Ауқымы кең, мағынасы терең ұғымның аты – Әділдік 

Бейсенбі, 24.04.2022

Ислам осы әділдікті көрсетіп, үйретіп, адамдарды соған бастайды. Шынайы мұсылманның қадірі бүкіл амал-ниеттерін жақсылық пен адамзаттың пайдасына негіздеп, иләһи әділдікке сәйкестендіріп өмір сүреді.

 

Ей, иман келтіргендер, өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және туған-туыстар-ыңыздың мүддесіне қарсы болса да, Аллаһ үшін куәгер болып, әділдікті сақтаңдар!» 

 

                                                                                                                             (Ниса, 135)

Әділдік – араб тіліндегі عدل «адл» түбірінен туындаған есім сөз. Бұл түбірдің негізгі мағынасы – зұлымдық жасамау, иесіне тиесілі ақысын беру, адамдарға қателігін түсіндіріп тәрбиелеу, әркімнің өмірдегі өз орнын білуі, ақиқатқа қол жеткізу, т.б. Сонымен қатар, тазартып түзету, теңестіру әрі өлшейтін таразы деген мағыналарды да қамтиды. 

Әділдіктің негізін үйлесім, тепе-теңдік, өлшем, сәйкестік секілді ұғымдар құрайды. Мұндай әділдікті күллі құбылыстардың арақатынасынан анық байқауға болады. Барлық нәрсе бір теңдікпен әрі өлшеммен жа¬ратылып, илаһи құдірет тарапынан тәрбие етіліп тіршілікке бейімделген. Адам ағзаларындағы тепе-теңдік пен үйлесімділік, титімдей атом мен алып күн жүйесіндегі тәртіп, төрт мезгілдің алмасуы, түн мен күннің ауысуы сияқты жаратылыстағы бүкіл құбылыстар керемет жүйелілік пен дәлме-дәл өлшемділіктің айғағы. 

 Ислам осы әділдікті көрсетіп, үйретіп, адамдарды соған бастайды. Шынайы мұсылманның қадірі бүкіл амал-ниеттерін жақсылық пен адамзаттың пайдасына негіздеп, иләһи әділдікке сәйкестендіріп өмір сүре  алғандығымен өлшенеді. Шынайы әділдікті іс жүзіне асыра білу аса қиын. Алайда, оны «ихсан» (Аллаһты көріп тұрғандай иманға ие болу) сезіміне ие болғанда ғана толық орындауға болады. 

Ислами ұғымда әділдік – өте құнды және кең ауқымды моральдық категория ретінде қарастырылады. Бұл ұғым тек қана құқық саласындағы әділдікті емес, сенімнен бастап  адамдық қатынастарды, тәрбиелік мәселелерді,  айтылған сөздер, тіпті, санадағы пікірлерді де толығымен қамтиды. Мысалы, жаратылысты Аллаһтан басқа көптеген тәңірге тән деу – зұлымдық болса, бір ғана Жаратушыға беру – шы¬найы әділдікті білдіреді. 

Әділдік ұғымын амал ету тұрғысынан алып қарасақ, тек тән рақатын ойлап, соны ғана қанағаттандыруды басты мақсат ету – астамшылдық болса, тәннің қажеттіліктерін елемей толығымен дүниені тәрк етіп, тәнін азаптау – нұқсандық. Екеуінің арасындағы тепе-теңдікті де дұрыс сақтай білу керек. Мәселен, иудаизм көбіне дүниелік үкімдерді қамтып, дүниелік нәрселермен шектелсе, христиандықта толығымен дүниені тәрк етіп, қоғамнан мүлдем бөлектеніп өмір сүру басым. Бұлар қоғам болып өмір сүруге бейім жаратылған адамдардың табиғатына сай келмейді. Ислам – дүние мен ақирет арасын тең ұстап, әділдікті дұрыс құра білген дін. 

Әділдік – бұл әлемдегі ең жоғарғы ақиқат, Аллаһтың Құранда қойған айнымас дәстүрі әрі Пайғамбарымыздың сүннетіндегі тамыры терең негіз. Сондықтан да Құран мен сүннетте әділдікке басты на¬зар аударылып, әділдіктің бүкіл негіздері айқындалған. Соның бірнешеуін келтіре кетейік:

1.Мирасты бөлудегі ерекше әділдік.

2.Екі адамның арасында төреші болатындарға әділ болу әмір етілген.

3.Балаларды алаламау – әділдіктің негізгі қағидасы. Екі жаһан гүлзары (с.а.с.) «Аллаһтан қорқыңдар. Балаларыңды бөліп-жармай әділетті болыңдар» дейді . Баланың жаны тез жараланғыш келеді әрі олардың есте сақтау қабілеті күшті болғандықтан бір көрген нәрселерін өмірі ұмытпайды. Оларды дұрыс тәрбиелеу үшін әділдік қағидасын қатаң ұстану керек. 

