Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ: Ислам – адамзат игiлiгiне арналған дiн

Жұма, 16.09.2021
Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ: Ислам – адамзат игiлiгiне арналған дiн

Ілгергі-кейінгі ғылымдардың басым бөлігінің бастауы болған ислам өркениетінің өшпес ізі мұсылман ғалымдарының əртүрлі саладағы жетістіктерімен өлшенетіні анық. Ғылымның қайнарын діннен алып, дүниелік ілімді одан əрі көркейткен мұсылман ғалымдарының еңбегі, ислам мəдениеті мен ғылымының тарихтағы орны һəм бүгінгі күндегі маңызы қандай? Осы сауалдардың жауабын білмекке белгілі исламтанушы Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВТЫ əңгімеге тарттық.

– Бақытжан аға, ислам ғылымы мен мұсылман мəдениетін зерттеп жүрген маман ретінде ойыңызды білсек, жалпы адамзат, əсіресе, бүгінгі ұрпақ кешегі тарихтың алдында қаншалықты қарыздар?

– Иə, жалпақ жұртшылыққа мəлім, ислам көптеген ғылымдарға негіз болған дін. Кейінгі ғасырларда ашылған, дүниені дүр сілкіндірген ғылыми жаңалықтардың негізгі сыр-құпиясы Құран Кəрімде осыдан он төрт ғасыр бұрын айтылғанына əлем танитын ғалымдар иман келтірген.

Сонымен қатар, мұсылман ғалымдары адамзат өркениетінде ойып тұрып орын алғанына тағы да тарихтың өзі куə. Физика, химия, алгебра секілді нақты ғылымдарда, медицина саласында, астрономияда, т.б. көптеген ғылымда ислам ғалымдарының өлшеусіз еңбегі бар. Сол себепті де, біз ислам кеңістігінен шыққан ғалым-ғұламаларды тек мұсылман əлемін ғана емес, тілі, түр-түсі, ұлты, діні мен ділі өзге барша халықтар мен елдерді өркениет өріне көтерді деп айта аламыз.

Еліміз егемендік алғаннан кейін дін саласында «діни сенім бостандығы» жарияланды. Əр адам өз дініне табынуда, оны зерттеуде, насихаттауда еркіндікке қауышты. Соның ішінде Қазақстан халқының 70 пайызы ұстанатын жəне қазақ халқын сан ғасырлардан бері жан-жақты сусындатып келген ислам дінінің орны ерекше десек артық айтқандық болмас. Біздің де алға қойған мақсатымыз ислам дінінің ғылыми құндылықтарының мұсылман қауымына əрі əлем жұртшылығына, əсіресе Батыс елдеріне тигізген пайдасын тарихи құнды деректерден дəлел-дəйектер келтіре отырып, жұртшылықтың назарына ұсыну. Неге десеңіз, кешегі күнге дейін ислам діні хақында көп айтылып жүрсе де, оның ғылыми тұсы ойсырап, ақсап тұрған жайы бар.

Сондықтанда да, алдымен ислам дінінің ғылыми əлеуетін тарих сахнасындағы баспалдақтарынан бастар болсақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мəдинаға келген соң (622 ж.) қаланың саяси тұрғылығын жəне мұсылмандардың амандығын қамтамасыз ету мақсатымен өте маңызды іске кіріскен. Өйткені Мəдина қаласының тұрғындары Мекке сияқты тек қана арабтардан емес, сонымен қатар яхудилерден (еврей) жəне де басқа да ұлттардан құралған-ды. Бұған дейін Мəдинада орталық билікпен қала тұрғындары ортақ ымыраға келген басқару жүйесі болмаған еді. Сахабадан (пайғамбарды көрген мұсылман) Əнас ибн Мəліктің үйінде мұсылмандар мен мұсылман еместердің уəкілдері келісім шарттар жасасып, барлығы келіскен ортақ жазба мəтін дайындалды. (623 ж.)

Мəдина тұрғындарының бəрі ұйғарысқан осы келісім шарттардың жазбаша нұсқалары бүгінге дейін жеткен. Ғалымдар осы келісімді «Мəдина Ислам Мемлекетінің Конституциясы» деп атайды. Осы негізгі заңда қамтылған тақырыптар мен баптардан жəне пайғамбардан (с.ғ.с.) кейінгі халифалардың да, жаңа ашылған елдерде ұстанған саясатынан мұсылман билігінің басқа мəдениеттерге кең əрі тең рұқсат бергенін байқаймыз.

