Дін қоғамнан, қоғам діннен бөлінбейді

Дүйсенбі, 19.09.2021

«Мемлекетіміздің зайырлылық сипаты – Қазақстанның табысты дамуының басты негізі»

 Н.Назарбаев

Қазақстан – қазақ халқының ата-бабасының мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыздың кіндігі кесілді, туған жердің топырағында өмір сүрді. Бұл жерді мекен еткен көшпенділер мен отырықшылар талай-талай құндылықтар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдар арқылы саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасы байланысып жатқан. Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолының» керуендері біздің жерімізде тоғысып, Орталық Азияны басып өткені белгілі.

Қазақ даласы – кең байтақ! Көне толғаулар мен жырларымыз – «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы – күншілік», – деп толғаған. Халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр.

XX ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығынан аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, жаңа өмірді жаңғыртып, еңбек пен мәдениеттің салтанат құруы үшін, келісімі жарасқан өркениеттің адамзатпен бір сапта болуы үшін жаңаша өмірге қадам басты.

«Қазақстан» деп аталатын байтақ еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғи байлығымен ғана емес, ең алдымен, сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақта ғана емес, әлемдік мәселелерді талқылау мен шешуде де ықпалды орны бар ел.

1991 жылдан бастау алған  тәуелсіздігімізге, міне, ширек ғасыр толғалы отыр. Бұл – ата-бабамыздың ғасырлар бойы көксеген арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген кезең. Қазақстан ширек ғасыр ішінде демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты. Зайырлы мемлекеттің азаматтарының белгілі бір дінді таңдауға еркі бар, ең алдымен, ол – өз елінің азаматы, себебі оның бойында діни құндылықтармен қатар азаматтық, елдік, патриоттық қасиеттер бар. Ол өзінің діни наным-сенімі мен бойындағы құндылықтарын азамат ретінде еліне, ұлтына арнайды. Сондықтан, діни наным-сенім мен азаматтық қасиеттерді қарсы қоюға мүлдем болмайды.

Елдің азаматтары зайырлылық қағидаларын мемлекетіміздің баянды болашағының кепілі ретінде сезінсе, әсіредіншілдікке бой алдырмас еді. Себебі, Ақтөбе, Алматы қалаларында  орын алған қанқұйлы әрекеттерді ұйымдастырғандар дін атын жамылған лаңкесшілер екені белгілі болды. Алайда, олар мұндай сұмдық әрекетке, біріншіден, мемлекеттің зайырлы ұстанымын, екіншіден, дінді құндылық ретінде дұрыс ұғынып-түсінбей, сырттан келген теріс уағыз-насихатқа ергендіктен барған. Бұл әрекеттер рухани құндылықтарды күйретуге бағытталып, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндірді.

Сондықтан да қоғамда кейбір азаматтар зайырлылық дегенде мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөлек деген қағиданы біржақты түсініп, дін мен мемлекетті, тіпті дін мен қоғамды қарсы қоюда. Дін қоғамнан, қоғам діннен бөлінбейді, ол мүмкін де емес. Өкініштісі, дін мен қоғам байланысын тым тар мағынада түсініп, бүгінде бұл мәселені тек экстремизм, терроризммен күрес аясында ғана қарастыру үрдіс алуда. Қазір дін мен қоғамның жан-жақты ықпалдастығы олардың өзара әсерлі, тартымды байланыстарынан көрінеді: дін және мемлекет, дін және тәрбие, дін және өнер, дін және әдебиет, дін және экономика, дін және дәстүр, дін және еңбек, дін және БАҚ т.б.

Еліміздің танымал сарапшылары қоғамдағы  тұрақтылықты сақтауда зайырлылықтың орны ерекше екендігін айтады. Себебі, зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекеттің сипаты. Қоғамда зайырлылық қағидаттарымен қатар діни қызмет те өз арнасымен жалғаса береді. Оның насихатталуы мен нығаюы – Қазақстан дамуының басты нәтижелерінің бірі. Өйткені, дін де тұрақтылық пен бірлікке қызмет ететіні аян.  Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің тұрақтылығына, дамуына, береке-бірлігімізге нұқсан келтіретін жат діни ағымдардың алдын алу – әрқайсысымыздың негізгі міндетіміз.

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп халқымыз бекер айтпаған. Тәуелсіз елімізде жақсыны көруге де, оқып-білуге де жан-жақты мүмкіндік жасалғанын бағалай білейік. «Жат ағым» өзінің атынан белгілі болып тұрғандай, ол – бізге «жат». «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші, дін тек сенім мәселесіне емес, мораль мәселесіне де тікелей қатысты, дін – кемел мінез, кемел ой, кемел білім қалыптыстырып, даналықтың шыңына жеткізеді. Ал даналықтың шыңы діннің тағылымы, өмірдің талабы, халықтың ықыласын танытады. Ендеше халықтың, елдің көңіліне қаяу түсіріп алмайық.

Тұрар Әбуов,

дінтанушы

Оқылды 441 рет
JoomShaper
Top