Ислам тіпті садақа бергеннің өзінде балалардың арасында әділ болуды бұйырып, біреуін екіншісінен жоғары қоюға тыйым салған.

4.Төрт әйел алуға рұқсат болғанымен олардың ара¬сында әділ болу – басты талап.

Пайғамбарымыз отбасында да әділ болу керектігін үйретті. Ол: «кімде-кімнің екі әйелі болып, оларға тең қарамаса, ақиретте сот күні денесінің жартысы қисайып сал күйінде шығады» дейді .    

Айша анамыз бұл жайында былай деді: «Аллаһтың елшісі әйелдерінің кезегінде әділеттілікті қатты ұстанатын және «Уа, Аллаһым! Бұл менің шамамның келгенінше әділ болғаным. Ша¬мам келмеген нәрсе үшін мені жауапқа тарта көрме!» Менің шамам келмеген нәрсе деп ол жүрегін айта¬тын». 

Бұл мәселеде әділдікті сақтау аса қиын. Адам сезімін ақылға жеңдіре білу үшін ерекше парасат қажет. Пайғамбарымыз мұндай нәзік мәселеде әділ болудың асқан үлгісін көрсетіп кетті. 

5.Ислам әлемінің көп жерлерінде жұма құтпасынан кейін көбіне Нахыл сүресінің 90-аяты оқылады: 

﴿إِنَّ اللّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإِحْسَانِ وَإِيتَاء ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء

وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ﴾

«Шындығында, Аллаһ әділдікті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Арсыздықтан, жамандықтан және зұлымдықтан тыяды. Әрине, ойланарсыңдар деп сендерге насихат береді» . Мұсылмандардың басы қосылатын ең сәтті кезең, жұма намазында осы аят оқылып, әділдіктен таймауды үнемі еске салып тұрады.

6.Қиямет күнінде Аллаһтың мейірімі мен қорғауында болатын жеті топтың басында «әділ басшы» келеді. Әділ басшы әуелі табиғатында әділ бо¬луы керек. Туған-туыстары мен жақсы көрген адамдарының ықпалында қалмайтын, мемлекеттік қызметке жауаптыларды таңдау кезінде жақсы көргендіктен жақын тартып, жек көргендігі үшін алшақтатпайтын, істі соған лайық, әділ, парасатты әрі мейірімдіге тапсыратын адам болуы  керек.  Бұл жайлы Құранда: «Ей, иман келтіргендер, өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және туған-туыстарыңның мүддесіне қарсы болса да, Аллаһ үшін куәгер болып, әділдікті сақтаңдар! (Куәлік еткендерің) бай бол¬сын, мейлі кедей болсын, Аллаһ олардан үстем тұрады. Олай болса, әділеттен теріс айналып, нәпсілеріңнің жетегінде кетпеңдер. Егер тілдеріңді бұралаңдатып, шындықты бұрмаласаңдар, расында Аллаһ не істегендеріңді толық білуші»  делінген. 

   Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде әкімдерді таңдауда да ерекше жауапкершілікпен қарап: «Істің маманы бола тұра, рушылдық жасап бір кісіге қызмет көрсеткен адам, Аллаһқа, Оның елшісіне және бүкіл мүміндерге қиянат жасаған болады»  десе, екінші бір хадисінде:

أحَبُّ النَاسِ إلَي اللهِ تعالي يَوْمَ القِيامَةِ

 و أدْنَاهُمْ مِنْهُ مَجْلِسًا إمامٌ عادِلٌ ، وَ أبْغَضُ النّاسِ إلَي اللهِ يَوْمَ القِيامَةِ ، وَ أبْعَدُهُمْ مِنْهُ مَجْلِسًا إمامٌ جَائِرٌ

«Қиямет күні адамдардың ішінде Аллаһтың ең жақсы көргені және Оған ең жақын болған адам – әділ имам (басшы).  Ал Аллаһқа ұнамсыз және Одан ұзақ болған кісі – залым патша»   екенін айтады.

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас Пайғамбарымыздың: «Қиямет күнінде әділ болғандар Аллаһтың жанында нұрдан жасалған тақта, Рахманның оң жағынан орын алады... Олар үкім берген кезде отбасылары мен қол астындағыларға үнемі әділ болғандар»  дегенін жеткізген. 

