Зерделі жас білімге жол салады

Сәрсенбі, 25.05.2022

Бүгінгі қоғамда адамзат дүниетанымы мен тұрмыс-салтында діннің рөлі өсіп келеді. Діннің әлеуметтік қатынастарға, қоғам санасының дін тұрғысынан қалыптастыруға ықпалы күшейіп, дамуда.

Жастардың мешітке аяқ басып, ата дінге бет бұруы көңіл қуантарлық жайт, десе де ата-ананы алаңдатып, қоғамның назарын аудартар мәселелер де бар. Жастар – қоғамның белсенді буыны,  елдің ертеңі. Білім алу, мамандық таңдау және қоғамда өз орнын табуы, өз ортасын құру, рухани қағидаттар мен бағдарын қалыптастыру секілді негізгі әлеуметтік және демографиялық өмірлік кезеңдерден дәл осы кезеңде өтеді.

Өскелең буынның әлеуметтік және азаматтық даму сатысында жағымсыз ықпалдарға түсіп кету қаупі де жоғары.  Студент бүгін білімін шыңдап, ертең еліміздің экономикалық, әлеуметтік-саяси, білім мен мәдениет салаларында өзіндік ұстанымға ие болады. Сондықтан белгілі бір дәрежеде көптеген тоталитарлық және деструктивті дәстүрлі емес діни ұйымдардың басты нысанасына айналуы да ғажап емес.

Зайырлы қоғам қағидасы дін таңдау мен қабылдау еркіндігін әр азаматтың еркінде қалдырады. Елімізде Конституция шеңберінде мойындалған ислам, христиан, иудей, будда діндері әлемдік дәстүрлі дін ретінде мойындалған. Осы ретте  қазіргі қоғамдағы жастарға жоғарыда аталған діндер туралы дұрыс мәлімет беріп, ақпарат тарату маңызды болмақ. Себебі, оңы мен солын, ақ пен қараны, жақсылық пен зұлымдықты енді ғана ажыратып,  толық қалыптасып үлгірмеген жас буынға дін жайында түсінік қалыптастыру арқылы әртүрлі теріс пиғылды ағымдардың таралуына тұсау саламыз.

Олай деуімізге негіз бар: діннің не екенін, мақсаты мен мұратының қандай екенін жете түсінбегендер түрлі жалған ағымдардың жетегінде кетіп жатыр.  Бұған итермелейтін басты себеп, әлбетте, діни сауатсыздық. Ал жаппай автоматтандырылған техногенді әлемде өмір сүру әрі ғаламтор желісінің кең таралу жағдайында, әртүрлі мақсат-мүддеде жарияланған мәліметтерге қолжетімді кезінде жастарға кейде діни немесе басқа да қажетті ақпараттың дұрысын таңдау қиынға соғатыны белгілі.

Адам бойындағы ең басты қасиет – таным мен сенім. Қазіргі кезде ақылы жүйрік, санасы сергек жастардың заманауи технологияның тілін тауып, кез-келген жаңа құбылысты зерделеп, меңгеруге құлшынысы өте жоғары екені байқалады. Бұл ретте олардың жан дүниесін рухани азықпен байытып, тәрбиелеу жүйелі де ұдайы жүргізілуі қажет-ақ. Қоғамның діни өмірінің өз ерекшеліктерін дұрыс жеткізіп отыру да аса маңызды міндет болмақ. Кез келген мемлекеттің  болашағы жастардың  мәдени дамуы мен біліміне  байланысты екенін ескерсек, бүтін қоғамның, жастармен қатар, жалпы халықтың діни сауатын арттырып, дұрыс бағыт-бағдар беру бүгінгі күннің негізгі  мәселесі болып қала береді.

Хәкім Абай атамыз қара сөздерінің бірінде «Жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ» дейді.

Баба сөзінен түйеріміз, жақсы да жаманның болуы өмірдің заңдылығы екен, яғни Алла Тағаланың адамзатқа бұйырған хақ жолы бар және оған қарама-қайшы тарап тағы бар. Ал дұрысын танып, Жаратқан Раббысының жолында құлшылық ету не болмаса керісінше теріс жолға түсу адамның еркінде, өз ықтиярымен, мәжбүрлеусіз істеледі.

 

Жансая ӘЗЕРБАЙ,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің 

2 курс студенті

Оқылды 459 рет
JoomShaper
Top