Мұсылман әдебі: садақа беру

Дүйсенбі, 05.10.2021

Кез келген мұсылман білуі тиіс құлшылықтың түрі, ол – садақа. Мұсылман қалтасынан қаржы шығарып, оны мүмкіндігінше мұқтаждарға беретін болса Алланың мейіріміне бөленері анық. Алайда, садақа берудің өз әдептері бар. Мұны біле жүру құлшылығыңызды кемелдендіре түседі. Сонымен, бүгінгі жазбада садақа берудің әдептері туралы сөз қозғамақпыз.

Зекет – жағдайы жеткен мұсылманға ғана парыз.

Садақа – қолында азын-аулақ ақша болса да, бере беруге болатын абзал іс. Мұхаммед Пайғамбар: «Малдарыңызды зекетпен қорғаңыздар, ауру-сырқаттарыңызды садақа беріп емдеңіздер, басыңызға келген бәлекеттерге де Алладан жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңыздар» деген.

Садақа берушінің білуі тиіс бірінші әдебі – ықылас. Жүрекпен жасалатын амалдардың ең әуелгісі – ықылас. Ол – құлшылықтың өзегі. Амалдардың қабыл болуы не кері қайтарылуы да тікелей ықыласқа байланысты. «Алла сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды»  деген. Яғни ықылас пен ниет бірінші орында тұруы керек. Мұсылман әрдайым бұл амалдарды атқара алдында Алланың разылығын қалап, сауабынан үміттенуі керек. Себебі ықылас болмаған жерде амалдарда жойылады.

Мұсылман жүрегі ықыласқа толы болған жағдайда, ол көптеген сауапқа қол жеткізеді. Атап айтқанда, амалдары қабыл болады, ізгі істерді жасай алмай қалса да сауабын алады әрі ризығы көбейеді. Мұхаммед Пайғамбар: «Иә, мұсылман әйелдер ешбір көрші, қойдың тұяғы тұрғысында болса да, көршісіне жақсылық жасауды арсынбасын (не болмаса ұмытпасын), (яғни оған қойдың тұяғын берсе де)» – деген.

Садақа берушінің екінші әдебі: садақаны адал түскен қаржыдан беру. Пенде ұрланған, біреуден тартып алынған, әрі өзіне тиесілі емес дүниені садақаға беру – сауап емес, күнә арқалауы мүмкін. Мұндай садақаның қоғамға немесе жекелеген адамға пайдасы тигенімен, дүние егесіне сауап болып жазылмайды. Себебі Пайғамбар: «Алла Тағала тек таза, пәк нәрселерді қабыл етеді» деген. Садақа мұсылманды тазартады. Адамның күнәсін жойып, зиян және ауруларын кетіреді. Ол жүзеге асуы үшін садақа адал жолмен табылуы керек. Адамның ішіп-жегені харамнан болса, оның дұғасы қабыл емес. Демек, ондай садақа да пайда бермейді.

Садақа берушінің білуі тиіс үшінші әдебі: садақаны мұқтаждарға беру. Мұқтаждарға пақырлар мен міскіндер, жағдайы жоқ жандар, жетім-жесірлер және қарызға батқандар жатады. Мұндай санаттағыларға садақа беру оның түрлі жамандықтарға ұрынып қалуының алдын алады. Ұрлық-қарлық, өсіммен ақша алуға жол берілмейді. Сол үшін аталған әдепті білудің маңызы зор.

Садақа берушінің төртінші әдебі: садақаны мал дүниесінің жақсысынан беру. Өзіне керексіз болып, істен шыққан, ескі-құсқы заттарды садақа етіп бере салу ешкімге абырой әпермейді. Керек десеңіз бұл Алланың алдында ұятты іс. Садақа барынша жақсы болған сайын Алланың алдында да сүйкімді бола түседі. Шын мәнінде садақаның жақсы дүниеден болуына өзге емес, садақа берушінің өзі мұқтажырақ. Садақа неғұрлым жақсы нәрселерден болған сайын Алланың оған қайтарымы да жақсырақ бола түседі.

Құранда: «Ей, иманға келгендер! Тапқандарыңның және Біз сендерге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан (садақа етіп) жұмсаңдар. Әрі көздерңді жұмып тұрып, болмаса өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Әрі, Алланың аса Бай, өте Мақтаулы екенін біліңдер» («Әл-Бақара» сүресі, 267-аят).

Садақа берушінің бесінші әдебі: жақсы көрген нәрсесін садақа қылу. Адам баласы өзіне ұнамды, жақсы көрген нәрсесін садақа қылу арқылы сауабын арттыра алады. Садақа тек дүниемен не ақшамен жасалатын ғибадат емес. Қайырымды сөз де садақа саналады.

Садақа берушінің алтыншы әдебі: бергеннен соң міндетсінбеу. Садақа беру міндет болмауы керек. Садақа беруші садақа беруге өзі мұқтаж екенін білуі керек. Зекетті беру арқылы адам азаптан құтылады. Садақаны беру арқылы адам өзін бәле-жаладан қорғайды. Міндетсіну – садақаның сауабын түбегейлі жойып жіберетін амал. Әрі адам бойында оған деген реніш тудыратын іс. Қасиетті Құран Кәрімде: «Мал дүниелерін Алла жолында жұмсап, кейін бергендерінде міндетсіну және реніш араластырмайтындардың сыйы – олардың Раббысында. Оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды» («Әл-Бақара» сүресі, 262-аят).