Имамның әділдігі досқа да, дұшпанға да бірдей қарауды қажет етеді. Өйткені, исламның әділдігі же¬кеге емес, жалпыға тән. Осыған орай, Аллаһ Тағала: 

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُونُواْ قَوَّامِينَ لِلّهِ شُهَدَاء بِالْقِسْطِ وَلاَ يَجْرِمَنَّكُمْ شَنَآنُ قَوْمٍ عَلَى أَلاَّ تَعْدِلُواْ اعْدِلُواْ هُوَ أَقْرَبُ لِلتَّقْوَى

 وَاتَّقُواْ اللّهَ إِنَّ اللّهَ خَبِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ﴾

 «Ей, иман келтіргендер! Аллаһ үшін ақиқаттан ауытқымай, бар күштеріңді әділдікті сақтауға салып, куәлік еткенде әділ болыңдар. Бір елге деген өшпенділіктерің сендерді әділетсіздікке апармасын. Әділетті болыңдар. Тақуалыққа ең жақыны да – осы. Аллаһқа қарсы келуден сақтаныңдар. Өйткені, Ол істеген істеріңнен толық хабардар», –   деп әділ болуды тақуаға ең жақын іс деу арқылы әділеттіліктің бастауы – Аллаһтан қорқу екенін көрсетеді. Міне, осы аяттар мен хадистер біреудің ақысын жемей, құқығына қол сұқпай, заттық әрі рухани зиян шектірмей өмір сүру де әділдік екенін нақтылай түседі. 

Аллаһ Тағаланың алдындағы ширктен (Аллаһқа серік қосу) кейін кешірілмейтін күнәлардың бірі – кісі ақысы. Басқа күнәлардың барлығын Аллаһ аса мейірімділігімен кешіреді. Ал кісі ақысын жегенді тек қана сол адам ғана кешіре алады. Аллаһтың әділдігі соны қажет етеді. Сондықтан да бұл дүниеде ешкімнің ақысын арқалап кетпеу аса маңызды. Әйтпесе, ақиретте ақысын жеген адамның күнәсін мойнына алуға душар болады.  

Әділдік – ислам дінінде адамгершілік және құқықтық тұрғыдан алғанда маңызды негіздердің бірі. Әрі Құран мен хадистерде Аллаһқа жақын болудың жолы екені жиі айтылады. 

Адам табиғатын адамның өзінен артық білетін Жаратушымыз әділдікке берген маңызын ұғындыру үшін мұсылманның жаңылтпас жол бастаушысы – Құранда, «Ниса» сүресінің 58-аятында мұсылмандарға: 

﴿إِنَّ اللّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤدُّواْ الأَمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُواْ بِالْعَدْلِ إِنَّ اللّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ

 إِنَّ اللّهَ كَانَ سَمِيعاًبَصِيرا﴾

«Аллаһ Тағала сендерге аманаттарды тиісті иелеріне табыстауды және адамдар арасында төрелік еткен кезде әділдікпен үкім берулеріңді бұйырады. Шынында, Аллаһ сіздерге нендей жақсы үгіт береді. Күмән келтірмеңдер, Хақ Аллаһ бәрін естуші әрі көруші» делінсе, әділдікке басты назар аудару үшін тағы бір аятта:

«Раббыңның сөзі (Құран) шындық әрі әділдікпен тамамдалды. Оның сөздерін өзгертетін ешкім жоқ. Ол бәрін естуші, толық білуші»  дейді. 

Осылайша Аллаһ Құранда әділдіктің қоғамдағы теңдікті сақтаудағы маңыздылығын ерекше атайды. Аллаһтың әмірлерін адамзатқа жеткізуші әрі орындаушы Хақ дінмен жіберілген Пайғамбарымыздың өмірі де әділдік үлгілеріне толы. Ол келместен бұрын күштінің әлсізді езгіге салған кезеңі еді. Адамдар заң алдында әлеуметтік жағдайына қарай жауапты болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұның бәрін жоққа шығарып, барлық адамдардың заң алдында бірдей жауапты екенін үйретті. Бірде Махзумилер руының бір әйелі ұрлық жасайды. Құрайыштықтар текті отбасыдан шыққан бұл әйелдің жауапқа тартылуын қаламады. Пайғамбарымыздың Усама ибн Зәйдті ерекше жақсы көретінін білгендіктен өтінішін жерге тастамас деп, оны әлгі әйелді жазаға тартпауын өтініп Пайғамбарымызға жіберді. Пайғамбарымыз сонда Усамаға: 

– Исраил ұлдары осындай алалаушылыққа байланысты жазаға душар болды. Олар кедейлерге ең ауыр жаза беріп, беделді  және  бай  адамдарын жауапқа тартпайтын  деп өтінішті қабылдамаған. 

Пайғамбарымыз (с.а.с.) әділдікті жүзеге асырғанда мынау мұсылман, анау мұсылман емес деп бөле-жармай тең қарайтын. Бір еврейден қарыз алған Әбу Хадрад деген сахаба, қолында берер ешнәрсесі болмағандықтан оны уақытында өтей алмайды. Қарыз беруші Пайғамбарымызға шағымданады. Пайғамбарымыз одан біршама уақыт беруін сұрайды. Алайда, еврей бұған да көне қоймайды. Пайғамбарымыз сонда сүйікті сахабасына үстіндегі киімін сатып, қарызының бір мөлшерін беру қажеттігін айтты. Әбу Хадрад да Аллаһ елшісінің (с.а.с.) сөзін екі етпестен солай жасады. 

