Тахауидің таңдауы

Сейсенбі, 28.07.2021

Мұсылман үмбеті ғұламасы

Ақида кітаптарын оқып, лекцияларын тыңдайтын жастар арасында имам Тахауи деген ғұламаны естімеген жан кемде-кем шығар. Оның толық аты-жөні: Әбу Жағфар Ахмед бин Мұхаммед Тахауи. Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи Мысыр елінде дүниеге келген тұлға. Мысыр шафиғи мектебі кең өріс алған ел екені мәлім. Тахауи хадис ғылымында хафиз мәртебесіне жеткен мухаддис. Әуелде шафиғи мектебін бойынша тәлім алып, кейін ханафи мектебін зерттей бастайды. Тіпті, Мысыр өлкесіндегі ханафи мектебінің көрнекті өкіліне де айналды. Имам Әбу Жағфар Тахауи көптеген құнды еңбектер жазып қалдырған. Соның бірі сенім бойынша жазылған ел арасында «Тахауи ақидасы» атымен кең тараған кітабы. 

Аталмыш кітаптың бісмилласы: «Бұл әһли сүннат уәл-жамағаттың үмбет фиқһ ғалымдары: Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит, Әбу Юсуф Яқуб бин Ибраһим әл-Ансари және Әбу Абдулла Мұхаммед бин Хасан әш-Шайбанидің мазхабына сай ақида түсініктемесі[1]»,-деп бастаған.

Әбу Ханифа мен шәкірттеріне осыншама жоғары баға беруінің сыры неде? Әбу Жағфар Тахауи өзі хадисшілер имамы. Демек, Әбу Ханифа хадис ғылымында жоғары мәртебеге ие ғұлама. Ал, ханафи мектебі әһли сүннат уәл-жамағаттың негізін құраушы. Осыған сүйене отырып, Тахауи шариғаттағы көшбасшы мектеп өкілдерін Ислам әлемінің теңдессіз ғұламалары ретінде мойындауда. Ал, мойындауының басты белгісі ғылыми ғұмырына ханафи мектебін серік етуі.

Әбу Ханифа сахабалар ғасырында дүниеге келген. Пайғамбар (с.ғ.с.) жолдастарымен замандас болу ғылымда ғұламаға белгілі салмақ береді. Ол табиғиндер заманында тәлім алып, табиғиндермен ғылыми пікірталасқа түскен әрі өзі де сол ғұламалар санатына енген. Бұл ғасыр ғұламалары дініміздің іргетасын қалаған. Бұған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы менің ғасырымда, сосын олардан кейін келетіндері, сосын олардан соң келетіндері. Кейін куәлігі айтқан сертінің алдын орап кететін және серті берген куәлігінің алдын орап кететін адамдар келеді[2]»,-деген сөзі айғақ. 

 

Құранды терең білуші

Шафиғи ғалымы Ахмад бин Хажар әл-Һайтамидің кітабында мынадай оқиға бар: Әбу Ханифаны ұнатпайтын біреу келіп, «Мына кісі жайлы не ойлайсың?»,-деп сұрақ қояды. Ол: «Жәннаттан үміті жоқ, тозақтан қорықпайды, Алла Тағаладан да қорықпайды, өлексе жейді, рукухсыз және сәждесіз намаз оқиды, көрмеген нәрсесіне куәлік береді, ақиқатқа ашуланады, фитнаны (бүлікті) жақсы көреді, рақметтен қашады, яһудилер мен насаралардың сөзін құптайды. Мұндай адам жайлы не дейсің, бұл жөнінде хабарың бар ма?»,-деп сұрады. Әбу Ханифа өз серіктеріне: «Ал, бұл кісі хақында не дейсіздер?»,-дейді. Олар бірауыздан: «Өте жаман адам, бұл кәпірдің сипаты»,-десті. Имам Ағзам езу тартып: «Ақиқатында, ол Алла Тағаланың сүйікті құлдарының бірі»,-деді. Сосын сауал қоюшыға бұрылып: «Егер сұрағыңа жауап берсем, маған тіл тигізуді доғарасың ба?»,-деді. Ол: «Иә»,-деп келісті. Имам Ағзам: «Ол жәннаттан емес, жәннат Раббысынан үміт етеді және тозақтан емес, тозақ Раббысынан қорқады. Алла Тағаланың әділдігі мен сұлтандығына жүгінуден қорықпайды. Балықтың өлексесін жейді. Рукухсіз және сәждесіз намаз оқу дегенің жаназа намазын оқиды және пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтады. Көрмеген нәрсесіне куәлік етеді дегені: «Алла Тағаладан басқа тәңірдің жоқтығына және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етуі. Алла Тағалаға құлшылық етуі үшін ақиқат болған өлімге ашуланады. Ал, бүлік (фитна) мал-дүние мен бала-шаға. Рақымет – жаңбыр. Яһудилердің: «Насаралар түкке тұрғысыз» деген, ал насаралардың: «Яһудилер түкке тұрғысыз» деген сөздерін құптайды,-деп астарлы айтылған сауалына жауап берді[3]. Сауал қоюшы имам Әбу Ханифаның терең біліміне тәнті болады. Бұрын-соңды имам жайлы естіп жүрген сөздері өсектен ары емес екендігіне көзін жеткізген еді. Бұл ғалымның терең білімін көрсететін теңізден тамшы мысал ғана. 