Садақа берудің жетінші әдебі: Алланың өзіңізге берілген нығметін сезініп, шүкірлік айту. Сыйынуға жалғыз өзі ғана болған Аллаға сансыз шүкіршілік ету. Жаратушы иеміз бізді алушы емес, беруші деп қолдайды. Пайғамбар: «Беруші қол алушы қолдан жақсырақ» деген. Сол үшін бізге берілген нығметтен шүкіршілік етуіміз керек.

Садақ берудің сегізінші әдебі: садақаны жағдайы төмен туыстарына беруден бастау. Садақаны жағдайы нашар туыстарға үлестіру арқылы бізге берілетін сауаптар еселене түсері хақ. Себебі, біріншіден қайырымдылық жасап, екіншіден туыстық байланысты арттыруға үлес қосқан болып саналады. Пайғамбарымыз: «Ризығы берекелі және ғұмыры ұзақ болуды қалаған адам туысымен қарым-қатынасын үзбесін» деген.

Садақа берушіні білуі тиіс тоғызыншы әдебі: оны мүмкіндігінше жасыру. Бұған садақаға дейінгі ниеті, садақа берудегі амалы және берген соң айтпауы жатады. Садақаны жасыру ықыластың дұрысталуын қамтамасыз етеді.

Құранда: «Егер садақаларды ашық түрде берсеңдер жақсы. Ал егер (бергендеріңді) жасырсаңдар әрі оны кедейлерге берсеңдер, ол өздерің үшін қайырлы. Ол сендердің жаман істеріңді өшіреді...».

Садақа адал түскен қаржыдан болуы керек. Ол рия болмауы керек. Хадисте жеті түрлі адам Алланың көлеңкесінде болады екен. Солардың біреуі оң қолымен садақа бергенде оны сол қолы білмегені. Садақаны нақты пайдасы білініп тұрғанда ғана көрсетіп беруге болады. Бұл амал өзгелерді осындай жақсылыққа шақыру, құлшынысын ояту тұрғысында болса ғана рұқсат етіледі.

Садақа берушінің білуі тиіс оныншы әдебі: берген садақасын қайтып алмау. Берген садақасын қайтып алу шариғатта тыйым салынған лас әрі жиіркенішті амал. Тіпті, Алла Елшісі: «Садақасын беріп, оны қайта алған адамның мысалы, құсып, құсығын қайта жеген ит секілді» деген.

Ең маңызды садақа – өзің мұқтаж бола тұра өзіңнен де мұқтажырақ кісіге берген садақа. Мал-дүниені жақсы көріп, дені сау болып тұрып берген садақаның сауабы орасан зор.Кейде адам баласы садақаны атап айтқанда жаны қиналғанда, қандай да бір апат не қайғы-қасыретке тап болғанда, баласы ауырса немесе емтиханның алдында беруді дұрыс көреді, алайда, бұл тек жаны қиналған адамның беретін қайырымдылығы емес. Жағдайымыз жақсы кезде де Алланы жиі еске алсақ, қиналғанда да Алла бізді соғұрлым тезірек есіне алып, жәрдемін береді.

Мұхаммед Пайғамбар: «Адам баласының әр денгейіндегі кісілер садақа жасай алады. Оны әрбір күні жасауға болады. Екі кісінің арасын жарастыру садақа, кісіні көлікке мінгізіп жібері немесе жүгін салысып жіберу садақа, жақсы сөз де садақа, намазға баратын әрбір қадам садақа, жолдан адамдарға зияны тиетін заттарды алып тастау садақа» деген екен.

Соңғы кезде мешітке келіп, садақаны бергендер мен садақаның көлемін ашық жариялау керектігі туралы еліміздегі мұсылман қауымында көбірек айтылып жүр. Иә, көптеген мұсылман елдерінде, атап айтқанда, Мысыр, Түркия, Сауд Арабия Корольдігінде және т.б. мұсылман елдерінде мешітке садақа беруге келген адамдарға арнайы садақа төлемдерін жүзеге асыруға арналған терминалдар орнатылған. Мұндай терминалдардың орнатылуы мешітке түскен садақалардың мөлшерін ашық көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған шет мемлекеттердегі бұл шара біздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолданысында болуы абзал.

Сонымен қорыта айтсақ, садақа берер кезде тек қана Алланың разылығын көздеу, яғни ықыласты дұрыстау, сондай-ақ, садақа берген үшін міндетсінбеу, мүмкіндігінше мұқтаждарға беру және берген соң қайтып алмау – садақа берудің әдептері. Осы әдептерді ұстану әркімнің сауабын еселей түседі.Садақа жасау туралы шариғат мәліметтері мынадай: садақаны қолы ашық, нәпсісі тізгіндеулі адам жасайды. Садақа сөзінде «бекіту» мағынасы бар. Қалтасынан садақа жасаған адам жүрегінде иманның бар екенін амалмен бекіткен болып саналады. Пайғамбарымыз: «Садақа Алланың азабын сөңдіреді және қайғылы қазадан қорғайды» деген. Сондықтан Ислам діні бай адамдардың жүрегінде кембағал, бейшараларға, мұқтаждарға деген жанашырлықты енгізу, қоғамдағы азаматтардың арасында қарым-қатынасты күшейту үшін, олардың бір-біріне бауыр басулары үшін садақа жасауды амалға асырған.

Сауабы мол бұл ғибадатты көркем әдеппен жүзеге асырайық, ағайын.

Аманбек МҰҚАШОВ,

 ҚР МСМ Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас сарапшысы

 

Оқылды 2377 рет
JoomShaper
Top