Пайғамбарымыздан үлгі алып, соңына ерген сахабаларды да шыңдардың шыңына жеткізген осы әділдіктері мен шынайылықтары болды. 

...Халифа Омардың тұсында әділдігімен танылған Әбу Үбәйда ибн Жәррахтың мейірімділігін тек мұсылмандар ғана емес, христиандар да көрді. Сондықтан да христиандар оған адал қызмет етіп, дұшпандық  пиғылдарды  оған  алдын ала білдіріп отырған. 

Әбу Үбәйда Сирияның әкімі болып тұрған кезде мынадай бір ғибратты оқиға болды. Рим императоры Гераклий Сирияны өзіне қаратып алуға тырысты. Бұл кезде Әбу Үбәйданың айналасында аз ғана әскер топтасқандықтан, қаланы жаудан қорғау мүмкін емес болатын. Осы тұста әділ басшы дереу Сирия тұрғындарын жинап алып:  – Сіздерден жизия* (мұсылман еместерден алынатын салық) салығын алғандықтан, сіздерді жаудан қорғауымыз керек еді. Алайда, дәл қазір бізде жауға төтеп беретін күш жоқ. Сіздерді қорғай алмайтындықтан жизия салығын қайтарып беруді жөн көрдік. Өйткені, мұндай жағдайда оның бізде болғаны әділдікке жатпайды, – деді. Сөйтіп жиналған салық иелеріне қайтарылды. Бұл оқиғаға куә болған христиандар ширкеулеріне ағылып, Жаратқан Иеден мұсылмандардың жанын аман алып қалуын шын ықыластарымен сұрады. Христиан діндарлары ширкеуді күңірентіп былайша дұға қылды: «О, Жаратқан! Мұсылмандармен бірге бізді қанқұйлы Гераклийдің жауыздығынан құтқара гөр!»  

Ислам құқығында мұсылмандарға кейбір артықшылықтар берілсе де, жалпы құқық пен бостандық тұрғысынан алғанда ала қойды бөле қырқатындай алалаушылық болмаған. Осы тұрғыда Пайғамбарымыз бен әділ халифтар кезеңінен кейінгі мұсылман басшыларының өмірінен де олардың қара қылды қақ жаратын әділдіктің туын биікте желбіретіп өткендігіне куә бола аламыз. Мысалы, Әбу Бәкір Сарахсидің 30 томдық «әл-Мабсут» атты шығармасында, Әбу Ханифадан кейін Ханафи мазхабының үлкен ғалымдарының бірі саналған Имам Әбу Юсуфтың аббаситтердің билігі кезінде бас қазы міндетін атқарғандығы жайлы дерек бар. Өмір бойы әділдіктен таймаған   осы Әбу Юсуф өлім аузында жатып, қазылығы кезіндегі бір оқиға үшін Аллаһтан кешірім тілеумен болады. Бұл оқиғаны ол былайша баяндайды: «Бір христиан халифаның үстінен шағымданды. Екеуін де сотқа шақырдым. Бірақ, халифаны өзіме жақындау отырғыздым. Шағымданушы христиан халифаның артында ұзақтау бір жерде тізе бүкті. Екеуінің ортасында толық әділдік көрсете алмағандықтан қатты пұшайманмын. Аллаһтың мені жарылқауын тілеймін» . 

Мұндай сансыз деректер – исламға күйе жағушылар үшін, исламның әділдік діні екеніне бұлтартпас дәлел.        

Қоғамдық әділетке байланысты саңлақ сахаба Саид ибн Әмирдің өмірінен де бір мысал бере кеткен жөн. Ол – көзіқарақты, парасатты басшы, әділетті саясаткер және әрі майталман дипломат еді. Пайғамбарымыздың суффада (Мәдинада Пайғамбарымыздың мешітінің бір бұрышында салынған, Пайғамбарымыздан арнайы тәлім алған сахабалардың тұрған баспанасы) тәрбиелеген сахабаларының бірі болған Саидті бойындағы тамаша қасиеттеріне байланысты халифа Омар Хумусқа әкім етіп тағайындады. Саид басында бұған қарсы екенін білдірсе де, хазірет Омар бой бермеді. Аз уақыттың ішінде ол халыққа өзін сүйдіре білді. Басшылық міндетін абыроймен атқарды. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, әлсіздерге қамқорлық танытты.  Тіпті, мұсылман болмағандардың өзі оның басшылығына дән риза болды. 

