Ғайбаттың сасық иiсiн сезбеуiмiздiң себебi

Жұма, 29.07.2021

Қарағандыдан Шет ауданына қарай ұзап шыға бергенде қала сыртындағы құс фабрикасының жанынан өттік. Бұл құс фабрикасынан шығып жатқан иістің адам шыдай алмастай сасық екенін сол жолмен жүріп жүргендер жақсы біледі.

Бірақ, соның ішінде жұмыс істеп жүрген адамдарға бұл үйреншікті бір иістей болып кетсе керек. Ішіндегі өліп, құрттап кеткен тауықтардың, шіріп, жарылып қалған жұмыртқалардың иісін... Бірақ, соларды жинап, тазалап жүретін қызметкерлер сол иістің ортасында отырып еш жиіркенбестен өз шаруасын істеп жүре береді екен. Негізі, сол иістің ортасында біраз тұрған соң, ол иіс оған жат болудан қалатын секілді. Осыны ойлап отырып мына бір дүниелер еске түсті...

 

Ғайбаттың иісі қандай?

Жәбир ибн Абдуллаһтан (р.а.) жеткен мына бір хадисте былай дейді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде өте сасық бір иісті жел есті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Бұл ненің иісі екенін білесіңдер ме? – деп сұрады да, – Мұнафиқ екіжүзділер мүмін мұсылмандарды ғайбаттады. Бұл соның сасық иісі, – деді». 

Ғайбаттың иісі өлексенің иісінен де сасық болатындығын зина жасап, жазасын беруді қайта-қайта сұрап келген Маиз ибн Мәликтің оқиғасынан білеміз. Маиз ибн Мәлик зина жасап, пайғамбарымызға (с.ғ.с.)  төрт рет келіп күнә жасағанын және осы күнәсі үшін жазалауын сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр келгенінде жүзін бұрып, қоймаған соң төртіншісінде оған өзі сұрап тұрған жазасын беріп, оған тасборан жаудыртуды үкім етеді. Сол оқиғада бір адам жан тапсырған Маиз ибн Мәликке қарап тұрып қасындағы досына: «Иттің аяқ-астынан өліп қалғанындай  өлді» дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  бір күні бір өлексенің жанынан өтіп бара жатады. Маизді (с.ғ.с.) әңгіме қылған әлгі екі адам да қасында еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соларға қарап: «Мына өлексені бөлісіп жеңдер!» – деді. Әлгілер түсінбей: «Уа Алланың елшісі, өлексені ме?» деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Екеуіңнің мұсылман бауырларыңның мәйітінен жеген дүниелерің бұл өлекседен де сасық, жиіркенішті», – дейді (Имам Ахмад).

Демек, ғайбаттың иісі өлексенің иісі­нен де сасық, өлекседен де жиір­кенішт­і.

Бірақ қазір бұл иіс неге шықпайды?

Осы сұрақты бір хакімге қояды екен. Әлгі хикмет иесі хакім былай деп жауап береді:

«Күнімізде ғайбаттың көбейгені соншалықты мұрындар бұл иіске толып қалды. Міне, сол себепті бұл сасық иісті адамдар енді ажырата алмайды». 

Дәл құс фабрикасындағыдай жағдай. Құс фабрикасындағы адамдар үшін сасық иіс қалайша үйреншікті болып қалса, біз үшін де ғайбаттың иісі үйреншікті бір иіс болып, ғайбаттың сасығын ажырата алмайтындай халге жеттік.

 

Ғайбат деген не?

 Құран Кәрімде Алла Тағала: «Бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын өлген бауырының етін жегенді қалай ма? Әрине, бұдан жиір­кене­сіңдер! Ендеше Алланың азабынан қорқыңдар! Расында Алла Тағала құлдарының тәубесін қабыл етуші, ерекше мейірімді» («Хужурат» 12), – деуі арқылы құлы­ның тәубесін қабыл алатынын айтады.

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадис: Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына:

Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме? – деп сұрайды. Сахабалары:

Алла және Оның елшісі жақсы біледі, – дейді.

Әдетте пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұлай сұрақ қоюы бұл мәселенің аса  маңызды әрі айрықша көңіл бөлуіміз керектігін білдіреді. Сол үшін халықтың назарын, көңілін жинақтау мақсатында жамағатқа осылай үн қатқан. Сондықтан да, пайғамбар үмбеті болған біз де бұл ғайбат мәселесіне аса мән беріп, барынша сақтануымыз қажет.

Сүйікті пайғамбарымыз әрі қарай сөзін жалғап: Ғайбат – дін бауырыңды сүймейтін, ұнатпайтын, көңіліне жақпайтын нәрсесімен еске алуың, – дейді. Сонда сол жерде отырған сахабалардың біреуі: Егер, айтылған айып ол бауырымның бойында болса ше? – дегенде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

Егер айтылған айып ол бауымыздың бойынан табылса, ғайбаттағаның, табылмаса, жала жапқаның, – деп жауап береді.

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Оқылды 643 рет
JoomShaper
Top