Бұл дәстүрді Рамазаннан кейін де жалғастырайық

Жұма, 17.06.2021

Айлардың сұлтаны болған Рамазан – Қасиетті Құран Кәрім түскен ай. Сол себепті, бұл айда тарауық намазында Құранды бастан-аяқ хатым қылып шығу үмбеттің жақсы дәстүріне айналған. Тек тарауық намазында ғана емес, көптеген мұсылмандар намаздан тыс оқу арқылы да осы айда кемінде бір, көбінде бірнеше мәрте Құран Кәрімді хатым қылып шығуды ниет етеді.

Сондықтан да, осы бір мүмкіндікті бос жібермей, күніне Құранның бір парасын оқып, Рамазаннан кейінгі айларда да хатым етуді өзімізге міндет етуді ниет етсек, нұр үстіне  нұр болар еді. Ол үшін Құранды хатым етудің, оқудың, жаттаудың, соған сай амал етудің қаншалықты сауапты екенін білуіміз керек. Сонда ғана бұл іс оңай болады, бұл міндетті мойнымызға алу оңайға соғады. Ендеше сіздерге төменде Құран оқуға қатысты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін ұсынып отырмыз. 

«Құран Кәрімге сеніп, амал ете оқыған мү­мін қиямет күні шақы­ры­лады да Құран Кәрім ол үшін: «Уа Раббым! Оны киіндір», – деп жал­барынады. Оған керемет тәжі кигізіледі. Сосын Құран Кәрім тағы да: «Уа Раббым, мұны арттыра түс», – дейді. Оның үстіне керемет киімі кигізіледі. Тағы да Құран Кәрім ол үшін дұға етіп: «Уа Раббым, оған разы бол!» – дейді. Алла Тағала оған разы болады. Әлгі адамға: «Тоқтамастан оқы да, жоғарылай бер», – делінеді. Оның оқыған әрбір аятына бір сауап жазы­лады. (Сүнән-и-Тирмизи)

«Кімде-кім Құран Кәрімді оқып, соған сай амал етсе, қиямет күні оның ата-анасына тәж кигізіледі. Ол тәждің нұры әлемдегі үйлерді жарқыратқан күн үйіңіздің ішінде болса да, одан да жарық, одан да нұрлы болады. Ата-анасының өзіне осыншама құрмет көрсетілсе, бұл амалды істеген адамға жасалатын сый-сияпаттың қандай боларын өзіңіз ойлай беріңіз» (Әбу Дәуід).

«Кімде-кім Құран Кәрімді оқып, жаттап, халалын халал, харамын харам деп қабыл етсе, Алла Тағала оны Жәннатына кіргізеді. Сондай-ақ, отбасынан тозақтық деп үкім берілген он адамға шапағатшы қылады» (Сүнән-и-Тирмизи).

«Құран Кәрімді үйреніңдер, оны үнемі оқыңдар, түнгі ең соңғы амалыңыз Құран Кәрімнен Аятул-Күрси, Кәфи­рун секілді сүрелерді оқу болсын. Ақиқатында Құран Кәрім оны үйреніп, түнгі намаздарында оқығандар үшін әр тарапқа қош иіс жайған миск толы торсық секілді. Оны үйреніп, жаттаған күйі оны оқымағандар үшін Құран аузы жіппен буылған миск торсығы тәрізді». Яғни одан хош иіс шықпайды (Сүнән-и-Тирмизи).

«Біреу пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Расул­Алла, Алла Тағаланың ең қатты сүйетін амалы қандай?» – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көшіп-қонғанның амалы», – деп жауап береді. «Көшіп-қонған» дегенді қалай түсінеміз?» – дейді әлгі адам. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Құранды басынан соңына дейін оқып, соңына жеткен кезде қайта басына өтіп, қайта оқып бастаған адам», – деп түсіндіреді.

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Оқылды 422 рет
JoomShaper
Top