Хазірет Омар бірде Сирияға соғып, қаланың солтүстігіндегі Хумустан өзі тағайындаған сенімді әкімді көргісі келді. Мақсаты: әкімінің жағдайын әрі халықтың ол жайлы ойын білу еді. Халифаның қалаға келгенін естіген халық түгел жиналды. Халифа олардан: “Уа, Хумус халқы! Әкімдеріңіз қалай? Оған ризасыздар ма? Ол жайлы айтар қандай шағымдарыңыз бар?” – деп сұрады.

Халық жалпы риза екенін, бірақ, өздеріне түсініксіз кей жағдайлар төңірегінде шағымдары барын білдірді. Хазірет Омар шағымдарын айтуларын талап етті. Олар:

– Таңертең қызметіне ерте келмейді. Тіршілік қызған кезде бір-ақ келеді, – деді. Халифа Омар:

– Бұдан басқа қандай үлкен кемшілігі бар? – деп сұрады.

– Кеш қарайғаннан кейін ешқайсымызды қабылдамайды. Айына бір күн біз оны көре алмаймыз. Кей кездері есінен танып, құлап қалады, – деп бүкіл шағымдарын тізбектеді. 

Бұқарамен жүздескеннен кейін халифа Омар Әмирді қасына шақыртып алып, айтылған шағымдардың себебін жеке-жеке сұрады. Әрі ішінен «Аллаһым, Саид ибн Әмир жайлы менің жақсы ойымды жалғанға шығара көрме» деп дұға етіп отырды.

Айтылған шағымдарды тыңдап болған соң Әмир байсалды қалпында:

– Омар, негізінде бұл себептерді айтқым жоқ. Алайда, шағым болып түскендіктен айтпасқа амал бар ма. Міндетіме кешірек баруымның себебі, үйде қызметшім жоқ. Әйелім науқас, үй жұмыстарының көбін өзім істеймін. Таң атысымен ерте тұрып қамыр ашытып, нан пісіремін. Балаларымның таңғы асын ішкізіп болған соң дәретімді алып, халықтың алдына шығамын.

– Түнде ешкімді қабылдамаймын. Өйткені, күндізгі уақытымды халыққа, түндерімді Аллаһ Тағалаға арнаймын.

– Айына бір рет шықпауымның себебі, киімдерімді жуамын. Ауыстыратын өзге киімім жоқ. Сол жуылған киімдерім кепкенше халықтың арасына шыға алмаймын.

– Кейбір кездерде ес-түссіз талып қалуымның себебіне келсек: меккеліктер Хүбәйбті дарға асқан кезде, мен сол жерде едім. Мүшіріктер оны дар ағашына байлап: – Өзіңнің құтқарылып, орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің? – деп ұсыныс жасады. Хүбәйб басына төнген қатерге қарамастан «Аллаһтың атымен ант етейін, өзім бала-шағамның қасында отырып, ал Мұхаммедтің аяғына тікеннің де қадалғанын қаламаймын» дегеннен кейін, «Уа, Мұхаммед!» деп күркіреген даусымен аспанды жаңғыртты. Мүшіріктер оны шейіт қылды. Мен осыны көріп тұрып қол ұшын бере алмадым. Өкінішке қарай, ол кезде мүшіріктердің қатарында едім. Аллаһ Тағала осы күнәм үшін мені ешқашан да кешірмес деген қайғы соққысынан кей кезде есімді білмей талып қаламын, – деп шағымдардың бәріне жауап берді. 

Әкім де өзі, тақуа да өзі Саидтің жауаптарын естіген Омар тұла бойы шымырлап:

«Аллаһым, дұрыс пейілімде мені жаңылтпадың, мың да бір шүкір», – деді. Жиналған жұрт та Саид ибн Әмирдің тақуалығына таңданып, көз жастарына ерік берді .

...Ибн Омар айтуында, бірде, Хайбардың халқы Пайғамбарымызға: – Уа, Мұхаммед, бізге рұқсат бер, осында қалайық, топырақты игеріп, пайдаланайық, – деп өтініш жасайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) егін өнімінің жартысын беріп тұру шартымен оларды сол жерде қалдырды. Абдуллаһ ибн Рауаха жыл сайын сол жерге келіп, өнімнің жартысын белгілеп олардан алатын. Яһудилер оның бұл өлшемдегі көрсеткен сезімталдығына риза болмады. Тіпті, бір ретінде оған пара бермекші де болады. Абдуллаһ оларға: «Маған харам жегізбексіңдер ме? Аллаһқа ант етейін, мен өзімнің ең жақсы көретін адамның жанынан келдім. Сендер маған маймыл мен шошқадан да жиіркеніштісіңдер. Осыған қарамастан менің сіздерге деген ыза-кегім әділ болуыма кедергі емес». Яһудилер Абдуллаһтың бұл ісіне таңғалып: «Міне, осындай әділдік пен туралықтың арқасында жер мен көк тепе-теңдігін сақтап тұрады» деген екен  . 

