Орыс тілді уағыз оң нәтиже бере ме?

Сәрсенбі, 28.09.2021
Орыс тілді уағыз оң нәтиже бере ме?

Қазіргі уақытта теріс діни ағымдардың уағыз-насихаты көбіне-көп интернет кеңістігі арқылы орыс тілді ресурстар негізінде таралатыны жасырын емес. Осыған байланысты таяуда ғана республика мешіттеріндегі жұма уағыздары мемлекеттік тілде айтылған соң еліміздің жекелеген өңірлеріндегі көпэтносты жамағаттардың өтініштеріне орай қажет болған жағдайда орыс тілінде қысқаша түсініктеме беру туралы бастама көтерілген болатын. Бұл бастама әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланғаны белгілі.

Шын мәнінде, бұл бастама қаншалықты өзекті? Бұл турасындаQamshy.kz порталы нақ осы саланың мамандарына, исламтанушылар мен теологтардан сұрап білген екен.

Ершат ОҢҒАРОВ, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің xатшысы, теолог, PhD докторы:

БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде уағыздардың орыс тілінде айтылуы қажет деген мәселе төңірегінде туындаған талқылауларға қатысты пікір білдіруді жөн көрдім.

Ислам – қазақ халқының ғана діні емес. Ислам – әлемдік дін. Елімізде өмір сүретін өзге де ұлттар мен орыс тілді отандастарымыз мешітте айтылатын уағызды өздеріне түсінікті орыс тілінде тыңдағысы келетіні анық. Алайда, уағыздардың қай тілде айтылатынын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы белгілейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттердегі уағыздарды, оның ішінде жұма уағызын мемлекеттік тілде айтып келеді. Еліміздің барлық мешіттерінде жұма намазының уағызы бірізділікпен өткізіледі. Уағыз мәтіні қазақ тілінде жазылып, «www.muftiyat.kz» ресми сайтына әр сейсенбі күні жарияланады. Бұның себебі, уағыз жүргізетін имам-молдалар жұма күнгі уағызға сейсенбіден бастап дайындалуына мүмкіндік тудыру.

Өзге этностар өкілдері шоғырланған санаулы ғана мешіттерде жұма уағызы қазақ тілінде айтылып болған соң, оның мазмұндық қорытындысы орыс тілінде түсіндіріліп келеді. Оған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жамағат өтінішінің негізінде арнайы рұқсат берген. Мәселен, Астана қаласында орналасқан «Шейх Кунта қажы», Алматыдағы «Вайнах» мешіттерінде орыс тілінде насихат жұмысы жолға қойылған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – барлық іс-қағаздары мен жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізетін мекеме. Десек те, жан дүниесі қиналып, діни мәселе көкейін кесіп, мешіттен рухани тіреу іздеп келген, қазақ тілін мүлдем түсінбейтін адамдарға орыс тілінде түсіндіру бүгінгі күннің талабы деп есептеймін. Әсіресе, ақида (сенім) мәселелерін жетік түсіндіру маңызды болып отыр. Өйткені, елді адастырып жүрген жат ағымдар насихатын орыс тілінде тарқатады. Исламның құндылықтарын түсіну үшін мешітке келген орыс тілді отандасымызға «мешіт қазақ тілінде ғана түсіндіреді» деп көкірегінен итеретін болса, ол адамгершілікке жатпас еді. Сол уақытта оның жат ағымның жетегіне еріп кетпеуіне кім кепіл болмақ?

 

Балғабек МЫРЗАЕВ, теология ғылымының докторы, дінтанушы:

Мешіттердегі уағыз мәселесі төңірегіндегі пікірталас толастамай тұр. Бәзбіреулер уағыздар тек қазақ тілінде өту керек деген қағиданы алға тартып жатыр.

Енді бір топ, негізінен орыс тілді аудитория уағыз екі тілде де жүргізілгенін қалайды.

Осындай маңызды мәселелерде ілгергі ислам ғұламаларының айтқандарына құлақ асуымыз керек деп ойлаймын.

Бірқатар ғалымдар уағыздың бірінші бөлігін араб тілінде өткізу уәжіп болса, екінші бөлігін кез-келген тілде жүргізуге болады десе, кейбірі уағыздың өткізіліп жатқан халықтың тілінде өткізілуіне тыйым салынбады дейді. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуірінде, пайғамбарымыз бен жамағаты араб тілінен басқа тілдерді білмеген. Көпшіліктің пікірі осындай. 