 – Ислам дінінің өзге мəдениеттермен қарым-қатынасы қандай болды?

– Ислам діні бөтен мəдениеттерді жатсынған емес. Қайта оларды баулап, олардың жақсы жақтарын алудан ешқашан кері тұрмаған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түрік-соғды сауытын киюі, Қытайдан əкелінген заттарды пайдалануы, түрік шатырында соғысқа шығуы, араптардың төрт жағындағы Мысыр, Византия (395-1453), Сасани (224-651) қатарлы патшалықтарға елшілер жіберіп, оларды хақ дінге шақыруы, тіпті император Ираклимен хат алысып тұруы, Оның күллі адам баласына жіберілген елші екеніне əрі ғылым мəдениеттің құрушысы екендігіне бұлтартпас айғақтар болып табылады. Мұсылман ғалымдар бар ғылымын жұртшылықтың пайдалануына жұмсайды. Ғылымды күнкөріс пен мəртебе алудың құралы деп ешқашанда көрмеген. Бір мысал келтірелік; Иран патшасы І Шапур кезінде (241-272) Хұзистан аймағында Жундишапур деген қала орнатылды. Осы шағын қалашық Сасани билеушісі І Хұсраудың кезінде (531-579) патшалықтың екінші қаласына айналады. Мұнда атақты дəрігерлік мектебі пайда болады. Бірақ Жұндишапұрлық дəрігерлер өздерінің кəсіби сырларын тек өз топтарында ұрпақтан ұрпаққа қалдырып сақтайды да монополия мен кірістен айырылмас үшін басқа ешкімге білдірмейді һəм үйретпейді. Аталған аймақ мұсылман билігіне қаратылған соң ғана мұсылман ғалымдар олардың кейбір ғылымын ашып, пайдалана алған.

Алайда, Ибн Сина сықылды біртуар мұсылман ғалымдардың жазған кітаптары мұсылман елдерінде ғана емес, сонау Еуропаның өзінде кем дегенде VI ғасыр бойы оқулық есебінде оқытылған. Сол ғасырлардың ең мықты Батыс елдерінде де, мұсылман ғалымдарымен салыстырарлық ғалымдардың шыға алмағаны баршаға аян. Бұл жөнінде Бартольд (1869-1930) былай дейді; «Исламның басты артықшылығы жəне мұсылман əлемінің сол дəуірдегі білімді халықтардың алдында болуының сыры, материалдық һəм рухани мəдениет жағынан болсын мəдени біріншілікті ұстауында жатыр».

– Шығыс пен батыс мəдениетіндегі, алғашқы халифалық кезіндегі ғылым қалай дамыды? Бүгінде қолданысымызға еніп кеткен ғылым салаларындағы мұсылман ғалымдары жетістіктеріне тоқталсаңыз.

– Тарихта алғашқы халифалықтар дəуірінде дүниежүзі мəдениеттері тығыз араласты. Қиыр шығыстағы Қытай мəдениетінің жетістіктері Батысқа, мұсылмандардың ғылым-мəдени табыстары болса Қытай еліне мəлім болды. Талас соғысынан (751 ж.) кейін Атлант мұхитына дейінгі халықтардың бірін-бірі жақын тануына мүмкіндік туды. Мұсылмандардың үш құрлықтағы билігі халықтар арасында тығыз мəдени байланыстардың орнатылуына орасан зор үлес қосты. Халифалар Батыстағы Франк, Герман, Рим патшалары жəне Қытай хандарымен тығыз байланыста болды. Мəселен, Қытай деректерінде халифалықтан 651-798 жж. аралығында 37 рет, ал 908-1168 ж.ж. аралығында 49 рет елшілік келгені туралы жазылған.