Әділдігімен әйгілі хазірет Омар баласы Абдуллаһпен және хазірет Хасанмен (р.а.) Мәдинаның көшелерін аралап жүріп, арып-ашып жүдеген бір кішкентай баланы жолықтырды. Хазірет Омар: «Мына баланың қарайтын ешкімі жоқ па? Балаларына қарамайтын бұл қандай адамдар өзі?» дейді. Сонда қасында келе жатқан баласы Абдуллаһ: «Әке, танымадың ба, бұл сенің немерең, менің қызым» деген кезде, Омар ашуланады. Әкесінің ашуланғанын сезген Абдуллаһ «Әке, мен не істейін?! Сіз халифасыз. Қолыңыздағы мүмкіндікті пайдаланып, кішкене жағдай жасасаңыз, жақсырақ қарар едім» дейді. Мұны естіген Омар (р.а.):

– Аллаһқа ант етейін, балам. Мынаны көкейіңде ұста: саған басқа мұсылмандарға жасағанымнан артық жағдай жасай алмаймын. Оларға қандай көмек берсем, саған да сол мөлшерде ғана жағдай жасай аламын, – дейді. 

Міне, Жаратушының алдында басқарудың жауапкершілігінен қорқып, халқын ойлаған ислам әділдігінің өкілі, халифа Омардың жағдайы осындай болған.    

Заң алдында лауазымына, дәрежесіне, шыққан тегіне қарамастан бәрі тең. Үстемдік Аллаһ алдындағы тақуалықпен ғана өлшенеді. Алайда, бұл рухани мәртебенің қарымы Аллаһтан күтіледі және дүниелік істерге үкім беруде шешуші рөл ойнамайды. 

Бір күні халифа Омар мен бір сахабаның арасында келіспеушілік туып, ол екеуі дауды әділқазының төрелігіне жүгіну арқылы шешпек болады. Ол кезде әділ қазы сахабалардың ішіндегі беделдісі Зәйд ибн Сәбит болатын. Хазірет Омар (р.а.):

– Арамыздағы мәселенің түйінін тарқатып берсін деп саған келдік, – деді. Хазірет Зәйд халифаның астына көрпеше төсеп, жанына отырғызбақшы болғанда, ол:

– Бұл беретін үкіміңде жасаған алғашқы әділетсіздігің, – деді. Сосын:

– Алдыңа келген халифа мен қарапайым халықтың кез келген өкілін тең тұтпайынша, сен бұл лауазымға лайық бола алмайсың. Әділқазы халифаның емес, Аллаһтың бұйрығы мен үкімін орындау керек , – деп өзінің басшы, халифа екендігін былай ысырып қойып, заң алдында бүкіл адамдардың жауапқа бірдей тартылу керектігін ұғындырған еді...  

Жол көрсетуші Пайғамбарымыздың өсиеттерін орындауда сахабалар ерекше ыждаһаттылық танытқан. Олардан кейін келген ұрпақтардың арасында да Пайғамбарымыздың мәңгілік ескірмейтін ұлағатты сөздерін ту еткен шынайы мұсылмандар шығып отырды. Солардың бірі – Омар ибн Абдулазиз.   Ол аз уақыт билік құрса да, бүтін халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, «бесінші халифа» деген атқа ие болды. Оның сөзін Бухари кітабында былай келтіреді: «Хазірет пайғамбар және әділетті халифтардан кейінгі мемлекет қызметкерлеріне берілген сыйлықтар – пара» деген. Бұл сөзіне мына оқиға себеп болады. Ол бір күні жеміс жегісі келеді. Сарайда жеміс те, оны алатын ақша да жоқ. Осы кезде халифаға сыйлық ретінде жеміс келеді. Халифа жемістердің біреуін алып, иіскеп орнына қайта қояды. Қасындағылар «Әбу Бәкір және Омар сыйлық алатын, сен неге алмайсың?» дегенде «Сыйлық пайғамбардың кезінде еді, алайда, олардан кейінгі қызметкерлерге ол – пара болады» деп жауап береді . 

...Қазынадан халифаға көрсету үшін мискті (хош иіс) қасына әкелген кезде мұрнын жапты. Себебін сұрағанда «ешқандай да еңбегім сіңбеген, халықтың еншісіндегі мүлікті иіскеуден Аллаһқа сыйынамын» дейді. Міне, қараңыздаршы, өзінің емес, мемлекет қазынасындағы иістің өзін «халықтікі» деп, иіскеуден Аллаһқа сиынған адамның, басқарып отырған халқына зұлымдық жасауы мүмкін бе?! 

