Ананың қадірін білмеген...

Жұма, 28.08.2021

Ана – асыл жан. Ананың өмірдегі орны айырықша. Ана жаңа туған баланың алғашқы ұстазы, оның дүниетанымын қалыптастырады, рухани байлық береді. Қазақтың дарынды ақын қызы А. Бақтыгереева апамыз ананың балаға деген мейірімі туралы аңызды өлең жолдарымен өрнектегені сияқты:

...Ананың кезі бар ма кекті болған,

Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан,

Ұмтылса, топырақта жатқан жүрек:

«Құлыным, байқасаңшы», – депті оған...

Бұл ананың жатырынан шыққан баласын өзінен де артық сүйетініне мысал. Өзіміз де анамыздың: «Мен ауырсам да құлыншағым ауырмасын», – деп ыстығы көтерілген баласын құшағына алып, күмбірлеп отырған сәттеріне талай куә болдық емес пе? Баласын осындай махаббатпен өсіріп-жетілдірген ананың ақ сүтін толық ақтау мүмкін де емес.Бір күні Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бір адам келіп:

«Уа, Алланың елшісі! Менің анашымның жасы ұлғайып, бойынан қуаты кетті. Мен оған қызмет қылудамын: тамағын беремін, суын ішкіземін, киім-кешегін ауыстырамын. Мен оның ақысын өтей аламын ба?, – деп сұрайды.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Жоқ. Сен анаңа қандай қызмет қылсаң да оның ақысын өтей алмайсың, – деп жауап береді.

Әлгі адам сонша машақат шексем де қалайша анамның ақысын ала алмаймын деген оймен:

– Не үшін, уа, Алланың елшісі!? деп сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Себебі ол саған сенің кішкентай шағыңда қызмет қылды және сенің өсіп-өнуіңді қалады. Ал сен болсаң оған оның жасы ұлғайған шағында қызмет қыласың және оның тезірек бақилық болғанын (өлгенін) қалайсың – деп жауап береді.

Өкінішке қарай осы хадисте айтылған жағдай өмірде жие болатын шындық. Расында да, ата-анасын қартайған шағында бағып-қағуға, оларға қамқорлық жасауға жалқауланып, олардың тезірек бақилық болғанын қалайтындар жоқ емес.

Хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Не үшін ана сүтін ақтау мүмкін емес?» – деген сұраққа ашық әрі нақты жауап берген. Біріншісі, анамыз бізді шақалақ кезінде бақты; екіншісі – біздің өсіп-өңгенімізді қалады. Ал біз, керісінше, оларға қартайған шағында қамқорлық міндетімізді естен шығарып, олардың бізді артық мазаламағанын қаламаймыз. Олар біздің бала  кезіміздегі «Мынау не?», «Неге?» деген сұрақтарымызға талмай жауап берді. Ал біз олардың қартайған шағындағы «Не үшін?» деген сұрақтарына емес, тіпті, өмірлік тәжірибемен жинаған ақыл-кеңестеріне де құлақ аспаймыз. Оларға елеп те қарамаймыз. Ана мен әкенің қартайған шағындағы арызы мен өтінішін естімеу үшін оларды қарттар үйіне өткізіп те жібереміз. Әрине, бұл біздің қазақшылығымызға да, мұсылманшығымызға да үлкен сын.

Жарайды, ата-анамызға қамқор болмағанымыз үшін бұл дүниеде ағайын-туыс, жора-жолдастардың алдында өтірікті шындай айтып ақталуымыз мүмкін шығар.Бірақ, Ақырет күнінде, бұл қылығымыз үшін Алланың алдында өтірік айтып, ақтала алмаймыз-ау. Өйткені, Алла тағала ата-ананы өмір бойы құрметтеп өтуге бұйырады:«Адам баласына әке-шешесіне жақсылық қылуды нұсқадық...» (Ғанкабут: 8).

Пайғамбардың (с.ғ.с.):«Жәннат – ананың аяғының астында», – деген әйгілі хадисі де осы жағдайды айғақтай түседі (Ахмад, Нисай).Хадистің сағынасын аша түспек үшін мынадай мысал келтірсек болады: Дүкенде тұрған қымбат көлікті, бағалы әшекейді көп тер төгіп, ақша жинап қана сатып алуға болады. Оны ешкім тегін бермейді. Мұны жақсы білеміз. Дәл сол сияқты «жәннат» – құнды сыйлық. Алла тағала оны Өзіне иман келтірген, ізгі амал істегендер үшін марапат етіп тағайындады. Ал енді осы бағалы сыйлыққа жету үшін адам көп тер төгіп, мол сауап жинап, соны сатып алуы керек. Өйткені жәннатты да ешкім сізге тегін бермейді. Жәннатты сатып алу үшін «Ана сүтін ақтау» ережесін орындау шарт. Өйткені, жәннаттың бағасы – ата разылығы. Оларға мейіріммен қарап, көңілінен шығуға тырысып, ренжітіп алмау – үлкен еңбек пен ұстамдылықты қажет етеді. Бірақ, оның есесіне бұл істің қарсылығына берілетін жәннат, мәңгілік сыйы осыған тұрарлық емес пе?! Сіз өтпешіл аз ғана өмірде өзіңізді тұған, асырап өсірген, тәлім беріп аяғыңызға тұрғызған анаңызға қызмет қылғаныңыз үшін Алла тағала сізге мәңгілік жәннатты беремін деп уәде етті. Ал енді ананың қадірін білмеген адам, бақты басынан теуіп, жаннаттан бас тартқан адаммен тең. Қазақ: «Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес», – деп берек айтпаған. Мұндай баладан елдің, жердің қадірін білетін, отансүйгіш ер азамат шығады деп айтудың өзі қиын. Өйткені ол туған анасына құрмет көрсетпеді. Ол адамнан қандай қайыр күтуге болады? Сол үшін баламыз иманды, көрегенді және тәрбиелі болсын десек, онда отбасындағы рухани тәлім мен тәрбиеге көптеу көңіл бөлейік ағайын. 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы,

философия ғылымының кандидаты

 

Оқылды 528 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Қыркүйек 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Аудио

JoomShaper