi жасып, әл-дәрменi құриды. Таң сәрiсiнен ауыз ашарға дейiн жалғыз қалғанда да немесе көпшiлiк ортада да iшiп жеуден тыйып, ойды лайлап, бойды шырмайтын сезiмдерден өзiн-өзi тұсап, тыя бiлу нәпсiнi тәрбиелеудiң үлкен мектебi екендiгi даусыз.

Рамазан айындағы күндiзгi нәпсiмен күресiп, кешкi уақытта оның дәмi бөлек ләззатына қанығасың. Рух майданындағы күрес бiздiң қарайған жүрегiмiздi ағартып, селкеу түскен көңiлiмiздi жадыратып, сарғайған санамызға сiлкiнiс туғызып, рухымызды тiтiркентiп, таным көкжиегiмiздi арттырып, мұратымызды нақтылай түседi. Бұл айда айдында жүзiп көлдiң шырайын келтiрген аққу сынды, адамның ақылы өз дариясында еркiн жүзiп, мәңгiлiк сөнбейтiн сәуле Құран мен Сүннеттен жылу алып, ақыл өз арнасынан адаспай, адамдық болмысымыз өз биiгiне көтерiледi.

Рамазанда ауыз бекiтудiң мағынасы тек ашқұрсақ болып жүру десек қателесемiз. Адам ашқұрсақ болғанмен, тiлiмен жалған сөйлеп, күпiр айтып, жоқтан өзгенi әңгiме қылып, шақпақ болып әркiмдi шағыстырып, у iшiп жатса, иманның тұрағы болуы тиiс жүрек керiсiнше лаң тудырудың апанына айналған болса, ашқұрсақ болып ораза тұтқанның ешқандай пайдасы болмайды. Онда, тек өз-өзiңдi алдап шаршап-шалдыққаның қалады. Әсiлi, ораза ұстаушының аузы қайырлы нәрсенi сөйлеп, айтпас жерде тiлiн тартып үнсiз қалуы тиiс. Ораза ұстаушының тiлi зiкiр немесе дұға жасап, жақсы сөздердi айтуы керек. Иманның тұрағы болған жүрек қорқыныш пен үрей, шайтанның азғыруы мен күмән, лаң мен iрiткi салушылық пиғылдан тазаруы шарт. Бұлардың орнына саналы сенiм мен көркем мiнездi қалыптастырып, менмендiк, өзiн-өзi аса жақсы көру, тек қарақан басын ойлау секiлдi бұзық пиғылдан ада болуы керек.

Мұхан ИСАХАН

Оқылды 427 рет
JoomShaper
Top