Даңқты қолбасшы Фатих Сұлтан Стамбулды алғаннан кейін бүкіл тұтқындарды азат етті. Осы тұтқындардың ішінде екі христиан діндар зынданнан сыртқа шыққысы келмейтіндіктерін айтты. Олар халқына тісі батқан Византия императорына әділ болу керектігін айтқандықтары үшін зынданға тасталған еді. Олар бұдан былай зынданнан шықпаймыз деп ант ішеді. Бұл жағдай Фатих сұлтанға жеткен кезде ол әскер жіберіп, бұл адамдарды құзырына шақыртты. Олар Фатихке не үшін зынданнан шыққысы келмейтіндіктерін айтып берді. Фатих дүниеге лағынет айтып өкінген екі христианға былай дейді: «Сендерге мынандай бір ұсынысым бар.  Сендер ислам әділдігінің үкімі жүрген елімді аралаңдар. Мұсылман әкімдер мен халқымның ой-пікірлерін тыңдап, таразылаңдар. Бізден де әлгіндей әділетсіздік көрсеңдер, маған сол сәтте баяндап, өздеріңнің алдыңғы берген уәделерің бойынша зынданға қайта қамалып, дүниеге деген реніштеріңіздің дұрыс екенін дәлелдеңдер...».

Фатихтың бұл ұсынысын ол екеуі құп алады. Падишахтан алған рұқсатпен мұсылман елдерін аралауға шығады. Алғаш барған жерлері Бурса еді. Бұл жерде олар мынадай бір оқиғаға куә болады. Бір мұсылман еврейден ат сатып алған екен. Алайда, сап-сау деп сатылған мал ауру болып шығады. Мұсылман кісі қорасындағы аттың ауру екенін алғашқы кеште байқап, таңның атуын сабырсыздана күтеді. Таң сібірлеп атысымен әділқазыға қарай жөнеледі.  Бірақ, сол күні әділқазы уақтысында келмей қалады. Біраз күткеннен кейін қазы бүгін келмейтін шығар деп, атты қайтадан қораға алып кетеді. Сол күні қас қылғандай ат аяқастынан өледі. Бұл оқиғаны кейіннен естіген әділқазы атты сатып алған мұсылманды шақыртып алып мәселені былайша шешкен екен: 

– Алғаш келген кезіңізде егер мен орнымда болған болсам, онда атты егесіне қайтарып беріп ақшасын алар едіңіз. Алайда, жұмысқа уақтылы келмегендіктен аттың өліміне мен себепкер болдым. Сондықтан бұл шығынды менің төлеуім керек, – деп, аттың ақшасын мұсылманға қайтарып берген екен...

Бұл екі христиан ислам әділдігінің кереметтігіне, бидің өз қалтасынан шығынды көтергенін көріп таңғалады. Бұл сот үкіміне куә болған поптар ендігі жерде Изник қаласына келеді. Ол жерде мынадай оқиғаға куә болады: 

Бір мұсылман екінші мұсылманнан егістік жер сатып алып, егін маусымында жер жыртуға кіріседі. Жер жыртып жүрген кезінде соқасына алтын толы бір құмыра ілінеді. Жүрегі таза мүмін жерді сатып алған кісіге барып құмыраны қайтарып бермек болады: 

– Бауырым, мен сенен тек қана жердің бетін сатып алдым ғой. Егер сен бұл жерде алтын бар екенін білсең, ондай бағаға сатпас едің ғой. Мына алтындарды өзің ал, – дейді. 

Жердің алғашқы егесінің ойы басқаша еді. Ол былай деді: 

– Бауырым, мен саған жерді сатқан кезде бетіндегіні де, астындағыны да тегіс саттым. Сондықтан ол жерден табылған алтынды алуға менің құқым жоқ. Бұл алтындар сенің ақың, не істеймін десең өз еркің, – дейді. Сөйтіп екі мүмін мәмілеге келе алмай бұл іс әділқазы төрелігіне беріледі. Екі жақ өз айтқандарын соттың алдында да айтып тұрып алады. Әділқазы екеуінен бала-шағаларының бар-жоғын сұрайды. Олардың біреуінің тұрмыс құрмаған қызы, бірінің бойдақ ұлы бар екенін білген қазы қызды жаңағы жігітке некелеп, әлгі алтынды қызға қалың мал ретінде береді. Сөйтіп екі жақ құда-жекжат болады. 

Бұған куә болған екі христиан бұдан кейін елді аралау әбестік болар деп Стамбулға оралып Фатих сұлтанға былай дейді:

«Мұншалықты әділдік пен бір-бірінің ақысын жемеуге аса абай болудың тек исламда бар екеніне анық көзіміз жетті. Мұндай діннің өкілдері басқа діндегілерге жамандық жасамайды. Сондықтан біз зынданға қайтадан барудан бас тарттық, сендердің басқаруларыңдағы ешбір жанның әділетсіздікке ұшырамайтындығына сендік» деген екен . 