Ашығын айтсақ, тарихта мəдени қатынас тарының дамып, өзара бірігуі əрі кіруі исламнан кейін ғана мүмкін болды. Оған дейін мəдениеттер арасында өшпенділік пен пышақ сырты ғана байланыс болса, Исламмен бірге Шығыс пен Батыстың барша мəдениеттері үйлесім тауып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оған дейін белгілі мəдениетке ғана тəн болып есептелген нəрселер мұсылмандардың арқасында бүкіл əлемдік мəртебеге ие болды. Мысалы «араб цифрлары» деп атағы шыққан сандардың ежелгі дəуірде Үндістандықтарға ғана мəлім болғаны белгілі. Мұсылмандар осы цифрларды жетілдіріп қана қойған жоқ оларды құры символдықтан шығарып, мағыналы белгілерге айналдырды. Адамзат тарихында бірінші рет нөлді (сыфр/цифр), мұсылман ғалымдар тапты жəне еңбектерінде пайдаланды; нөлді бірінші рет сан ретінде қолданған Мұхаммед ибн Мұса əл-Хорезми (780-850) еді. Арал теңізі маңында дүниеге келген дана бабамыз сонымен қатар 1-ден төмен қарайғы сандарды белгіледі.

Мысалы, жүздік, мыңдық жəне ондықтарды жүйелеп, бөліп жазуды көрсетті. Оның бұл табыстары тарихтағы ең маңызды ғылыми жаңалықтарға жатады. Күніміз информация, телекоммуникация ғасырында мұсылмандар ашқан осы жаңалықтардың қызығын күллі əлем көруде. Орыс тіліндегі цифр мен Батыс тіліндегі «cipher» сөздері арабша нөл дегенді білдіретін «сыфр» сөзінен алынған. Шындығында араб сандары рим сандарымен салыстырғанда қолданымы өте икемді əрі оңай. əл-Хорезми ашқан бұл жаңалық Еуропаға тек Х-ХІІ ғғ. ғана мəлім болған; осы жаңалықты Еуропаға жеткізген Герберт есімді адамның абырой-беделінің артқаны соншалық, кейін ол Рим папасы сайланған. Оның есімі папа Силвестр ІІ ретінде Еуропа тарихында қалды. Әл-Хорезмидің «Китап əл-Жəбр уəл Мұқабала» (Алгебра жəне теңдіктер кітабы) атты еңбегі латын тіліне аударылғанда (ХІІ ғ.), əл-жəбір сөзі алгебра деп аударылғандықтан осы сөз термин ретінде қалыптасты. Оның екінші бір кітабы латыншаға «Algoritme de Indorum» деп аударылғандықтан алгоритм сөзі де терминге айналды. Адам құқықтары жөніндегі үндеудің ХХ ғасырда ғана бекітілгенін ескерсек, ХIV ғасыр бұрын Раббымыз Құран Кəрімде барлық адамдардың құқықтарын қорғау міндетін бұйырғанына куә боламыз. Мəселен, Құран Кəрімнің 26 сүресінің 183 аятында: «Адамдардың құқықтарын қыспаңдар! Жер бетінде бұзақылық шығарып, бүлік жасамаңдар!» делінген.

– Ислам ғылымы мен мəдениетінің Батыс кеңістігіне өту кезеңдері қалай болды?

– Тарихи деректерге сүйенсек, ислам мəдениетіндегі мемлекеттер Батыс мəдениетінің шекараларын Əмəуилер, Аббасилер мен Османлы империясының шарықтау кезеңдерінде өздеріне қосып алуға тырысқан. Бұл жаулап алу əрекеті, əсіресе, түріктердің исламды қабылдауларынан кейін өрши түсті. Анадолының басып алынуынан кейін крестші жорықтарының себебімен жəне мұсылман түріктердің Батыс елдеріне жасаған шабуылдарының нəти жесінде ислам мəдениеті мен Батыс мəдениеті бетпе- бет кездесті. Батыс əлемінде əл-Фараби, Ибн Сина, Ғазали сияқты ислам философтарының жəне Аристотельдің шығармаларын Еуропа, латын тіл деріне аудару еңбегімен қатар, өзге ғылымдармен де шұғылдану керектігін байқады. Тіпті, университеттерінде ХІІ ғасырдың соңғы жылдарынан бастап медицина сабақтарының тақырыптары Ибн Синаның «Канон» жəне Ибн Рушдтің медицина жайындағы еңбектерінен алынды.

Римдіктер жəне олардың ізбасарлары болып табылатын византиялықтар, Шығыс жəне Батыс əлемін Ақтеңіз жағалауында пайда болған «Ақтеңіз мəдениеті» мен Шығыс культурасының Батысқа өтуіне себепкер болды. Ислам дінінің келуінен бастап Батыс əлемі Шығыс культурасын (мəдениеттер мен өркениеттер жиынтығы) Ислам мəдениеті арқылы алуға əрі жаюға мəжбүр болды. Ескі Шығыс мəдениетінің жəне антикалық (ежелгі) дəуір ғылымдарының Батысқа өтуіне мұсылмандар себепші болған. Ежелгі замандарда шыққан ғылымдарды сол елдерге барып үйренген мұсылмандар, бұл ғылымдарға сондайлық көптеген өз үлестерін де қосып Батысқа жеткізген.