Беделді мұсылман ғалымдары былай дейді: хұтба сол ел тұрғындарының тілінде жүргізілуі тиіс екендігінің дәлелі барлық пайғамбарлар жіберілген қауым тілінде ғана сөйлегендері. Хұтбадан шыққан адам соны түсінбесе дұрыс емес. Құран аяттарын ғана араб тілінде айтып, кейін соның аудармасын беруге болады.

 Егер мұсылмандар арасында әртүрлі ұлт өкілдері отырса, хұтбаны сол тілдерде, яғни екі немесе одан да көп тілде жүргізуге әбден болады.

Бұл бастама арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының саясаты түбегейлі өзгереді деген сөз емес. Орыс тілінде түсініктеме беруді қажет ететін елді мекендер онсыз да аса көп емес.

 Республика халқының басым бөлігі өздерін мұсылман санайды әрі жұма намазына келушілер легі де артып келеді. Сондықтан мешіт имамдары осы мүмкіндікті тиімді пайдалануы керек. Жастарға ұғынықты уағыз айтуға тырысу керек. Орыс тілді азаматтарымызға жол таба білуіміз қажет...

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, филос.ғ.к., исламтанушы, «E-islam.kz» интернет-порталының бас редакторы:

Елімізде өзге ұлт өкілдері шоғырланған мешіттерде немесе жамағаттың белгілі бөлігін орыс тілді азаматтар құрайтын орталық мешіттерде имам айтылған ресми уағыздан соң түйіндемені қысқа да болса орыс тілінде түсіндіріп өтсе пайдалы болмақ. Сонда жамағат арасында имамның айтқан ислам негіздері, адамгершілік құндылықтар туралы уағыз-насихаттарын «я не понял» деген пенде қалмас еді. Бұл мәселені ел азаматтары дұрыс түсінулері керек. Мұның себебі көп, мәселен солардың кейбірін атап өтер болсақ:

Біріншіден, еліміздің бірқатар аймақтарында жастарымыз қазақ тіліне қарағанда орыс тіліне жүйрік. Ал имамдарымыз керісінше, орыс тіліне әлсіз. Нәтижесінде, мешітке ислам туралы насихат тыңдауға келген жамағаттың бірқатар орыс тілді бөлігі бес уақыт намазда, айт және жұма намаздарында мешіттен имамның айтқан уағызын түсінбей шығады. Өйткені уағыз қазақ тілінде ғана. Көкіректе сұрақ көп сияқты, бірақ жауаптар жоқ...

Екіншіден, түрлі теріс ағымдардың, радикалды ұйымдардың артынан ерген азаматтарымыздың басым бөлігі орыс тілді жастар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, елдегі орыс тілді аудитория – теріс ағым өкілдері мен миссионерлері үшін таптырмас алаң. ҚМДБ осы алаңды бөтен біреулерге емес, өздері игеріп, дінге қызығушылық танытқан жастарымызбен жұмыс жасауы керек. Ал ол үшін оларға ислам туралы дұрыс ақпаратты, уағыз-насихатты солардың тілімен жеткізу – заман талабы.

Үшіншіден, адам бойындағы рухани сұранысы мен ізденісін қанағаттандыру үшін орыс тілінде ақпарат іздеген азамат Интернетке кіреді. Ол жердегі шынайы ислам туралы ақпараттар сүзгіден өтпеген. Мәлімет көп, бірақ оның дұрысы мен бұрысы қайсысы екені белгісіз. Исламнан хабары жоқ адам орыс тіліндегі радикалды ағымдардың сайттары мен порталдарына оп-оңай кіріп кету қауіпі бар. Егер отандық имамдарымыз ресми уағыздарының түйінді қорытындыларын немесе түсіндірмелерін қысқа түрде болса да орыс тілінде айтып отырса, орыс тілді азаматтарымызға үлкен көмегін тигізер еді.

Төртіншіден, тарихи және мәдени қалыптасқан дініміз ислам және оның ішіндегі Әбу Ханифа мәзһабы, Матуриди ақидасы туралы орыс тілді шығармалар жоқтың қасы. Ал имамдарымыздың мешітте айтатын уағыздары осы мәселелерді қамтиды. Орыс тіліндегі түйіндемелер осындай олқылықтың біршама орнын толтырады.

Сауалнама жүргізген Жайық НАҒЫМАШ

Оқылды 1065 рет
JoomShaper
Top