Пайғамбар ұрпағымен кездесу

Әбу Ханифа Мадина қаласында Мұхаммед бин Әли бин Хусейн бин Әлимен (Алла тағала баршасынан разы болсын) кездескен оқиғасы бар. Мұхаммед бин Әли пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жиен ұрпағы. Ол хазреті Әлидің баласы Хусейннің немересі еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпағы Әбу Ханифаға: «Менің атамның (с.ғ.с.) хадистеріне қияспен қарсы шығып жүрген сенбісің?»,-дейді. Әбу Ханифа: «Ондайдан Алла сақтасын. Сіз отырыңыз, сізге атаңызға (с.ғ.с.) болған құрмет көрсетілуі ләзім»,-деп отырғызып өзі оның алдына шөккеге түсіп отырды. Сөйтті де мән-жайды түсіндіру үшін Мұхаммед бин Әлиге: «Ер кісі әлсіздеу ма, әлде әйел баласы ма?»,-деп сұрады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шөбересі:

-  Әйел,-деді.

-  Әйелдің (мирастағы) үлесі қанша?

-  Ер кісі үлесінің жартысы.

-  Егер мен қиясқа жүгінсем, әйелге көбірек үлес берер ем.

-  Намаз абзал ма, ораза ма?,-деп екінші сауалын қойды.

-  Намаз.

-  Егер қияспен пәтуа шығарар болсам етеккір әйелге оразаның емес, намаздың қазасын өтеуін бұйырар ем.

-  Зәр ауыр нәжіс пе, әлде мәни ма (ұрық)?

-  Зәр.

-  Егер қияспен төрелік айтсам, мәниден кейін емес зәр шыққаннан соң ғұсыл құйынуға бұйырар едім. Хадистен басқаны айтудан Алланың Өзі сақтасын. Мен хадистің қызметшісімін,-деп жауап берді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шөбере ұрпағы орнынан тұрып, ғұламаның маңдайынан сүйген екен.

 

Тәлім мен тақуалықты тең тұтқан тұлға

Бір кісі теңгесін көміп, қайда көмгенін ұмытып қояды. Тауып беріңіз деп Әбу Ханифаға келеді. Имам: «Бұл фиқһи мәселе емес. Алайда саған бір жолын айтайын. Бүгін түнде таңға дейін намаз оқы, сонда есіңе түседі»,-дейді. Әлігі кісі түнде намазға тұрады. Түннің төрттен бірі енді өте бергенде теңгесін жасырған жер есіне түседі. Барып ақшасын тауып алып,  қуанышы қойнына симай таңсәріде имамға келіп рахметін айтады. Сонда имам: «Сені шайтан түні бойы құлшылық еткізіп қоймайтынын білген едім. Бірақ сен Алла Тағалаға шүкіршілік ретінде құлшылығыңды түні бойы жасағаның жөн болар еді»,-деген екен.

Әбу Ханифа өз заманында халыққа діни ұстаз болды. Сонымен қатар, бой көтерген түрлі керіағымдардан елді қорғаушы ғұлама да еді. Хауариждер Куфа қаласына кіріп келеді. Олардың ұстанымы өздеріне қарсы болған әрбір адамды кәпір санау еді. Хауариждер тіпті хазреті Әлиді (р.а.) кәпір деген адасушы топ. Осы ағым Куфаның бетке тұтар ғұламасын іздеп келеді. Олар Әбу ханифаға: «Күпірліктен тәубе ет»,-деп талап етеді. Өйткені хауариждер өз ұстанымына сай келмейтін мұсылмандарды кәпір деп кесіп айтады. Әбу Ханифа: «Мен әрбір күпірлік атаулыдан тәубе еттім»,-деп астарлы жауап қайырады. Мұны естіген біреу хауарижге: «Әбу Ханифа сендердің күпірліктеріңнен сақта деп тәубе етемін, деп тұр»,-дейді. Хауариждер имамды қайта ұстап алады. Сонда имам Ағзам: «Менің сөзім сендерің ұстанымдарыңға қарсы екенін анық көздерің жетіп білдіңдер ма, әлде бір ой-күдікпен бе?»,-деп сұрайды. Олар: «Солай деп күдіктеніп тұрмыз»,-десті. Әбу Ханифа Құранда: «...Расында, кейбір күдіктер – күнә...[4]»,-деп айтылған. Ал, сендердің ұстанымдарыңда күнә – күпірлік. Сендер күпірліктен тәубе етіңдер»,-деп хауариждердің аузын жапқан екен. 

Тахауидің таңдауы

Әбу Жағфар әт-Тахауи кейіннен ханафи мазхабын таңдап, сол мектеп өкілдерінің біріне айналады. Мұхаммед бин Ахмед Шурути: «Неге нағашыңызға қарсы шығып, Әбу Ханифа мазхабын таңдадыңыз?»,-деп бұл шешімінің себебін сұрайды. Әт-Тахауи: «Менің нағашым Әбу Ханифа кітаптарын көп жүгінетіндігін көрдім, сол себепті ханафи мазхабын қабылдадым»,-деп айтқан екен.

Даналығымен ерекшеленетін қазақ халқы да хақ жолды ұстануда осы бағытты таңдауынына осындай жайттар түрткі болғаны сөзсіз.

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы

 


[1] Мұхаммад бин Мұхаммад бин Махмұд әл-Бабирти, Шарх Ақида Тахауия,  Дарул-Бейрут, 16-бет

[2] Бухари

[3] Ахмад бин Хажар әл-Һайтами «әл-Хайротул Хисан», Дарул-Арқам, 93-бет

[4] Хужурат сүресі 12 аят

Оқылды 556 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Қыркүйек 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Аудио

JoomShaper