Ислам мəдениетінің Батысқа келуінің бірнеше жолдары бар:

Біріншіден, орта ғасырда Ислам мəдениеті Еуропаға Испания арқылы алғаш қадамдарын жасады. Экономикалық жəне культураралық өркендеу, қысқа уақытта Еуропаның өлкелеріне өз əсерін тигізді. 711 жылы Испанияның мұсылмандар тарапынан басып алынуынан кейін 755 жылға дейін Сириядағы халифалық орталығы тарапынан басқарылды. 715 жылы ІІІ Абдуррахман Куртубаның бостандығын жариялады. Куртуба ІІІ Абдуррахман дəуірінің соңына дейін (912-961) ислами тəрбие, өнер жəне ғылымдармен Еуропаны қамтамасыз етіп отырды. Ол дəуірде тіпті Еуропалық профессорлардың өзі Куртубада тəжірибе жинап, емтихан тапсыратын еді.

Екіншіден, ислам мəдениетінің Батысқа əсер етуінің екінші жолы Сициялы арқылы болды. Мұсылмандар, христиандардың ішінен білім үйренгісі келгендеріне медреселерде сабақ алып, білімдерін жоғарылатуларына жəрдем ететін еді. Осылайша ислам мемлекетіне ғылым үйрену мақсатымен келген христиандар, ислам мəдениетінің дəстүрлері мен ғылымдарын жалғастырушылар қатарына қосылды. Ресми тіл ретінде араб тілі қолданылды. Тіпті, дипломдарының бір бөлімі арабша толтырылды. Қысқаша айтар болсақ, Х ғ. Сицилия мен Нормандияның басқару жүйесінде ислами дəстүр бар еді.

Ислам мəдениеті мен ғылымының Еуропаға келуінің үшінші жəне ең маңызды жолы тарихта Крест жорығы (Крестовый поход) деп аталатын крестші жорықтары арқылы болған. Бұл жорықтар шіркеулер тарапынан исламның сол кездегі билігін, күшін жойып, əлсіретіп, христиандықты жоғары ұстау мақсатында ұйымдастырылған-ды. Олардың жорықтары мұсылман түріктердің жəне арабтардың қарсы тұруларымен тоқтатылды. Бірнеше рет қайталанған крестші жорықтары, еуропалықтардың ислам өлкелерімен қарым-қатынас жасауына себеп болды. Бұл жорықтардан отандарына аман-есен оралғандар, мұсылман түріктердің имандарын, басшыларына деген құрметтерін, тазалықтарын, жомарттық пен дұрыстықтарын тілге тиек етіп мақтағанда, лайықты сөз таба алмай дал болатын. Крестші жорықтары кезінде Еуропа мемлекеттерінің бірде бірі ұйымдастырылған мемлекет ретінде емес еді. Осы жорық барысында Батыс əлемі мұсылмандардан мемлекетті қалай ұйымдастыру керектігін үйренген. Сөйтіп əрбір салада мұсылмандарға еліктей бастады. Мұсылмандардың шығармаларын аудара бастады. Бұл шығармалардың көбі ислам мемлекеттерінің мəдениеті мен тұрмысын əңгімелейтін шығармалар еді. «Константинопль» жəне «Адлер» деген шығармалар ислам халифалығы жайында əңгімелейді. Ибн Синаның «Китабун-Нəфс» жəне «Шифа» атты шығармалары Иеханның аударуымен Еуропаға ұсынылады. Əл-Фараби жəне Ғазали сияқты философ əрі ғылым адамдарының еңбектерін еуропалықтар зерттей бастайды.

