Таза дін қанды қолмен таралмайды

Сейсенбі, 25.08.2021

Әлемдік қауымдастық ХXI ғасырға қадам баса отырып, мемлекеттер мен өркениеттер арасында жаңаша сипаттағы қақтығыстар мен қылмыстың сан түріне куә болуда. Бұл қатардағы қылмыстың ең сорақысы бүгінгі адамзат үшін үлкен үрейге айналған «терроризм» ұғымына байланысты қалыптасып отырған үрдістер. Біз осы үрдістерден терроризмнің бірнеше сатылары мен формаларына қаныға бастағандаймыз. Кейбірін белгілі мемлекеттердің саяси мүдделеріне сай ақтауға талпыныс жасалғанымен, кейбір түрлері жан түршігерлік.

Неше түрлі ағымдар мен секталардың, экстремистік топтардың пайда болуы, кез келген мемлекеттерге барып, іштей бүлдіру әрекетін қолданып отырғандығы уақыт өткен сайын өрши түсуде. Кей сәттерде осы ұйымдар мойнына алып, немесе солардың атына жабылып жатқан террорлық актілердің артында орасан зор саяси күштер мен жымысқы саясат ойындар болуы мүмкін деген пікір туындайды. Себебі, осындай террорлық актілерден соң  сан ғасырлар көптеген елдер мен халықтар ұстанып келген діни нанымға күйе жағуға құмартушылар қатары да қарасын молайтуда. Бұл үрдіс, әсіресе, ИШИМ террористік ұйымына қатысты. Ирак Шам ислам мемлекеті деп атаған ұйым мүшелеріне қатысты да «ислам терроризмі» ашық та жасырын айтылып жүр. Алайда исламның негіздеріне де, ұстанымдарына да сай келмейтін әрекеттер жасап, исламның ғасырлар бойы ардақ тұтқан қазына-байлығы мен рухани мұраларын талқандап,  тарихын жоққа шығаруға бағытталған бұл ұйымның қандай да бір әрекетін ислам тұрғысынан ақтап алуға болмайды.

Терроризм көріністерінің ең шектен шыққан формасын қазір біз ИШИМ содырларының іс-әрекеттерінен көріп отырмыз. Адамзат санасының, білім мен ғылымның барынша дамыған дәуірінде орын алып отырған осы надандық пен озбырлықтың, қарама-қайшылықтардың себебі неде жатыр?! Расында да адамдар дін үшін күрес жүргізіп жатыр ма?! Әлде бұл тәуелсіздік үшінгі күрестің жаңа үлгісі ма?! Терроризм туралы сөз боланда сананы осы тақылеттес сансыз сауалдар мазалайды.

Егер бұл сауалдарды ИШИМ-ге қатысты қояр болсақ, бұлыңғырларын сала береді. Өйткені, біріншіден, егер дін үшін күрес болса, онда бүкіл ислам әлемі олардың қасында, ғасырлар бойы исламның өкілі болған халықтар мен мемлекеттердің ортасында отырып, қандай дін үшін күрес жүргізудің қажеттілігі туындады?! Екіншіден, діннің ішкі қағидаларына, талаптарына сай келмейтін «жиһад» жасау Алланың ризашылығынан (Құдай үшін күрестен) мүлде алшақ! Үшіншіден, осы күрестен зардап шеушілер сол қарапайым мұсылмандар екендігін бүкіл әлем біліп отыр. Олай болса, бұл күрестің астарында ешқандай діни мүдде жатқан жоқ деп кесіп айтамыз.

Тәуелсіздік үшін террорлық әрекеттерге барып жатқан өлкелер жоқ емес. Алайда, ИШИМ-нің әрекетін бұл құнды ұғыммен байланыстыру қисынсыз. Өйткені, олар кімге қарсы, қалай күресіп жатқаны белгісіз. Қандай да бір күшті державаның қыспағына қарсы немесе тәуелсіздігіне қауіп төндіруіне байланысты не болмаса қысымына шыдай алмай күресіп жатыр деуге негіз жоқ. Бірлі-жарым батыс өкілдерінің өлім жазасына кесілуінің артында да сансыз сұрақтар бар. Оның үстіне әлемнің жүзге жуық елдерінен кілең «таза мұсылмандар» жинала қалыпты деген де орынды бола қоймас.

Олай болса, бұл қасіреттің мақсаты да, бағыты да, мазмұны да басқа мәселеде, түп-төркіні өзгеше болып тұрғаны онсыз да белгілі. Террористік ұйымның орналасқан аймақтағы елдің тыныштығын бұзу арқылы, оларды елдерінен бостырып, сол жердегі байлыққа, территорияға ие болу кіші-гірім топтың қолынан келе қоймас. Демек осы жобаға бөлініп отырған қаржының көлемі де әжептәуір болса керек. Ал оларды қару жарақпен қамтамасыз ету де мықты ұйымдасқан қылмыстық ұйымдармен сыбайластықтан туындары хақ. Өйткені, атауы бойынша мемлекет құруға бағытталған қадам болғанда тұрғылықты халықты бостырып, бейкүнә адамдарды өлтіріп мемлекет құру адамзат тарихында болмаған құбылыс. Тек қылмыскерлерден құрылған мемлекеттің тарихы да баянды болмайды. Демек, олардың мақсаты әлемде үрей тудырып, бейбіт мемлекеттердің шырқын бұзу арқылы әртүрлі материалдық игіліктерге қол жеткізу болса керек. Белгілі бір топтың, ұйымның барлық әлемге үрей туғызуының астарында алпауыт жасырып ұйымдар мен елдердің болуы да ықтимал. Олай болатыны қазіргі халықаралық қайшылықтардың, саяси-технологиялардың да сан түрлі сипаты қалыптаса бастаған сыңайлы.

Ал, «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, шынайы дін, иман, тәухид деп кетіп жатқандар кімдер? Олар қылмыстық топтың қатарына қосылғандығын бара салысымен түсінер. Таза дінді қате түсіну салдарынан теріс ұйымдардың қармағына ілініп, «дін» іздеп, «тәухид» іздеп барып, шалыс басқан қадамдарының жазасын татып жатқандар. Алайда, ол арыстанның апаны тәріздес, кірген із көп болғанымен, шыққан із некен-саяқ. Сондықтан радикализмнің өзі діндарлықтың жолы емес, терроризмнің қатарын толықтыруға бағытталған жобалардың біріне айналып отыр.

Сөйтіп, үстіміздегі ғасырымызда техника, сана дамыған кезде діни экстремизм деген ұғымдарды жиі қолдануда. Ол сөздің астында «ислам –терроризмі» деген түсінік жатыр. Діни экстремизм дегеніміз саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі. Сөйтіп олар өз билігін орнатуға немесе атқанын орындатуға ұмтылады.

ХХІ  ғасыр адамзат баласына жаңа қауіп-қатерлерді туғызып, шешілмеген сұрақтарға тағы да күрделі мәселелерді қосты. Жаңа бетбұрыстық кезеңге келдік пе, әлде өркениеттер мен діндер арасында нағыз қақтығыс басталды ма? Бұл сұраққа тек уақыттың өзі жауап беруі мүмкін...

Кеңшілік ТЫШХАН,

Дінтанушы

 

 

Оқылды 192 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Қыркүйек 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Аудио

JoomShaper