Ислам – одан бұрын келген бүкіл діннің ішінде жеке және қоғамдық әділдіктің шарттарын анық белгілеген, сондай-ақ, бір сағат әділдікпен ел басқаруды жетпіс жылдық ғибадаттан артық деп санаған дін . 

Ибн Аббастан келген бір хадисте «әділетсіздік орын алған қоғамда қан төгілмей тұрмайды» дейді. Әділетсіздік жайылған қоғамда анархия басталады. Ақысы кеткен адамдар өз ақысын алу үшін адам қанын төгуден де тайынбайды. Сондықтан бүкіл ислам мемлекеттері әділдікті мемлекеттің негізі деп қараған. Міне, Пайғамбарымыздың «жер мен көк әділдіктің арқасында тепе-теңдігін сақтайды» деуінің астарындағы терең сыр  жатыр .

Сондықтан халықтың баянды ғұмыры үшін діни һәм ұлттық құндылықтармен қатар әділдік пен ақиқаттың асыл қағидалары да жоғары тұрғаны абзал. Бұл – күннен күнге бағасы арта түсетін құндылықтар. Күні бүгінге дейін әділдік пен ақиқатты жақтаудан таймаған елдер бейбіт өмір сүріп, әділдіктен қия басқан сәтте үнемі Аллаһтың жазасына ұшырап отырған. Кезінде әлемде үстем болған мұсылмандар әділдікті ұстанбай, салғырттыққа салынғандықтан жазаға ұшырады. Құранда: «Аллаһ Тағала құлдарына кішкентай да зұлымдық жасамайды» . Аллаһ басқа да көптеген аяттарда зұлымдық жасайтын құлдардың өзі екенін баяндайды. «Біз оларға зұлымдық жасамадық. Зұлымдық жасаған өздері»  деп, шама-шарқын білмеген адамдарға әр ғасырда тұрақты дәстүр ретінде ескерту жасап отырады. Құранда жиі-жиі «Өздеріне жіберілген үгіт-насихаттарды тыңдамағандықтан, араларынан жамандықтарға тосқауыл болуға тырысқандарды құтқарып, залымдарды пасықтықтары үшін қатты қинауға душар еттік» ;

 «Ант етемін, сендерден бұрынғыларды өздеріне айқын аяттармен пайғамбарлар келгеннің өзінде зұлымдықтан тайынбағандықтары, иманға келу мүмкіндіктері қалмағандықтан оларды жоқ қылдық. Осылайша күнәкар қауымдарға жаза береміз»  және «Зұлымдыққа батып қалған қанша мекендерді жойып, содан кейін олардың орнына басқа ел жараттық»  делінеді. 

Міне, осы сияқты көптеген аяттар әділдіктің қарама-қарсы ұғымы зұлымдықтың жиіркеніштілігі мен залымдардың істеген амалдарының нәтижесінің қорқыныштылығын баяндайды және тарихи оқиғалардың үнемі қайталанатындығынан хабар береді. 

Әділдіктен тайқыған кез келген жүйенің орнын келесі бір жаңа жүйенің басуы –заңдылық. Адамдық борыш – қоғамдағы әділдікпен өлшенбек. Жаратушы алдындағы әділдік – Оның бұйрықтары мен тыйымдарына мойынсыну. Өзіне, отбасындағы қарым-қатынаста астамшылыққа бас ұрмай, қандай да бір қиындыққа қарамастан өмірін тура жолда өткізуге барын салу, көп ішінде әділ болу – әрқашан олардың құқығын қорғап, оларға жақсылықта жолдас болу. Сонда ғана әрі Жаратушының, әрі құлдың құқығы дұрыс орындалған болады. Аталмыш қағидалар дұрыс жүзеге асырылмаған жағдайда жалпы үйлесімділік бұзылып, қоғамда әділетсіздік пен түрлі дүмпулер белең алады. Бұл – Аллаһтың қойған қоғамдағы өзгеріссіз келе жатқан тепе-теңдік заңдылығы. 

О дүниеге деген сенімнің күштілігі әділдіктің күшті әрі берік болуын қажет етеді. Адам басқаға зұлымдық немесе әділетсіздік жасап өктемдік көрсеткен кезде, өзінен де өктем күштің бар екенін сезінсе, әділетсіздікке бармас еді. 

Иә, ислам қоғамдық, құқықтық, ар-ождандық және басқару әділдігін тегіс қамтыған. Әлемде аталмыш иләһи заңдылықтар салтанат құрса, төрткүл дүниенің төрт бұрышында теңдік пен қауіпсіздік үстемдік етері хақ. 

Алау Әділбаев, теолог

Оқылды 4213 рет
JoomShaper
Top