Төртіншіден, ғылым мен мəдениеттің Батысқа өткен тағы бір жолы, Италияның порттық қалалары арқылы, яғни, Ақтеңіз сауда орталығы мен Солтүстік Еуропаға Венеция, Генуя жəне осы секілді басқа да, порттық қалалар арқылы келіп жатты. Бесіншіден, ғылым саласында мұсылман-түрік əлемінің Батысқа əсер етулерінің ХІІ ғ. басталғандығын айтуға болады. Мысалы, Ғазали, Ибн Сина жəне əл-Фарабиден басқа дəрігер Разидің əртүрлі ауруларға қарсы қолданған дəрілері медицина тарихына белгілі. Осман империясының үстемдігі ұзақ уақытқа дейін жалғасты. Бұл үстемдіктің айқын дəлелі Балкандықтардың тіліне енген түрікше сөздер жəне түрік тіліндегі словияндық терминдер. Мұсылмандар билік жүргізген елдерде əрқашанда да бейбітшілік орнап, дінге ерік берілгені жəне халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп, өмір сүргендігіне тарихи деректер мол. Бұған Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.), мұсылман еліне қосылған жерлердегі халықтармен қарым-қатынасы айқын мысал бола алады. Одан кейінгі Құранмен Алланың елшісінің жолынан таймаған мұсылман билеушілері өздері құрған қоғамның тыныштығы мен əділеттілігін қамтамасыз етіп, діни сенімге адалдық, осындай басшылар тұсында орнығып, мұның өзі кейінгі ұрпақтарға үлгі болып қалды.

– Бұл турасында тарихтан нақты мысалдар бар ма?

– Əлбетте. Мəселен, сол кездегі христиандар мен еврейлер мұсылмандардың арқасында қандайда бір қақтығыссыз, соғыссыз өмір сүріп, мұсылмандардың билік жүргізудегі əділеттіліктерін жəне билік жүргізудегі шеберліктерін мойындамасқа амалдары қалмаған. Палестина мен Иерусалим жеріндегі тұрақтылық пен діни сенім бостандығы бұған бұлтартпастай айқын мысал. Исламның 1400 жыл бойы Иерусалим мен Палестина жерінде бейбітшілік кепілі болып тұрғаны талассыз тарихи факт. Иерусалим біздің дəуіріміздің 71 жылына дейін Еврей патшаларының астанасы болған. Бірақ осы жолы Рим əскерлері үлкен жорыққа шығып, еврейлерді талқандады. Халықты аяусыз қырды. Бейбіт халық қоныстарынан қуылды. Еврейлер үшін диаспора дəуірі, міне осы кезден басталды, ал Иерусалим мен оның төңірегі иесіз бос үйіндіге айналды. Рим империясы император Константиннің тұсында христиандықты қабылдағаннан кейін ғана Иерусалим қайта назарға ілігіп, құрметке ие бола бастады. Римдік христиандар қалада шіркеу салып, бұл жерлерге еврейлердің қоныстануына рұқсат етті. Біздің дəуіріміздің VII ғасырында Палестина Шығыс Рим (Византия) империясының құрамында болды. Біршама уақыттан кейін бұл территорияны парсылар жаулап алды. Бірақ көп кешікпей Византия Палестинада өз үстемдігін қайта орнатты. Палестина тарихындағы жаңа кезең бұл жерлерге 637 жылы араб халифатының əскерлерінің енуімен басталды. Нақ осы оқиғадан соң ғана, ғасырлар бойы толассыз соғыс пен билеушілердің қатыгездігі, бейбіт халықты қуғындау, бір діннің екінші бір дінге үстемдігімен алма-кезек аутықулардан мезі болған Палестина жерінде енді діни сенім бостандығы мен өркендеу дəуірі басталды. Палестинаға арабтар Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) кейінгі екінші халифа болған Хз. Омардың (р.а.) əскерлері кірді. Қалаға келген Омар Фаруқ (р.а.) Палестинаны мекендеген барлық этникалық жəне діни топтарға жылы ықылас танытып, құрметпен қарады. Бұл Палестина жұртшылығы арасындағы дін еріктігі мен өзара сыйластық дəстүрінің басы еді. Қысқа қайыра қорыта айтсақ, Ислам ғылымы мен мəдениетінің адамзатқа алып келген пайдасы мен əсері ұшан-теңіз. Оның бəріне бір сұхбаттың көлемінде кеңінен тоқталып кету, əрине, мүмкін емес. Ислам діні тек белгілі бір құлшылықтар түрлерін атқарумен ғана шектелмейді. Ислам адам баласына аса қажет ғылым-біліммен айналысуды да əмір еткен. Жоғарыдағы біз атап өткен ата-бабаларымыз осы ислам дінінен нəр ала отырып ғылымды бойына сіңірген.

– Салиқалы сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

Оқылды 466 рет
JoomShaper
Top